29.05.2022
  114


Автор: Бекен Әбдіразақов

Майданнан келген вагондар

Алқам-салқам вагондар тұр тұйықта,
Иықтасып жауынгердей жаралы.
Адам түгіл, темірді отқа қиып па,
Суланады қарт жолшының жанары.
Темір жолдың соқыр ішектей тұйығы –
Вагондардың госпиталы тылдағы.
Жоламайды мұнда соғыс құйыны,
Бәрінің де күтім тілеп тұрғаны.
Төрт доңғалақ арқалаған қаңқасын
Вагондардан жалын иісі аңқиды.
Қарт жолшы да сүйеп оған арқасын
Жоңғыштайды тақтайды оймен әрқилы.
Құрап болып қартым вагон қаңқасын,
Бір соғады бөренеге балтасын.
Сонан кейін қағады түп қалтасын,
Сен де онымен махоркасын тартасың.
–Ертең жолмен зырқырайды құлындай,–
дейді шалың вагондарға таңырқап.
Шығарып сап сонсоң қимас ұлындай,
Жүргені сол біраз күндер жабырқап.
Жараланған вагондарың Арыстан
Кетіп жатты, кетіп жатты жаңарып.
Жауынгердей қансырап көп алысқан
Жолшы қалды сақал-шашы ағарып.





Пікір жазу