29.05.2022
  95


Автор: Бекен Әбдіразақов

Арыстан өткенде

Әкешім күйеу болған жер,
Анашым келін болған жер,
Көңілге нұрлар қонған жер,
Жаныма жырлар толған жер –
Армысың, менің Арысым.
Балапан шақтан танысым!
Желіңді сүйем – ақ түтін,
Жеріңді сүйем – бақ-құтым.
Қызыңды сүйем – ақ құсым,
Сүйемін бөліп-жармаймын,
Жаманың, мейлі жақсысын,
Армысың, менің Арысым!
Өзіңді сүйем, Арысым,
Атадан мұра – ар үшін.
Алыста жүрген ана үшін,
Немерең болған бала үшін,
Келінің болған жар үшін —
Армысың, менің Арысым,
Армысың, менің Арысым,
Жағаңда өскен жекенмін,
Сарғалдақ ұлың Бекенмін.
Армысың, өскен Арысым,
Кіндікті кескен Арысым,
Туғаным, жұртым, танысым!





Пікір жазу