29.05.2022
  116


Автор: Бекен Әбдіразақов

Өзенде

Қарғыдым жардан Арысқа,
Толқындар жолын талқандап.
Баспана болған барысқа
Қамыстар қалды қалтаңдап.
Тереңге оқша жеттім де,
Көзімді аштым жай ғана.
Кезіктім сырлы көк түнге,
Көрінер емес Ай ғана.
Майшабақ майда жұлдыздай
Жылтыңдап жылмаң қағады.
Тұңғиық неткен мұп-мұздай,
Түнеріп толқын ағады.
Әп-сәтте жаным түршігіп,
Есіме түсті Сүлеймен.
Барады жүрек тұншығып,
Дүниеде мынау сілейген.
Атылып шықтым тереңнен,
Қопарып толқын-күмісті.
Күн сипап су-су төбемнен,
Қамыстар сылқ-сылқ күлісті.
Сонау бір бала кезімнен
Бір сүңгіп батыл сезіммен.
Тереңді барлап көзіммен,
Қорқушы ем, Арыс, өзіннен.
Тұңғиық тірлік тынысын,
Танып ап сол бір күнімнен.
Жер мен жарық күн үшін,
Жар салып жүрмін бүгін мен.





Пікір жазу