29.05.2022
155
Сенсіз
Қалқатайым, ғайып болған елес пе ең? –
Қайрылмадың «кездесерміз» деместен.
Суыт күзде сезім гүлін солдырып,
Біржолата шығардың ба мені естен?!
Жапырақтар жан тапсырып жатқанда
Жабығады арайланбай ақ таң да.
Құрсап алды өн бойымды бір ызғар,
Қайран жүрек! –
Су сияқты қатқан ба?
Жасыл әлем бұл-бұл ұшты көзімнен,
Сұр әлемге қарап жүрмін төзіммен.
Ай еңсесін қайғы бұлты басып тұр,
Жұлдыздар да қасіретті сезінген.
Дөң басында сұлбасы бар зираттың,
Соған барып сан ойымды қираттым...
Кім біліпті? –
Сақ-сақ күліп есетін
Есірік жел сарқыты ма Сираттың?!
Жылдар көшер дала кезіп, құм кешіп,
Жүргім келед тек өзіңмен тілдесіп.
... Үміт үзген сартап түннің тағдыры
Бара жатыр ғұмырыммен бірлесіп.