29.05.2022
107
Аномалия
Қай тірлік мына тірлік – көңірсіген?
Тағы да бір күн өтті жымысқылап...
Түнекте түн жамылып өмір сүрем,
Оңымнан Ай туғанша күміс құлақ.
Жас дәурен сағымдана озды бастан,
Ендігі көрешектің заты – қайғы.
Жұлдызы жаудыраған бозғыл аспан
Әлемді үнсіз ғана бақылайды.
Мұңайып қырға шықсам мұнарландым,
Тұмшалап жанарымды ала тұман.
Адастым тізбегінен мың арманның,
Құс-көңіл қиылғасын қанатынан.
Білмеппін дүниенің дүрмегінде
Өзекке оқ дарытар ойын барын.
...Оранып туылғалы жыр-кебінге,
Ажалды мен қаншама мойындадым!