29.05.2022
  158


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Достық дәптерінен

Қайран да қайран, қайран досым,
Сақилығыңа сиындым!
Жастықтың жазғы сайран қосын
Құлатқан емес құйын күн.
Бозторғай болып әппақ арман,
Бозала таңнан салады ән...
Арымды сенсің ақтап алған
Арамза жапқан жаладан.
Көгілдір әлем саған ұқсап,
Құшағын жайып тұр көптен...
Келмейді қайтып балалық шақ –
Еркелеп өскен гүл көктем.
Жанымның жалқы тілегісің,
Жасай бер мені жырлатып!
Аққудай адал жүрек үшін
Махаббат мұңы – бір бақыт.
Көзімде тұнып сәулелі шық,
Есіме түсті алтын қыз...
Кетеді-ау бастан дәурен ұшып,
Орнайды сосын салқын күз.
Өлеңнен жұпар шашып тұрмын,
Кезім жоқ ішке сыр бүккен...
Өмірге талай ғашық қылдың,
Жүргенде қажып тірліктен.
Қоңыр да қоңыр, қоңыр досым,
Туралығыңа табындым!
Өзіңе деген көңіл қошын
Арбаған емес сағым күн.





Пікір жазу