29.05.2022
87
Жалғыз аққу жайлы жыр
Жазған құс, мен қайтейін жанқайғыңды,
Сұңқылдап жылағаның қандай мұңды!..
Ар үшін адалдықты қорғаймын деп,
Ақынның қанаты да сан қайрылды.
Айдын көл шалқығанда тұрағың боп,
Бетімді суыменен шыладым көп.
Сен қондың бөлектеніп үйіріңнен,
Себебі, сырласатын сыңарың жоқ.
Обал ғой киелінің сыңсығаны,
Жүрегім ауырып тұр ыршығалы.
Кейде, рас, жалғызсырап күрсінемін,
Шуласа маза бермей шымшық әні.
Атылған сұлулыққа талай мылтық,
Адамға кер киік те қарайды үркіп.
Жоқтайсың қайтып келмес дәуреніңді,
Өксікке көкірегіңді қақ айрылтып.
Тобырдың жүргендіктен қаласында,
Кешкенім – тірлік емес, аласұрма.
...Қоштасып жағамен де, наламен де,
Бақиға сапар шегіп барасың ба?