29.05.2022
  115


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Күйбең

Жасап жүрген тірлігім – шалағайлы,
Хан көңілім мұндайды қаламайды!
Адастырар ақтүтек боранымен:
Ала күлкі, ала сөз, ала қайғы...
Ызғар шашып төнгенде басқа мұнар,
Жанарымнан мөлт еткен жас табылар.
Шын өмірдің рахатын ойлап келем,
Тереңі бар ойдың да, асқары бар.
Аңқи алмай отырмын тілсіз бүгін,
Кімге дәру шыңғырған үнсіздігім?
Ылайланып тұр екен тұнық аспан,
Керегін-ай дәл қазір бір сүзгінің.
Түнді сүйдім – білсем де таң атарын,
Қинаса да жанымды қара тәнім.
Самбыр-самбыр жыр оқып құсалықтан,
Жүректегі жараны қанатамын.
...Қона қалса-ақ жарқырап шекеме күн,
Дәруіштей баз кешіп кетер едім.
Мен қашанғы сенделем қаңбақ құсап,
Пәруар-ау, енді өзің жетелегін!





Пікір жазу