29.05.2022
  99


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Күз. Дерттізар

Жалқы жүректен тамады шық,
Тарқағасын базары құстың...
Кете алмай жүрген далаға ұшып,
Мен екенмін азалы міскін.
Ауылға жетпей, тас қалада
Қиылатын қыршын емеспін.
Зәру де болып баспанаға,
Нұрын іштім тылсым елестің.
Бетімнен күнде өптіреді
Өкпек желге қараша мына.
Түсіме көктем көп кіреді,
Есім ауып бала шағыма.
Көшті ғой бастан жаз-дәуренім,
Сол бір кезді аңсап барамын.
Бақытым, бағым аздау менің,
Мұң шаққаным – жан сақтағаным.
Сарғайып бердім жапырақтай,
Көкейдегі тілек кесіліп.
...Ақ уыз таң да жатыр атпай,
Жоғалсамшы түнекке сіңіп...





Пікір жазу