29.05.2022
  107


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Күзгі күйзеліс

Сорым – биік, бағым неге аласа? –
Білесің ғой, Тас Қала!
Жылап тұрмын мен кәдімгі балаша,
Демеші тек «Масқара!»
Ойламаппын бәлду ғұмыр кешем деп,
Азап шектім талай күн.
Қуантардай ауыл жақтан шешем кеп,
Айналама қараймын.
Қуып жатыр тоқыраған Мизамды
Қопыраған Ақырап...
Көңілімде көңірсумен қи жанды,
Сай-сүйегім қақырап.
Қарғалардың қарқылынан уланып,
Болдым әбден қаңғыбас.
Түні бойы көзім алды буланып,
Күйге түсем бәңгі-мас.
Жапырақтан артық жерім жоқ сынды –
Табандарда тапталған.
Соқыр таң да мылқау нұрын көпсінді,
Жөнсіз келіп қапталдан.
Жаңа ғана тілі сыймай ұртына,
Жел-Қырт мені сөккен-ді...
...Қыстан шықсам, барып туған жұртыма,
Қарсы аламын Көктемді!





Пікір жазу