29.05.2022
131
Бейуақтағы бәйіт
Аңсаймын осы сағынып кімді? –
Бұлқынып жатыр жүрек те...
Мүлгиді дала жамылып түнді,
Қамалған ауыл түнекке.
Ой түссе, ұйқым болады құрбан,
Отырам жалғыз көз ілмей.
Жел ғана жылап соғады қырдан,
Байғұс-ау ол да өзімдей.
Кетті ғой талай құрдымға сіңіп
Қызарып кеште батқан Күн.
Жаныма жақын бұл – мұңдас үміт –
Елесі шығар ақ таңның.
«Соңымнан менің ер» деді, білем,
Бір жұлдыз ағып баратып.
Тірлікті тастап жердегі кілең,
Зулар ем көкке мана тік.
Періште емеспін, сүлдемін зайғы,
Ұялдым сосын құстардан.
...Біреуді күтіп жүргенім жайлы
Ән салып, шүкір, ұшты Арман!