29.05.2022
  110


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Кешкі жыр, ескі сыр

Батар Күннің көзінен қан шүмектеп,
Қырық жамау жүрегім шаншып өтпек...
Дұғасымен дуалап қызыл іңір,
Құбылаға қарадым әлсіреп тек.
Бұлдырайды алыстан келешегім,
Езілгенін сұрама емешенің.
Ай астында жаныма байыз таппай,
Түнгі қырда қаңғырған елес едім.
Жалғасқанмен ертеңге бүгінгі шақ,
Қырық қырсық қапыда ұрынғыш-ақ.
Бота болып бейуақ боздауымды
Жұтып жатыр жалғаншы жылым құсап.
Жапырақсыз көңілдің күзі – күрең,
Боркеміктей қайғыдан жүз үгілем.
Жанарымның ішіне көл жасадым
Мөлдір-мөлдір тамшының түзігінен.
Жаңа туған жұлдыздар жарық қылып,
Періштеден аспанға дарыпты құт.
...Таң алдында сәл ғана көз ілермін,
Пәруана қыз тағы да зарықтырып.





Пікір жазу