29.05.2022
  104


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Жетеудің өсиеті

Бұрынғы өткен заманда,
Данышпандар аманда,
Көне Балқан жерінде,
Гректердің елінде –
Бұл оқиға болған дейді аңыз да,
Аңыз айтса – дәл уақыты маңыз ба?..
Әлқисса деп мен бастайын ендеше,
Айналдырмай дәмі кеткен сағызға.
Мойындаған адамзаттың баласы,
Мансұқтауға жоқ ешкімнің таласы:
Сол дәуірде өмір сүрген болатын
Грецияның жеті мәшһүр данасы.*
Жетеуі де – ақыл-ойдың сұңқары,
Жетеуі де – парасаттың тұлпары.
Ғасырлардың қойнауында қалса да,
Ұлыларды ұмытпайды ұрпағы.
Маған олар сонысымен ұнайды...
Оқиғаны жалғастырсақ былай-ды:
Ел басқарған зиялылар қауымы
Жетеуінен бір өсиет сұрайды.
– Сендерсіңдер көпті білген ғұлама,
Еңбектерің қалар мәңгі мұраға.
Қарапайым халық жазғандарыңды
Оқығанмен түсінбейді-ау, сірә да.
Қасіретке һәм қайғыға төзген ек,
Ұлттық сана-сезім қашан өзгеред?
Сондықтан да сақтап жүрсін жадына,
Жұрт түсінер бір-екі ауыз сөз керек!..
Жауап табу қиынданып сұраққа,
Жеті дана ойланыпты бір апта.
Ақырында тоғысыпты ойлары
«Шектен шықпа!» деген сөзге тұрақтап.
«Шектен шықпа!»
Неткен ғажап тереңдік!..
Тарих, енді тереңдікті менен күт!..
Біздің елдің шектен шыққан тірлігін
Тауса алмаймын жырласам да өлең ғып.
Қазағымның тұманы мен күмәні
Тура жолдан адастырып жүр әлі.
...Ұятсызға, имансызға, арсызға
«Шектен шықпа!» дегім келіп тұрады...





Пікір жазу