29.05.2022
  104


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Наурыз-нама

Қандырайын шөлін бір жан-аңқамның,
Шуағына шомылып қамар таңның...
Қуанышын жыл құсы ала келсе,
Көк тасындай балқиын Самарқанның.
Періште боп самал жел сүйер беттен,
Көңілімді өрнектер күй-өрмекпен.
Біле білсең, Ұлыстың ұлы күні
Дұшпанның да көзінен сүйел кеткен.
Тұма бұлақ суындай тұнық әлем,
Шағылысып жадырар шұғыламен.
Кешірімді Алланың жолын таңдап,
Маңдай бұрам дегенге – Құбыла кең.
Түбім – Түркі ежелден, халқым – Алаш,
Аз болмады кесапат парқыма қас...
Әр ауылға, әр үйге Қызыр қонсын! –
Ел жұлдызы батасыз жарқырамас.
Үмітімді үзбейін сый-тілектен,
Мерекесіз жұртымның сыйқы кеткен.
Ата-бабам настыққа тыйым салып,
Өмір сүрген пәктікпен, хикметпен...





Пікір жазу