29.05.2022
  119


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Желтоқсан жыры

Жасырмаймын Көзімде кәрден туған Мұз барын,
Жасырмаймын Сөзімде зәрден туған Сыз барын.
Қаныпезер жендеттер сабады ғой аямай,
Қан жоса ғып қазақтың ұлдары мен қыздарын.
Жетпіс жылдық сүргінде тас қараңғы Тамұқ-Түн
Жұтып тынды сәулелі қасиетін Жарықтың.
Қамалғанда түрмеге Шындық пенен Ақиқат –
Өр Намыстың шыңғырған даусын естіп қамықтым...
Жасырмаймын Көзімде кәрден туған Мұз барын,
Жасырмаймын Сөзімде зәрден туған Сыз барын.
Жетімсіреп Жүрегім жел өтінде жылап тұр,
Еске тағы түсіріп дүлей күннің ызғарын.
Еңсені езер сұп-суық керуені дүрмек боп,
Көшіп жатты төбемнен имансыз бұлт – кіл көкбет.
Үлпілдеген Үмітті аманаттап ертеңге,
Қар астында Гүл-Арман қауыз жарды дірдектеп...
Жасырмаймын Көзімде кәрден туған Мұз барын,
Жасырмаймын Сөзімде зәрден туған Сыз барын.
Жау жағадан алғанда ұран салған Ер Бабам,
Тауыспапты Тәңірім ұрпағының тұз-дәмін.
Тәуелсіздік толғауы санамызда жаңғырып,
Шуақ шашып далама атқан еді Таң күліп.
Еңіреген елім деп – Қыршындардың Рухына
“Менің Қазақстаным” шырқалады мәңгілік.
Жасырмаймын Көзімде кәрден туған Мұз барын,
Жасырмаймын Сөзімде зәрден туған Сыз барын.
Дүниені кезіп жүр Періштенің кейпінде –
Қасіреттің қамалын кеудесімен бұзған Үн...





Пікір жазу