29.05.2022
  152


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Құбыланама

Боздап барад жиһан кезген Мая-Түн,
Мен отырмын оқып Құран иаятын...
Уа, Жамағат, көз жасыңа қосылып,
Құрдым-Көрге жұтылмады қай ақың?!
Ой-Санаға келмейді екен Күн-Азат,
Жүрек тұсын қанжарласа сұм азап.
Ұлы Міндет – ту түбінен табылу,
Хақ-Тәңірге қылып жүріп Мінәжат.
Бұл заманда неше түрлі Шу қаптап,
Би билеуду Қызыл Сөздер сумақтап.
Шимұрындай аңғырттанып кетерміз –
Иман гүлін өртей берсе У қақтап.
Алға жылжу мүмкін емес қорғанбай,
Зәузат үшін қалдыратын Жол қандай?
Біз шығармыз Парасаттан бата алып,
Ғарасаттан оралмайтын Сормаңдай...
Қанатынан қиылыпты Құмар-Ән,
Ашып жатыр кеудемдегі Қымыран.
Құлақ түрді қорымдағы Әруақтар
Қыр-даланы жаңғыртар деп Шын Ұран.
Табам десең Ізгіліктің Аңқылын,
Есту керек Қоңыр Ғарыш Қаңқылын.
Серттен таймас Таңда Махшар болғанша,
Жәһілдікпен кескілескен Жан-Тілім.
Пайдасына бұйыртпақшы Тасамды.
Кіл қожыр бет, жынойнаққа мас әңгі...
Ұрлап алып азу тісін Арланның,
Барақ иттер ырылдамақ қашанғы?!
Бұлт-Қасірет қара құрым жау сынды
Жерге тығып жібередей Зау Шыңды.
... Жарар еді-ау, жай оғына тап болмай,
Жаратқанға жеткізе алмас Даусымды!





Пікір жазу