29.05.2022
  92


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Тобанияз ескерткішіне қарап...

Опа бермес ешкімге тұл қараңғы,
Ұмытпайын кешегі шырғалаңды...
Нұр-Кәләмді өзіңе жақын тұтып,
Қара өлеңмен, жүрегім, жырла мәңгі!
Мәулім жаңа ғасырды қылды нәсіп,
Азат ойдың есігін тұрмын ашып.
«Машайықтар мекені» атанған жер
Ұрпағыма бола алмас құр мінәсіп.
Баба рухы – өмірлік таянышым,
Бір мысқал да құным жоқ аяр үшін.
Табиғатын сүйемін боз даламның,
Қызғалдақтан кем көрмей баялышын.
Елдігімді қорғаймын мен бүгінгі,
Өткізбедім заялап кемді күнді.
Атан жілік сабаздар сұрамаса,
Кім сұрар ед, дариға-ай, теңдігімді?!
Іштегі зар заһар ма, запыран ба? –
Қалып қойды, әйтеуір, таты қанда.
Ең бастысы, Маңғыстау – еншімізде,
Тәубә дейік сондықтан Рахманға!
Тобекеңдей көп емес арда қыран,
Құтылмады ол тажалдың қармағынан.
...Шаһид кешіп, моласыз қалғандарға,
Айтшы, кәне, Жалғызым, бар ма кінәң?!





Пікір жазу