Сисемдегі сырласу
Әруғыңа сиындым, Ер Шотаным, арайна,
Жүрегімнің жырына үніңді қос қалайда!
Шұбар аттың үстінде қорған едің сен кеше
Арғы жағың – Алашқа, бергі жағың – Адайға.
Бодан бола жаздадық қалмақ, қытай, орысқа,
Әрең қалды қазағым ие болып қонысқа.
Көрмесем де қол бастап, жүрмесем де жол бастап,
Арым таза, ойым ақ – Аманат пен Борышқа.
Көш көремін түсімде «Елім-ай-лап!» шұбалған,
Көп адастым өңімде құтыла алмай мұнардан.
Саған біткен Тектілік жетімсіреп қалмағай,
Маған үлгі – азуы мұқалмаған Құба Арлан!
Тұрған кезде жағаңды жыртамын деп жау ұстап,
Шақырғансың көктегі Тегеленді* дауыстап.
Намысыңды найза ғып, жігеріңді жалау ғып,
Бақилыққа ұрпағың Арманыңмен қауышпақ.
Даңғылыннан таймаспын атам берген кеңестің,
Ұраныма өшіккен танықтармен егестім.
Сарыарқаның бойында, Маңғыстаудың ойында
Ақ Шейітке айналсам өкінетін емеспін.
Жалбарынып Тәңірге, көз жасыма шомылам,
Жылайтыным – өзіңдей кескектінің жоғынан.
...Көк Түріктің даласы туар ма екен тағы да
Халық кегін қуатын – бөрітекі Оғылан?!