Отпан тау басындағы монолог
Сабыр Адайға
Сарынынан адасып Өмір-Өлең,
Құр тұлыпқа сиырдай мөңірегем.
Сүртемін деп жүргенде тереземді,
Кенеземді кептіріп, шөл іреген.
Зәр ағыздым көзімнен ұрпақсыздай,
Дала жатты сусауға сыр татқызбай.
Таңғажайып таңбалы тастарыма
Тасқындады тексіздер тіл қатқызбай.
Туып өскен өзімнің мекенімде
Жетесіздің көп жүрдім жетегінде.
Ойламастан төбемді оятынын,
Құлағымды түріппін мекер үнге...
Заман басқа бүгінде, ғасыр басқа,
Құдіретке шарам жоқ бас ұрмасқа.
Алты Алаштың алдында ант етемін,
Айбар тақсам – халықтан асырмасқа!
Ақ ту етіп Жас Ұрпақ Ұранды алды,
Биіктікке табынып Қыран қалды.
Ысқырып тұр айбынды Дегелек-Құс,
Тәубесіне келтіріп Жыландарды.
Жалт ойнатты,
Кеудемде мұң күркіреп,
Жымысқы жат Шындықты шыңғыртып ед...
Қазағымның қақы жоқ қақырауға,
Жүрек-күймен тілеймін күмбір-тілек!
Жұлдызыма жалғаймын ғұмыр әнін,
Бал-шырынын ағызып ымыраның.
... Әруақтарды шақырмай,
Атой салмай –
Мен қашанғы жырада бұғынамын?!