29.05.2022
  142


Автор: Ескен Елубаев

ƏКЕМ ЖƏНЕ МЕН

Бiздiң үйдiң iшiнде
Хат танитын өзiммiн.
Хисса оқимын кешiнде,
Майын тауысып көзiмнiң.
Содан ба екен, мен едiм,
Əке менен шешенiң
Алып-қосып беретiн
Алым-саттық есебiн.
Дəн риза болады,
Қария əкем iсiме.


«Не жетсiн, – деп қояды, –
Хат бiлетiн кiсiге».
Өткен кездер жайынан
Сыр шертер сол арада:
– Онда жұрт қай жарыған,
Аңқау кезi баладай.
Күн емес-тi күндерi,
Еңсе басқан надандық.
Мал өсiру – бiлерi,
Жан аз тəлiм аларлық.
Итшiлеген тiршiлiк,
Тағылыққа жақын да, –
Деп қоятын күрсiнiп,
Өткен өмiр хақында.
Бiр атамыз болыпты,
Жауыр аты тақымда.
Бiр қап тары алыпты,
Бермек туыс-жақынға.
Тең болсын деп артуға,
Екi қапты алыпты.
Бiр жағына тары да,
Бiрiне құм салыпты.
Соған жетiп ақылы,
Өңгермек боп тұрғанда.
Бiр бала оны – жақыны,
Көрдi жүрген сол маңда.
«Дұрыс па, ата, оныңыз,
Құмыңызды төгiңiз,
Бөлiп тары салыңыз, –
Дептi, – Сөйтiп, барыңыз».
Бала сөзi жөн едi,
Жетпептi ақыл осыған.
Атаң байғұс жөнедi,
Сол баладан қысылған.


Қуанамын мен де ендi,
Қазiр ашық көздерiң.
Ес қыламыз сендердi,
Миятымыз – өздерiң.
Билiк тидi адамға,
Баққа жеттi қолдарың, –
Дейтiн:
– Осы заманға
Лайықты бол, жаным...





Пікір жазу