28.05.2022
115
Өтініш!
Аңсап жүріп, алтын тақ пен тұғырды,
Ұмыттым рас аға- бауыр, інімді.
Шырмауықтың сабағына шырмалып,
Дос дегеннің достығы да құбылды.
Ар- атақтың көрген жоқпын сыйын мен,
Жалғыздықтан жоқ екен- ау қиын ең.
Басым ауып қанағатқа бас ұрмай,
Кеш түсініп жаным талай күйінген.
Түсінемін, қазір бәлкім кінәм мың,
Қайталағым келмейді деп ту алдым.
Нағыз байлық атаулысын шет қойып,
Арзан- төмен дүниелерге құмармын.
Мен неге, осындаймын, неліктен,
Бар ойымды осы сұрақ жеп өткен.
Бақытымды бағаламай сұраймын,
Тәңір маған бақ берші деп кенеттен.
Мен қуансам қошеметтеп қосқан үн,
Қайда қалды айырылмас достарым.
Көктем- жаздай көңіліміз көк еді,
Қазір неге құдды күздей бос бағым.
Құшағымнан құсалықты шешіңдер,
Өткен жаққа қайығымды есіңдер.
Бір пайдаңа жарымаған адаммын,
Жамандығым тиіп жатса кешіңдер.
Өтініш!