Жансезім
І
Кірпігімнің ұшында тұтанып түн,
Жанарымның сәулесін жұтаң ұқтым...
Өлеңдетіп бес күндік ғұмырымды,
Сенсіз өмір сүрем деп мұқалыппын.
Көз жасымның ауырлап тамшылары,
Сыңғырлайды санамның сан сұрағы.
Махаббатты таптатпай ғадауатқа,
Майдандасқан жүрегім қансырады.
Ғашықтардың қосылар жаны ұшпақта,
Сәл мұңайып қараймын ғарыш жаққа...
Дидарыңды бір көріп қуансам ғой,
Бірақ, қалқам, ол күнді алыстатпа!
Хат түрінде шырқалсын аңсар әнім,
Келші маған көктем боп, қарсы аламын.
Ақ жауынның астында кездесейік,
Мен өзіңді күтуден шаршамадым.
Ыстық көңілім тұрғанда шалқып әсем,
Аққу қонған айдындай жарқыра сен!
...Сағынатын адамым болмаса егер,
Ақындықпен бұлайша аңқымас ем...
II
Өзіңе жазар хатты бастай алмай...
Тыныштықбек
Көзімде түннің қошқыл елесі бар,
Мүмкін ол қозы жауырын жебе шығар...
Қалқатай, он төртінен Ай туғанда –
Сәулелі сезіміңмен мені есіңе ал!
Сағымдай мың құбылып шілдедегі,
Жұлдыздар кірпігімде гүлдеп еді.
Түсімде... түйіскен соң, сүйіскен соң,
Құрадық біз екеуміз бір денені...
Үйреніп тірлігіне қаланың да,
Бейуақыт батып жатты сана мұңға.
Мөлт еткен жас тұнады жанарымда,
Сағынып ауыл жаққа барарымда.
Жүректен қаншама сыр ақтарылды,
Өйткені жырмен жаздым хаттарымды...
Мен кеттім қоштасуды қиын көріп,
Ал саған мәңгі бөлек бақ табылды.
Қайтейін болмаған соң ортақ бақыт,
Қойғаны-ай Құдайымның сор қаптатып!
...Тағдыр да жаңылған ба жазуынан,
Ақынды махаббатқа шортақтатып?..
III
Хат болар деп тосқан ем сенен кеше...
Тыныштықбек
Хат болмады, қалқажан, сенен кеше,
Сәлемімді жолдайын мен, ендеше...
Қуанышқа толтырып құшағымды,
Қарсы алатын едім ғой келем десең!
Көңіліме ұялап жұмбақ үміт,
Өміріме қарап тұр мұң да күліп.
Тек өзіңе арналған ғазалдарым
Құс Жолымен барады түнге ағылып...
Соңы күзге айналды сағыныштың,
Жапырақтың сарғайған зарын іштім.
Шексіздіктің шыға алмай шеңберінен,
Жалғыздықтан жаралған жарылыспын!
Қайрылмады бақытым аз күн күткен,
Баяғыдай қызығы жаздың біткен.
Соры қалың тайқылау маңдайыма
Ғұмыр кешу жазылған мәжнүндікпен.
Бұл жалғанда таппадым жанға тыным,
Далбасалық дегеннен танды ақылым.
...Махаббаттың мойындап хақ екенін,
Ғашық болып қалады мәңгі ақының!.