28.05.2022
97
![](/uploads/shorttexts/author_image/20374559-817853378375813-6907443392729208509-n-e1549878923717.jpg)
Жарғанат
Күнді өлтіріп пері біткен зарланад,
Қан-қан болып тыста кеш...
Мадақтап жүр қараңғыны жарғанат –
Тышқан да емес, құс та емес!
Жарғанаттың ойлағаны – сұмдық ой,
Ақыретте де жұлқылар.
Қанатымен жүрегімді тілді ғой,
Жанымды арбап нұрқұмар...
Келе жатыр табыт құсап түн күліп,
Қаперінде – қара мұң.
Жіберердей сау адамды жынды ғып –
Жұлдызқұрты наланың.
Обалымның періштесі шыңғырып,
Қашып кетті далаға.
Жарғанаттың соқырлығын сіңдіріп,
Қалып қойдым қалада.
Мылқау елес шартарапты шарламақ,
Қайыр күтпей тұстан еш.
...Саудалап жүр жарығымды жарғанат –
Тышқан да емес, құс та емес!