28.05.2022
148
Темір туралы
Бір бауырдан айырды-ау темір көлік,
Бір кісідей сүрмеді ол өмір көріп.
Өзекті өртер өкініш өлім болып,
Өлгеннен соң жатамыз көңіл бөліп.
Әзірейілдей жан алғыш темір жаман,
Әл-шамаңа қарамас жебір заман.
Жын ұрғандай жақсыдан жерінді адам,
Желік буған пенделік неғылмаған?
Заулайды жұрт көшеде темір мініп,
Зауал барын ұмытып семірді ұлық.
Қайран бабам жылқының тегін біліп,
Қысқа күнде тарқатқан шерін қырық.
Бұ дүниеде керек қой темір шыдам,
Бос айқайдан пайда жоқ қоңырсыған.
Өмірімнің шындығы өлім шығар,
Өлмей тұрып кімім бар көңіл сұрар?
Қайыспастай жазылды темір өлең,
Құсалықтан мұндайда еңірегем.
Болжам айта алмаспын еліме мен,
Болмасам да би құсап тебіренем..