28.05.2022
126
Әуелгі әпсана
Күн кешіп қайтейін керіспен,
Шынымды дәл қазір айтамын.
Оң иығымдағы – Періштем,
Сол иығымдағы – Сайтаным.
Қаңғырған жауапсыз сұрақпын,
Жалғыздық дегенді сан ұқтым.
Мен едім – жүрегі Жұмақтың,
Мен едім – түнегі Тамұқтың!..
Қиялға берілген кәлләнің
Адасқан ақылын жеңбедім.
Нұрынан таралған Алланың,
Ақын боп жаралған Пендемін.
Өлеңнен өзімді танимын,
Көзімде мөлдіреп хақи мұң.
Мен едім – келтесі Фәнидің,
Мен едім – еркесі Бақидың!..
Дүние тар екен, көңіл – кең,
Көңіл де тар екен, көрім – кең.
Басталған емеспін Өмірден,
Һәм аяқталмаймын Өліммен.
Ақиқат жолында тер төктім,
Сондықтан келмейді жәй өлгім.
Мен едім – асылы Еркектің,
Мен едім – ғашығы Әйелдің!..