28.05.2022
  116


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Тәубехат

Жаббарым, жамалыңды күттіріп ең,
Тіземді дәргейіңе бүктіріп ең...
Жарық пен қараңғының өліарасы
Көзімнің тірілгенде түкпірінен!..
Достасып қарғыс атқан Ібіліспен,
Жасаппын күпір қылық күліп үстем.
Дұғамды жалбарына жылап оқып,
Күнәмді мойындаймын тынып іштен.
Жанымның тыныштығы кеңісте жүр,
Арымның жұлдызына теріс пе бұл?
Алдымен тілейтінім – кәміл иман,
Ақынның ақындығы – Періште-дүр!
Шексіз ой түйсігімде дірдектейді,
Аңқамнан мөлдір-мөлдір жыр кеппейді.
Қарадым бүгін тағы Құбылаға,
Уақыт тұр асықтырып – бірбеткейлі.
Сәулесін сіміреді қу маңдайым –
Мешіттің төбесінен туғанда айым.
Өмірде парызым көп өтелмеген,
Қалайша қызық қуып думандайын?
Кешкенім – бес-ақ күндік пенде ғұмыр,
Ажалдың батпас, сірә, шеңгелі құр.
...Барады сапар шегіп Мәңгілікке
Рух деп аталатын мендегі Нұр!..





Пікір жазу