28.05.2022
  123


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Кітаптағы өлеңдеріме

Сендерді салып қойғандаймын қалыпқа,
Сендерді қамап қойғандаймын табытқа.
Әлде, мені шатастырған шайтан ба,
Әлде, мені шатыстырған шабыт па?..
Қолыма қалам ұстатқанда тылсым күш,
Сауладыңдар көкірегімнен күрсінгіш.
Көркем жаздым, әдемілеп көшірдім,
Ақымақтардың әуресі ғой бұл сынды іс.
Дәптерім де аумай қалған түрмеден,
Тор көздерін көрген кезде күрмелем.
Әулие екен бұрынғының шайыры,
Пендешілікпен зая ғұмыр сүрмеген.
Білем, қазір жатырсыңдар түс көріп,
Қос дүниені ой-санамнан тыс бөліп:
Ел аузынан пыр-пыр ұшып жүрсіңдер,
Алтын қанат, күміс көмей құс болып!..





Пікір жазу