28.05.2022
  110


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Қараңғылық - 2

Қара нұрлы түнді құштым кезекті,
Ойлар ұлып миымды да мезі етті...
Түске енбесін күндіз көрген ит тірлік,
Сағат тілін он екіге безепті!..
Жетім шамы жалықтырды бөлменің,
Аспантекті жұлдыздарға шөлдедім.
Көзім жасы түйсігіме тамшылап,
Естіртіп тұр бір үміттің сөнгенін.
Айға берер сәлемім бар кешіккен –
Белі шықпай жатқан кезде бесіктен...
Тамырымда тулай түсіп отты жыр,
Азандассам таңға жақын мешітпен!..
Шайтан-түнек шәргілдігін жұққызып,
Бұл дүниеде қалмағандай түк қызық.
Көркем ұшып періштелер келердей,
Тәңірімнің түшкірісінен құт түзіп.
Сыртта мені соңғы сапар тосуда,
Ажал жетсе уақытым жоқ шошуға...
Қаңғып шыққан ойларымды өлтірсең,
Жансызданған түннің тәнін қоса ула!..





Пікір жазу