28.05.2022
98
Қараңғылық - 1
Кәрі сайтан ымырттана күл себер,
Күл үстіне маң-маңдаған түн шөгер...
Көктей өтсем қап-қара отты тозақтық –
Күн кейпінде қызыл-қызыл мұң сөнер!..
Ақыл-естен алжасулы кезім бұл,
Қорқыныштан қалтырайды сезім-гүл.
Жалғыз қалсам – қос жанарым еңкілдеп,
Келе берер өзімнен де безінгім.
Миымдағы ойдың борап күлгіні,
Ғайып болып жоғалармын бір күні...
Қоздырады-ау заманақыр жындарын –
Пенделердің бейберекет тірлігі!..
Ит жүрегім аспан жаққа зар ұлып,
Зор обалдан кететіндей жарылып.
Көзім алды – көлбең-көлбең көп елес,
Айдың бетін бояп жатыр сары ғып.
Кірпігімде қағылмаған қанат бар,
Көкейіңмен ең соңғы рет қарап қал...
Кітаптардың кірер тағы түсіне –
Күлге айнала ұшып жүрген парақтар!..