28.05.2022
  132


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Біздің Бейнеу

Бозаң қырдың боздауын елемеппін,
Бұл ауылдан, апырмай, неге кетті?
Бебеулеймін түсімде – назын естіп
Бетегенің, жусанның, ебелектің...
Бейбақ жүрек, қасқа жан – жараланғыш,
Бозторғайдай іздейді даладан күш.
Бір үміт пен бір күдік арасында
Бітпей жатқан сияқты жаман аңдыс.
Бетпақ қала білдірді жаттығын көп,
Бұлдыр күндер келмеді шаттығым боп.
Бөлтірігін жоқтаған Құба Арланды
Барақ иттер қашанда сатты күндеп.
Буындырып орайды жыланша мұң,
Бассыз қайда баратыр құнан шағым?
Бағзы мешіт, көн қорым еске түсіп,
Бекет-Ата жайлауын шын аңсадым.
Баяғыда... жағылмай от-ұраны,
Байтақ елім босқан соң тоқырады.
Бәйіт қылам Баба Жұрт қасиетін,
Бұйырғанша торқалы топырағы.
Балбал жаққа бұрып ап бүйірімді,
Бәдіздейін бетіне күйігімді...
Бағым озбай тұрғанда, құдауанда,
Бөрі құсап табайын үйірімді!..





Пікір жазу