28.05.2022
149
Желтоқсан түні
Мына түн ызғарлы – қарғыстай,
Себебі – жүрегі суыған.
Өлетін сияқты таң құшпай,
Көп жұтып өксіктің уынан.
Мына түн ызбарлы – тамұқтай,
Себебі – өртеніп барады ол.
Айналып кеткендей табытқа Ай,
Созылды көкке, әне, қара қол...
Мына түн жаралы – жанымдай,
Себебі – сотталған ар үшін.
Қайтейін, қорғаушым табылмай,
Алаңда тапталған намысым.
Мына түн қаралы – жұртымдай,
Себебі – оқ тескен маңдайын.
Жаңаөзен қалмайды бұлқынбай,
Өткенді ұмытпай әрдайым...