28.05.2022
136
Теңізге ғашық қыз
Теңізге ғашық қыз – жағада,
Тағы да жалғыз қалған ба, сірә?
Шарқ ұрып ұшады шағала,
Ұқсайды ол аппақ армандасына.
Жандар көп жүйелі бақ қуған,
Теңізді мұнда сүйеді Ақтау да.
Аумайды бұл шаһар аққудан –
Ант еткен арға күйе жақпауға.
Сыр шертіп тұңғиық тереңнен,
Тулайды сезім толқындай тынбай.
Жырлаған жүрекке сенем мен,
Өлеңсіз дүние солқылдайтындай.
Толқындар салғандай ғашық ән,
Махаббат көлі – қасиетті айдын.
Теңіздей көңілім бар тасыған –
Аз болмаса да қасірет-қайғым.
Теңізге ғашық қыз – жағада,
Тағы да, сірә, жалғыз қалған ба?
Өмірлік серігін таба ма,
Жеткізсін Алла мәңгі ізгі арманға!