28.05.2022
  130


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Біздің балалық

Қалада көп қой ойын алаңы,
Тебеді балдар ала доп...
Оралды кенет ойыма бәрі,
Не істемедім мен бала боп?!
Жасырып қайтем тентектігімді,
Жасадым кейде бұзықтық.
Жоғалттым кейін желкек түрімді,
Жоқ екен онсыз қызық түк.
Жас күнім қалды ауылда сонау –
Жүгірген жалаң аяқпен.
Төбе басында (тауым да сол-ау)
Қой бақтым талай таяқпен.
Жас күнім қалды ауылда сонау –
Көктеген бірге көктеммен.
Төбе басында (тауым да сол-ау)
Шөп шаптым талай кетпенмен.
Жас күнім қалды ауылда сонау –
Бәйшешек құсап гүлдеген.
Төбе басында (тауым да сол-ау)
Тіл қаттым талай жырменен.
Бақытқа бастар жол көздеп едім,
Бақытын бұзбай ешкімнің.
Көкем бар еді ол кезде менің,
Көкем қайтқан соң ес білдім.
Болмады бізде ойнайтын алаң,
Көшеде тептім ала доп.
Болмады ой да ойлайтын арам,
Көңілім тұрды дала деп...





Пікір жазу