28.05.2022
  142


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Қаңғырқаз қасіреті

Аңыз бен ақиқатым – бұл Маңғыстау,
Бекетім пайғамбарлық нұрдан құшты-ау.
Алланың хақ бұйыртқан мекені осы,
Озалдан қалың Адай қылған қыстау.
Бағзыны әпсаналап баяндасам,
Өлеңмен жүректегі саямды ашам.
Сөйлейтін сөзім көкпен байланысты,
Күткенмін – келеді деп аян қашан?..
Ол кезде болған екен тымық дала,
Аспан да мөлдіреген тұнық қана.
Үстірттің үстіндегі тас мешітте –
Молдадан тәлім алған қырық бала.
Қырық күн Құран оқып сыртқа шықпай,
Білімнің бұлағынан ұрттасыпты-ай.
Қырық түн зікір айтқан ұйықтамастан,
Құдайды құлай сүйген қырық ғашықтай.
Әлқисса, дүбір жетті тыстан кенет,
Жақындап қалғаны ғой дұшпан демек...
Айналды қырық шәкірт қырық шейітке –
Кеудеден доптай басы ұшқан бөлек.
Тәңірді күндіз-түні ұлықтаған,
Расулды дұғасынан ұмытпаған, –
Солардың ең жақсысы Қаңғырқаз-ды*,
Ол өлді жүріп барып қырық қадам.
Сәждеге қою үшін асығыстап,
Сұлады қолыменен басын ұстап.
Сол жерден қос бәйтерек өсіп шыққан,
Секілді шөлге біткен жасыл ұшпақ...
Замана тұрмас алға көшті асырмай,
Содан соң уақыт өткен бес ғасырдай.
(Қирады сан медіресе біздің қырда,
Бүгінде орны жатыр ескі асылдай.)
(Мың шүкір, болған емес ділім көпек,
Мың шүкір, болған емес тілім көкек.)
Б-а-я-ғ-ы қос бәйтерек құлап түскен –
Дүниеден қайтқан күні Пірім Бекет.
Қасиетін жоғалтпапты бәйтеректер,
Оларға кейде келіп айтады өкпе ел.
...Топырағы киелі жұртым аман болса,
Жапырақсыз талай ағаш қайта көктер!..





Пікір жазу