28.05.2022
  140


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Бұл дүнияның мысалы

Айташылар айтқандай мен де айталы,
Нем кетеді сөйлесем, нем қайтады?
Ғұмырымды құлдансам зайғылықпен –
Ғапыл болмақ фәнидің кең байтағы.
Берген затын соңыра Тәңір алад,
Сұм ажалды қайтейін дабыралап.
Жан мұңланса қайғымен бас қаңғырар,
Құлқат түрі заманның адыра қап.
Жыр-бәйітпен жүрекке дақыл ектім,
Дос-жүрият құралса нақыл еттім.
Пітінәланбай бес күннің зауқын ойнап,
Қаупын ойлап сақындым ақыреттің.
Атасы арзан жел сөзбен көңіл делбеп,
Тілге біткен кәләмнан төгілді өрнек.
Бұрынғы өткен сұрқылдар болжағандай,
Қайымдана тартулы өмір кермек.
Жаппар Хақтың санаға құйдым нұрын,
Қанақаға қақтырмай жыйдым бүгін.
Әулие толған Маңғыстау – бабакүлдік,
Жамылармын топырағын бұйрымды күн!





Пікір жазу