28.05.2022
  104


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Әулиелену

Бәдіздерден бебеулеп бағзы қайғы,
Қына басқан құлпытас қалжырайды.
Жалғыз байғыз молаға қонады да,
Жоқтау айтып бейуақ зар жылайды.
Азалы үндер төсіне қырдың сіңер,
Маңдайына Ай қадап түн күрсінер.
Жолдар жатыр әжімдеп кер даланы,
Елестейді-ау қап-қара жүргіншілер...
Байқағанға бұ дүние нақ бір сынақ,
Қырық шілтен үшін де жақтым шырақ.
Ниет қылдым жапанға түнемекке,
Қиын сәтте қолдауын Хақтың сұрап.
Ашылғандай аспанға ми қақпасы,
Ойландырар оқыстан зират басы.
Жыр жазар ем осында мың жыл бойы,
Қабірлердің қалғанша қирап тасы...
Түнеріппін түнекке құр шырмалып,
Жадырадым жаныма нұр шын дарып.
Қараңғыны қақ жарып көз алдымда,
Жүрегімнен төгілді тылсым жарық.
Тәңір берген тірлікке тәубе делік,
Жоғалармын түбінде сәулеге еріп.
Ғайып жайлы түс көріп таңға жақын,
Оянам мен күні ертең әулиеленіп...





Пікір жазу