28.05.2022
134
Менің хикметім
Әлмисақтан Нұр еді ғой – Жарығым,
Әлмисақтан Жыр еді ғой – Зарығым!..
Дәуіттің ұлы Сүлеймен
Падишасы болса да –
Он сегіз мың ғалам жамғысы
Қауызына сыйып кетер тарының.
Қақ төбемнен қарайтындай Хақ күліп,
Әруақтарды қондырамын бақ қылып.
Әзәзіл-Шайтан – Дұшпанмен
Бақадар хәлше күрестім –
Атасы тегін жел сөзден
Ер Мәдінің ғаскеріндей сап құрып.
Таразыда ауырлар деп зау күнәм,
Мен сақындым Ғарасаттың қаупынан.
Зікір етіп жыласам,
Шүкір етіп шыдасам,
Пікір етіп сұрасам –
Көрермін-ау несібемді Лауһыдан.
Жаратушы жалғыз Алла – Мәңгі Ие,
Содан кейін қолдаушым-дүр сан Кие:
Жүз жиырма төрт мың Пайғамбар,
Отыз үш мың Сахаба,
Елу мың Ерен және бар,
Маңғыстауда – үш жүз алпыс Әмбие!..