Жигули - таудың аты...
Бір купеде төрт жолаушы. Екеуі өндірдей жас бойжеткен, екеуі орта жастардағы әйел. Алматы мен Астана арасына қатынайтын жүрдек поезд орнынан баяу жылжи бастағанда, бағанадан бері терезеден тысқа телміріп қарап отырған Алма өксіп-өксіп жылап жіберді. Терезенің арғы жағында тұрған жігіт жүрісі жылдамдай бастаған поезға шарасыздықпен қарап, селтиіп тұра берді. Бұл көрініске куә болған купедегі қалған үш жолаушы әрқайсысы өздерінің кездесу мен қоштасу сәттерін естеріне алды ма, поезд жүрісі үдеп, көп қабатты үйлер көрінбей кеткенге дейін үн-түнсіз отырысып қалды. Сәлден кейін ғана төменгі орында отырған орта жастардағы жылы жүзді әйел бұған қарап тіл қатты:
Қой, қызым, жылама. Бүгін қоштассаңдар, ертең қауышасыңдар... Қыз одан бетер өксіді.
- Жігітіңнің аты кім?
Бұл сұрақты жігіттің атын білгісі келіп емес, қыздың көңілін басқаға аудару үшін қойды.
- Саян...
Жоғарғы сөреде жатқан қыз оқыс тіл қатты:
- Саян? Ха-ха! Темекінің аты ғой бұл!
Ешкім қосыла күлмеген соң, жым бола қойды. Алма оған жас толған жанарын төңкере, жақтырмай қарады.
- Махаббат деген бір ғажайып сезім ғой, шіркін...
Жылы жүзді әйел бұл сөздерді дауыстап айтам демеген сияқты, ішкі ойы, жүректегі толғаныс сезімі абайсызда сыртқа шығып кеткенін байқамай қалғандай. Сонысына ыңғайсызданып, ду ете қалған жүзін алақанымен көлегейлеп, күліп алды. Сосын жоғарғы төсекте жатқан қызға қарап:
- Мына қызым кәрі адамдар да махаббат туралы айтады екен ғой деп тағы да күлетін шығар, - деді.
- Кәрі адам жас болмап па екен? - бағаналы бері үнсіз отырған екінші әйел сөзге араласты.
- Бірақ ол шіркін біреуге бақ боп жолығады, біреуге сор боп жабысады ғой...
- Ну, апашки ударились в воспоминания... - жоғарыдағы қыз күле сөйледі. - Может, шынымен айтып берерсіздер, махаббаттың қандай болатынын?
- Саған пайдасы болса, несі бар, айтар едік, - жоғарыда жатқан қызға қарап сөйлеген бірінші әйел қарсы алдында отырған әйелдің қолдауын күткендей оған күлімсірей көз тастады. - Солай емес пе, құрбым? Айтпақшы, «мыңның түсін білгенше бірдің атын біл» деген ғой, бір-бірімізге жөнімізді айта отыралық. Менің атым Ділдә, Астанада тұратын балаларыма бара жатырмын.
- Дұрыс болған екен, менің атым - Шәкизат, бір-екі жылдан бері сол жаққа барып аздап сауда-саттық жасап жүрмін. Бәрі де сол балалардың қамы ғой...
- Менің атым Лейла, - деді жоғары жақтан төмен қарап жатқан қыз. - Вообще-то, апашкам Ләйла дейді. Бірақ маған Лейла деген ұнайды.
- Алма, - деді әлі де көзін сүрткіштеп отырған қыз.
- Міне, «Адам тілдескенше, жылқы кісініскенше» деген осы, - деді Ділдә жарқылдай сөйлеп. - Қане, қыздарым, сендер мына апаларыңа қызмет көрсетіп жіберіңдер. Ләйла, сен барып шәйнекпен қайнаған су алып келе ғой, Алма екеуміз дастархан жасап жіберейік.
Ләйла барып су алып келгенше Ділдә сөмкесінен небір тәтті-дәмді тамақтарды шығарып қойып, шағын үстелдің үстін жайнатып жіберді. Бергамот қосылған үнді шайын рахаттана ішкен төртеуі, небір қызықты оқиғаларды тілге тиек етіп, лездің арасында емен-жарқын сөйлесіп кетті.
- Апа, сіздер махаббат туралы айтып береміз деп едіңіздер ғой, - деді Алма бір кезде Шәкизатқа қарап.
Шәкизат ат-тонын ала қашты:
- Қой, қайдағы жоқты қозғамай...
- Неге «жоқты» дейсіз? Не, сонда махаббат жоқ па? - деп сөзге араласты Ләйла. - Онда мына Алма неменеге ана жігіттің қалғанына жылап отыр? Түсінбедім?
- Ол енді сөздің ретімен айтылған нәрсе ғой. Әйтпесе «бар», «жоқ» дейтіндей мен кіммін?
- деп ақтала сөйледі Шәкизат. Мен емес мына Ділдә ғой «махаббат, махаббат» деп аһ ұрып отырған. Айтатын шығар хикаясын...
Осылай деп күле сөйлеп, Ділдәға көз тастаған Шәкизат оның терезенің сыртында дөңгеленіп қалып жатқан далаға жанары жасаурап, елжірей қарап отырғанын көріп, салмақты күйге түсе қойды.
- Ау, құрдас, мына балалар махаббат бар ма деп отыр ғой...
- Бар...
Оның күрсіне айтқан бір-ақ ауыз сөзінен кейін ешкім ештеңе демей купе іші үнсіздікке бөленді. Осылайша біраз отырып қалған соң, Ділдә қасындағы серіктеріне жағалай қарап:
- Қараңдаршы, даламыз неткен кең. Қып-қызыл гүлдері қандай тамаша! Аспанға қараңдаршы, бір шөкім бұлт жоқ, көкпеңбек болып, көз тартады. Мына зеңгір көкке көтеріліп, құстарша ұшыңдар деп тұрған жоқ па? Ал ұшу үшін адам өзін бақытты сезінуі керек. Ғашық болуы керек... - деді.
Купедегілер кенеттен шабыттана сөйлеген Ділдәға аңтарыла қарады. Ләйла Алманы бүйірінен түртіп қалып, иығын қомдап қойды. «Түсінбедім» дегені...
- Махаббат бар ма деп отыр ғой мына қызым. Бар, қалқам. Дүниені ұстап тұрған - махаббат. Адамдардың бір-біріне деген іңкәр, мына күндей шуақты, мына аспандай тап- таза сезімі...
...Біз екеуміз алғаш жақын тілдесіп, бір-бірімізге жанымыз жақын адам екенімізді ұғысқан күн тап осындай сәулелі, шуақты еді. - Терезеге қарап, көз ұшында қалып жатқан қызғалдақты даладан көз айырмай отырып әңгімесін бастаған Ділдә қиялымен бұдан жиырма шақты жыл бұрынғы кезді есіне алып жымиып қойды. - Мен ол кезде бір үлкен мекемеде қызмет істейтінмін. Тоқсан сайын облыстардан есеп беруге адамдар келеді. Жай келмейді, «ауылдың дәмі еді» деп, сәлем-сауқат ала келеді. Есептерін уақтылы, жақсы өткізсе, бөлімімізбен түгел қонаққа шақырып, «жуатындары» бар. Ондайда улап-шулап, мейрамханаларға барып, көңіл көтеріп, бір сергіп қалатынбыз.
Көбіміз жаспыз, отыздың о жақ, бұ жағындағы кезіміз ғой. Балалы-шағалымыз. Сондықтан аздап шарап ішіп, ән айтып, би билегеннен арыға ешкім бара қойған жоқ-ау деймін. Әйтеуір, басқаны қайдам, өзім сондай едім. «Әркім өзіне қарап тон пішеді» деген ғой, өзім түзу жүрген соң, басқалар туралы да ағат ойдан аулақпын.
Келе-келе тобымыз бөлшектеніп, есеп беруге келетін кісілер өзінің жұмысына көмектескен адамдарды қонаққа жекелеп шақыратын болды. Бұл да түсінікті. Қанша дегенмен олар да бір жалақыға қараған, әрі шиеттей бала-шаға асырап отырған адамдар ғой. Сондықтан мұндай «бөлінушіліктерді» ешкім сөкет көрген жоқ.
Мен ол кезде тұрмыста болатынмын, үйелмелі-сүйелмелі ұл-қызым бар. Жасыратыны жоқ, ол менің өмірімдегі ең бір жүдеп жүрген кезім болатын. Кезінде сүйіп қосылған жарымнан көңілім қалып, өзіме мәлім болған жайларды жұрт біліп қояды ма деп,
«сыртым - бүтін, ішім - түтін» күн кешіп жүрген ем...
Қанша қиналсам да ешкімге ештеңе білдірмеймін, түк болмағандай жарқ-жұрқ етіп күліп жүремін. Жұмысыма тастаймын. Әуелде Алматының физика-математика мектебінде оқыған кезімде қаланған негіздің мықтылығынан болса керек, есеп-қисапқа бөлімдегі басқаларға қарағанда жүйрікпін. Содан да болар, елдеріне тез қайтқысы келген кісілер көбіне мені төңіректейді. Кейбіреулері алдын-ала телефон шалып, «бәлен күні барамын, тез қайтуым керек еді, сіз көп жұмыс алып қоймаңызшы» деп өтінетін.
Ол алғашында мен үшін сондай көп кісінің бірі ғана болатын. Жасымыз шамалас, менен екі-үш жас қана үлкен болғанымен, өмірден көргені, түйгені әлдеқайда мол ақылды жігіт екенін байқау қиын емес-ті. Оның үстіне өте әдепті, мәдениетті жан болып шықты. Бір рет қателесіп, бүкіл есебін бүлдіріп алғаным бар. Сабазың қабақ шытқан жоқ. Одан да кейіп, сөйлеп, қалай да бір ренішін білдірсе әлдеқайда жеңіл болар еді. «Жарайды, жұмыс болған соң кім-кім де қателеседі ғой, әлі екі күн уақытымыз бар, үлгіреміз» деді.
Бір күн, бір түн отырып, жұмысты басынан аяғына дейін қайта жасап шықтым. Ол есебін уақтылы тапсырып, риза көңілмен еліне аттанып кетті. Кетерінде «мен сіздің біліміңізге, қабілетіңізге тәнтімін» деді бар болғаны. Ақсары жүзді, тұнжыр қара көзді кісі еді, осылай деп мөлдірей қарағанда, алғаш рет жүрегім шым ете қалды...
Үйге келсем, күйеуім жоқ екен. Алакөлеңке бөлмеде отырып, екеуміздің жас кезімізде қол ұстасып қыдырған кездерімізді, жаңбыр жауса мені қорғалап, костюмімен қаусырып алатынын, қызғалдақ алғаш шыққанда арсалаңдай күліп, шоқ-шоқ гүл әкелетінін есіме алдым... Қай оқиғаны есіме алсам да, аяғында ақсары жүзді кісінің мөлдірей қарағанын көз алдыма елестетіп отырғанымды байқап... таң-тамаша қалдым. Бейне бір жастық шақтағы қызықты-қуанышты жайлар басымнан өтпегендей... Әлде олар сонау он бес... жиырма жыл бұрын болғандықтан ұмытыла бастады ма екен?
Күйеуіме көңілім қалған сәттерде, ол үйге бірде түнеп, бірде түнемей жүрген күндерде ақсары жүзді кісінің елжірей қарап, жылы сөз айтқан кездерін еске алсам, бойым жеңілдеп қалатынын байқадым. Бірақ... бойымды билеген сезім бір жаққа тартса, ақыл басқаны айтатын. Ойдың ұшығына жете алмай талай таңды ұйқысыз қарсы алдым.
Бір күні анам қыдырып келді. Жылда осылай арқаланып бір келіп кететін. Күйеу баласының оғаш қылықтарын айтқан жоқпын - анам өзі-ақ білді. Өйткені анам келген күндерде де ол қашанғы әдеті бойынша үйде түнемей жүрген. Жұбайлық өмірге бақыттан жүзі бал-бұл жайнап аттанған қызының бүгінгі жүдеу кейпін көріп, анам байғұс жасып қалды. Үһілеп, көз жасын сығып алып жүргенін көріп, өзімді ұмытып, анамды аядым. Бір күні кішкене көңілін аулайын деп бала күнімдегі әдетіммен тізесіне басымды қойып жатыр едім, апам шашымнан сипап отырып: «Ет пен терінің арасындағы желі ғой... Қай еркекте болмасын осындай бір желік болады. Басылады ғой, шыдап бақ. Балаларыңды ойла», - деді. Мен алдында дыбыс шығармай жылап жата бердім.
Ақыры... сезімнен ақылды басым етіп, қиюы қашқан тұрмысымды қалай жөндеймін деп жанталастым. Өкінішке орай жолдасым мен сияқты тырысқан жоқ. Керісінше, үй ішіндегілер қайда кетеді деп ойлады ма, әйтеуір даланың қызығы тартты да тұрды. Әйел байғұс қашанда әуелі бала жайын ойлайды ғой, мен де ұлым мен қызымды жәутеңдетпейін деп, күйеуім өнер үстіне өнер шығарып, үдеп бара жатса да, бәріне көндігіп жүре бердім.
Бірақ... адам шаршайды екен... Отау құрып, от жаққанда ол маздап жанып тұру үшін ерлі- зайыпты адамның екеуі де әлсін-әлсін тамызық тастап отыруы керек екен. Оны мен қазір, осы жасқа жеткен кезде түсініп жүрмін ғой. Ол кезде ақыл айтып, жөн сілтейтін де адамдар болмады... Ешкімге тіс жарып ештеңе айтпаған, ақыл сұрамаған өзім де кінәлі шығармын...
Бала-шаға, отбасының қамытын мойныма киіп, жалғыз өзім өрге сүйреуден болдырғаным рас. Тіпті өліп қалғым келген күндер де болған - балаларымды қимадым.
Өстіп жүдеп жүрген кезімде ойда жоқта ол кісі келді. Әлдебір делегацияның құрамында басқа жаққа кетіп бара жатыр екен, бірер сағат уақыты болған соң бізге әшейін соғыпты. Қуанып кеттім. Бірақ іште лап ете қалған қуанышымды басып, салқын ғана амандастым. Ол кісі де алғашында күлімдеп тұрған, мен елпілдей қоймаған соң жүзі солғын тартты. Бөлімдегі кісілермен анау-мынау жайлар туралы сөйлесіп, жарты сағаттай отырды да, жөніне кетті. Қоштасарда қолымды қысып: «Бәрі дұрыс па? Түріңіз жүдеу ғой? Өзіңді күтсейші?..» деп, біресе «сен» деп, біресе «сіз» деп сөйлеп, тағы да мөлдірей қарады.
Өзімнің күйеуім жүдеп-жадағанымды күнде көре жүріп, бір ауыз жылы сөзін қимағанда, мынадай жанашыр сөз есту - ауыр-ақ еді. Ішім ұлып қоя берді. Лық етіп жас толған жанарымды көтере алмай, көзіммен жер шұқып, басымды шайқадым. Ол мені қысылмасын деген болар, басқалармен тез-тез қоштасып шығып кетті.
Сөйтіп, күндер сырғып өтіп жатты, көктем келді. Елімізде сол жылы Жеңістің қырық бес жылдығы аталып өтетін. Жиырма жасында соғысқа кеткен менің әкем тірі болса сол жылы алпыс беске толар еді. Бөлімде бірге қызмет істейтін Ғалияның әкесі жетпіс бес жасқа толады екен. Осыларды айтып дабырласып отырғанымызда кенеттен есік ашылып, жарқ етіп Ол кіріп келді. Бөлмедегілер шу ете қалды. Бір-бірімізден ауыл-елдің, бала- шағаның амандығын сұрасып, мәре-сәре болдық.
- Келмей кеттіңіз ғой, - деді бөлім бастығымыз София апай қуана сөйлеп, - біз сізді әбден күттік.
- Шын күттіңіздер ме? - деп Ол да жарқылдай сөйледі. Сосын менің үстеліме тақалып: - Сіз де күттіңіз бе?- деп сұрады.
- Күтті! Күтті! - деп шуласты бөлмедегілер.
- Онда мұны жуу керек екен, - деді Ол бәрімізге айналдыра қарап.
Сосын лезде байсалды қалыпқа түсіп келген шаруасын айтты. Биыл көктемде жауынгерлік жолын фин соғысынан бастап жапон жерінде аяқтаған әкесі жетпіс жасқа толады екен. Өкінішке орай бұл күнге жете алмапты. Сондықтан әкесіне, оның майдандас достарының рухына арнап ас бермекші екен, соған бізді шақыра келіпті.
Бөлмедегілер тағы гуілдей жөнелді. Менің әкемнің, Ғалияның әкесінің майдангер екендіктерін, олардың да соғыс салған жарақаттың зардабынан ерте көз жұмғандарын айтып жатты.
- Міне, біздің ауылға барып, сол әкелерімізге ас беріп, құран бағыштайық, - деді Ол тағы да бәрімізге жағалай қарап. - Мен мейрам күні автобус алып келемін, ауыл алыс емес, төрт-ақ сағаттық жерде. Қалай, келісесіздер ме?
- Келісеміз, келісеміз, - дедік бәріміз.
Айтқандай-ақ, демалыс күні Ол автобус алып келді. Бәріміз улап-шулап мініп, оңтүстікке қарай жол тарттық. Дала тап осы бүгінгідей болып құлпырып жатқан. Тура кілем төсеп тастағандай көздің жауын алады. Бір-екі сағат жүрген соң тоқтап, далада дастархан жайып, отырыс жасадық. Автобусқа қайта мінгенімізде артқы жақта отырған Ол:
- Ділдә, мында келіңіз, мен сізге орын алып қойдым,- деді.
- Орыным бар ғой... - дей беріп едім, қасымда отырған София апай:
- Бар-бар, мен кеңдеу отырғым келіп, саған айтуға ұялып келе жатыр едім. Жақсы болды ғой. И-и, шырағым, біз жеңіл машинада шайқатылып жүріп үйренген жан емеспіз бе, мынау бір дұрыс ақыл болды ғой, - деп орындықтың ортасына қарай сырғып отырды.
Ол кезде түсінбеппін, София апай мені шақырған жаққа барсын деп әдейі солай істеген екен-ау.
Қасына барып отырдым. Жол бойы Ол туған жерінің тарихын, оның әр ауылының, өзені мен көлінің, тауы мен төбесінің тарихын әңгімеледі. Сөз арасында өзінің есімінің де тауға байланысты қойылғанын айтып кетті. Әкесінің майдандас досы сол таудың етегінде туған екен. Бір алапат шабуылда оққа ұшыпты. Әкесі мұны еркелеткенде «Досыма қойған ескерткішім» дейді екен.
Бір кезде қолымды қолына алып, аялай сипап қойды: «Қолың қандай кіп-кішкентай... саусақтарың нәп-нәзік... Соншама ауыр заттарды қалай көтересің?» деді кенет. «Қандай заттарды?» деп таңырқай сұрадым мен. Ол қып-қызыл болып кетті. Сосын шынын айтты.
«Бір келгенімде күн демалыс болатын. Сыртыңнан да болса көріп кеткім келді. Адрес бюросынан қайда тұратыныңды біліп алып, машинамен үйіңнің қасына барып тұрғанмын. Бір кезде көше бойлап көтеріліп келе жатқан балаң екеуіңді байқадым, базардан келе жаттыңдар-ау деймін. Қолдарыңда қос-қостан дорба бар екен...» «Тамақ жеуіміз керек қой.» «Иә, керек.»
Астан кейін сол автобуспен қайтадан қалаға әкеліп салды. «Ділдәжан, - деді қоштасарда, - саған айтатын бір әңгіме бар еді...»
Шынымды айтсам, осы «әңгіменің» түбі бір қозғалатынын іштей сезіп жүргенмін. Сезіп, біресе қашан болады деп күтіп, біресе ештеңе де айтпаса екен деп тілеп, өзіммен өзім іштей арпалысуда едім. Бүгін ауылына барып, кейуана анасын, күйеуінің қасы мен қабағына қарап, қонақтарының алдында зыр жүгіріп қызмет еткен әйелін, алтын асықтай ұлы мен қызын көріп, алып-ұшқан көңілімді күшпен бастым. «Сол әңгіме айтылмай-ақ қойсыншы, - дедім қиыла өтініп. - Айтпасаңыз да бәрін сеземін. Бірақ... Біз аса алмайтын асулар бар. Өзімізді ғана емес, өзгелерді де ойлайық...»
Ол біраз үнсіз тұрып қалды. Сосын иығымнан орай құшақтап, бауырына басты. Дүрс-дүрс еткен жүрегінің лүпілін анық естіп, бойын кернеп тұрған ер адамның әйелге деген құмарлығын айқын сезіндім. Бірақ, өз сезіміме ерік бермей, салқынқандылығымды сақтадым. Ол соны сезді-ау деймін, көзіме үңіле қарап: «Неге сонша ақылды боп жаратылдың?» деді күрсіне сөйлеп.
Біз осылайша қоштастық...
Үйіме келіп, өзіме қарай қанаттарын жая жүгірген ұлым мен қызымды көріп, қабылдаған шешімімнің дұрыстығына деген сенімім беки түсті. Екеуін кезек сүйіп, неге екенін білмеймін, ағыл-тегіл жыладым-ай келіп...
... Арада бірнеше күн өткенде кезекті бір жорығынан қайтып келе жатқан күйеуімді машина қағып кетіп, ес-түссіз күйінде ауруханаға түскенін білдік. Өз-өзіне келген соң ғана мекен-жайын айтыпты. Бас сүйегіне зақым келіп, қабырғалары сынған. Ол да ештеңе емес-ау, соққы дәл бел омыртқасына тиіп, жұлыны үзіліп кетіпті. Жарты жылдан астам уақыт ауруханада жатты, екі аяғы жансызданып, семе бастаған соң үйге алып шықтық. Дауа бола ма деп көрсетпеген емшіміз жоқ. Әрқайсысы әртүрлі ем жасап бақты, бірақ жағдайы жақсарды деп айта алмаймын.
Бір кезде сал-серілік құрып, дүниені жалпағынан басқан адам осылай кәріп болды да қалды. Ертелі-кеш төсекке таңылып жатқан адамның жүйкесі де тозады-ау деймін, ашуланшақ, шыдамсыз болып кетті. Ауылдан шешесі келген, тіпті онымен де жоқтан өзгеге ұрсысатын болды. Бір күні таныстарымыз телефон соғып, бір сынықшы тапқандарын, ертең алып келетіндерін айтып қуантты.
Ол бір елге танымал емші кісі еді. Сынған сүйекті сүр қазымен жеті күн сылайды екен. Ел соғымдарын енді сойып жатқан кез, сүр қазыны қайдан табамыз деп дал болдық. Бір табылса осы кісіден табылар деп мен бастығым София апайға телефон соқтым. Ол кісіде де жоқ боп шықты. Бірақ «Бәріміз іздестіреміз. Бір амалын табармыз, уайымдама» деп көңілімді жұбатып, дәмелендіріп қойды. Арада төрт-бес күн өткенде үйге София апайдың өзі келді. Қолындағы түйіншекті жазғанда сап-сары боп сүрленген қазыны көріп, енем жылап жіберді.
Жасалған ем жағдайын сәл-пәл жеңілдеткенмен, түбегейлі өзгеріс бола қойған жоқ.
«Үмітсіз шайтан» деген ғой, бір күні күйеуім анасына Қорған қаласындағы атақты Илизаровтың институтына барғандар жазылып кетеді екен дегенді айтыпты. Ана байғұста бала дегенде жан қала ма? Күні-түні баласын сонда апаруды армандайтын болды. Баяғы кеңестік кездегідей ауруханалар тегін емдейді деп ойлайды екен, ал кешегі біртұтас мемлекет ыдырап, әрқайсысы өз алдына бөлек-бөлек ел болып кеткені тіпті ақылына қонбай қойды. Көп ақша керек екендігін естігенде «ауылдағы сауып отырған сиырымды сатсам да емдетем» деді. Қайран ана, сиырының ақшасы жарты жолын өтеуге де жетпейтінін қайдан білсін!
Содан жанталасып ақша іздей бастадым. Ұжымыма рахмет, қомақты қаржы жинап берді, ағайын-туған ауыздарынан жырып өз үлестерін қосты. Қорғандағы институтқа телефон соғып сұрастырып едім, жинаған ақшам қажетті соманың жартысына да жетпейтін болып шықты. «Соқыр көргенінен жазбайды» деп тағы да София апайға мұңымды шағып, көмек сұрадым. «Таныстарыңыздан қарызға тауып бересіз бе?» деймін. «Іздестірейік» деді апай бұл жолы да.
Арада бес-алты күн өткенде София апай хабарласып, ақша тауып қойғанын айтты. Апыл- ғұпыл киініп, жұмысқа құстай ұшып жеттім. Апай қолыма қалыңдау конверт ұстатты, ашып қарасам - бір уыс доллар. Бөтен елдің ақшасын бірінші рет қолыма ұстағаным сол еді. Жап-жаңа. Сытыр-сытыр етеді. Біртүрлі бояудың исі шығады. Қуанғанымнан бастығымды бас салып құшақтай алып: «Апатай, жақсылығыңызды өмір бойы ұмытпаймын!» деп жылап қоя бердім. Содан конвертті біресе қалтама, біресе сөмкеме тығып, үйге қайттым.
Есікті өз кілтіммен ашып, үйге: «Апа, ақша табылды! Енді жолға дайындалуға болады!» деп дабырлай кіргенмін. Ешкім дыбыс бермеген соң түпкі бөлмеге өттім.
Енем баласының қолын сипап үнсіз жылап отыр екен. Жүрегім су ете қалды. Шалқып- тасып өмір сүрген, той-думанның төрінде жүрген, осыдан екі сағат қана бұрын ақша табылғанын, соны алып келуге кетіп бара жатқанымды хабарлағанымда: «осыдан аяғыма тұрып кетсем, сені төбеме көтеріп жүремін» деген күйеуімнің жанары біртіндеп сөніп бара жатты... Жанұшырып жедел жәрдем шақырдым. Одан жүгіріп барып, есікпе-есік көрші тұратын атайды шақырып келдім. Жедел жәрдем келіп болмады...
- Келін шырағым, жақындашы, бірдеңе сұрап жатыр ғой деймін, - деді көрші атай.
Шындығында да мен қалай қимылдасам, солай қарап, көзімен шақырып жатыр екен. Қасына келіп:
- Сәл шыда, жедел жәрдем келе жатыр... - дедім.
Ол көзін жұмып, басын шайқады. Көзінің қиығынан бір түйір жас үзіліп, құлағына қарай сырғып бара жатты. Ерні болар-болмас қимылдаған соң, еңкейіп құлағымды тостым.
- К-е-ш-і-р...
Қандай ауыртпалықты болсын үнсіз көтеріп, қанша уақыттан бері тастүйін боп жүрген, ашуланғанда, ұрсысқанда көзімнен жас шықпаған мен бордай үгітіліп, іші-бауырым езіліп бара жатты...
Жедел жәрдем дәрігерлері жарты сағаттай арпалысқандарымен бәрібір ештеңе істей алмады.
* * *
Сүр қазыны да, Қорғанға бару үшін жетпей тұрған ақшаны да мен жоқ кездерде бөлімге үнемі хабарласып тұрған Оның тауып бергенін арада біраз уақыт өткен соң кездейсоқ білдім. Онда да мына Ләйла қызым сияқты бір балалардың «махаббат бар, махаббат жоқ» деген таластарына төрелік айту үшін София апай мысалға келтірген. Жасының үлкендігін пайдаланып бірде Одан «Ділдәнің басы байлаулы адам, сен де балалы-шағалысың, несіне әуре боласың?» деп сұраған екен София апай. Ақсары жүзі ду етіп қызарып «Жақсы көремін» депті. Сосын «Жақсы көргендердің бірге болуы шарт емес. Сол аман болса екен, қиналмаса екен деп тілеп жүремін. Қолымнан келсе, көмектесуге тырысамын» депті. Және өзінің көмек көрсеткенін білдірмеуді өтініпті.
Міне, содан бері де он бес жыл өтіп кетті. Ол - елінде, мен - мұндамын. Кейде қандай болды екен деп ойлап қоям. Бірнеше рет пәтер ауыстырып, телефоным өзгерді. Бірақ соның барлығында да тауып алып, телефон соғып тұрады. Өткенде бір рет сөйлескенімізді жазып алдым, міне, тыңдаңдаршы. Ділдә ұялы телефонын шығарып, бір түймешесін басып қалды.
- Халың қалай, жаным?
- Жақсы, өзің қалайсың?
- Жақсымын, биыл келін түсірдік.
- Құтты болсын, мен де келінді болдым!
- Тамаша ғой, қалай, көңілің тола ма?
- Әрине, сондай нәп-нәзік, сүп-сүйкімді.
- Өзің сияқты екен ғой...
* * *
Телефондағы диалог үзілген соң Ділдә купедегілерге жағалай көз салып: «Жастар мұны махаббат дей ме, демей ме, білмеймін. Бірақ менен өмірдегі ең шынайы, мөлдір махаббат қандай болады деп сұраса, Оның маған деген махаббатын айтар едім», - деді.
- Сонда он бес жылдан бері бір де бір рет кездескен жоқсыңдар ма? Сүйген адамдар бір- бірін көрмесе тұра алмайды демеуші ме еді? - деп Шәкизат сенбестік білдірді.
- Тұра алады екен...
- Сонда ол не, сіздің күйеуіңіз қайтқаннан кейін кездесуге тырыспады ма? - бұлай деп Алма таңдана сұрады.
- Кездесуге мен қарсы болдым. Күйеуім қыз-қырқынның ауылын жағалап жүргенде өзім қалай қиналдым... Қалай қорландым десеңші! Басқа ешбір әйел заты менің басымнан кешкенді кешпей-ақ қойсыншы дедім. Отбасының шырқы бұзылмасын, балалары жаутаңдамасын, досы күліп, дұшпаны табаламасын дедім... Оның да соңынан сөз еріп, абырой-беделінен айырылмауын ойладым. Бұл да менің Оны шын сүйгендігімнің белгісі шығар...
- Жоқ, мен түсінбедім, апа, - деді Ләйла сөзге араласып. - Сіз манадан бері «Ол», «Оны» деп отырсыз. Аты кім сонда оның? Қандай әдемі, ертегі сияқты әңгіме айтып бердіңіз. Страна должна знать своих героев! Атын айтыңызшы?..
Ділдә терезеден көз алмай, жүзі нұрлана жымиды. Сосын Ләйләға қарап:
- Баламысың деген! Атын қайтейін деп ең? Жарайды, ақыры айтқан екенмін, түгел айтайын. Оның өзі қандай тамаша жан болса, аты да сондай ғажап... Жи-гу-ли! - деп даусын әндете созды.
- Кім? О, господи, ол - пивоның аты емес пе?
Ділдәнің жаңа ғана гүл-гүл жайнап отырған жүзі кенет түнеріп кетті. Көзіндегі шуақ суық жарқылға айналып:
- Ей, не деп отырсың сен? Не тіліңді, не діліңді сақтай алмаған бейшара бала! Темекі мен сырадан басқаны білмейсің бе? Саян десе - темекі деп, Жигули десе - пиво деп саныңды шапаттайсың? Мектепте жарытып оқымағансың да ғой! Біле-білсең ол - таудың аты! - деді қатқыл үнмен.
Жолға шыққалы бері шуақты мінезінен бір айнымаған жаннан мынадай қатты сөздер күтпеген Ләйла жым болып, қалған екеуі үрпиісіп қалды. Қолайсыз үнсіздікті Ділдәнің өзі бұзды.
- Басқа пәле - тілден деген, шырағым. Сен сөзге жылдам бала екенсің, соныңнан да сөз естіп қалып жатырсың. Жарайды... Артық айтсам, кешір...
- Жигули деген тау бар екенін мен де білмеуші едім, апа, - деп жасқаншақтай тіл қатты Алма, - ол қай жерде?
- Е-е, шырақтарым, сендер мектеп мұғалімінің қадірі кеткен заманда оқыдыңдар ғой. Қайдан білесіңдер. Бағана мына Ләйла Саян дегенді темекінің атауы деуінің бір ұшығы сонда жатыр. Дұрысында ол - еліміздің шығысындағы әсем таудың аты, шырақтарым. Біздің халық ұл-қызына ат қойғанда таудай биік болсын, айдай сұлу болсын, гүлдей нәзік болсын деп ырымдап қояды. Соны біле жүріңдер.
Ал Жигули - Еділ өзенінің бойындағы ежелгі, қазыналы тау. Табиғаты ғажайып көркем, жыл сайын саяхатшылар топ-тобымен барып жататын жер. Бұл таудың сұлулығы қаншама ақынға шабыт беріп, орыс жерінің інжу-маржаны деп те, сол аттас қаланы қоңыраулары симфония ойнайтын қала деп те жырға қосылған. Таудың ежелгі, көне атауы Қыз тауы екен. Зерттеушілердің бірі таудың сұлулығына қарай солай атаған десе, екіншілері ол жерді батыр қыздар мекен еткендіктен қойылған деген жорамал айтады. Бәлкім рас та шығар... Он бесінші ғасырда өмір сүрген Фра-Мауро деген итальян саяхатшысы өз еңбектерінде бұл тауды "Амазония" деп атағаны да белгілі.
Біраз еңбектерде «жигули» деген сөз түркінің «жегулі» деген сөзінен шыққан деп түсіндіріледі. Түрлі көтеріліске қатысушылар, бурлактар, Степан Разиннің жауынгерлері аттарын қаңтарып қойып, таудың қойнау-қойнауында бой тасалап, күш жинаған деген аңыз бар... Соның рухынан да болар, бұл таудың қойнауында туған ұл балалар ержүрек, намысқой, батыр болып өседі дейді халық аңызы.
* * *
Осылай деп әңгімесін аяқтаған Ділдә купедегілерге күлімсірей қарады:
- Жаман адам сырын айтам деп шынын айтады деген, апаларыңның сонша ақтарылғанын айып етпеңдер, шырақтарым. Өткен өміріміз сендерге өнеге болсын деген тілектен туған жай ғой.
- Дұрыс-дұрыс, еш сөкеті жоқ, - деп Шәкизат бірінші тіл қатты, - өзің әңгімеші екенсің ғой, құрдас.
- Да, классно! Мен тура апашкамның ертегісіндей тыңдадым,- деп Ләйлә да қоштап қойды.
- Әңгіме жол қысқартады деген рас екен. Шуға келіп қалғанымызды білмей де қалдық, - деді Алма терезеге үңіліп.
- А-а, енді білдім, адамдары «ал, ал» деп шулап жүгіріп жүрген соң станцияның атын солай қойған ғой, - деді Ләйлә жерден жеті қоян тапқандай қуанып. - Ділдә апа, солай ма?
Ділдә басын шайқап күліп:
- Саған дауа жоқ екен! Олай емес! Ертеде осы өңірде елінің қорғаны болған Шу атты батыр өмір сүріпті... - дей беріп еді, Алма апасына қиыла қарады:
- Ділдә апа, тағы бір тамаша әңгіме басталғалы тұрған сияқты. Оны поезымыз жүрген соң айтыңызшы. Қазір жерге түсіп, ауа жұтып келейік...
- Ол да жөн екен, балам. Жүріңдер, қасиетті жердің саф ауасымен тыныстап қайтайық...
Осылай десіп, арада өткен үш-төрт сағат, сол кезде айтылған жүрек тебірентер әңгіме жақындастырып, туыстастырып жібергендей болған купедегі төртеу қаздай тізіліп сыртқа беттеді.
29.10.2004