Телефонмен тәрбиелеу
Күндегі әдеті осы. Сағат 10-нан аса бере Кәмила үйіне телефон соғып, кішкентай қызын оятады. Нөмірді терген соң телефон тұтқасын құлағына тосып, біраз ұстап тұрады. Сірә, ар жақтан жуық арада ешкім көтермейді-ау деймін, тың тыңдағандай болып, бар зейінін телефон тұтқасына аударып, ұзақ күтеді. Бір кезде жүзі жылып:
- Тұрдың ба? Қошақаным сол, - дейді, - беті-қолыңды жуып, шәйіңді іше ғой. Мен саған майсөк жасап кеттім. - Соңғы сөздерін ерекше мән бере айтады. - Жарайды, бара ғой, күнім, сосын тағы хабарласамын.
Содан кейін жайғасып алып, жұмысына кіріседі. Анда-санда алдында жатқан қағазға бір қарап қойып, саусағы компьютердің клавиатурасында жорғалап жүре береді. Сырт қараған адам оны бір материалды компьютерге басып отыр деп ойлауы мүмкін. Алғашында мен де солай ойлағам. Сөйтсем, Кәмила аудармашы екен. Оқып отырып ойша аударып, бірден компьютерге тереді. Ара-тұра алдында жатқан екі томдық қазақша- орысша сөздікке қарап қойып, бөлмедегі басқа адамдардың өзара әңгімелеріне, кіріп- шыққандарға елең етпестен, бейнебір компьютердің ішіне сүңгіп кеткендей, бір қалыпты сытырлатып басып отырады. Осы жұмыс ырғағын алдындағы телефонның шырылы бұзады.
Телефонның тұтқасын көтеріп, құлағына тосқан кезде жүзі жылып сала береді.
- Әу, жаным...
Сөйлескен кезде ар жақтан айтылып жатқан сөздерді мақұлдағандай, басын изеп отыратыны қызық-ақ. Алдында телефон аппараты емес, адам отырғандай, бет-жүзі құбылып, біресе күлімсіреп, біресе қабағын кере таңданады.
- Солай ма? Дұрыс істегенсің, ақылдым сол. Тағы бір рет тексерсең тіпті жақсы болар еді. Кеше үйреткенімдей буынға бөліп оқы. Жазғанда қате жіберсең, сонда бірден көрінеді. Енді тағы қандай сабағың қалды? А-а... Жарайды, онда ойнай ғой. Мысығыңа сүт беруді ұмытқан жоқсың ба?. Жақсы, қошақаным. Тағы хабарласамын ғой.
Кәмиланың кішкентай қызымен сөйлескендегі даусы іші-бауырыңды елжіретеді. Және айналып-толғанғаны қандай! Елден ерекше бір сөздерді тауып алады. «Жапырағым сол!» деді бірде қызына. «Көбелегім кішкентай!» деді тағы бірде еміреніп. Өзі телефон соққанда қызын «Әшөнтай!», «Ақпатшам!» деп атайды. Ұрсу, зеку деген жоқ, тұла бойына мейірім тұнып тұрғандай дерсің. Ол қызымен сөйлескен кезде сыртынан бақылап отырған адамның өзі рахаттанып қалады.
Бірде кішкентайы ауырып, Кәмила бір апта жұмысқа шықпай қалды. Адам не нәрсеге болсын үйреніп қалады екен-ау, бөлмемізде сол күндері оның қызына телефон соғып, айналып-толғанып отыратын даусы жетіспей тұрды. Содан да болар, ол жұмысқа шыққанда бөлмедегі бәріміз шұрқырасып табыстық. Бұл күні Кәмила қызына әдеттегі уақытынан кешірек телефон соқты. Айналып-толғанғанын естігім келіп, тықыршып отырған мен де құлағымды түре қойдым.
- Қошақан, тұрдың ба? Жарық дүнием менің!
Ол қызына емірене сөйлей беріп, кілт тоқтай қалды. Көзі таңырқай үлкейіп, телефон тұтқасын құлағына қыса түсті. Ар жақтан қызы әлденелерді қуана айтып жатқан болуы керек, Кәмила күлімсіреп, басын изеп қояды.
- Міне, көрдің бе, тотықұсың да сенің тәуір болғаныңа қуанып жатыр. Неше күннен бері үндемей отыр еді, енді сөйлей бастапты. Сен бүгін оған суды өзің құй, жарай ма, Әшөнтай? Шәйіңді ішіп алған соң екеуің сөйлесіңдер. Үйреткен сөздеріңді ұмытып қалмады ма екен өзі? Солай ма? Бұл бір ақылды тотықұс болды ғой. Жарайды, онда, құсыңа бара ғой. Мен кейінірек хабарласамын.
Телефон тұтқасын қойған соң Кәмила маған қарап:
- «Тотықұсым оятты» деп қуанып жатыр. Мама, тура сіз құсап «Әшөнтай, тұра ғой. Тұр-ра ғой» деді. Мен сіздің даусыңыз қарлығып қалған ба десем дейді»,- деп күлімсіреді.
- Мысықтарың тиіспей ме?
Кәмила жадырай күліп, басын шайқады:
- Тиіспейді. «Мал иесіне тартады» деген ғой, біздің малымыз - тотықұс пен мысығымыз. Екеуі де балаларыма тартқан сезімтал, мейірімді, ерке. Көңіл-күйіңді, ренжіп- қуанғаныңды біліп тұрады. Балалармен бір ішкі байланыстары бар сияқты. Мына тотықұсты балапан кезінен алғанбыз, сөйлеуді де балалардың өздері үйретті. Бұрын он шақты сөз айтатын еді, кішкентай қызым ауырғалы бері үндемей қойды. Мен оны да ауырып қалды ма екен деп алаңдап жүр едім... Жақсы болды...
Кішкентай кезінде үй хайуандарын - мысық, күшік немесе түрлі тіршілік иелерін - тотықұс, кірпі, тасбақа асыраған балалардың есейген кезде жүрегі жылы, мейірімді азамат болып шығатыны туралы пікірлерді бәріміз де естігенбіз. Меніңше, мұндай балалар әу бастан өздері мейірімге шомылып өскендіктен, айналасындағы өзінен әлсіз, әлжуаз тіршілік иелерін мейірімге бөлегісі келетін болар деп ойладым Кәмиланың балаларының түрлі хайуандарға үйірсектігін естіген соң. Қатыгез адам қайдан шыады деп таңырқап жатамыз, ата-ана мейіріміне қанбаған балалардан да шығуы мүмкін-ау.
Айтуға оңай-ау, бірақ мына қарбалас заманда ата-ана мен баланың қатынасы да асығыстыққа құрылып бара ма, қайдам...
Анасының бірнеше күн қасында болғанына үйреніп қалған-ау деймін, кішкентай қыз сол күні телефонға маза бермеді. Бөлме тыныштығын телефон шырылы төртінші ме, бесінші ме рет бұзғанда: «Менің қызым телефон терроршысы болып кеткен бе өзі?» деп Кәмила бізден ыңғайсызданып қалды. «Терроршысы емес, телефонның еркесі ғой» -, деді ішіміздегі ақсақал ағамыз Мырзекең оның ыңғайсызданғанын жуып-шәйіп. Кәмила Мырзекеңе ризашылықпен қарап, басын иіп қойды.
Іле-шала телефон тағы шыр ете қалғанда бәріміз ду күлдік. Кәмила қосыла күлді.
- Әу, жаным... Ы-ы... - Кәмила күлгенін қойып, кібіртіктеп қалды. - Үйге барған соң айтып берейін де, қошақан... А-а... Басың ауырып тұр ма? Ыстық дейсің бе? Жарайды, онда. Мен мұндағы аға-апалардан сұрап көрейін. Қазір.
Кәмила телефон тұтқасын құлағынан алып, бізге қарады.
- Ертегі айтып бер деп қыңқылдап тұр. Басым ауырып тұр дейді... Еркелігі ғой. Тәуір болған соң қояды. Бес-он минут үзіліс жасап, сіздер де ертегі тыңдасаңыздар қайтеді?
- Тыңдайық,- деді Мырзекең бәріміз үшін жауап беріп. - Біз ертегі тыңдамағалы не заман!
- Рахмет! - Сәл ойланып барып, Кәмила телефон тұтқасын қысып ұстап, көзін алыс бір нүктеге қадап, ертегісін бастап кетті:
- «Сонау-сонау солтүстікте, қат-қабат мұздың астында зілдің баласы сан жылдар бойы ұйықтап жатыпты. Бір күні аспаннан ағыл-тегіл шуақ төгіліп, Күн сәулесі тоң боп қатқан мұзды ерітіп, ыстық лебімен аймалап, ұйқыда жатқан зіл баласын оятыпты. «Мама!» деп шақырыпты ол ояна салып. Бірақ оған ешкім жауап бермепті. «Ма-ма!» депті зіл баласы жыламсырап... Тағы да тіл қатқан ешкім болмапты.
Сонда ғана жаһан дүниеде жалғыз қалғанын түсінген зіл баласы қорыққанынан жылап қоя беріпті. Әрі-бері жүгіріп, даусы қарлығып шықпай қалғанша анасын қайта-қайта шақырып, әбден шаршайды. Бір жағы қорыққанынан, бір жағы тоңғанынан қалтырап, дірілдеп, мұз үстінде жалғыз өзі зар илеп жылап ұзақ жүреді. Өзегі талып, қарны ашады, аяқтарынан әл кетеді.
Жан-жағына қараса - шалқыған су, су үстінде қалқыған мұзтаулар. Ақыл айтар, жөн сілтер ешкім көзіне ілінбейді. Әбден қиналған кезде Аллатағала ой салып, анасыз күн көре алмайтынын түсінген зіл баласы, көзінен моншақ-моншақ жасы төгіліп, анасын іздеуге аттаныпты...»
«Біз ертегі тыңдамағалы не заман!» деп Мырзекең айтқандай, ертегідегі оқиғаның өрілуіне қарай Кәмиланың мың құбылған дауысын тыңдап отырып, мынадай айтылған ертегіні ешқашан тыңдамағанымды ойладым. Өзім де балаларыма ертегі айтып көрмеппін. Бұл жағынан келгенде бұлайша ертегі айтатын анасы бар мына «телефон еркесінің» аузының салымы бар екен.
- Балаларыңызға ылғи ертегі айтасыз ба? - деп сұрады Кәмила ертегісін айтып болып, жұмысына кірісе бергенде Шалқар ағамыз. Тура менің ойымды біліп қойғандай.
- Ылғи айтамын.
- Оныңыз жақсы екен. Ертегі айтқан дұрыс қой.
- Көп ертегі білесің бе? - деп Мырзекең қулана сұрақ қойды.
- Біраз білемін.
- Онда бізге де айтып беріп отырсаңшы...
Бәріміз ду күлдік.
Кәмиланың ән айтатын тәп-тәуір даусы бар екенін де ерке қыздың арқасында білдім.
Әдеттегідей түскі астан кейін сәл сейілдеп, ішке кірсек, телефоны безілдеп жатыр екен. Ол: «Әу, Әшөнтай!» деп қызын әдетінше айналып-толғанып сөйлесе бастады. Бір кезде жаңа ғана жарқын-жарқын шығып тұрған дауысын бәсеңдетіп, қызын алдарқата сөйлеп, үгіттей бастады. Әлденеге келіссөз жүргізіп жатқан сияқты, бірақ көндіре алмады-ау деймін, маған қарап ыңғайсыздана жымиып:
- Өткен сабақта әнұранды үйреткен екен. Соның әнін ұмытып қалдым, мектепке барған соң апай сұрайды, бірге айтайық деп отырғаны мына тентектің,- деді.
Ал сен білесің бе?
Білемін. Екеуміз бірге жаттадық қой.
- Білсең, айтып бер. Баланың меселін қайтармау керек. Оның үстіне, жасыратыны жоқ, қазіргі әнұранды бала түгіл үлкендердің жаттауы оңай емес екен. Әлде қартайдым ба, білмеймін...
- Онда, тәте, сіз есікті қарай тұрыңызшы, біреу-міреу келіп қалса ұят болар. Мен қызымның есіне сала қояйын...
Есіктің сыртында тұрғанымда басқа қызметкерлер де келді. «Ерке-қыздың» талабымен Кәмиланың әнұран айтып жатқанын естіген соң бәрі де есік алдында іркіле тұрды. Еліміздің құдіретті әнұранын:
Жаралған намыстан қаһарман халықпыз, Азаттық жолында жалындап жаныппыз!-
деп, телефонға емес, үлкен жиналыстағыдай салтанатты дауыспен айтып жатқан Кәмиланы бәріміз үнсіз тыңдап тұрдық. «Үш шумағын да айтып шықты»,- деді Мырзекең.
Біз бір-бірімізге қойғымыз келген сұрақты қоймаған қалпы топырлап ішке кірдік.
Бір қызығы, Кәмиланың үлкен балалары телефон соғып, анасын тым көп мазаламайтын.
«Біздің лимитімізді Әшөнтай жеп қойған» дейтін көрінеді олар әзілдеп. «Үлкен екеуі мына кішкентайды қатты еркелетеді. Ауыздарындағы жырып, осыған беріп отырады. Сондай мейірімді құлындарым» дейді Кәмила еміреніп.
Балалары өзі айтқандай мейірімді ғана емес, тәрбиелі, өнерлі деп отыратын бөлімдегілер. Оған көп ұзамай өзімнің де көзім жетті. Наурыз мейрамы мекемемізде кеңінен атап өтіліп, бөлімдер арасында өнер сайысы болатыны жарияланған-тын... Біздің қиналған жеріміз осы болды. Жұмыста, отбасында атқаратын тірліктің қай-қайсысын да дөңгелетіп әкететін болғанымызбен, ешқайсымыздың да сахнаға шыға қоятындай өнеріміз жоқ екен. Бір-бірімізді біраз үгіттеп, қажағаннан кейін, бәріміз Кәмилаға қолқа салдық. «Намысты қолдан бермеу керек. Басқа бөлімдерден қалып қойсақ ұят-ты. Жассың ғой, бір амалын тап.»
- Мен балаларыммен сөйлесіп көрейін, мамасы істейтін бөлімнің намысын қорғауға келісетін шығар, - деді ол.
Айтқанындай-ақ, Наурыз мейрамы кезінде Кәмиланың балалары қаздай тізіліп келіп, біздің бөлімнің атынан өнер көрсетті. Тоғызқұмалақтан өткізілген жарыста ұлы алдына жан салмай, бас жүлдені жеңіп алса, қыздары өнер сайысында ерекшеленді. Үлкені домбыра тартып, ән айтады екен. Мамасы телефонмен тәрбиелеп жүрген кішкентай қызбен танысудың сәті де сол сайыс кезінде түсті.
Үстіне парчадан тігілген би костюмін киіп, дәл осы кезде сахнада үзілдіріп:
«Әсем әнім дала кезіп барады,
әгу-гай, әгу-гай, әгу-гай-ай» - деп, домбырамен ән салып тұрған тәтесін күтіп тұрған балақайдың қасына келіп: «Сен Әшөнтайсың ба?» деп сұрадым.
Ол маған таңдана қарап, басын изеді. Сосын салмақты үнмен: «Менің атым - Ақерке,
«Әшөнтай» деп мамам атайды» деді.
А-а, солай ма? Ал бүгін сен бізге қандай өнер көрсетесің? Мен Шығыс биін билеймін.
Жақсы екен. Ал билеуді саған кім үйретті?
Әуелі мамам үйреткен, сосын, мектепке барған соң оқушылар сарайындағы үйірмеге қатысатын болдым.
Қойылған сұраққа үлкен кісілерше нақпа-нақ жауап береді екен. Кішкентай баланың тілін қызықтап тағы бірдеңелер сұрағым келген, бірақ оның өнер көрсететін кезегі келіп,
«телефонның еркесі» құйқылжыған шығыс әуеніне мың бұрала билеп кете барды...
- Балаларың қандай сүйкімді! - деймін сол жерде тұрған Кәмилаға. - Өнерлерін көріп, айдаладағы мен мәзбін, сенің жүрегің қалай жарылып кетпей тұр? Еш арманың жоқ шығар!..
- Арманым көп, тәте, - деді Кәмила жанары жарқырап. - Осыларды аман-есен өсірсем! Көптің бірі емес, қатарының алды болса! Ой таластырса ойы озық, өнер таластырса өнері үстем болса! Мен оларға: «Халқымызда «Жас болсаң жанған от бол, от болмасаң жоқ бол!» деген сөз бар», - деп үнемі намыстарын қайрап отырамын. Арқа сүйер адамың, қалта толы қаражатың болуы керек деген ұғым қалыптасқан мына заманда терең біліміңе, адал еңбегіңе сүйеніп, талай биікті бағындыруға болатынына көздерін жеткізгім келеді...
Ал, шынымды айтсам, тәте, мен үйде отырып, осыларды оқуларына өзім шығарып салып, айналып-толғанып өзім күтіп алуды армандаймын. Сонда мен сіздердің уақыттарыңызды алып, қазіргідей телефонмен ертегі айтып отырмас едім,- деп жымиды. - Бірақ, амал не?..
Соңғы сөздерді артық айтқанымды сонда ғана білдім...
(1995 жылы жазылды)