Жоқтау
Қайғылы хабарды тосыннан естіген бұл қаралы үйге асыға жеткенімен, Асылжанның зарлы даусын естіп, буын-буыны дірілдеп, аузынан шығардай болып атқақтай жөнелген жүрегін тоқтата алмай есік алдында тұрып қалды. Өзінше Асылжанның - кішкентайынан бірге өсіп, жұптары жазылып көрмеген жан досының қасында болам, жұбатамын, тоқтау саламын деп келген. Бірақ есік алдында кібіртіктеп тұрып қалған бірер минуттың ішінде досының қасында болары болғанымен, айдың-күннің аманында басына түскен қайғыдан есеңгіреп, ебіл-дебілі шығып жылап отырған Асылжанды жұбата аларына, сабырға шақырып, тоқтау салар сөздерді тауып айта аларына күмәндана бастады. Ол-ол ма, Асылжан жаққа қараған сайын жүрек-бауыры кеудесінен суырылып бара жатқандай ауырып, алқымына тығылған ащы өксіктен ықылық атқан өзін тоқтата алмай әлек болды.
Жылай-жылай көздері қызарып, беті ісіп кеткен Асылжанды алғаш көргенде мұнда оның қайтыс болған күйеуіне көңіл айта келгені бір сәт есінен шығып, егіздің сыңарындай болып өскен жан досының аянышты түрі іші-бауырын езілтіп, аяп кетті. Орталарында ойнап-күліп жүрген нәп-нәзік, ақжарқын, күлімкөз келіншек бір күннің ішінде бірнеше жасқа қартайып кеткендей. Басында ақ орамал, белін бөкебаймен орап алған. Төр жағалай отырған бес-алты адамның да, қайғыға ортақтастығын білдіріп, көңіл айта келген көрші- қолаңның да, тіпті анда-санда әрлі-берлі жүгіріп өтіп жүрген шаруа басындағы әйелдердің де көздері екі қолымен бүйірін таянып, теңселіп жылап отырған Асылжанда.
Ол жоқтау айтып отырды. Қамажай алғашында жоқтаудың сөздеріне мән бермей, Асылжанның зарлы даусынан-ақ тұла бойы шымырлап, көзінен еріксіз жас парлаған. Сөздерін ұғып, шерлі жырдың тереңіне бойлаған сайын денесі тітіркеніп, іші-бауыры үгітіле түсті.
- Ырғайтының бойынан Ырғала өскен терегім! Саялы баққа айналып, Саяңда жүрем деп едім! Ертегі елін шарлаймыз Екеуміз бірге деп едің Көшіне қалай ілестің
Келмеске кетер кеменің? А-аһ!.. - Бағанадан бері тоқтаусыз жоқтау айтып отырған Асылжан азалы жырының тағы бір шумағын аяқтай бергенде қасында отырған әйелдер ұлардай шулап, бірі сыңсып, бірі аһ ұрып, бірі боздай жылап, үй іші күңіреніп кетті.
«Қайда кеттің, бауырым-ау...», «Анаңды кімге тастап кеттің, құлыным-ау», «Ағатайым- ау...» деп жарыса шуласқан әйелдер бірінің сөзін бірі іліп әкетіп, әркім өз арманын айтып жылап жатты.
Қамажайдың көзі Асылжанда еді. Айтарын айтып болып сұлқ түскен ол, ешкімге мойын бұрмастан, ешкімге назар аудармастан, әлдебір нүктеге қадалып қатты да қалды. Көзі ашық болғанымен, айналасындағыларды көрмейтін сияқты - ойымен басқа бір кезге, басқа бір әлемге кетіп қалғандай. Анасының белінен орай құшақтап, бауырына тығылған кенже ұлы Дәурен көз жасы мөлт-мөлт етіп, анасына бір, айналасында сапырылысқан адамдарға бір қарап жаутаңдап, бірақ қанша ұғайын десе де, не болып жатқанын түсінбей отырған сияқты. Ақыры бала шыдамады білем, анасының бетіне қарап, оны иығынан қозғап әлденені сұрады. Сонда ғана ұйқысынан оянғандай болып селт еткен Асылжан, мазасын алған адамға қабағын шыта қарап еді, құшағында отырған баласын көріп, ерні дірілдеп, кемсең-кемсең етті. Баласының мөлтеңдеген жанары, аянышты түрі оны шым батып бара жатқан ой тұңғиығынан суырып алып, азалы, жылаулы бүгінгі күнге қайта оралтты...
- Ботақаным-ау, сен бұл жерде неғып отырсың? Шошып қалдың-ау, күнім... Қорықпа... қорықпа, жаным, бәрі жақсы болады... әлі-ақ бәрі жақсы болады...
Баласын арқасынан орай құшақтап, бауырына басқан ол әрі-бері жүгіріп жүрген әйелдер жаққа мойнын созып, әлдекімді іздегендей. Сірә, іні-сіңлілерінің біреуін көрсе, баланы мына жерден алып кет дегісі келетін сияқты. Соны сезгендей Дәурен оны мойнынан тас қылып құшақтап алып, асыға сыбырлады: «Мама, сен жыламашы... Мен ешқашан... ешқашан тентек болмаймын... сабағымды да жақсы оқимын... Тек жыламашы, иә ма?»
Бала өзінше жұбатам деп еді. Әдетте, «тентек болмаймын, жақсы оқимын» десе анасы айналып-толғанып, бауырына басатын. Кекілінен, құлағының сыртынан иіскеп, «түу, иісің қандай жақсы еді, француз әтірі жолда қалады!» деп күлімсірейтін. Бүгін анасы тұншыға жылап, мұның құп-құйттай кеудесіне бетін басып өксісін келіп. Көзінен тарам- тарам боп аққан көз жасы Дәуреннің жейдесіне барып сіңіп кетіп жатты. Жұбатам деген анасын одан әрі жылатқанына абдыраған бала алақ-жұлақ етіп, жан-жағына қарағанда, егіле жылап өзіне қарай құшақ жайып келе жатқан Қамажайды көріп, тұра ұмтылды.
- Тә-ә-те...
Дәуренге жетер-жетпесте буын-буыны босап, тізерлей отыра кеткен Қамажай баланың шошынған түрін көріп, бір-ақ сәтте бойын жиып ала қойды.
- Дәурен, құлыншағым... қорықпа... қазір... қазір Нұрлан ағаң келіп алып кетеді... Жүре ғой... жүр, алдынан шығайық...
Өмірінде көрмеген улы-шулы ортаға, бірінен соң бірі келіп жатқан бейтаныс адамдарға үрпие қарап, денесі дір-дір етіп тұрған баланы көтеріп алып, есікке қарай беттеген Қамажай, көңіл айтпағаны есіне түсіп, артына қайырыла қарады. Бұлардан көз айырмай отырған Асылжан, досының қашанғы әдетімен ең алдымен жас баланың жүрегіне, жүйкесіне түсер салмақты ойлап, Дәуренді мына ортадан әкетуге ұмтылғанын құптаған сыңаймен болар-болмас қана басын изеді. Қамажайдың ылғи да: «Сендер өзара керіссеңдер, балалар жоқта керісіңдер. Екеуің бүгін араздассаңдар, ертең татуласасыңдар, ал баланың жүрегі шайлығып қалады», - деп балаларды алып кететіні есіне түскен болуы керек, жанарын жас кенерелеп, ауыр күрсінді. Сосын қасында жылап отырған бойжеткен қызын бауырына тарта құлағына әлденені сыбырлап, аялай басынан, бұрымынан сипап, орнынан тұрғызып жіберді.
Осы кезде сырттан әлденеше адамның қоса қабаттаса «бауырымдаған» дауыстары естілді. Үй ішіндегі бір сәтке тыншыған жылаулы топтың ішінен мәйітханада жатқан Күмісбекті тану үшін барып, демсіз жатқан денені бірінші көрген тетелес апасы Зайда, келе жатқандардың дауыстарын таныған болуы керек, бұл да «о-о-оу» деп ышқына жылап, басқалардан бұрынырақ термелеп кетті.
- О-о-у!.. Бісмілла деп бастайын, Асылық сөзді қоспайын, Жайнап бір жүрген бауырым Жоқтаусыз қалай тастайын?
О-о-у!.. Мінгенде атым кер ме екен О дүние жетпес жер ме екен?
Ащы бір даусым шыққанда Апамның даусы дер ме екен,
бауырым-а-ай!
Зайданың Қамажай бұрын-соңды естімеген өзгеше бір мақаммен айтқан жоқтауына сырттан келген топ ішінен бір әйел қосылып, екеуі сол жерде жиналғандарды ағыл-тегіл жылатты. Екі әйелдің құшақтарын жазып, екі жаққа отырғызып жатқанда, тағы да Асылжанның даусы естілді, бұл жолы ол да екі әйелдің мақамымен жоқтады:
- О-о-у!.. Сүт бетінде қаймағым, Бетке ұстайтын айбарым, Арманда кетті, апатай, Артыңнан ерген тайлағың...
О-о-у!.. Өртенді нулы орманым, Құлады берік қорғаным,
Жан жарымнан айрылып,
Қырыққа жетпей сорладым, - а - а-аһ!
Отырғандар Асылжанның сөзін қоштағандай ауыр күрсінісіп, бас шұлғысып, кейбіреулері күбірлесе, сыбырласа жөнелді. «Қайтсін-ай! Аңырап-ақ отыр ғой!», «Оңай ма, үш баламен қалып отыр ғой...», «Құдай өзі қуат берсін де...»
Дәуренді шаруа қамымен шапқылап жүрген өз баласының машинасына отырғызып, қасынан тастамауын қадап тапсырып, үйге қайта оралған Қамажай Асылжанның қасына өте алсашы. Жылаулы топ отырған бөлмеге апаратын тар дәліз адамға лықа толып, ары- бері жүру мүмкін болмай қалыпты. Өтем бе деп сығылысып көріп еді, онысынан түк шықпады. Адамдар әлдебір тапшы заттың кезегінде тұрғандай, анталап алға ұмтылуда. Қамажай адамдардың соншама иін тіресіп тұрғандарын түсінбесе де «Бәрі де көңіл айтып, Асылжанды жұбатуға, бір ауыз жылы сөз айтуға келгендер ғой» деп, қапталдағы бөлмеге кіріп, терезенің алдына барып тұрды.
Хабар енді жеткен адамдар ұбап-шұбап келіп жатыр. Күмісбектің мектептес достары, Асылжанның ұжымынан келген кісілер топ-топ болып аулада тұр екен. Кіріп шықты ма, әлде мына топырдан өте алмай, тар дәліздің сәл босауын күтіп тұр ма белгісіз. Екі-үш жігіт анадайда қой сойып, бас үйтіп жатыр, одан беріректе алжапқыш байлап алған келіншектер үлкен қазанды айналшықтап, бірі от жағып, бірі су құйып, әбігерленіп жүр екен. «Өмір деген осы... - деп ойлады Қамажай, - кеше барсың - бүгін жоқ. Бұлардың жиған-терген ақшалары да жоқ сияқты еді. Не қылды екен? Аттап бассаң ақша керек болады ғой енді... Ірі қара мал алу керек, дастарханға қажетті заттар алу керек. Жетісі, қырқы бар. Одан кейін басын қарайту керек... Байғұс Асылжан мұнша қаражатты қайдан табады?»
- Қамажай, сіз мұнда тұр екенсіз ғой... Біз іздеп таба алмай жатсақ...
Ауыр ой үстінде тұрған мұны Күмісбектің қарындасы Зеренің даусы селк еткізді. Өлімді жердің таусылмас тіршілігі де, біреуге түсінікті, біреуге түсініксіз ғұрыптары да көп боларын, жанашыр жан араласып, кімнің кім екенін, ненің қайда жатқанын айтып, жөн сілтеп отырмаса, кем-кетігі де көрініп қалатынын білетін өжет, ақылды қыз белді бекем буып, ағасының шаруасына басшылық жасауды өз қолына алған сияқты.
Қамажай Зерені үнсіз құшақтап, бетінен сүйді. Не айтарын білмеді. Есіктен кіргенде даусы жігерлі естілген Зере әп-сәтте босап, әдемі қоңырқай көздері жасқа толып шыға келді. Оның көзінен домалап түскен жасты алақанымен сүрткен Қамажай: «Сен мықты бол. Бір бас ие керек мұндайда, анау Асылжан мүлде есеңгіреп қалыпты... Үйдің жайын сенен артық ешкім білмейді», - деді.
- Біз де солай ойладық... Зайда тәтем екеуі сол жерде отырсын, біз Зайра екеуміз шаруаға бас-көз болайық дедік... Сосын, сіздің де Асылдың қасында болғаныңыз дұрыс шығар. Операциядан шыққаныңыз кеше ғана, бәрібір шаруаға жарамайсыз. Әрі Асыл сізді тыңдайды ғой - басу айтып отырасыз...
Бәрін жан-жақты ойластырып алып, кесіп-пішіп сөйлеп тұрған Зереге іштей сүйсінген Қамажай оны тағы да құшақтап, бауырына басты. Шіркін, осы үйдің қыздарын-ай! Бірінен бірі өтеді - әрі ақылды, әрі өжет, әрі іскер. Үшеуінің ортасындағы жалғыз ұл болғандықтан ба Күмісбек марқұмды еркелетіп, жел жағынан ықтасын, күн жағынан сая боп, тентектігін жуып-шайып, шыр-пырлары шығушы еді үнемі. Күмісбектің жасы қырыққа жеткенше еркелеп, үй тірлігін Асылжанға, түз тірлігін апа-жезделеріне артып қойып жүргені де содан шығар, кім білсін...
- Қалай болды өзі? - Қамажай құшағынан босай берген Зереге баяу ғана тіл қатты. - Таңертең Асылжанмен сөйлескенімде бүгіннен бастап демалысын алып үйде жатыр деп еді...
- Өзіміз де төбемізден жай түскендей болдық... Бір жолдастарына демалысын жумақшы болған ба - әйтеуір бәрі көл жағасына барып, біраз ішіпті. Бұларды білесіз ғой - бір бастаған соң тоқтамайды емес пе?! Қасындағылардың айтуынша қатты мас болып, оларды тыңдамай кетіп қалған... Үйдегілерге милиция хабарлапты. Аялдамада жатқан жерінен тауып алып, мәйітханаға тапсырыпты... Сол... Ақыры түбіне арақ жетті...
Қамажайдың денесі тітіркеніп кетті. Астапыралла! Асылжанның көршісі, алды-артына қарамай адың-гүдің сөйлей беретін Балқия таяуда ғана, Күмісбек ішіп келіп, үй-ішін бықпырт тигендей шулатып жатқанын айтып, бұған телефон соққан. Такси ұстап келгенінде балалар мен Асылжан үрпиіп көршінің үйінде отыр екен. Кішкентай ұлдың шалбары су-су, қорыққанынан бұтына жіберіп қойған тәрізді. Асылжанды құшақтап, бауырына қысқан, ол ауырсынып «оһ!» деді. Түймелері түбінен үзіліп түскен халатын ашып қараса - қабырға тұсы сиякөктеніп тұр. «Жүр, дәрігерге барайық! - деді бұл, - әлде осында шақыртайын ба?» «Мұндайда милиция бірге келеді. Ананы алып кетсе бәле болады ғой тағы...» «Енді қайт дейсің? Өлесің ғой бір күні... Ол сені аяп жатқан жоқ, сен неменеге аяйсың осы?»
Асылжан үндеген жоқ. Халатын қаусырып, теріс қарап кетті. Иығы дір-дір етеді.
- Мұның түбіне арақ жетеді! - деді бәрін естіп тұрған Балқия тепсіне сөйлеп. - Айтпады демеңдер, бұл бір пәлеге ұрынбай қоймайды...
- Қойыңызшы, - деген сонда Қамажай. - Бұл ес білгелі арақ ішіп келе жатыр. Мас болған сайын ағайын-туғанының айтатыны сол. Қане, түбіне жеткені? Қайта организмі әбден бейімделіп алғаны сондай, арақ ішпесе түнеріп, арақ ішсе құнжыңдап шыға келеді. Бұл арақты жеңбесе, арақ мұны жеңе алмайды!
- Ағайын-туғаны бір басқа, мен бір басқамын! Балқия не айтса да біліп айтады! Мұның арты жақсылық болмайды! Соңғы кездері түрі де өзгеріп, топырақбеттеніп кетті... Бұл көпке бармайды!.. Жетеді қу арақ түбіне!...
Екілене сөйлеген келіншекті сөзбен тоқтату мүмкін еместігін түсінген Қамажай, телефон соққаны үшін оған рахметін айтып, балалар мен Асылжанды күтіп тұрған таксиге отырғызып, өз үйіне алып кеткен. Екі-үш күннен кейін, әдетінше, монтаны қалпына түсіп, мүләйімси сөйлеген Күмісбек, «әке, көке» деп жалынып, «енді аузыма алсам, мүрдем кетейін» деп қарғанып, әйелі мен бала-шағасын үйіне алып кеткен-тін.
Содан бері екі-ақ апта уақыт өтіпті. «Астапыралла! Мына Балқияның шынымен бір көріпкелдігі бар шығар?..»
Осындай ой келген Қамажай енді қайтыс болған Күмісбекті емес, соны аттандыруға қажетті дүниені түгендеймін деп шыжыған күнде базарға әрлі-берлі шапқылап жүрген Зерені, қайғыға жүрегі шыдамай қайта-қайта талықсыған Зайда апайды, ешбір жәбір-жапа көрмегендей аһ ұрып, жоқтау айтып, жиналған жұртты егілдіріп отырған Асылжанды аяп кетті. Бойына әлде бір күш құйылғандай сезініп, бағанағыдай емес, буын-буынының дірілі
азайғанын байқады. Ол аса жауапты кездердегідей, тап қазір өзінің бойын жиып алғанын түсінді. Сосын Зерені арқасынан қағып, «жарайды, мен Асылжанның қасына барайын» деп, төргі үйге қарай беттеді.
Қасына келіп тізе бүккен оның иығына басын қойып, Асылжан ұзақ жылады. Жоқтау айтқан жоқ. Тіпті қатты дауыс та шығарған жоқ. Тек иығы дір-дір етіп, күрсіне шыққан ыстық демі Қамажайдың мойнын, иығын шарпып, тұла-бойын шымырлатты.
- Қоя ғой, - деді Қамажай оған кішкентай баланы жұбатқандай болып, - қоя ғой енді...
Асылжанды құшақтап, жан-дүниесінің сонау бір тереңінен лықсып-лықсып шығып жатқан әлдебір беймәлім әуеннің, беймәлім күштің ырғағымен, екеуі ұзақ уақыт теңсетіліп отырғанын байқамады да.
Қас қарая жұрт аяғы саябырлады. Түс ауғалы бері жоқтау айтушылармен бірге тапжылмай отырған Қамажай осы сәтті пайдаланып, Асылжанды түпкі бөлмеге ертіп апарды. Ойы - оны сәл де болса ұйықтатып, дем алдыру. Асылжан әлде бір шаруаларды жөндеу керектігін айтып, қарсыласпақшы болып еді, Зайда апай келініне қарап: «Шаруаны реттеушілер табылады, сен өз шаруаңды біл. Адамның көбі ертең шығарарда келеді, анталаған көз саған қадалады, бойыңды жиып ал» деді нық сөйлеп. Қамажай оның
«шаруа» деп тұрғаны жоқтау айту екендігін бірден түсінді.
Сол сәтте есіне университетте қазақ драматургиясының пайда болу, қалыптасу курсынан сабақ берген Ырым Ғалиев ағайларының айтқан бір әңгімесі түскен. «Қазақ жерінде драматургия қазақпен бірге пайда болған. Әрине ол қазіргі заманғы нысанда емес, басқаша түр-сипатта өмір сүріп, үздіксіз жетілудің, дамудың арқасында бүгінгі күнгі біз білетін қалпына жеткен, - деген ол студенттерге жағалай қарап қойып әдемі қоңырқай даусымен. - Мен сөзімнің бір мысалы ретінде қазақтың өлімді атқару ғұрпын талдауды ұсынамын. Онымен таныссыздар ғой? Қане, көз алдымызға елестетіп көрейік. Көңіл айтушылар қазалы үйге ат қойып, «ой-бауырымдап» дауыстап жылап келеді, әркіммен құшақтасып, жылап, көріседі. Шет жақта әйелдер жоқтау айтып отырады. Қайтқан адамның жақсы қасиеттерін айтып, термелегенде қазіргі мадақтау одалары далада қалады. Біле білсеңіздер, жоқтау дегеніміз де, айтыс, күйшілік сияқты - қазақтың ғажайып өнері.
Қош делік. Белгілі бір сәтте үлкендер басу айтып, жылау тоқталады. Жұрттың қолына су құйылып, дастархан жайылады. «Алдыға келген дәмді тауысып ішкен - сауап» деп, бәрі де тамаққа бас қояды. Марқұм туралы басталған әңгіме бірте-бірте басқа арнаға түсіп, бүгінгі қаралы жайға қатыссыз нәрселер сөз болады. Біреу-міреу қағытпа сөз, әзіл де айтуы мүмкін. Жаңа ғана жер бауырлап жылағандардың біреулері қаужаңдай ет шайнап, енді біреулері күле сөйлеп отыруы да ғажап емес. Күлкі - арсыз, тамақ - арсыз.
Сырт қарағанда орынсыз көрінгенімен, бұл - кез келген өлімді жөнелту барысында кездесетін көріністер. Оларды сөгудің қажеті жоқ, олар ғұрып талабын орындады. Ал біздің сабақ тұрғысынан келгенде мұны драма, спектакль емес деп кім айта алады?»
* * *
Асылжанның көзі ілінгені сол еді, есік баяу ашылып, оның сіңлісі Шара бас сұқты. Келіп жатқандардың ішінен тете өскен сіңлісі көріне қоймаған соң Асылжан мазасыздана бастағанын Қамажай бағана-ақ сезген. Оның себебін де білетін. Үйдің кенжесін еркелетіп өсіретін салтпен бетіне ешкім қарсы келмей өскен Шара - ойындағысын бүркелемей, бұлтақтамай ашық та тура айтатын, ер мінезді қыз. Жездесінің кезекті бір «концертіне» кездейсоқ тап келіп, осы уақытқа дейін Құдайдай сыйлап келген адамының сиқын көріп көңілі қалған қыздың тік сөйлейтін әдетімен «көрмегенім - сен бол, өлсең - өлігіңе келмеймін!» деп есікті тарс жауып кеткенінен хабардар Қамажай, сіңлісін шынымен келмей қала ма деп Асылжанның алаңдауын іштей түсініп отырған-ды. Енді оның келгеніне риза болса да, Асылжан аз да болса көз шырымын алсын деп, Қамажай
«дыбысыңды шығарма» дегендей сұқ саусағымен ернін басып, басын шайқады.
Шара түсініп, аяғының ұшымен басып, бұлардың қасына келіп отырды. Біраз үнсіздіктен кейін «Ақыры сол арағынан кетіпті ғой, - деді күбірлей сөйлеп. Өкпесі қайтпағаны көрініп тұр. - Бұл еркек дегендерге адам түсініп болмайды.» Қамажай оның иығынан сипады.
«Қой, басыл» дегені. Шара иығын қиқаң еткізді. Жаратпаған сыңайлы. Танауының желбезегі дір-дір етіп, ентіккен демін тежей, түйіле қарайды.
«Қой енді, бір адамға өкпелеймін деп, барша азаматқа топырақ шашпа, - деді Қамажай сыбырлай сөйлеп, - талайына жазылғаны осындай адам болса, қайтеді?»
Шара тағы қабағын түйді. «Қойыңызшы, тәте... Қайдағы бір адам? Жан-жағыңызға қараңызшы - жібі түзу біреуі бар ма? Қане, қайсысын атайсыз? Өз күйеуіңізді ме? Шиеттей үш баласын күнара шулатып, өзіңізге қол жұмсап, ақыры, байдан байға тиіп жүрген бір қатынның соңынан кеткен? Зеренің күйеуін бе - сомадай болып шынашақтай әйелінің табысына аузын ашып қарап отыруға ұялмайтын? Әлде Зайда апайдың үйіндегі құданы ма - қартайғанда кәрі боз жорға шыққан? Жүріңіздер сөйтіп - мойындарыңызға бір-бір қамытты киіп алып, «талайыма жазылғаны осы» деп...»
Шараның екпіндете сыбырлағанынан Асылжан селт етіп оянып кетті. Сіңлісін көргенде, ерні дірілдеп, көзі жасаурап ұмтыла берген. Шара қабағын түйген қалпы қатқылдау тіл қатты: «Жылама, сенің жылағаныңды аз көрген жоқпын ғой. Енді жылама.» Сосын артықтау кеткенін түсінген болуы керек, апасын құшақтап үн-түнсіз бауырына басты. Сәлден соң: «Демалып ал, кісінің басым көпшілігі ертең келеді ғой», - деді. Мұның да Зайда апайдың ойын білдіріп тұрғанын ұққан Асылжан терең күрсініп, жастыққа жантайды.
«Сіз де демалып алыңыз, - деді Шара Қамажайға қарап, - мен есікті сырттарыңыздан жауып тастайын.» Сосын даусын бәсеңдетіп мұның құлағына сыбырлады: «Қатындар тамсанып, Асылжанның жоқтауын талқылап жатыр. Күмісбекті де ауыздарын ашып, көздерін жұмып еске алуда. Келеңсіз мінездерін айтқан бір жан жоқ. Тіпті көрші Балқия апай да «Әулие еді ғой» деп отыр. Сенесіз бе?
Бұған да шүкір. Кезінде талай адамның жағасынан алып, үлкеннің де, кішінің де көңілдерін қалдырып еді, Асылжанның жоқтауы жаман мінезінің бәрін-жуып-шайып, көз алдарына мүлде басқа бір адамды алып келген сияқты. Ғажап!..»
Шындығында да Шараның сөзінің жаны бар еді. Марқұм Күмісбекті балаң жігіт кезінен танитын Қамажай оның бойындағы жақсы қасиеттері мен кешірілуі қиын кемшіліктері туралы да бір адамдай білетін. Ішімдікке тым үйірсектігін былай қойғанда, жоқтан өзгеге ілгек іздеп, ши шығарғыштығын, орынсыз қызғаншақтығын, ұнатпаған адамына қарата айтатын тұрпайы теңеулерін жаратпайтыны өзіне аян. Бірақ досының көңіліне қарап, онысын сыртқа шығармай-ақ жүрген. Соңғы жылдары Асылжанның көз алды жиі көгеретін болғалы күйеуінің оған қол жұмсайтынын түсініп, Күмісбекті ашықтан-ашық жек көріп кеткені және рас.
«Басыңды ажыратып ал, бір күні мерт қылады» деп талай үгіттеген де, бірақ Асылжан біресе «ішкенін қояр» деген үмітке малданып, біресе «ажырасқан» деген сөзден арланып, ыңғай бермейтін. Айтар сөзі таусылғанда «балаларды әкесінен айырмайын» дегенді көлденең тартатын, бұл - мұны тоқтататын ең мықты уәжі. Тіпті «байғұсты бұзған арақ қой, әйтпесе жас кезін өзің көрген жоқсың ба, мүлде басқа еді ғой...» деп өткен күндерінің тәтті елесіне елітіп, арашалайтынын қайтерсің!?
Бағана, жора-жолдастары келген кезде айтқан жоқтауында да солай сипаттап, солай мадақтады:
- Дос-жаранға қадірлім, Ағайынға ардақтым.
Саф алтындай бағалым, Қорғасындай салмақтым. Жұртқа жайлы мінезің Жібектейін есілген.
Артық айтсам кеш, жаным, Мен де сені кешіргем...
Сөз құдіреті деген осы екен-ау...
Ертесіне-ақ марқұмның бейнесі небір асыл сөздермен сомдалған жоқтауды тыңдап отырған Қамажайдың санасында Күмісбектің жағымсыз қылықтарының бәрі көмескіленіп бара жатты. Оның үлкенге - ізетті, кішіге - қамқор, айналасына шуағын шашқан аяулы жан екендігіне айында-жылында бір ұшырасып қалатын шала таныс көрші-көлем, Асылжанның әріптестері ғана емес, о, ғажап, мұның өзі де сене бастағандай. Ол-ол ма, Зайда апай мен Асылжанның сай сүйекті сырқыратқан жоқтауын тыңдай отырып, аза жырмен әспеттелген осындай «атпал азаматтың», «адал жардың», «аяулы әкенің» (шындықты біле тұра!) мезгілсіз қазасына қабырғасы қайысып, жұртпен бірге егіле жылады. Жұрттан көбірек жылады. Есіне... өз күйеуі түскен...
Сұмдық-ай, бір сәт Асылжанның зар еңіреп күйеуін жоқтағанына қарап... мен неге осылай жылап, күйеуімді жер-көкке сыйғызбай мадақтап отырмадым деп ойлап
отырғанын түсініп... шошып кетті. Екінші жағынан, ебіл-дебілдері шығып, «папалап» жер бауырлап жылаған екі қыз да, кішкентай Дәурен де бұдан былайғы өмірде бүгін Асылжанның әдемі жоқтауы арқау болар аңыз бойынша өмір сүретінін ойлап... қызықты. Иә-иә, солай. «Папаң ғажап жан еді... Сендерді керемет жақсы көретін... Айлығын алғанда сендерді қыдыртатын еді ғой?.. Қалай ұмытып қалғансыңдар?.. Иә, сендер тым кішкентай едіңдер ғой, естеріңде қайдан сақталсын?.. Айтқандай, бәріңді шетелде оқытам деуші еді...» деп ойдан құрастыра беруге болады.
Балалардың сенері сөзсіз. Өйткені баланың пәк болмысы айналасындағылардың да жақсы жақтарын қабылдауға, шуақты, қуанышты жайттарды жадында сақтауға бейім. Шынайы өмірде естіген дөрекі сөздерді, көрген ұрыс-жанжалды естеріне ала қалса, «Жаман түс көргенсің ғой... Жатарда атыс-шабыс кино қарамасаңдар, ұйқыларың да тыныш болады,» - деп алдарқата салуға болады. Сөйте берсе, біршама уақыт өткен соң балалар әкелерінің жат қылықтарын ұмытары анық. Ұмытып қана қоймай, қалған ғұмырларында ана жоқтауымен сомдалған ақжарқын, мейірбан, қамқор әкенің бейнесін ардақтап, оны пір тұтып өтері сөзсіз.
Бірақ бұған ұл-қызының жадында әкелерінің әдемі бейнесін сақтап қалу бұйырмапты. Байғұс күйеуі балалары есейгенде де жөнсіз жүріс-тұрысын, қит етсе жұдырығын ала жүгіретін әлімжеттігін қоймай қойды. Ақыры, балалар арашаға түсіп, олармен арасы ащы болды. Алысып-жұлысып өсетін ұл бала ештеңе емес-ау, қызына қолы тигенін есіне алғанда іші әлі күнге қан жылайды. Араларын байланыстырып тұрған жіптің үзілген жері де сол болды. Бәлкім қазақы тәрбиемен өскен бұл «бас жарылса, бөрік ішінде» дегенге мойынсұнар ма еді, бірақ титтейінен, тіпті мектепке бармай тұрып-ақ әділетсіздікке төзбеушілігімен ерекшеленетін ақылды, өжет, қайсар қызы басқа мінез көрсетті. Жо-жоқ, ол әкесін ешкімге жамандаған жоқ, ешкімге шағымданып, мұңын да шақпады - ол әкесін өз өмірінен сызып тастады.
Арада бірталай уақыт өтіп, жан жарасы түпкілікті жазылмаса да, бірте-бірте ес жия бастаған кезде бұл айналып-толғанып отырып, алыстан орағытып әкесі туралы сөз бастағысы келген - қызы ештеңе демеді, бар болғаны орнынан үн-түнсіз тұрып кетті. Екінші рет те тап солай болды, одан кейін де... Байқайды, қызының әкесіне деген өкпесі жүрегіне тоң-шемен боп қатып қалғандай. Қанша тырысса да Қамажайдың оны жібіте алар түрі жоқ. Сонда балаларының жадына жазылып қалған қорқынышты күндердің елестерін қалай өшірмек? Міне, осы ретте, Асылжанның міндеті бұған қарағанда әлдеқайда жеңілірек болмақ. Оған басқа ештеңе емес, біреулер ескішілдік, қажетсіз, басы артық ғұрып деп қарайтын ЖОҚТАУ берік негіз қалағанын біреу білер, біреу білмес, бірақ Қамажай анық ұқты.
...Күмісбектің қалы кілемге оралған мәйітін есіктен шығарып апара жатқанда Асылжан тағы ұзақ жоқтады. Жұрт та қызық, оның жылай-жылай ісініп кеткен бетінен бірдеңе көргілері келе ме, иіріліп, сол маңнан шықпай, қаз-қатар тұра қалыпты. Кешелі бергі жоқтаудан даусы қарлығып қалғанын ести тұра, «қой, енді, шаршадың ғой» деп жатқан бір адам жоқ. Керісінше, жоқтаудың әрбір шумағын айыздары қана, ризашылықпен тыңдап, «тағы айтса екен» дегендей, құлақтарын түре түседі.
Асылжан да жұрттың ыңғайын ұққан сияқты. Жесір, жалғызбасты әйелдің тірлігіне, оның әр қадамына, бар ісіне сынап қараудың бұл - басы ғана екенін іштей түйсінгендей. Жаназада жапырласып жатқан жұрттың жайшылықта жанашырлық таныту-танытпауы да неғайбыл екенін біледі, өйткені көп болып жұмылу - өлімді жөнелтудің заңдылығы. Қазір қаумалап тұрған қауым сәлден кейін тарап, өзінің үйелмелі-сүйелмелі үш баласымен, онсыз да бақыттан шылқып отырмаған басына кездейсоқ тап болған қайғысымен оңаша қаларын ойлап, терең күрсінді.
Үш күн бойы қасынан бір қадам ұзап шықпаған Қамажай бір-бірін тілсіз ұғатын қалпымен досының ішкі дүниесінде болып жатқан қат-қабат сезімдерді: алғашқыдағы шошынуы мен абдырауын, содан кейінгі жан күйзелісі мен өкініш-наласын, енді міне, тәубесі мен шүкіршілігін ұғып отыр. Бір бұл ғана емес, Асылжанның жоқтауын тыңдаған жанның біразы өзгеше ойға шомып, бұған дейін бастарынан кешпеген бір күйде отырғандай.
Үйден шығарып, кілем төселген ашық машинаға жатқызылған марқұмның артынан ұмтылып, улап-шулаған туыстар да, үлкен жолға қарай баяу жылжыған көліктің соңынан ілескен көпшілік қауым да Асылжанның жоқтауының соңын естіген жоқ. Асылжанға керегі де сол еді. Әйтеуір, күйеуіне қарата айтар соңғы сөздерін көптің естімегенін іштей қалағаны рас. Кілемге ораулы жатқан адамның бір кездері жанына балаған жақыны болғанын ойлағанда өзегі өртеніп бара жатқандай, іші удай ашып кетті. Өкініштен көкірегі қарс айырылған жесір келіншек соңғы жылдары өмірдің арзан қызықтарына елігіп, қатарына қадірі, ортасына сүйкімі кетіп қалса да, өндірдей жас кездерінде сүйіп қосылған күйеуімен сыбырлай жылап, бақұлдасты...
Бәрін де кешті...
Ерлі-зайыптылық өмірлерінде күйеуінің жарытып қызық та көрсете алмағаны аз болғандай, енді жесірлік қамытын мойнына іліп кетіп бара жатқаны үшін де налып, көз жасын артпады. Сын сағаты туғанда ауыр болар деп аяды... Сол-сол-ақ екен, азалы келіншек неше күн бойы жанұшырып, демеу іздеген жылаулы жанының саябыр тапқанын сезінді. Сезінгені сол... бақиға сапар шеккен күйеуінің жолы жарық, маңдайы ашық болуын қайта-қайта тілеп, тіліне өз-өзінен ұйқасып оралған сөздерді күбірлеп отырғанын аңдады...
...Жарқырап тұрған жан-жағым - Білдім бе дүние жалғанын?
Көтеріп алдым, ау, Аллам, Тағдырымның салғанын...
Бұл - мақамы кешелі бері айтылған жоқтау сияқты болғанымен, мағынасы өзгеше сөздер еді. Оның негізінде жас әйелдің өмірге айтқан өкпесі емес, жиналған жұртқа шағынуы да емес, басына түскен зіл батпан қасіретті жеңуге, тағдыр сынына төтеп беруге бел буған берік шешімі жатты...