27.05.2022
  947


Автор: Мұхамеджан Сералин

Гүлкəшима

Оқыған бозбалалар, құлағың сал,
Алдыңа тарту тарттым қадари хал.
Ақының тал жібектен шəл тоқыды
Кемдігін ғапу илə қабыл қып ал.
Баласы Серəлінің Мұхаметжан
Сөйлесіп аралардай ағызып бал.
І
Сөз басында
Бастайын бір кеңесті алып қалам,
Қашаннан бола жүрген көңіл алаң.
Біреуін баян етсем бекер болмас.
Іс өткен неше түрлі заманадан.
Боқыраудан бес күн бұрын бардым қала,
Қаладан керек-жарақ нəрсе ала.
Ауылдан шыққан күні Тобылдағы
Үңгітке келіп қондым, бұған қара.
Мейман боп бір үңгітке қона қалдым,
Үй екен бəрі тегіс дүние-малдың.
Ішінде көп қыпшақтың жалғыз үйлі,
Бар екен жалғыз ұлы кемпір-шалдың.
Сұрасаң Тілеуберген шалдың аты,
Жаппастай ай таңбалы Үңгіт заты.
Баласы Баймұхаммет – ақын жігіт,
Белгілі ел ішінде жазған хаты.
(1872 1929)
Үйінде өз кəсібі кемпір мен шал,
Баласы үйінде жоқ, құлағың сал.
Таңертең кеткен бала кеш келмеді,
Кемпір-шал не болды деп болады дал.
Мейманға түзік қарттар ықыласы,
Құрметтеп жақсы берді қонақ асы.
Қарамай ерте шайға жүріп кеттім,
Жолаушы жүрсе бітер сыбағасы.
Жөнелдім ерте тұрып Қостанайға,
Жəрмеңке первой боқырау бастамай ма?
Жəрмеңке жақындаса, қазақ халқы
Мінезін түстенетін тастамай ма?
Қызығын жəрмеңкенің көп күн көрдік,
Дос-жармен қатар өскен ойнап күлдік.
Аяғы жəрмеңкенің тарқар шақта
Ғажайып естімеген хабар білдік.
Естіген хабар анық, емес шала,
Хабарға қазақ қосар неше жала.
Өліктің өзге жері сау-саламат,
Болғаны бауыздауда жалғыз жара.
Тобылдың алабында, тал ішінде,
Жанында пышақ, қалам, сия – қара.
Киімін ол байғұстың ақтарғанда,
Бір қағаз қалтасынан шыққан жəне.
Қағаздың мазмұнына қарағанда,
Жоқ қылған өзін жігіт – не дүр шара.
Қан болып өткір пышақ жанда жатты,
Шалықтап жанын қиған ол бейшара.
Ғашықтық саудасына душар болып,
Өлтірген өзін-өзі мойнын қиып.
Жалғызы ата-ананың бойдақ екен,
Жылайды екі мұңды басын иіп.
Шал кісі – əкесі, аты – Тілеуберген,
Жүрімін жалғыз ұлдың тілеп берген.
Келерде өзім қонған үңгіт екен,
Құрметтеп қонағымда сыйлай білген.
Қалтадан өлең екен шыққан қағаз,
Жағы жоқ ақын екен жігіт сабаз.
Кешіріп ол өлеңді қолыма алдым,
Жел сөзде онан өтер ақындық аз.
Қаладан жұмысым бітіп, қайттым елге,
Ақша қар жауа қалды қара жерге.
Қазаға бір мұсылман душар болса,
Көңіл айту көркемшілік жігіт ерге.
Қайтарда бата оқуға түстім арнап,
Құр жаны, екі сорлы отыр зарлап.
Бала үшін бейшаралар жылағанда,
Жаңбырдай көзден жасы ағар парлап.
Кемпір-шал зар жылайды баласы үшін,
Көзінің көңіл нұры қарасы үшін.
Еш дауа іздегенмен таптырар ма,
Жүрекке терең түскен жарасы үшін.
Табылар қайдан дауа кетпес дертке
Не шара алла салған құдіретке.
Бала үшін ата-ананың төккен жасы,
Құрғамай бірге барар ақыретке.
Жұбаттым, көңіл айттым екі мұнды,
Жұмсадым Тəңір берген қызыл тілді.
Кеш түсіп шам жаққан соң кемпір байғұс,
Алдыма бір сандықты алып қойды.
Қолыма, аузын аштым, кілтін алып,
Ішіне қарай бердім назар салып.
Ішінде кітап та бар, қағаз да бар,
Тексердім бастан аяқ көп ақтарып.
Жігіт емес Баймұхаммет зейіні тар,
Жел сөзге болған екен аруағы жар.
Ғылымдық һəм ақындық бір өзінде,
Ғылымнан неше түрлі кітабы бар.
Сандықта өлең де бар неше түрлі,
Аралап пақырыңыз бəрін көрді.
Жазыпты Баймұхммет өз қолымен,
Бір дəптер тауып алдым өлең, жырды.
Дəптерде өз ахуалын баян еткен,
Өлеңге шебер екен болмай кеткен.
Ғашықтық саудасына душар болып,
Ақырда ол саудадан қаза жеткен.
Молда өлсе, хатқа жазған қалады аты,
Жігіттің ажарлы екен жазған хаты.
Өлеңді жұртқа жайса жазып алып,
Түскендей бозбаланың ілтипаты.
Жаймаққа жұртқа өлеңді ойға қалдым,
Дəптерді кемпір-шалдан сұрап алдым.
Екеуі сөзді қимай əзер берді,
Қадірлі бағасындай дүние-малдың.
Тобылдың суы терең, жары биік,
Қорғалар алабында қашқан киік.
Басында биік шыңның тамды мола,
Молаға шоқ тал біткен басын иіп.
Жеке емес тамды мола ол орында,
Көмілген Баймұхаммет көп қорымға.
Үстіне төрт бұрышты там салынған,
Көрінген көздің ұшы туу қырымға.
Басына көк тас қойған жылын айтын,
Марқұмның қабырдағы сырын айтып.
Атасы, өзінің аты, нəсіл затын,
Жазыпты өлген күнін, жерін айтып.
Моласын келер жылы көрдім барып,
Жаңадан үлгіріпті зор там салып.
Мен қайттым көк тастағы жазған сөздің
Мазмұнын ақ қағазға жазып алып.
Бұ дүние ойлап тұрсам жалған екен,
Михнатқа талайларды салған екен.
Жазылған төмендегі үш ауыз сөз.
Көк тасқа терең түсіп қалған екен.
«Рухына хақ тағала қылғай рақмет,
Нəсілі – Үңгіт, əм есімі Баймұхаммет.
Тілеуберген баласы опат болды,
Ғашықтық саудасынан шеккен захмет.
Сəрсенбі күн сары алапта, боқырау үште,
Бір мың да сегіз жүз де тоқсан да төрт».
Міне, мен көргенімді айтып болдым,
Неше күн қалам алып бейнет көрдім.
Сандықтан шыққан дəптер қалтамда өлең,
Барлығын тіркей жазып, қисса қылдым.
Реттеп қадери хал қисса қылдым,
Қиссаға «Гүлкəшима» есім бердім.
Бір ғибрат заманаға болар ма деп,
Қызыл гүл тау аралап тастан тердім.
Бір қатар Гүлкəшима ғибрат өлең,
Түсінсе зейін салып, жігіт – желең.
Керекті бұл қисса үшін, бозбалалар,
Бір сыпыра сөз айтылып болды білем.
Қалғанын оқып түсін жазған хаттан,
Шығардым бұл қиссаны көңіл шаттан.
Бар болса хате жері жетіспеген,
Түзеуін біз тілейміз жамағаттан!
ІІ
Баймұхамметтің дəптері
Жасынан бек жаратты, хақ тағала,
Түседі жел көңілге қайғы сана.
Іштегі құпия сырды əшкере етсем,
Жамағат тыңдарсыз ба құлақ сала?
Жаратқан Тəңірі күшті махаббатты,
Махаббат қосар бірге түрлі затты.
Жігітке анық ғашық Тəңірі берсе,
Күйігі ол ғашықтың болар қатты.
Жыл жарым бұдан бұрын, əлеуметім,
Бір қызға көзім көріп көңілім кетті.
Арқа елі соқа суырып, дем алғанда,
Сыр елі жақындаған хабар жетті.
Көшпелі ел алды Орқаш кеді деген,
Хабарға үйде көңілім елеңдепті.
Бармаққа ел алдына міндім атқа,
Мінəсіп көрінген соң көңіл шатқа.
Ағайын жүзін көріп амандаспақ,
Емес пе көркемшілік сəламатта.
Арқаға қоян жылы келдік ауып,
Мал жұтап, кедейшілік басқа жауып.
Келген соң он үш жылдай кəсіп істеп,
Қатарға тағы кірдік бие сауып.
Тобылда мекен еттік қыстау салып,
Көшпелі Үңгіт еді біздің халық.
Жақындап ел жайлауға келген шақта,
Алдынан көрісуші едім озып барып.
Биыл да атқа міндім барайын деп,
Фатиха үлкендерден алайын деп.
Бас қосын қатар өскен құрбылармен,
Бес-он күн, ойнап-күліп қалайын деп.
Мен жағыз үлкен жолмен келе жаттым,
Еріксем, жол қысқартып өлең айттым,
Отырған жол үстінде ауыл көріп,
Атымның сусындауға басын тарттым.
Шеткері үлкен үйге келдім кіріп,
«Ассалаумағалейкум» деп сəлем беріп.
Қонақты үйге кірген көргеннен соң
Бойжеткен қыз көрпе салды түрекеліп.
Бəйбіше қымыз құйды, қызы берді,
Қыз екен асқан сұлу, көзім көрді.
Күн ыстық, шөлдесем де қымызды ішпей,
Жаудырап екі көзім қызда болды.
Таранған тоты құстай бір асыл зат,
Меңзесем хор қызына болмайды ұят.
Ақ жүзді, ақылы кəміл, шырын сөзді,
Үстінде сəндік үшін киген манат.
Көп артық ұзын емес, орта бойлы,
Аса көп сөйлемейді, терең ойлы.
Күлгенде екі беті шұқырайып,
Сүйкімді көрінеді жүзі нұрлы.
Күлгенде отыз тісі қатарланған,
Адамның сабыры қалмас оны көрген.
Ақ екен, ақ інжуден отыз тісі,
Сəдеп пен қымбат пұлға шеттен келген.
Болғанда мандай жазық, қызыл жүзі,
Тəтті еді шекер балдай айтқан сөзі.
Жігіттін тұла бойын балқытады.
Қараса жаудыраған қара көзі.
Тігілген кірпігі оқтай, жайдай жүзі,
Өрілген екі бұрым желге шашы.
Үзілген мойын алманың сабағындай,
Көрініп тамағынан ішкен асы.
Аққудай көлде жүзген көлеңдеген,
Оң жақта былқылдаған бай баласы.
Бұралған тал шыбықтай, құмырсқа бел,
Он бес пен он алтыға келген жасы.
Үстінде шаһи көйлек оқа салған,
Кең етек айдалада шұбатылған.
Бешпеті аршын бардан, қысқа жеңді,
Шапаны батсайдан, қима киген.
Басында камшат бөрік теңге таққан,
Бөрігін қырын киіп айна баққан.
Алтыннан құлағында қос сырғасы,
Көрінген сəукелесі шар тараптан.
Қамыстай саусағында алтын балдақ,
Жеңілтек мінезі жоқ, пиғыл салмақ.
Шын пиғылы жеңілдікті қолайламас,
Жүрмес бергі тілмен пендені алдап.
Осындай бір сұлуды көрді көзім,
Бозбала жəне бойдақ жүрген кезім,
Қиялым қызға кеткен секілденді,
Бермесе ғашық отына Тəңірім төзім.
Көрдім де ол сұлуды болдым ғашық,
Ғашықтық минут сайын барады асып.
Əуейілік, əлеуметім, жаман екен,
Сол үйден шыға алмадым қадам басып.
Сусындап өз жөніме жүріп кеттім,
Қош айтып, бəйбішеге амандасып.
Бала екен дəрежесі қыздан артық,
Түбінде ырыстыға болар нəсіп.
Қош айтып бəйбішеге жүріп кеттім,
Басы осы бізге жұққан қайғы-дерттін.
Саф көңілім судай таңық болған-ды енді,
Не қылса, хүкімі күшті құдіреттің.
Не қылса, құдіреттің хұкімі күшті,
Көрсеткен пəндесіне түрлі істі.
Қапа боп көнілім алаң келе жатсам,
Бір адам жол үстінде жолығысты.
Айтыстық сəлем беріп, аман-есен,
Жігіт екен жолыққаным тілге шешен.
Орынсыз, құрбыларым, бола қалмас,
Сөйлескен сөзімізді баян етсем.
Бұл жігіт жолда қарсы душар келеді,
Сұрадым аты-жөні мынау болды.
Тамыр аулап Бестөбеден келеді екен,
Мекені Жақсысызда Құдайқұл-ды.
Жолығып ат-жөнімді айта тұрдым,
Жігітпен бірер мезгіл кеңес құрдым.
Ол-пұлды біле-тұғын көрінген соң,
Манағы қыз жайынан сөз сұрадым.
Кейінгі жолда ауылға түстім, – дедім,
Шеткі үйден сусын қымыз іштім, - дедім.
Бойжеткен сол үйде бір сұлу көріп,
Қап ауызын ғашықтықтың шештім, – дедім,
Көрген соң білдім үйдің байың, – дедім,
Мал менен мүкəммəлге сайын, – дедім,
Жасырмай білсең құрбым, баяндай көр,
Ол қыздың затын, атын, жайын, дедім.
– Күйеуге берген қыз ба, бермеген бе,
Жел өсек қыз соңынан ермеген бе.
Кеткен соң көңілім қатты сұрап тұрмын
Айып етпе беймаза етіп тергегенге.
Қай жерде мекен еткен ата-анасы,
Қаншаға келіп еді қыз шамасы.
Ол сұлу мұнан былай ойға түссе,
Тамшылар етегіме көздің жасы.
Сұрадым осылайынша қыздың жайын,
Қалдырмай айтқан сөзін баяндайын.
Іштегі ғашықтығым барады асып,
Ол жігіт қыздың жайын айтқан сайын.
– Достияр Қарасуды орын қылған,
Медетбай дегеніне дəулет қонған.
Сен түскен үй иесі – сол Медетбай,
Жалғыз қызы Гүлкəшима асылы нұрдан.
Үш ұлдың ортасында жалғыз өзі,
Өзі ақын, өзі молда, артық туған.
Жамалын өз көзіңмен көріпсің ғой.
Ерген жоқ, əлі өсек, құрбым оған,
Сыртынан құмарланған жігіт те көп,
Арманым болар ма деп барсам соған.
Күйеуге ол сұлуды берген, – деді,
Қызығын ата-анасы көрген, – деді.
Күйеуі Сыр бойында Мөңке Табын,
Шаруа, дəулетті емес, төмен, – деді.
Қыз риза емес-ау деп, ауыл айтады,
Анық емес мұнысы маған күмəн, – деді.
Жігіттер сөз айттырған толып жатыр,
Махрұм барлығы да болып жатыр.
Біреумен көңіл сүйіп, ойнап-күлмей,
Барлығын қабылдамай қуып жатыр.
Міңезі ауыр, қыздың сабыры көп,
Білмеймін қашанғыша жүрерін тек.
Ол қыздың тас көңілін жұмсартпаққа,
Жігітке артық өнер керек-ті еп.
Жас бала əзір таза, бұзылмаған,
Бақшада бір таза гүл үзілмеген,
Бұл өңір – Жаппас, қыпшақ жігітінің
Көзі жоқ ол сұлуға сүзілмеген.
Он беске жылы қоян, келген жасы,
Əлі жоқ жігіттікке ықыласы.
Жігітке қысылғанда жанын беріп,
Замандас пайда қылар құрбыласы.
Түріңнен білдім көңілің кеткендігін,
Сипаты қыздың сарсаң еткендігін.
Ішіңде не барлығын көзің айтып.
Сабырыңның білдіріп тұр біткендігін.
Жаз өлең, білсең жазу, қызға арнап,
Сұлуға сөз қатынастыр болсаң бармақ,
Хатыңды қызға берер алып барып,
Үйімде бір інім бар ине қармақ.
Жайлауын Домбыралы, Қайрақ көлі,
Табарысың Сүлеймен деп келсең барлап.
Ол кісі осыны айтып жүріп кетті,
Бір сауда басқа түсіп əуре етті.
Біле алмай не қыларым сергелдең боп,
Арада қиялменен көп күн өтті,
Барғанмен ел алдында көп жүре алмай.
Құрбыңыз, əлеуметім, елге жетті.
Көбейіп бұл ғашықтық бастап асты.
Төгемін қызды ойласам көзден жасты.
Алдымда көзім жұмсам қыз тұрады,
Қайғымен астан қалдым, ұйқы қашты.
Бұл сырды хатқа жаздым əшкере етіп,
Оқыған айыпқа алма мен бір масты.
Білмейді бастарына келмеген жан,
Атына махаббаттың мінбеген жан.
Тағдырда осылайша жазған болса,
Бар ма екен құдіретке көнбеген жан.
Бүтін ой, бүтін істі кеттім тастап,
Ғашықтық қиын екен отын баспақ.
Осындай бір құсаға мінгізуге,
Жаратты жел көкірек Тəңірім баста-ақ.
Осылай арада өтті біраз заман,
Күн санап ғашықтық артып, болдым жаман.
Қаншама күш-қуатым жұмсасам да,
Түгестім сабырының бəрін таман.
Айтқанын Сүлейменнің мақұл көріп.
Жазуға оған бір хат алдым қалам.
Сыймайды көңілім лоблып көкірекке,
Кеткен соң ішім толып қайғы дертке.
Əшкере ішкі сырды етпек үшін,
Оңаша хат жазбаққа шықтым шетке.
Көп салып зейінімді зорлансам да,
Көңіл алаң, жазған сөзім келмейді епке.
Əлеумет, рұқсат па, мен сұраймын,
Сынатсам жазған хатымды оқып көпке.
Жаңылып зейін, ойым, тұрған шағып,
Қалтырар хат жазғанда он бармағым,
Əшкере ішкі сырды етпек үшін,
Бармады зорласам да тіл мен жағым.
Мен жаздым хат басына дұғай сəлем,
Болғанын ғашықтықпен көңілім алаң.
Поштовой иісті майлы ақ қағазға,
Қарадан жолды салды темір қалам.
Жігіттің хаты
Хат жазып сəлем айтым асыл затқа,
Сөзімді сəлемменен жаздым хатқа.
Пиғылын тəкаппарлық жұмсай қоймас,
Алар деп жазған сөзді ілтифатқа.
Құпия сыр, құпия тұтпай əшкере етіп,
Ғаріпты қалдырмаңыз зор ұятқа.
Көрген соң ғашық болдым жүзіңізді,
Жауһардан бəсі қымбат көзіңізді.
Күйген соң ғашық отына алдым қалам,
Күлкіге шығармаңыз сөзімізді.
Ғашықтық оты түсті басқа, етті алаң,
Бермеді көркем сабыр Хақ тағалам.
Бұл сауда есімді алып, ішімді от қып,
Күйдіріп өртеген соң алдым қалам.
Мен бір ай бұдан бұрын сізді көрдім,
Мазасыз көркіңізге қарай бердім.
Бір ұшқын көзіңізден бізге түсіп,
Лыпылдап өртеп кетті, шыдап жүрдім.
Күйдірді түскен ұшқын ғашық майын,
Ауданы үлкейеді сағат сайын.
Жалыны көпке бармас басылар деп,
Ол отқа сабыр суын қауғалайын.
От сөңбей, түгесілді сабыр суы,
Қауғаға көтерілді ғашық туы.
Ішімде қатты жаңып, қайнатқан соң,
Ақылдың көзін шалды нəпсі буы.
Ақылдың нəпсі буы шалды көзін,
Қалмады шыдауыма ешбір төзім.
Аузымнан соның үшін шығып жатыр,
Мен сізге ғашық болдым деген сөзім.
Көзіме көріңдіңіз хор қызындай,
Ақшамның өмір зая жұлдызындай.
Қара шаш, қара қастың қаралығы,
Қытайдың пұлы қымбат құндызындай.
Мен көрдім шыбық талдай бойыңызды,
Бұйырған ырыстыға тойыңызды.
Құпия сырымды ашып жазған хаттан,
Білерсіз оқысаңыз ойымызды.
Көргенде бойыңызды жаутандадым,
Саудадан көңілім суып қайта алмады.
Ауыз екі айтпақ емес, хатқа жазып,
Хəлімді көпке дейін айта алмадым.
Көптеген соң сырымды ашып жазған хатым,
Салғай деп жазған хатқа ілтипатын!
Берсеңіз, бермесеңіз, сіз білесіз,
Асыл зат қолыңызда рахатын.
Сізді ойлап ұйқы қашқан екі көзден,
Түсінер пайымды адам айтқан сөзден.
Сөзімді жүз қайтара жақсаңыз да,
Өлгенше рахымыңыздан күдер үзбен.
Ғашықпын сізге сырлас болмақ үшін,
Күйген соң қайғы отына кетті күшім.
Ақыл мен мінез, сипат бірге қосып,
Құдайым сізге берген артық пішін.
Болуға бізге сырлас көңіл беріп,
Болсаңыз жан жолдасым өмір серік.
Жанымда ерте-кешті сіз болған соң,
Кетер ет қорғасындай бойым еріп.
Басыма жиырма үште түсті сауда,
От түсті қурап тұрған қалын қауға.
Бізде арман бұл дүниеде қалар ма еді,
Жарқырап отырсаңыз ақ отауда.
Не пайда Тəңір сізді шетке жазған,
Сонда да үмітім көп сұлу наздан.
Мал берген сізге ажарсыз жаман жігіт,
Көрер деп біздерді артық ақылы аздан.
Дүние өтер басыңыздан желдей зулап,
Қалалық өтпес бұрын көңілді аулап.
Біздерге шын көңіліңіз қосылмаса,
Оқа жоқ жұбатсаңыз да азын-аулақ.
Қатты дерт көкіректе болды пайда,
Некелеп алар сізді заман қайда?
Өзіңіз бір ақылды таппасаңыз,
Құрбыңыз таба алмады ешбір жайлы.
Қайғымен көкірегін ашылмайды,
Ғашық оты өлгенімше басылмайды.
Ойлаңыз шама қылып, зейініңізбен,
Сүймеске ешбір адам асылмайды.
Тобылдай мекен жайын, Үңгіт затым,
Халыққа мағлұм еді жазған хатым.
Атақты Тілеуберден жыршыңыздың,
Баласы Баймұхаммет болады атым.
Біздерді қалмағайсыз мазақ етіп,
Бұл дəурен бастан кетер əлі-ақ өтіп.
Жіберіп бұл хатымды сіз тарапқа,
Ынтызар жауабыңызға, қалдым күтіп.
Осындай бір хат жаздым ақ қағазға,
Қылғаны жөн болады ақылы азға.
Конверттеп, иісті майлап, қызыл қағаз,
Баладан жіберуге сұлу назға.
Жібердім осылай деп бір хат жазып,
Қайғымен кеткеннен соң жүдеп-азып,
Сөкпеңіз бейшараны, оқыған жан.
Саудасы ғашықтықтың сондай нəзік.
Желіксе ғашықтықпен қайран көңіл,
Жас ағар қара көзден ағыл-тегіл.
Жалғыз-ақ бұл дүниеде мен емеспін,
Əркімде болған шығар осы пиғыл.
Ғашықтық қайғысынан өлгендер көп,
Мəжнүн ғақлы зая болғандар көп.
Сүйгені бөтен жерге нəсіп болып,
Айырылып шыбын жаннан қалғандар көп.
Біреуге ғашықтықтың оты түссе,
Толтырып ол саудадан аяқ ішсе.
Ақылы Аплатонның бітсе-дағы,
Сарғайып қайғыменен болар құса.
Дүниенің келгені не, кеткені не,
Абырой, ар төгіліп біткені не.
Сүйгені бөтен жарға нəсіп болса,
Беймезгіл бұл дүниеден өткені не?
Мен-дағы арақ ішкен мас адаммын,
Сүйгенсіз күні қараң жас адаммын.
Саудасы ғашықтықтың басқа түссе,
Ериді көңілі де тас адамның.
Көңілімді бұл саудамен қайғы басқа,
Жүдедім ада болып ішер астан.
Бір хабар ол сұлудан келе ме деп,
Ынтызар бола-бола ұйқым қашқан.
Арада бұл қалыппен үш күн өтті,
Ынтызар бола-тұғын уақыт жетті.
Сыртында жазуы жоқ, түсі қызыл,
Бүктелген көзім көрді бір конвертті.
Інісі Сүлейменнің келді барып,
Оқыпты қыз хатымды назар салып.
Сол жақта үш күн жүріп айналақтап,
Жауабын жазғым келді біздерге алып.
Қуанып хат келген соң судай тастым,
Конвертті жырта тастап, ішін аштым.
Жазылған сөзін оқып қарағанда,
Жүрегі қалтырайды біздей мастың.
«Ассалаумағалайкум» деп хатқа жазған,
Нəпсіге ерген жігіт жолдан азған.
Əлеумет, жазған хатын оқып қарап,
Тілмен айта алмаспын ақылым қаран.
Қыздың хаты
Ассалаумағалайкум, деп сəлем бердік,
Біздерге арнап жазған хатты көрдік.
Құпия сыр, ғашықтықты баян қылған,
Мазмұнын ол хатыңнын оқып білдік.
Сауалға жауап беру бізге міндет,
Жазғаным бұл хатымды сыпайгерлік...
Уағалайкумəссəлем сəлеміңе,
Ойландым бізге жазған кəмеліңе.
Жігіттік жел мінезді тоқтата алмай,
Қайранмын жоқ нəрсеге əлегіңе.
Ол бастан хақ жаратқан махаббатты,
Алланың əр не қылса үкімі қатты.
Біреуге беріп, біреуге бермей қойған,
Күші жоқ жан өзгертпес құдіреті.
Шығарып хиялыңнан ұмыт бізді,
Жаздың хатты күйеуге берген кезде.
Екі жыл мұнан бұрын тап келмедің,
Бұйрық жоқ қосылуға екеумізге.
Салдың ба жеңілдікке мінезіңді,
Байқамай түрлі сөзді жаздың бізге.
Баяндап ғашық жайын жазыпсың хат,
Қалғандай кей сөзіңнен көңілде тат.
Сөзіңді, жаным жігіт, сөйле абайлап,
Алысқа көп ұзатпа, тіліңді тарт.
Мал берген біреудің жесірімін,
Қос жұртты əзіл сөзге қылам ба мерт.
Той қылып, құда болып құйрық жесіп.
Мал сізге, қыз бізге, деп айтылған шарт.
Əркімдер ақылды дер мені мақтап,
Мен батаны бұзбаспын сүрені аттап.
Мойныма жұрт батасы ауып кетсе,
Құлармыз тор көпірден тайғанақтап.
Қос жұртым жауыз дұға қылар маған,
Болған соң пиғылым көпке ұнамаған.
Қалыпқа бейуада үйренген соң,
Тағы да опа қылман жаным саған.
Ғибрат кітаптарын оқып қара,
Оңбаған жауыз дұға алған адам.
Ренжиді ар төккенге атам-анам,
Тоқтарсың бұл сөздерге болса санаң.
Ерің мен ата-ана, ұстазыңды
Бұйырған ренжітпе деп, Хақ тағалам.
Əркімнің ішкі сыры Аллаға аян,
Сабырдың таяғына мықтап таян.
Айып етпе, үгіт айтты деп, жаным бізді,
Шағри сөздерімді еттім баян.
Бейнелеп əр сөзіңе сөз қайтардым,
Алдында жауаптарын болса ғаян.
Хатыңда деп айтыпсың: жарын жаман
Өтер, – деп, – əлі-ақ бастан шолақ заман.
Бұл шолақ заманада сүйеніш аз,
Күйініш көп көреді фəни адам.
Көзің сал, бұл дүниеге келген жанға.
Мақсаты болған адам бар ма тамам.
Білемін өзім-дағы жар жаманын,
Құдіреттің кім бұзады бұйырғанын.
Тағдырға риза болып,сабыр ойлап,
Сапардан сабыр еткен табылармын.
Бақидың қызығынан үмітім көп,
Фəңидің аз қызығын не қыламын.
Сабырдың ақырында сауабы зор,
Жар заман бола берсін, көңілі көр.
Жаманға жақсы қарсы кез келген соң,
Құдайға шүкір айтар, қара да тұр...
Мен-дағы жаман ерге сабыр етсем,
Өлгенше жаманыма дұрыс кетсем.
Сабыр қылған бəнделер қатарында,
Құдайдан қабылдығын үміт етсем.
Екі ізгі іс, бір орында қосылмай ма,
Жадқа ал, бір Құдайды осындайда.
Барына шүкір, жоғына сабыр етсе,
Ол пəнде орын жұмақта деген қайда?
Əзелде Тəңірі оған нəсіп еткен,
Тағыдырды пəнде бар ма бұзып кеткен.
Жесірін жатқа бермес, намысы қатты,
Табыннан құтыламын не себептен?
Болғанда жарым жаман, өзім жақсы,
Қосылған қос жақсыны іздеп тапшы.
«Жақсы əйел жаман ерді жақсы еткен» деп,
Бұрынғы нақыл айтқан Мұса патша.
Нақылы бұрынғының болса рас,
Еншалла, менің жарым жаман болмас.
Тимесе бір Құдайдың шын қарғысы,
Бейшараң ол сорлыны жаман қылмыс.
Жарымның жамандығын білдірмеспін,
Құрбыға, əзілге олжа қылдырмаспын.
Шөп тастап, жар көзіне масқаралап,
Көңілін бозбаланың таңдырмаспын.
Сыйлармын қонақ келсе құрмет етіп,
Болса да жарым топас, өзім жетік.
Пəленше үйді-түзде бірдей-ақ деп,
Келгендер мені кетер мадақ етіп.
Сөзіңе сөз қайтарып қалам тұтты,
Өсегі көп болса да біздің жұрттың.
Бөгет көп, мен көрсеттім, өте алмаймын,
Зейіні бар, түсінер деп үміт еттім.
Миуа жоқ сізге нəсіп бұл шарбақтан,
Іздеңіз ол миуаны бөтен бақтан.
Тең құрбым қатар өскен болғаннан соң,
Сөзіңді түсірмедім ілтипаттан.
Сауалға жауап беру бізге парыз,
Өтедім жауап жазып бойдан қарыз.
Ақырын сөздің былай тамам еттім,
Жауапсыз қалмасын деп сіздің арыз.
Сөз жазған осындай деп Гүлкəшима,
Жақсы ат жоқ бұл дүниеде ұрғашыға.
Дос болып қатар өскен біз қалайық,
Ренжітпе көңілінді «болмашыға».
Жазыпты осылай деп келген хаты,
Хатты оқып тұла бойым қалтырапты.
Ғашықтық басқа түссе қиын екен,
Бойымнан қысылғаннан терлер ақты.
Бұл хатты оқып көрдім келгеннен соң,
Не шара Тəңірім қайғы бергеннен соң...
Ол қызға сөз салмаққа ой ойладым,
Баладан жатар орнын білгеннен соң.
Інісі Сүлейменнің барып келді,
Бірсыпыра хабарға қанып келді.
Сөйлесе жар иесі келген екен,
Іс соңын, не боларын танып келді.
Ретін тауып мен бардым сұлу қызға,
Қарсы алып қыз да келді бірер сөзге:
– Жайымды жазған хатта айтып едім,
Тоқтамай жігіттікпен келдіңіз бе?
– Мен сізді көрген соң болдым ғашық,
Хат жаздым ғашықтықпен сырымды ашып.
Бойымда мерезім жоқ жұға-тұғын,
Не болды, сұлу, сізге мұнша қашып?
– Біреуге Тəңірі мені нəсіп еткен,
Тағдырды адам бар ма бұзып кеткен.
Іздесе бізге қойған аманатын,
Жарымнан құтыламын не себептен?
Уақытым жақындады көре-тұғын,
Серттесіп жар соңына ере-тұғын.
Несіне аз күн үшін ұмтылайын,
Қосылып болмаған соң жүре-тұғын.
Айырылып аманаттан тұра алмаспын,
Шөп тастап жар көзіне жүре алмаспын.
Айтысқан ата-анамыз сертті бұзып,
Ұялмай жардың жүзін көре алмаспын.
Айтайын мағлұм болсын сізге халім,
Ілгері тілеуім бар менің жаным.
Тудырған бұзық болса аналары,
Кейінгі не болмақшы балаларым.
Нəсілін адамзаттың өрбітуге
Біздерді Хақ жаратқан шамаладым.
Біздерді жолымыздан жаңылтуға
Семірткен несіңе еріп қамаладың.
Тəңірге уағада етіп, ұрып қадам,
Көтерген ауыр жүкті пəни адам.
Əйелден адам оғлы өрбіген соң,
Салмағы ауыр жүктің түскен маған.
Міндетті мойнымыздан біз тастасақ,
Ауыр жүк көтеруші болар ғадам.
Жеңілдікті таста, жігіт, тəуба ойла,
Халқыңа шамаң келсе тигіз пайда.
Міндетті ауыр жүкті шын көтерсең,
Мақшарда отырарсың қоңыр жайда.
Мен айттым: тоқта, сұлу, бермен қара,
Біздерге уағыз айтып, болма əуре.
Сіздердің үгітіңізді байымдауға,
Бұл күнде бүтін емес, көңіл шала.
Біздерге үгіт айтпа, айтшы ықыласың,
Сіз үшін əуре болған ғаріп басым.
Шыныңды айтып кетші тым болмаса,
Біздерге көңілің қалай, замандасым?
Кей кезде ақыл, көңіл қосылмаған,
Біраздан ол екеуі жосылмаған,
Міндетті ада етуді ғақыл айтса,
Ғақылға көңіл мойын ұсынбаған.
Көңіліме ажарыңмен салдың жара,
Салған соң Тəңірім басқа не дүр шара?!
Суынан ғашықтықтың, асыл затым,
Сізге де татқызды ма хақ тағала?
– Ей, жігіт, сал құлағың мынау кепке,
Іш толған шыдамайсың қайғы-дертке.
Сұраған терең жерден суалыңа
Бұл күнде жауап беру келмейді епке.
Білерсің бір уақытта сабыр етсең,
Азырақ ішкі дертке жəбір етсең,
Жазармын бір записка жайымды айтып,
Сен менің ұзатылар күнім күтсең.
Ішкі сыр запискамнан болар ғаян,
Жасырмай хатқа жазып етсем баян.
Ол күндер алыс емес, оған шейін
Сабырдың таяғына мықтап таян...
Біздерден болмас істі үміт етпе,
Жалмауыз ере берме нəпсі итке.
Дүниенің кемдік-кетік əрбір ісі,
Дұшпан боп жоқ нəрсе үшін бізге кетпе.
Сөз бітті бұл сөзден соң, лаж құрыды,
Сылбырап қыз жанынан сорлың тұрды.
Мен емес еш адам да өте алмаған,
Араға құдірет қазған үлкен орды.
Ай жарым мұнан соң да өтті заман,
Күн санап менің халім болды жаман.
Көз жұмсам, ұйықтасам да алдымда қыз,
Басыма диуаналық келді тамам.
Тап келді бұл бір сауда жиырма үште,
Ғашықтық қатты батты, тиді күшке.
Біреудің жесіріне не хайла бар,
Бармас па ем дауым болса, жүгініске.
Күз болып, күземді алып, көшпелі елдер,
Қатарлап тізген шақта, түйе көшке,
«Медетбай үш күннен соң той қылады», –
Дегенді мен есіттім бір күн кешке.
– Сəтіне сəрсенбінің той қылады,
Əр жерден шақырылған жұрт келеді.
Ат жарыс, атан жарыс, алтын қабақ,
Мереке, балуан тұрып көп болады.
Медетбай қыз ұзатқан отау жауып,
Ат, құнан бəйге алады оза шауып.
Етпекке бір үлкен той жеті болды,
Қымызын жиғанына бие сауып.
Бұл сөзді есіткен соң біздің құлақ,
Жер бар ма үйде жатар жаным шыдап.
Той болар сəтті күннен бір күн бұрын,
Ерттедім мен атымды жылдамырақ.
Мен ерте жабдық салдым кер жорға атқа,
Шыдасын неге жаным сəламатта.
Бұл тойға не себептен асығамын,
Ол сұлу кеткеніне көңіл шат па?
Шат болу бізге қайда, замандасым,
Бұл іспен əуре болған ғаріп басым.
Ішім жалын, сыртта түтін көрінбейді,
Ағады іш елжіреп көзден жасым.
Түс қыза жұртпен қатар келдім тойға,
Тап болды бір селкілдек тұла бойға.
Бойында Қарасудың байдың ауылы –
Тойға арнап алты үй тіккен көгал ойға.
Анадай алыс жерде жасыл шатыр,
Ішінде мекен еткен күйеу батыр.
Жүгірген арлы-берлі ошақшылар,
Тұс-тұстан, топ-топ адам келе жатыр.
Ақ орда байдың тіккен көл қасыңа,
Үй толған сегіз қанат ұрғашыға.
Бəрін де сəулетінің асырыпты,
Түсер деп жұрт назары болмашыға.
Ақ киіз қыз отауы қызыл-жасыл,
Отаудың іші-тысы бəрі де асыл.
Ішінде қыз-келіншек басын қосқан,
Отырған ортасында бекзат нəсіл.
Ас үйге түсірісіп тойдың асын,
Топ адам айналып жүр ошақ басын.
Адамға екі жүздей қанша табақ,
Кетеді білген адам есептесін.
Ақсақал, қожа да бар, молда да бар,
Теңселген төрт аяғы жорға да бар.
«Той асы – хақ қазынасы бай ғана емес»,
Келсе орын арылмаған сорға да бар.
Қолға алған домбырасын жыршы да бар,
Іздеген ойын-күлкі тойшы да бар.
Не жандар жұрт жиылса көрінбейді,
Жанында жан торсығы қойшы да бар.
Халыққа табақ-табақ ас тартылды,
Жегенмен таусылмады, көп артылды.
«Той асы – хақ қазынасы» деген рас,
Ас толған ғаріп-қаби елге артылды.
Ат жарыс, балуан күрес ойын қылды,
Медетбай келістіріп тойын қылды.
Мүшеге шапан алып, теңге алып,
Тиісті ата ұлы сыйын көрді.
Мүше алып, мерекесін көргеннен соң,
Қол жайып ақсақалдар бата берді.
Мырзаға қош айтысып, атқа мініп,
Адамдар жер ортасы қайтады енді.
Мырзаға қош-сау айтып, атқа мініп,
Үлкендер үйді-үйдіне кетті қайтып.
Жиылған кеш тартысқа бозбаланы
Күн батпай кешіктірді көп сарғайып.
Шатырда мекен еткен күйеу батыр,
Қарасам, ішке түсер заман ақыр.
Қоқанның зекетшісі жатқан үйдей,
Көзіме теріс көрінер жасыл шатыр.
Сарғайытқан бозбаланы күн де батты,
Бетіне қараңғы түн перде тартты.
Мойнынан өз қызметін күн атқарып,
Міндетін бұл тартыстың түнге артты.
Қызарып күн де батты таудан асып,
Ақ үйден шықты қыздар қадам басып.
Тартысқа белгіленген үйге қарай,
Жөнелді сыңсып олар қатарласып.
Сыңсыған сүйгенінің даусын естіп,
Ағызды көзден жасын біздей ғашық.
Ішінде көп жұлдыздың айдай еді,
Қайтейін, болмаған ғой маған нəсіп.
Налимын жеке отырып жаппар хаққа,
Қара түн туғыздың деп біз бейбаққа.
Отырған жерде жауды жоқ қылсам деп,
Кей-кейде көз саламын шатыр жаққа.
Жиылды қыз, бозбала үлкен үйге,
Жыршылар домбырасын салған күйге.
Бай, жарлы, жастар келді сексен-тоқсан,
Келіпті бай қыздары мінген күйме.
Бəрі де тойға келген ермек үшін,
Мереке, ойын-күлкі көрмек үшін.
Əкімдер, дос-досымен бірер күнге,
Қымсынбай емін - еркін жүрмек үшін.
Киінген қыз-келіншек аянбай-ақ,
Қосылған Қозы Көрпеш – Баяндай-ақ.
Іші тар Қодар құлдай қыз қорыған,
Келіпті кей кемпірлер қолда таяқ.
Жиылып түгелденді жұрттың бəрі,
Жастардың ойын-күлкі ынтызары.
Жиылған бір өңкей жас назар салсаң,
Болмаса Қодар құлдай кейбір кəрі.
Шай ішіп, ет жеген соң басталды ойын,
Барады енді қызып осы жиын.
Əуелі өлең, екінші ойын жасап,
Сауық қып отырысты түні бойын.
Бір ақын той бастады домбыра алып,
Тыңдады жиылған жұрт құлақ салып.
Байлығын Медетбайдың баян етіп,
Тастады біраз жерге алып барып.
Қыздар да екеу-екеу əнге салған,
Жамандар жүрексінген айтпай қалған.
Қыз ойнақ, той тартысы бозбалаға,
Көрінер сүйкімдірек дүние-малдан.
Шаттанған жұрттың бəрі ойнап-күліп,
Жалғыз-ақ мен екенмін түскен бүлік.
Бұл сауда басқа түспей тұрған күнде,
Кетуші ем осындай да аттай желіп.
Сол кезде ішімде от, тысым жалын,
Қайғымен түсім сынық, көңілім жарым.
Көрген соң мұның бəрін қайнайды ішім,
Болған-ды бір жасаған медеткəрім.
Көрген соң бұл шаттықты қайнайды ішім,
Оңбаған о бастан-ақ қылған ісім,
Бұхардың шынжырлаған бурасындай,
Қайраймын сықырлатып отыз тісім.
Айтпаққа қызға жар-жар көңілім кетті,
Бұл қайғы жиырма үште əуре етті.
Озған соң, түн ортасы таңға жақын,
Айтатын қызға жар-жар уақыт жетті.
Бұл қиял келді де ойға тысқа шықтым,
Салғанын көрейін деп жаббар хақтың.
Кеткен соң ішім толып қайғы-дертке
«Уф», – дедім, леп шығардым, көкке бақтым.
Кеткен соң ішім толып қайғы-дертке,
Сыймайды лоблып көңілім көкірекке.
Бір суып, бір қызады ғазиз денем,
Қараймын көзім салып төңірекке.
Аспанда жұлдыз жті жыбырлаған,
Жан-жəндік бəрі ұйқыда қыбырлаған.
Іштегі хасіретіме түсінгендей,
Жұлдыздар бір-біріне сыбырлаған.
Бір суып, бір қызады ғазиз денем,
Жапам көп болғаннан соң хиял терең.
Зорланып ой суына шомыған соң,
Құралып сөздің басы келді білем.
Қалтырап қадам басып, жетіп келдім,
Өлеңді қыз тұсынан қоя бердім.
Бұл фəни дүниенің аз күнінде,
Басына не келмейді ғазиз ердің.
Сол жерде бес-алты ауыз «аужар» айттым,
Тартуға ілтипатын əлеуметтің.
Жамағат, оны-дағы тыңдап қара,
Мазмұны мынау болды айтқан кептің:
– Ақ бөкебай орамал,
Басыңда дүр, жар-жар-ай,
Жарыса өскен қатарың
Қасыңда дүр, жар-жар-ай,.
Оң жақта сүрген дəуреннің,
Біткен күні, жар-жар-ай,
Орамал кеткен басыңнан
Жасыңда дүр, жар-жар-ай,
Құрбыңменен ойнаған
Ақырғы түнің, жар-жар-ай,
Сəскеден қалмай таң атса,
Табарсың жөнін, жар-жар-ай.
Енесінен айырылған
Балапандай, жар-жар-ай,
Ертеңнен соң естіліп
Шықпас үнің, жар-жар-ай.
Артыңда қалар желкілдеп,
Туған жерің, жар-жар-ай.
Кіріңді аққан суына
Жуған жерің, жар-жар-ай.
Қатарыңмен қосылып,
Қарындасым, жар-жар-ай,
Талай қызық заманды,
Қуған жерің, жар-жар-ай.
Артыңда қалар жыласып,
Туған елің, жар-жар-ай.
Қынай белің жібекпен
Буған жерің, жар-жар-ай.
Ішімізден кетті деп,
Бір асыл зат, жар-жар-ай,
Көзден жасын төгеді,
Саған елің, жар-жар-ай.
Артта қалып еңірейді
Туған атаң, жар-жар-ай.
Көзінің жасын көрген соң,
Қозар жапаң, жар-жар-ай.
Келін болып түскен соң
Бөтен елге, жар-жар-ай.
Ботасынан айырылып,
Боздайды анаң, жар-жар-ай,
Кеткеніңе елегізіп,
Төзбейді анаң, жар-жар-ай.
Келін болып барған соң,
Бөтен үйге, жар-жар-ай.
Ойға түсіп мұндағың,
Кетер мазаң, жар-жар-ай.
Ағаң менен артыңда
Інің қалды, жар-жар-ай.
Оң жақтағы ойнаған
Күнің қалды, жар-жар-ай.
Шұға киген қыз есімің
Өзгеріліп, жар-жар-ай.
Жаулық түсіп басыңа
Келін болдың, жар-жар-ай.
Айнала сан назарың
Қарындасым, жар-жар-ай.
Бəрі сенің қатарың,
Қарындасым, жар-жар-ай.
Жылашы қыз-ау, жылашы,
Ғамгүн болып, жар-жар-ай.
Біліміңді қараң батарын,
Қарындасым, жар-жар-ай.
Ағайының ішінде
Жүрмек қайда, жар-жар-ай.
Енді саған қатармен,
Күлмек қайда, жар-жар-ай.
Жылап-сықтап сəскеде
Жөнелген соң, жар-жар-ай.
Күлмек түгіл, жүздерін
Көрмек қайда, жар-жар-ай.
Бикеш жан деп сыйласқан
Жеңгең қалды, жар-жар-ай.
Аман бол деп көзіне
Жастар алды, жар-жар-ай.
Кетеріңді білген соң,
Осы отырған, жар-жар-ай.
Əлеуметтер бастарын,
Төмен салды, жар-жар-ай.
Тамшылайды етекке,
Көздің жасы, жар-жар-ай.
Бір елдегі сен едің
Қыздың басы, жар-жар-ай.
Көзінің жасы мөлтілдеп
Тұсында тұрып, жар-жар-ай.
Ғашығың айтқан «аужары»
Сөздің расы, жар-жар-ай.
Жар-жарды осылайшы болдым айтып,
Ғашықтық қатты батты көп сарғайтып.
Шыдар ма қыз жыламай, тас та болса,
Бұл дəурен қайта айналып келмес қайтып.
Бір кезде қыз сыңсыды қайғыланып,
Əркімнің іш қайғысы өзіне анық.
Жылайды не нəрсе ойлап ол сұлу қыз,
Ол сыры өзіне аян, маған танық.
Қыз сыңсып тап сол жерде көп жылайды,
«Аман боол, қайран жұртым», – деп жылайды.
Тиеді атқан оқтан маған зият,
Күмістей қыздың даусы сылдырлайды.
Бар екен ол жиында бірл келіншек,
Болмайын, баяндайын, мен еріншек.
Өзі де қызыл тілдің бұлбұлы екен,
Емес-ті жеңіл малдай ол сүріншек.
Ол бұлбұл отыр екен қызға жалғас,
Көп аса қалжың сөзге құлақ салмас.
Қыз сыңсыған кезекте шешен болмай,
Жалпы əйел көңіл ашып жұбата алмас.
Лебіз ашып ол келіншек бастайды сөз,
Жұбатты қызды өлеңмен ұзатпай тез.
Көңіл ашып айтқан соң орынды ғып,
Сыңсыған қыз бейшара басылды тез.
Тамаша жұрт таң қалды жас əйелге,
Ақылы кең, жас та болса, бас əйелге.
Бұл ақыл бір өзінде тұрған шақта,
Нəпсіге тізгін беріп асылы ерме.
Немере жеңгесі екен ол жас қатын,
Жақсының кім сөгеді жұрағатын.
Қонымды сөз айтқан соң халайыққа,
Тойтармас шешен ерлер сөз ұятын.
Ғашықтық қайғысымен тарттым азап,
Асыра сөздер айттым қызды қажап.
Айыпқа оқырмандар алма мені,
Салдары ғашықтықтың қылды кəззап.
Жарасты жас келіншек сөзін айтты,
Жылаған сыңсып қыздар үйден қайтты.
Оның да сөзін жазып бұл кітапқа
Оқыған қуантайын əлеуметті:
Жарыса өскен қатарың,
Осында дүр, жар-жар-ай.
Жолаушының тілеуі
Қасында дүр, жар-жар-ай.
Əйелдің көрген дəуіріне
Əлеуметім, жар-жар-ай.
Алған адал жарының
Тұсында дүр, жар-жар-ай.
Оң жақта қыз жүгенсіз,
Атттай болар, жар-жар-ай.
Жерде жатқан тот басып
Заттай болар, жар-жар-ай.
Əйел – ханым, жігіт – хан,
Деп айтылған, жар-жар-ай,
Бұрынғының нақылы
Хаттай болар, жар-жар-ай.
...Жұртың үшін жылама,
Шын жұртың онда, жар-жар-ай.
Аз күн бізге қонақсың.
Тұрмайсын мұндаб жар-жар-ай.
Халалыңа қосылып,
Тілекте болсаң, жар-жар-ай.
Көп мереке қызықты
Көрерсің сонда, жар-жар-ай.
Жар-жарын жас келіншек айтып болды,
Жылауын өксіп-өксіп қыз да қойды.
Ішімде зор қызғаныш пайда болып,
Көрсетті сұр жыландай жиын тойды.
Дал болып мен отырмын жерге қарап,
Тұс-тұсқа зейін, пікір кетті тарап.
«Əлпірақ» деген бір сөз ойға түсіп,
Сандалған бір Мəжнүнмін халім харап.
Жаныма сол үақытта біреу келді,
Қолыма төрт бүктелген қазағаз берді.
Əкелген он-он бірде жас бала екен,
Бұл хатты апам саған берді деді.
Оңаша жерге жалғыз шығып алдым,
Азырақ көздің жасын сығып алдым.
Жалма-жан оттық жағып, жарық қылып,
Мазмұнын ол қағаздың ұғып алдым.
Мінекей, білгің кедсе жазған сөзі,
Дүниенің харам болар келді кезі.
Япырмай, не ғылған жан, ішкі сырын,
Сақтаған ешкімге айтпай жалғыз өзі.
Қыздың ішкі сыры
Қыздардың ішкі сыры Аллаға аян,
Ешкімге сырын жауһар етпес баян.
Кетерде сізге айтайын замандасым,
Алдыңа хал-ахуалым болсын аян.
Менің де көргеннен-ақ көңілім кеткен,
Бұл сауда мені-дағы əуре еткен.
Өзің де ойлап қара, мен қайранмын,
Іс бар ма бұлай болған құдіреттен.
Менің де сізді ойласам ішім жалын,
Кетеді кейуақытта ықтиярым.
Дүниеде татар дəмім таусылғанша,
Жүрермін тарта-тарта ғашық зарын.
Қайтейін жалған дүние опасы жоқ,
Пендеге күн де түрлі жапасы көп.
Міндетін мойнымдағы атқармасам,
Болар ма сүймес жардан көңілім тоқ.
Құдіреттен құтылар ма пенде үркіп,
Машриқтан мағрип қашса желіп-жортып.
Ғазизім Баймұхаммет еске түссең,
Жүрермін жылай-сықтай көзім сүртіп.
Аһ, дүние, баяның жоқ жалған дүние,
Талайды арманда ғып алған дүние!
Мақсатқа хиялдағы жеткізбестен,
Көңілге кетпес дертті салған дүние!
Не пайда күнің шығар, күнің батар,
Бай қызық нар жетектер қатар-қатар.
Мен сорға қара күндер көп туғыздың,
Қайғыға шыдай алмай жылап жатар.
Көңіліме естен кетпес салдың уайым,
Бар еді не жазығым, бір Құдайым.
Я, рахман, бір рақметің түсер ме деп,
Зікіріңнен босатпадым тілім дəйім.
Өзім ойлап кір таппадым пилығымнан,
Қайғының құтқармадың құрығынан.
Орнаған тамырланып ғашықтықты,
Құдай-ай, алшы тартып көңілімнен!
Ғұмырлық зор қайғыдан құтқар Алла,
Қара күн келешекте басқа салма.
Болмаса өзің қосқан халал жолмен,
Қауыштыр құдіретіңмен сүйген жарға.
Налыған Гүлкəшима сорлы күнің,
Өте ме зұлматпен көрген күнім?
Серігім дұрыс болып жолықпады,
Берсең де жөн танырлық маған білім.
Біреуге бір көргеннен ғашық қылдың,
Ажарсыз бір наданға нəсіп қылдың.
Көңілдің бір қалауын тұс келтірмей,
Ағуға көзім жасын ашық қылдың.
Құдая, не қылсаң да құдіретің бар,
Я, рахман, рахымыңа мен ынтызар.
Адамға көңілім сүйген тұс келтірмей,
Қор қылып бір наданға жылаттың зар.
ІІІ
Қалтадан шыққан қағаздың сөзі
Ей, менің сүйегімді көрген адам,
Мені адам өлтірген жоқ, болма надан.
Отына ғашықтықтың шыдай алмай,
Көшірдім өзімді-өзім бұл дүниядан.
Қос сорлы қартайғанда қан жылаттым,
Сəлем айт, бақыл болсын атам-анам.
Тобылдың жар астында Баймұхаммет,
Жанында өткір пышақ, қолда қалам.
Ахуалын ақ қағазға жазғаннан соң,
Пышақпен өз ғұмырын етер тамам.
Ғашығы Гүлкəшима басқа түсіп,
Келмеді көтеруге оны шамам.
Тобылда жалғыз үйлі Үңгіт едім,
Болмаса бұл ғашықтан едім аман.
Ақылым зая болды, сабырым кетіп,
Бір қызын Медетбайдың көрген заман.
Өз ғұмырым ақырда өзім тамам еттім,
Айырылып сүйген жардан жүрген жаман.
Қош сау тұр, артта қалған кемпір мен шал.
Балаңа дұға айлаңыз қадари хал.
Жоқ еткен өзін-өзі бейшараны
Қарғамай, мархаматты есіңізге ал.
Жалаңаш бұл дүниеден кеткен ерге,
Фатима ақыретте құйрық пен жал.
Мақсатқа ойға алған жетпеген соң,
Дүниемен қоса құрсын жиналған мал.
Кешкі сүт пісірім заман қанға батқан
Денемді көлеңкелер шоқ қара тал.
Ағайын Сырға көшкен бата қылса,
Елінен Мөңке Табын хабар болса,
Есітсін бұл хабарды Гүлкашима,
Сəламат барған жерде тірі жүрсе.
Шат болар қара жерде жатқан денем,
Есітіп Гүлкəшима бата берсе.
Дем алсын отын оттап, суын ішіп,
Көп жортқан Гүлкəш үшін жорға керше.
Көзінен ата-анам жас ағызар,
Жүгенсіз, ерсіз жүрген Керді көрсе.
Ақырда сізге сəлем Гүлкəшима,
Зат едің асыл туған ұрғашыда.
Дұға қыл есіткенде мен ақымаққа,
Жоқ қылған өзін-өзі «болмашыға».
Бұл дүние құтты болсын енді сізге,
Қылмады жалған опа тіпті бізге.
Өзгеге туған ана болсаң-дағы,
Өгей боп душар болды біздің кезге.
Жарқырап күнім туып жетер-жетпес,
Қызарып бата қалды тездеп-тезге.
Көңілге сүйеу кəлимə тəубə,
Ақырда жат етейін хақтың атын.
Тапсырдым, жаббар саған, ата-анамды,
Жалғыздың көрмей қалған кəмəлетін.
Мойнымда гүнəһім көп, тəубə еттім,
Қабыл ет, тəубем көпке жүз ұятым.
Жоқ қылып өзім-өзім пышақ ұрып,
Тұтпадым пайғамбардың шариғатын...
Қош, сау бол, ұзын аққан Тобыл өзен,
Ішінде тоғайыңның шығар жаным.
Топыраққа аунап бұлғанған қызыл қанға,
Жуылар ақ суыңа ғазиз тəнім.
Түсіріп өткен күнді жұрт есіне
Қойылар бір шыңыңа мола тамым.
Ақырыда Гүлкашима, тағы сəлем,
Бұл айтқан ықылас сəлем соңғы кəлəм.
Қайғылы тіршіліктен өлген артық,
Алдыңда жоқ болған соң ешбір алаң.
Барады күн еңкейіп енді кешке,
Ұзамай істің соңы болсын тамам.
ІV
Сөз соңында
Ау, құрбым, бұл қиссаны оқып көрдің,
Ойлаушы, не түсіндің, нені білдің.
Бірталай уақытың озды, көзің талды,
Шамала онан қанша пайда қылдың?
Бірталай уақыттың озды, көзің талды,
Бейнелеп бəрін білдің болған халді.
Есіңнен əр уақытта тастамастай,
Көңіліңе ғибрат болып несі қалды?
Білмесең мен айтайын тыңдап қара,
Өзің де ақылға сал, болма бала.
Ғибрат бар екі-үш түрлі бұл қиссадан,
Жүргейсің есіңе алып ойлап қана.
Əуелі сен шамала қыздың жайын,
Жаратқан оны сұлу бір Құдайым.
Қазақтың келіспеген əдетінен,
Көңіліне бейшараның түскен уайым.
Күйеуге қыз бергенде қазақ халқы
Сөйлеспек қалың малды əуелі салты.
Ойында екі жақтың еш болмайды,
Қосылған балалардың мінез қалпы.
Лайық па күйеу қызға, қыз күйеуге,
Бұл жерін ескермейді ешбіреу де.
Қыз беру, келін алу біздің жұртта,
Мал алып, мал сатқандай мысал сауда.
Бай болса күйеу жағы дəулетке мол,
Нəсілі болса-дағы қызылбас құл.
Өздері шикі надан лас болса да,
Көп малдың арқасында алады жол.
Бір надан шаруаның болса малы,
Қыз алар он бес жасар кəрі шалы.
Малы жоқ жарлы, сорлы былай тұрсын,
Дегеннің тəп-тəуір-ақ осы халі.
Ау, құрбы, медет байды шамалашы,
Шықпай ма Медетбайдан сөз расы.
Азырақ қойы деп қызын берді,
Құданың болса да анық надан, ласы.
Құдайым Медетбайға бала берді,
Балаға ақыл, ажар жəне берді.
Əкесі малға сатып сорлы қыздың,
Кетпестей сор көңіліне жара берді.
Бейшара Гүлкəшима мұңды емес пе.
Ғұмырға шырағы өшкен сорлы емес пе?
Ақылы, білімі, ажарын ықтиярсыз,
Қор еткен бір наданға қорлы емес пе?
Құдайым ақыл берген оған қалап,
Абыройын өз басына жүрген балап.
Көбісі сорлы қыздың сондай болған,
Жоғалтып жаста-ақ абырой болар харап.
Көп қыздар осындайдан қор болып жүр,
Халыққа күлкі болып ата-ана сор.
Бейшара сорлы қыздар білмейді ғой,
Абырой, кеткен де бір, өлген де бір.
Ойласаң бұл бір ғибрат аталарға.
Бір ата шын мұсылман егер болса,
Істеуге мұндай қате бата алар ма?
Екінші бойға жеткен қыздар білсін,
Асылдан – Гүлкəшима өрнек көрсін.
Бейнеқақ жаман ерге тура келсе,
Сорлыдай Гүлкəшима нық боп тұрсын.
Алтыннын абырой қымбат қыз балаға,
Алтынды ақамақ болса қызғана ма.
Өкпелеп жаман күйеу тұс келгенге,
Болмасын етек жайды қыз балаға.
Үшінші, сізге ғибрат жігіт-ерлер.
Шығады жігіт ішінен кемеңгерлер.
Жастан-ақ өнер іздеп талаптанған,
Жігітті бəрекелді адам дерлер.
Келсе хал, пайда ойла қазақ елге,
Өмірді Байекеңдей берме желге.
Жауһарын əуейілікпен отқа жаққан,
Ғибрат Баймұхаммет білгендерге.
Жас күнің – өнер іздер, нақ дер шағың,
Халқыңның ойлай берші оңар жағын!
Бата сол бізден сізге, ғазиздерім,
Сор қазақ көтере бер аруағын.


Түсінік.


Мұхаметжан Сералин. «Гүлкəшима». ХІХ–ХХ ғасырлар тоғысындағы қазақ қауымындағы əлеуметтік мəселелерге арналған дастан. Осы туындысы арқылы М.Сералин реалистік əдістің Абай бастаған дəстүрін ілгері жалғастырды. Əдебиет зерттеушілерінің тұжырымына сүйенсек, оның Абайдың төл поэзиясымен де, аудармаларымен де жақсы таныс болғаны байқалады. «Гүлқашима» дастанының құрылымы, екі жастың хат арқылы айтқан сырласу сөздері А.С. Пушкиннің «Евгений Онегин» дастанын аудару барысында Абай қолданған көркемдік тəсілдерді еске түсіреді. «Гүлкəшима» поэмасы 1903 жылы Қазан қаласындағы Кəрімовтер баспаханасынан жарыққа шыққан.





Пікір жазу