27.05.2022
  1075


Автор: Көкбай Жанатайұлы

Абылай хан. Сабалақ

Қазақтың ұлы ханы Абылайхан,
Көп емес өткеніне аз-ақ заман.
Уəли өз əкесі хан сайланбай,
Қазақтан басқа жаққа қонысы ауған.
Абылай хан боп өтті қолы жеткен,
Қазақтың баласына еңбек еткен.
Əкесі Абылайдың Уəли еді,
Өкпелеп хан бола алмай ауып кеткен.
Нағашысы Ғайып ханға кеткен ауып,
Тыныштық тұрып қапты сонда тауып
Жетім-жесір боп қалды Уəли хан,
Елімен Ғайып ханның қалмақ шауып.
Ақтабан шұбырынды аштық болып,
Ел кетті бет-бетімен қайың сауып.
Жас бала Əбілмансұр қалды жетім,
Еліне жетер емес қайта тауып.
Сөйтсе де талаптанып ізденеді
Жолдағы қорқыныштан қылмай қауіп.
Iздеп кеп Төле биге сəлем берді,
Таба алмай ата-баба туған елді.
Жыртылған үсті-басы далба-дұлба,
Тағзыммен рұқсат сұрап кіріп келді.
Кірген соң мұны қарап Төле көрді,
Бала да тағзым етіп сəлем берді.
Бұл маңның адамына ұқсамайды,
Жол шегіп, келген ғой деп ұзақ жерді.
(1861 1952)
Бір бала үсті басы далба-дұлба,
Күрсініп дем алады анда-санда.
Жылтыр көз тікірейген, сұрғылт сары,
Жаратқан ерекше ғып алла тағала.
Қой жүні жыртық күпі, сеңсең тымақ,
Көзіне шашы түсіп кеткен тым- ақ,
Отырысы сұңқардың баласындай,
Нəсілі Төле биге кетті ұнап.
Сұрады аты, жөнін Төле мұның,
Бар ма деп əке-шеше, аға, інің?
Адам болсаң- хан текті, құста-сұңқар,
Байқасам келіседі соған түрің.
Құс болсаң ақсұңқардың балапаны,
Адам болсаң – қазақтың нағыз ханы.
Шырағым, төремісің, қарамысың?
Жөніңді бастан аяқ айтшы, қане.
Бала айтты: атым да, жөнім де жоқ,
бір баламын,
Дəм айдап тентіреген бейшарамын.
Əке-шеше, ел-жұртым, туғаным жоқ,
Атымды сіз қойсаңыз құп аламын.
Алынбай көптен бері шашы-да өскен,
Сабалақ сеңсең тымақ көзге түскен.
Үсті-басы сапсыйып тұрғаннан соң,
«Сабалақ» сенің атың болсын дескен.
Төленің қойын жайды, қоржын іліп,
Еш жүрмес бала болып, ойнап-күліп.
Төле би əр жерінен байқады да,
Төре затты екенін жүрді біліп.
Сабалақ түйе жайды қойдан шығып,
Жас болса да жасымас жаудан ығып.
Ертелі-кеш жылқыға айналады,
Нəсілді жата ма екен, үйде бұғып.
Ауысып қойдан шығып, түйе бақты,
Күн сайын көрсетеді көп қайратты,
Төленің міндетті ісі онда болып,
Ғалат жоқ, еткен жұмыс тиянақты.
Ас болып барып еді би бір жаққа,
Қой басын сарқыт етті сынамаққа.
Түйеге келсе бала ұйықтап жатыр,
Жайылып төрт борбайы төрт тарапқа.
Би, келіп тамаша ғып бұған бақты,
Айтамын ғой бұл бала асыл затты.
Төрт борбайын жайғаны төрт тарапқа,
Тегінде билейді екен төрт тарапты.
Деді де, жолдасына басты берді,
Қасынан өзі жүріп, кетеді енді.
Сарқытты беріп -айтып кел, не қылғанын,
Жасырмай көргеніңнен артық-кемді.
Жолдасы Төле бидің берді басты,
Оянып, оң жанбастап көзін ашты.
Құбылаға қарап тұрып керіліп ап,
Шақырды құрбы-құрдас, бар жолдасты.
Оларға кесіп берді көз-құлағын,
Өзі жеді құйқа мен езу жағын.
Төле бидің жолдасы сұрайды енді,
Мұның қалай, мырзалық, Сабалағым?
Бірі көз, бірі құлақ- жолдастарым,
Беруге осы болды қолда барым.
Мен сеніп ұйықтап қалдым осыларға,
Əйтпесе болмас па еді көңілім жарым.
Төле бидің жолдасы үйге қайтты,
Көргені мен білгенін бəрін айтты.
Көпшілікті мырзаның ісі екен деп,
Патша затты адам деп ішін тартты.
Түйеден тағы ауысып жылқы бақты,
Енді көрсете бастады көп қайратты.
Төленің бар міндеті мұнда болды,
Майталман ойындағы бəрін тапты.
Бір күні жылқы ішінде отыр еді,
Екі баран, бір қызыл атты келді.
Жасы үлкен үш кісіні көргеннен соң,
Сабалақ əдеппенен сəлем етті.
Ол сөйтсе Қанжығалы қарт Бөгенбай,
Биге кеп қонақ болды үш күн ұдай.
Қалмаққа аттанысып барады екен,
Шерік қанша жер деді, мұнан бұлай.
Сабалақ түнде келіп Бөгенбайға:
Мен де құмар жан едім осындайға.
Бөке, мені тастама осы жолдан,
Бір сапар үйренейін амал-айла.
Ертең Бөкең жөнелді қасына ертіп,
Төртеуі келе жатыр екпіндетіп.
Күні-түні қалмақтың ізіменен,
Ел жата, шекараға келді жетіп.
Бөкеңнің бала тұрды атын ұстап,
Батырдың өзі кетті қайрат қыстап.
Бір топ атын əкелді жырып қана,
Бəрін де кежімдеген аламыстап.
Бала айтады: Бөке енді мен барайын,
Құдай берсе, бау ашар мал алайын.
Атымды ұстап тұрыңыз біраз ғана,
Қимылдап, талап етіп қарманайын,
Бөкеңе атын тастап бала кетті,
Бүкеңдеп қотанына барып жетті.
Көр бала секілді емес, жаңа пері,
Жымпырылып кетеді, тым-ақ епті.
Кешікті, таңның болды қараңғысы,
Дүрсілдеген көрінеді екі-үш кісі.
Серігі қашса-дағы Бөкең тұрды,
Қайткенмен шыдамды ғой батыр ісі.
Бөтен емес көрінген болды бала,
Тастамай келген екен істі шала.
Екі түйе сымбалды артып алып,
Қылып жүрген батырдың ісін қара.
Кешіктім мына түйе жүкті қармап,
Атандарын ішінен алдым таңдап.
Өзіңіздің сыбаға біткеннен соң,
Үйден жүкті шығардым жеңгейге арнап,
Сонан соң қайта салды елге таман,
Сəскеде ел шетіне келді аман.
Бөкең айтты: балам, сүйгеніңді ал,
Мен олжаға тойғалы талай заман.
Бала айтады: «Бөке мен олжа алмаймын,
Дүниеге, не қылайын, көз салмаймын.
Егерде ықыласымен бата берсең,
Батаңыз қабыл болса құр қалмаймын».
Қол жайып бата берді қарт Бөгенбай,
Жəне атын, түсіп берді, сөзге болмай.
Жылқының тұлпары еді Нарқызылым,
Шырағым, мен қартайдым, саған орай.
Шырағым-ай көзің отты бала екенсің,
Мінезің қазақтағы хан екенсің.
Жазғытұрым қалмаққа аттанамыз,
Соған да керек болар жан екенсің.
Бастығы хан барады Əбілмəмбет,
Ат қаратіл болғанда қоямыз бет.
Шырағым Нарқызылды таза сақта,
Ер білінер жол еді, не қылсаң жет.
– Кет Бөке, бұл сөзіңді Төлеге айтып,
Рұқсатсыз биекемнен кетем қайтып.
Егерде биден рұқсат алып берсең,
Мен онан тоқталмаймын тізгін тартып.
Төлеге Бөкең қонды қайта басып,
Аңғал батыр, олжаға көңілі тасып.
Жорыққа Сабалақты жібермекке,
Бименен үйге қайтты уағдаласып.
Жаз шықты жер жүзінің қары еріп,
Бөгенбай жіберіпті хабар беріп.
Жаратып Нарқызылды баптап алып,
Жолықты бара жатқан қолға келіп.
Байлаған жымыра тымақ боз балалар,
Күн туды ақ сүңгіні қолына алар.
Кəпірден өлсек шаһит боламыз деп,
Еш адам көрінбейді жанын аяр.
Екі қол ерте келді қарсыласып,
Ер еріккен сықылды, қорқақ жасып.
Бір кезде жекпе-жек деп, дабыл салды,
Əрі-бері төбелесіп, араласып.
Бұл жолы қазақ кегін алмақ еді,
Ерініп, үйде кісі қалмап еді.
Ақтабан шұбырынды елді шапқан,
Қоңтажы-Церен деген қалмақ еді.
Қалмақтан батыр шықты бір қасқа атты,
Қазақтың батырларын көп қиратты.
Жүремете онды алды жекпе-жекте,
Оған қарсы баруға жан шықпапты.
Қазақтың бір қысылып қалған жері,
Қалмақтың жекпе-жекте алған жері.
Əбілмəмбет ақырды қолға қарап,
Құрыған ба шіркіннің арманды ері.
Бөгенбайдың құр ғана сүлдері құр,
Егде тартқан соғады кеудесі құр.
Сабалақ киім, шешіп қам қылады,
Алла деп бұл сапарға барайын бір.
Жетелеп аттан түсіп ханға келді,
Жап-жас бала екенін халық көрді.
Аллаға, аруаққа сиынайын,
Қол жайып батиха бер маған деді.
Ызамен жауға қарап, ұртын шайнап,
Оң жеңін босатады, белін байлап.
Ысқырып аты-дағы жер тарпиды,
Дегендей тез жүрейік сөзді қойлап.
Қол жайып бата берді Əбілмəмбет,
Жұрт тұрысты шуылдап а Құдайлап.
Қолда найза, белінде қанжары бар,
Топтан шаба жөнелді «Абылайлап».
Қасқа атты қарсы шықты бұған қалмақ,
Жан екен бір кісіге о да салмақ.
Жыңғылдай өзі дағы горуд екен,
Қайласыз қиын екен күшпен алмақ.
Ол заманда кезексіз ұрысқан шам,
Не қылса да біреуін түртті қой қан.
Қалмаққа кезек беріп қарап тұрды,
Батырым күшің болса қалма деп хан.
Антұрған аямады тура салды,
Əбілмансұр Аллаға көп жалбарды,
Сауыттың бір қабатын сындырды-да,
Найза ұшы денеге сəл өтпей қалды.
О да берді кезегін шыдап тұрып,
Толғады ши-бөрінің басын бұрып.
– Я жар бол қанішердің аруағы, деп,
Қалмақты өндіршектеп қалды ұрып.
Жығылды өне бойы қанға батып,
Салған соң найза үшін қорқыратып.
Сүйекке қалмақ жақтан кісі шапты,
Барабан өз заңынша даңғырлатып.
Он кісі қалмақ келіп төбелесті,
Екі жақ ұран салып дүрілдесті.
Өңгеріп құтылмастай болғаннан соң,
Ұстап ап айдарынан басын кесті.
Басты байлап алды да айдарынан,
Атын да алды тастамай сайманынан
Бұрынғы Сабалақ деп ойлар емес,
Қараса жан шошитын айбарынан.
Түк қыла алмай сүйекші қайтты кəпір,
Дүрілдетіп жөнелді біздің батыр.
Қолда найза, белінде қанжары бар,
Бас жанында салақтап келе жатыр.
Басты əкеп хан алдына тастай берді,
Əбілмəмбет тамаша ғып оны көрді.
Айдары сала-құлаш дəл қазандай.
Түйенің ерніндей төменгі ерні.
Əкеліп қасқа атты да ханға берді,
Кім сыйламай тұрады мұндай ерді.
Батырларды қасына ертіп алып,
Қалмаққа тобын жазбай қайта кірді.
Көп адам жөнелісті қасына еріп,
Ерлігіне сенген соң көңіл беріп.
Біраздан соң қалмақтар беті қайтып,
Қуалады батырлар қойдай теріп.
Көбейіп қалды қолдың олжалары,
Масайрап қуанады жас пен кəрі.
Ауылын шауып, жауының малын алып,
Ертең түсте қосына қайтты бəрі.
Əбілмəмбет шақырды Сабалақты,
Жұрт келіп жан-жағынан қамалапты.
Жиналған шаршы топтың ортасында,
Хан сонда батырынан жөн сұрапты:
– Шырағым, неге шаптың Абылайлап?
Босады жүйкем қатты ағамды ойлап.
Əкең кім? Ел-жұртың кім? Туғаның кім?
Жөніңді бастан аяқ айтшы жайлап.
Бала айтты: қазақ, қалмақ ерегесі,
Мұндайда ердің қозар делебесі.
Қысылған соң аузыма түсіп кетті,
Абылай – атам, мен – оның немересі.
Шын атым – Əбілмансұр, əкем қойған,
Өз əкем шабындыда басын жойған.
Сұрасаң, əкем аты – Уəлихан,
Дариға-ай, көз кеткен соң шығады ойдан.
– Қарағым, анықсың ба – Əбілмансұр?
Сағынып жүруші еді сүлдерім құр.
Бір баланың қалғанын естуші едім,
Əбілмансұр екені түрінде тұр.
Хан жүгірді сол жерде аттан түсіп,
Баланы құшақтайды қатты қысып.
Хан қатты жылағанын көргеннен соң,
Көңілі бостар кетіпті аттан ұшып.
Жұртқа айтты:
Уəли кеткен өкпелеп хандық үшін,
Мен көре алмай қалғанмын оның түсін.
Жамағат, тақ иесі осы емес пе?
Өздерің көрдіңдер ғой қылған ісін.
Халайық, есесі еді мұның хандық,
Тəңірім жаратыпты жақсы жан ғып.
Мен-дағы қартайып ем еріншектеп,
Шүкір енді иеге жарып қалдық.
Жұрт шу етіп: Алдияр, болсын деді,
Балаға аруағың қонсын деді.
Тəжін əкеп кигізді өз қолымен,
Жолыңа құт-береке толсын деді.
Жұрт шуылдап айтады ақ сарбасын,
Хан салды мойнына ақ сəлдесін.
Ұран салып жұрт қайтты қуанысып,
Жаңадан сайлап алып падишасын.
Жас бала таққа мініп, киді тəжді,
Бірдей көріп қалтқысыз көп пен азды.
Тақуа жас күнінен сопы болып,
Ұстатты ораза, намаз, зекет, хажды,
Шақшақ Жəнібек қазақтың білімдісі,
Өзі ер, əрі тақуа молда кісі.
Сол уақытта қазақтың бір ден қойған,
Ақсақал, ел ағасы, ырымдысы.
Бата алып, соған барып келсін – дейді,
Апарып тарту сыйлық берсін – дейді.
Арғынменен Найманнан алтау болып,
Екеуі Уақ, Керейден ерсін – дейді.
Тоғыз кісі жөнелді Жəнібекке,
Ол заманда болмайды араз, өкпе.
Ерлігіңмен ақтадың елдің мұңын.
Сапарын мүбəрəкті болсын көпке.
«Тəж-тағың құтты болсын балам», – деді,
«Дүниеге бола берме алаң», – деді,
Жұбын ашпай еліңді ұйымдастыр,
«Бұл жағдайды есіңе салам», – деді.
«Жарайды, келгеніңді мақұл көрем,
Айтамын біраз нақыл саған», – деді.
«Жұмысыңа тиянақты, ұқыпты бол,
Күн сайын арта берсін санаң», – деді.
Бұл келген тоғыз адам бəрі де ерді,
Абызға сəлем беріп кіріп келді.
Бата алмаққа келгенін баяндауға,
Қанайы қарауылдың аттай желді.
Мəнісін əбден біліп ұғынған соң,
Айтады бір жауапты толғап енді:
Үш түрлі ақыл айтамын бата беріп,
Батырлар ұғып отыр бəрің теңді.
Əуелі – өкін, ісіңді қылып алып,
Жұмыс бітпес, ойлансаң ойға салып.
Екінші: елің биле еңбекпенен,
Еріншек боп жүрмесін халқың налып.
Үшінші: ала қылмай əділет қыл,
Шаршаған, шалдыққанның күй-жайын біл.
Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап,
Қазақ дəурен сүріпті бір талай жыл.
Абылай дəл осының қылды бəрін,
Менің де естігенім ұзын сарын.
Қазақтың ұлы ханы – кенже ханы,
Ала қылмай билеген əммəлəрін
Жасында хан Абылай өстіп өскен,
Елге еңбек қылғанмен уақыты кешкен.
Өмірі қарауылмен кешілуде,
Жан емес, тыныш ұйықтап, белін кешкен.
Түйіндеп сөйлей-тұғын сөзді қысқа,
Күн өткізіп жүрген жоқ бекер босқа,
Рақаттанып көңілі тұрушы еді,
Үстемшілік болса егер бір соғыста.
Ашуланса тыныштық ұйқы көрмей,
Сұрғылт тартып көз қызыл түк үндемей.
Бар жаманы Абылайдың осы-ақ еді,
Дұшпанын кетпеуші еді, сірə, өлтірмей.
Тұқымы арғы тегі Жүдəлінің,
Əр жерде қанын төккен күнəлінің.
Кешегі патша болған хан Абылай,
Баласы еді жер ауған Уəлінің.
Абылай жетімдікпен түйе жайған,
Мекені Қарауыл мен Атығайдан.
Орта жүзді орыс кеп алғаннан соң,
Қонысы Атығайдан біраз тайған.
Сол күнде ат үстінде ер азамат,
Батырлар сауыт киген неше қабат.
Абылай ер болғанымен надан емес,
Сапарда жүрсе-дағы қылған тағат.
Дін соқпақтың туралығы болса-дағы,
Қазаққа ең əуелі ақыл қажет.
Қазақтың қамқор болып басын құрап,
Дүкен салып орнатқан ел салтанат.
Абылай хан боп тұрған замандарда,
Кем-кетік нашарлар көп тапқан мұрат.
Жолдас еді Бəйжігіт ер Қабанбай,
Тағы да Қанжығалы қарт Бөгенбай.
Біреуі Бəсентиін Малайсары,
Төртінші қара Керей би Боранбай.
Керейден жолдас қылды Жəнібекті,
Шетінен осалы жоқ бəрі мықты.
Ол қолда күші басым еш адам жоқ,
Тас жүрек бота қара Тыныбектен.
Не қылса тұрады екен ханға қарап,
Аң аулап кетеді екен тарап-тарап.
Шанышқылы Бердіқожа тағы да бар,
Қалмаған хан артынан көкжал Барақ.
Ғаламнан Абылайды асырыпты,
Ойына алмайды екен асылықты.
Жасап тұрған жауына қарсы шауып,
Қалмақтың талай шебін қашырыпты.
Қалмаққа не қылса да тыным бермей,
Қуалап Алатаудан асырыпты.
Бетіне ешбір пенде шыдамаған,
Алмаса да Мағұрыппен Мəшұрықты.
Абылай тұлпар мініп, ту ұстаған,
Көңілі шапқан жауға суыспаған.
Тұғырдан тоғыз түлек ақсұңқардай,
Тоятқа айдын көлден қу ұстаған.
Болмайды біткен тағдыр ешбір қилап,
Ел үшін еңбек еткен өзін қинап.
Жылында мың жеті жүз жетпіс жеті,
Үйсінге барған екен жолаушылап.
Сол елден қайтып еді науқастанып,
Шошиды науқасының түрін танып.
Өлерін ыңқ еткеннен білсе-дағы,
Ешкімге сыр бермейді қайраттанып.
Қоштасты тұс-тұсынан, анау-мынау,
Жұрт айтады əншейін тиген тымау.
Науқастанып жатыр деп естіген соң,
Келіпті қоштасам деп Бұқар жырау.
Жұрт айтты, жатыр дейді тұмауменен,
Отырмай Бұқар тұрды жылау менен.
Қалайша қоштасудың бабын таппай,
Қоштасты бір-екі ауыз жырауменен.
Ақырын Бұқар кірді үйге жымып,
Ұйқыда жатыр еді біраз тынып.
Оң жанбастан жүз беріп құбылаға,
Тəспиқта «кəлима» айтып көзін жұмып.
Көрген соң тұра алмады дəті шыдап,
Еңіреп қоя берді Бұқар жылап.
Өсірген еркелетіп хан иесі,
Дауысы шығыңқырап кетті тым-ақ:
Қалыңсыз қатын қостырған, ханым-ай!
Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай!
Қайырусыз жылқы бақтырған, ханым-ай!
Боз баланы қуантып, күнде жауды шаптырған,
ханым-ай!
Үш жүздің баласынан, үшеуді айтсам,
Қалар ма екен жаның-ай!
Мұның Бұқар екенін білді байқап,
Көңілі дүниеден кеткен тайқап.
Енді жырау көп айтпа дегендей қып,
Тоқтатты ишаратпен басын шайқап.
Əрі-бері ыңыранды да, көзін ашты,
Бұқармысың деді де амандасты,
Бұл қалған Рəсульден дүние ғой деп,
Тоқтатып жырауының мауқын басты.
Айтсаң да қой демеуші-ем айғай салып,
Мен сені келген жерден жаттым танып.
Сасқанда көңіл ашар, жұбанышым-ай,
Боларсың кімге жыршы менен қалып.
Басымды шайқап қойып айтқаныма,
Қалдың ба бір нəрсені көңіліңе алып.
Қой дедім ғұмырымда бар қылғаным,
Сиған соң үш сөзіңе тамамдалып.
Абылай сапар шеккен осы жолда,
Жиылды жаназалап қожа-молда.
Онан соң патша болып таққа мінді,
Iнісі немерелес Ғұбайдолла.
Ол да ғаділ хан еді, болған күнде,
Орыс ұстап əкетті жалғыз түнде.
Сібірге айдап жіберді апарды да,
Қазақтан жоғалтам деп ханды мүлде.


Түсінік.


Көкбай Жанатайұлы. «Абылай хан. Сабалақ». Ұлы Абайдың ақын шəкірті К.Жанатайұлының қаламынан «Абылай хан. Сабалақ», «Қандыжап», «Құлынды даласы» атты поэмалар, «Ғаділ патша», «һарун Рашид» қиссалары сияқты
эпикалық сипаттағы шығармалар туды. Көкбайдың көлемді туындыларының ішіндегі көрнектісі – «Абылай хан. Сабалақ». Поэма қазақ халқының ел болып бірігуіне, халық болып қайраттануына елеулі жəне басты үлес қосқан, қазақ тарихындағы ірі тұлға Абылай ханның ерлік істеріне арналған. Басты қаһарман да – хан Абылай атанған жетім бала Əбілмансұр. Бұл дастанның заңды жалғасы ретінде «Төрт төре», «Наурызбай – Фатима» дастандарын атауға болады.





Пікір жазу