Поэмалар ✍️
Қаракерей Қабанбай
1896 жылы шілдеде Көктұмада өткен Қаракерей түселінде (съезінде) Қабанбайдың төртінші ұрпағы Сүлеймен бастаған он екі бидің алдында түсел үйде айтқан өлеңі. 1951
жылы Құнапия Кəрібайұлынан көшіріліп алынған.
Билеген қазақ халқын хан Абылай,
Ешбірін жат көрмеген дара Абылай.
Ерлердің ел басқарған соңына еріп,
Ұйыған сары уыздай қазағым-ай!
Сайыста қажымаған серіктері,
Ұрқына мұра болған ер істері.
Жоңғардың шапқыншылық ылаңында,
Шайқасы Азияда өрістеді.
Қолбасы ер Қабанбай ту ұстаған,
Қайраты қаһарланса құрыштаған.
Үш жүздің бəр батырын ұйыстырып,
Маңына хас дұшпанын жуытпаған.
Жауға қатал, досына мейірлі боп,
Кейітіп халық көңілін суытпаған.
Қасына ер Бөгенбай, Барақты алып,
Болғаны елге қорған Алашқа анық.
Бердіқожа, Қасабай, Жантай батыр,
Қосылған ер Жəнібек талаптанып.
Ер Қасым, Баймұрат пен Райымбек,
Болғаны оған серік қазаққа анық.
Қосай, Тама, ер Шөрек, Малайсары,
Атын тізіп атайын санаққа алып.
(1866 1932)
Уəлі болар істі абайлайтын,
Ерекше атап өтем Бармақты алып.
Еспенбет, батыр Жаман, Орақбай ер,
Шын құрыш қайтпай-тұғын болаттай ер.
Ақпантай, Еспенбет пен батыр Тентек,
Атойлап жауға шапқан құлаштап ер.
Шағалақ, ақын Сұртай, Бұхар жырау,
Тайсалмай хан алдында берген сынау.
Айламенен қамалды шыққан бұзып,
Майсара – Гауһар батыр көрінеу тұр-ау.
Ұраны болған екен алты Алашытң,
Жүлде алған бəйгесінде сан таластың.
Боранбай, Есенгелді, Қазыбек би,
Жүйесін тауып айтқан сан сараптың.
Сондықтан елі сүйген халық қалап,
Қолданған досына ақыл, жауға жарақ.
Даңқпен хан ұраны Қабанбай деп,
Айбынды ұран қылды барлық қазақ.
Хан, қара ақылынан асқан емес,
Салмағы жаттың жеңіп басқан емес.
Орта жүз сүттей ұйып дегеніне,
Беріп ед ақылменен жасқа кеңес.
Тағдыры бар жасақтың қолында боп,
Болыпты абыройы ханмен теңдес.
Хандығын ханның жасақ сақтайды екен,
Білгенді халық сөйтіп жақтайды екен.
Қабекең орта жүздің ұйытқысы боп,
Бар қазақ пірі тұтып мақтайды екен.
Қамалды талай бұзды дара шығып,
Сүйсінді батырлығын Алаш ұғып.
Өлтірді жекпе-жекте Арқауылды,
Келгенде қоймаймын деп аласұрып.
Қазақтың қасына ертіп бар батырын,
Қарады досқа түзу, жауға қырын.
Дарабоз қолбасылық атақ алып,
Қорғады жауды жеңіп ел өмірін.
Айқасты Доржыменен Алакөлде,
Шығарды жауды қуып Сарыбелге.
Ханды өлтіріп жеңісті қолына алды,
Қандыжап1 қолға түсіп болды пенде.
Қазаққа баянды боп осы жеңіс,
Қуанды алақайлап қазақ тегіс.
Сөзімнің артық-кемі жері болса,
Сүлекем2 разымын берсе сөгіс, –деп тоқтағанда төбе би сияз басы Сүлеймен Қабекеңнің жаратылыстық белгілерін, батырлық сипатын əңгімелеп беріпті. Он екі бидің ақсақалы мұрын Бөкенші қария ШерубайдыңОмары, Билеушін, Семіз Найман Бексұлтан би, Қоңыр төре,Мамырбек төре қатарлы білікті адамдардың ішінде Бексұлтан би Кəрібайға бата беріп, əрі қарай айтуын қолқалапты.
Сонда:
Мəмбеттен туған екен Қожақұл ер,
Ерлікпен болған екен халқына бел.
Өскелең өнерімен көзге түсіп,
Тең біткен бір басына қайрат-жігер.
Туыпты ер Қабанбай Қожақұлдан,
Шын аты Қабекеңнің Ерасыл еді.
Үлкендер аңыз қылып кеңескенде,
Сипатын Қабекеңнің мынадай еді.
Адамнан тумысында өзгеше қып,
1 Доржы, Қандыжап – Жұңғарлардың басты атамандары. 2 Сүлеке – Сүлеймен сұлтан. Қабанбайдың төртінші ұрпағы.
Жаратқан құдіретпен пəруардігер.
Бар екен маңдайында қоян тобық,
Мұны жұрт батырлықтың белгісі дер.
Қаңтарда туған екен шешесінен,
Ерліктің үлес ала есесінен.
Денесі бір жастағы баладай боп,
Байқалған ғаламаты мүшесінен.
Жан бопты еңгезердей алып дене,
Сайма-сай келген сымбат барлық дене.
Жасынан ер мүсіні байқалмаса,
Атайды «Нар бала» деп халық неге?!
Маңдайы кере қарыс жалпақ екен,
Танауы дөңес келген талпақ екен.
Бүркіттей тоят алған тұғырдағы,
Шығыңқы төс сүйегі шалқақ екен.
Жан екен биік қабақ, қою қасты,
Көнек пе дегендейсің көрсең басты.
Өмірін өзі туған еліне арнап,
Дұшпанмен қан майданда сан айқасты.
Ішінен қалың топтың танылатын,
Ақырса арыстандай дауысы қатты.
Кешегі Əзірет-Əлі қаһармандай,
Дұшпанның зəресі ұшып, құты қашты.
Қазақтың елін бастап, ерін ертіп,
Қорғады ел мен жерді, мал мен басты.
Бар екен қызыл қалы иегінде,
Бір мін жоқ жұмыр біткен сүйегінде.
Өмірі бір қысылып сасқан емес,
Тас бар ма десетін ел жүрегінде.
Бесті атты құйрықтан ап жерге ұратын,
Қайраты болғандықтан білегінде.
Сайыста дара айқасқан дұшпанының
Көрмеген сау жіберіп біреуін де.
Сапарын бақыт беріп Алла оңғар деп,
Болыпты қазақ халқы тілегінде.
Əр етті, əрі көркем, бойы биік,
Келісер үстіне алса сауыт киіп.
Денесі толымды екен арық емес.
Осындай ерге сымбат біткен сиық.
Қыранның ұшардағы топшысындай,
Тұратын көтеріңкі қос екі иық.
Ту алып, тұлпар мінген, қару асып,
Абырой бақ қонарда даруы ашық.
Дұшпанның туын жыққан жауды жеңіп,
Болысқан бұхараға жаны ашып.
Беталды бейбіт елді жайратпады,
Орынсыз матап қолын байлатпады.
Кенелді кеңшілікті мейірімге,
Қайтарып алған жаудан аймақтары.
Дұға қыл рухына естіген жұрт,
Сан ердің ауызға алдым аруақтарын.
Сөйлейін білгенімше əлі-дағы,
Қазіргі Қабекеңнің ұрпақтарын.
Түсінік.
Кəрібай Таңатарұлы. «Қаракерей Қабанбай». Ақын мұрасын жинап, қолжазбаларды «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығына тапсырған, өмірбаянын жазған Асқар Игенұлы. Араб қарпінен клиллицаға түсіріп, алғы сөзін жазып,
баспаға дайындаған филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Қ. Алпысбаев. Кəрібай ақын 1932 жылы қазақ даласындағы «кіші Октябрь» саясатынан үрке көшкен елмен бірге шекара аспақ болғанда оққа ұшады. Өзінің келте ғұмырында талай майданда топ жарған ақынның соңында «Сөз атасы – Майқыби» сынды атты шежірелік дастаны, «Қаракерей Қабанбай»,«Қанжығалы Бөгенбай», «Мұрын жəне Байжігіт» сынды тарихи дастандар қалған. Кітапқа кірген «Қаракерей Қабанбай» дастанының үзіндісі «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының сирек қолжазбалар қорынан алынды.