Поэмалар ✍️
Миғраж
Бисмилла – Хақтың аты, сөздің басы,
Кəріптің, естісе ағар, көздің жасы.
Миғражынан хазіретінің өлең қылып,
Сөйлеген Мəшһүр Жүсіп хикаясы.
Құдайым жарылқай ма, көптен, аздан?!
Ойым бар, келсе күшім, қағба қажыдан.
Қанша сөз, бəрін жазып, тауыса алман,
Азырақ сөз сөйлейін Миғраждан...
Расулат, набуат – қырық та келді.
Өтіпті бұл ортада бір жыл енді.
Айтарға сырын бір күн жан таба алмай,
Күндерде бір күн тұрып бүгілді енді.
Басына, кейін қалған, қайта бардым,
Келгенде осы жерге демімді алдым.
Қаламды қолыма алып: «Жазайын!» – деп,
Кеңестің екпінімен кетіп қалдым.
Өш болып, Əбужаһил оқпен атты,
Кəпірлер ренжітеді Мұхаммедті.
«Сырымды кімге айтамын іштегі?» – деп,
Қасына Қатым диуар келіп жатты.
«Айтамын мен мұңымды кімге енді?
Таппадым халал кісі, халал дінді!».
Таянып уақыты Құптан болған шақта,
Періште ол Жебірейіл жетіп келді:
– Иа, Мұхаммед, Құдайың айтты сəлем,
Жіберді пырақпенен шола саған.
Өзіменен: «Мұңдасып, сырлассын»! – деп,
– Сол достым: «Болсын, – дейді, – қонақ маған!».
– Кеудем жарып, жүрегім суырып алды,
Бір алтын легенге соны салды.
Легеннің іші толған ғылым, хикмет,
Тазалап, өз орнына қайта салды.
Алдыма менің келіп пырақ түсті,
– Мінем! – дедім, шегініп, бойын қысты.
Жебірейіл – Жай түр! – дейді, тұрдым, міндім,
Жөнелді мені құстай алып ұшты.
Сол жерге көзі түскен басқан аяқ,
Оңымнан шықты дауыс жақын таяп.
Солымнан бір шыңғырған дауыс шықты,
Қайырылмай, жүре бердім қарамай-ақ.
Алдымнан жетіп келді бір келіншек:
– Жібермес едік, – дейді, – сені білсек.
– Шаршайсың, ол жолменен жүрме, – дейді.
Болмадым, тілін алып, мен еріншек.
Тыңдамай оның сөзін жүре бердім,
Алдымда Жебірейіл бар, соған ердім.
Міндім: «Бисмилла!» – деп, кеш, ерте ме,
Алдына мешіт Ақса жетіп келдім.
Пырақты байлай тастап, үйге кірдім,
Ішіне Құдыс Шариф сəлем бердім.
– Əлгі келе жатқанда дауыстаған,
Оңымнан, һəм солымнан ол кім? – дедім.
– Дауысқа оңнан келген қайырылмадың,
Үмбеттен, бəрекелді, айырылмадың!
Қарасаң, үмбетің жөһит болар еді,
Қайырылып, оның көңілін жай қылмадың!
Солдан келген дауысты қылайын кеп,
Қолдады осы жолы Құдайың көп.
Егер сен мойын бұрсаң ол дауысқа,
Үмбетің қалар еді насырани боп.
– Əкелді екі кесе маған шарап,
Шараптың біреуі – сүт, біреуі – арақ.
Сүтті іштім сол уақытта, арақты ішпей,
Түсіне екеуінің қарап-қарап.
– Сүтті іштің, бəрекелді, тəуір танып,
Тозаққа күймес енді үмбет жанып.
Apaқты ішсең, үмбетің ғасыл болып,
Махшарда жүрер еді жазаланып.
Құдысқа тамам аруақ бəрі келді,
Əнбие, Мүрсəл, Нəби жəне келді.
«Бұл не түн қадір түн бе, барат па»,
Сəруай екі ғалам ханы келді.
Алдынан сəлем айлап келді бəрі,
Бұрынғы өтіп кеткен Мүрсал нəби.
Сол жерде екі ракот намаз оқып,
Бəрінің тақсыр Расул болды имамы.
Бəрінен бұрын келген: ислам мен дін,
Жеті көк, жұмақ, тамұқ ғыфите замин
Харамнан ол Ақсаға барған жерін
Нанбасаң, көрсетейін аятпен мен.
Осындай мазмұнына аят түсті,
Табамын тағы дəлел мұнан күшті.
Періште төрт Мұқараб төрт жағында
Бұл ретпен пайғамбарды алып ұшты.
Һəм Ақсадан жоғары алып кетті,
Соған шейін ол пырақ құрмет етті.
«Миғраж» – деген жарық нұр пайда болып,
Сонымен Мұхаммедті аспанға елітті.
Жебірейіл айғайлайды: – Есік аш! – деп,
– Сенімен кім келеді серіктесіп?
– Мұхаммед келді, – дейді, – бізбен бірге.
Сол жерде сəлем беріп, ашылды есік.
– Мархабат, иа Мыжтафа, хақ Мұхаммед,
Болайық Құдай жазса, біздер де үмбет.
Ашылды əуелгі аспан есіклері,
Тұр екен Адам ата күтіп құрмет.
Ол жерде мен Адамға сəлем бердім,
Кісі екен ұзын бойлы, жүзін көрдім.
– Қош келдің, бақытың ашылсын, балам! – дейді,
Бөгелмей онан өтіп жүре бердім.
Мен міндім Мекайілдің енді үстіне,
Мінген соң, Мекайілнікі жүрмесін бе?!
Екінші көкке жеттік, есік ашып,
Періште онда тұрған бір кішкене.
Басын көрдім, аяғын көре алмадым,
Мен, Мекайіл қалды сонда, жүре алмадым.
Үшінші Исрафилге мінгенімде,
Қанеки, онда тоқтап тұра алмадым.
Екінші көкте Жақия, Ғайса тұрған,
Мен сəлем берген шақта мойнын бұрған.
– Қош келдің, жомартым-ай, асқан, – дейді,
Жүруге енді Исрафил мойын қойған.
Үшінші жетіп қалдық бізлер көкке,
Тұр екен Жүсіп нəби сонда текке.
Ол жерде Жебірейілге мініп алып,
Бет қойдық тағы да жөнелмекке.
Төртінші бізлер көкке келіп қалдық,
Тұр екен Ыдырыс сонда, хабарландық.
Бесінші көкте жолықтық біз һаронға,
Алтыншы көкте Мұсаға жаңа бардық.
Жылады бізді көріп Мұса нəби:
– Көрмей ме көзі сендей туса нəби?!
Соң қылып бəрімізден шығарса да,
Оң қылып, абзал қылған Құдай сені!
Мұхаммед үмбетің көп, уайымың жоқ,
Мен айттым: – Деме, тақсыр, бұлайша! – деп,
Үстіне Жебірейілдің мінгенімде,
Ашылды айқын болып, жетінші көк.
Аспанға жетінші көк барып кірдім,
Нəби бар – ол Ибраһим, сəлем бердім.
– Қош келдің, жолың болсын, балам! – дейді,
Сиратул мұтаһаға жетіп келдім.
Жемісі, жапырағы – бəрі де зор,
Төрт өзен саулап аққан, бəрі де нұр.
Екеуі сарқырайды онан ағып,
Екеуі қалай аққан, білінбей тұр.
Сарқырап екі бұлақ ағады нұр,
Болғанда бірі – Фират, біреуі, – Ніл.
Екеуі ол жұмаққа барып құяр,
Болғанда бірі – Жайхун, біреуі, – Сыр.
Палак дария болғанда, періште – құл,
Бəрі де қызметінде қусырған қол.
Сол араға барғанда, келді төсек,
Өзі алтын, түсі қызыл, – сипаты бұл.
Көтерген ол төсекті жəне кейін,
Бас та жоқ, аяқ та жоқ, жалғыз иін.
Болғанда түсі жасыл – сипаты бұл,
Нəсілін Алла білер, мен не дейін?!
Жебірейіл осы жерде қала берді,
Өзінің жүре алмасын сонда білді.
«Шын жаяу қалдым ба?!» – деп, сасқанында,
Сонда иін тосып, иініне ала берді.
Иінге қуанғаннан келіп мінді,
Қалғанын Жебірейілдің жаңа білді.
Алты жүз қанаты бар, һəммасы зор,
Форымына асыл сурет кірген енді.
Жебірейіл: – Бізден бөлек қалма! – дейді,
– Уай, тақсыр, мені ауызға алма! – дейді.
– Қанатым күйер, мұнан артық ұшсам,
Бар, тақсыр, талабыңнан қалма! – дейді.
– Мен Мұхаммед, хақ пайғамбар! – деген екен,
Құдайым сол ниетін білген екен.
Сол хақ Расул пайғамбарым бұл түні
Үстіне бес нəрсенің мінген екен.
Біреуі – пырақ, біреуі, – Миғраж нұры,
Біреуі – төрт періште – дүние гүлі.
Бірі – төсек, біреуі – жасыл иін.
Қонаққа осылайша барған жері.
Тамаша көп көргені жолда қалды,
Жүре алмай ол Жебірейіл сонда қалды.
Лауһиден: Ғаршы, Күрсі арман өтіп,
Құдіреттің дəрғаһына жақын барды.
Əр жерде бас та қалды, аяқ қалды,
Бір жерде кебіс қалды, таяқ қалды.
Пердеден жетпіс қабат арман өтіп,
Құданың құдіретіне таяп барды.
Ғаламның он сегіз мың бəрін басты,
Неше мың мақамлардан жоғары асты.
Мысалы жайдың екі тұтқасындай
Иаки (яки) жақынырақ жақындасты.
Аят бар: «Шама дана фатад Алла, –
Факана қаб Хусайын ауадна».
«Неміз бар біздің онан əрі барар?!», –
Кітаптың ұқтыр жырын айтып қана.
Сол жолда бір жолбарыс көрген екен,
Қорыққаннан сақинасын берген екен.
Жерлерге нахият жоқ қадам басып,
Құдайдың қонақ үйіне келген екен.
Ішінде қонақ үйдің шымылдық бар,
Жаюлы түрлі-түрлі дастарқандар.
«Алтат һиат да ила уал салауат уал тибат» – деп,
Хаққа сəлем берген ай, жаранлар.
Сəлемін алды Құдай сонда не деп:
– Ассалам ғалайік иа иассһата əл нəби – деп
Тағы да Рахматулла о берекет,
Бəрі де болсын саған есепсіз көп!
– Алланың бұл сəлемі қиын! – депті,
– Алмаймын мұны жалғыз өзім! – депті.
– Ассалам ғалиына иа, Раббым хақ,
Құлдарға ізгі болған болсын! – депті.
– Жалғыздық – жалғыз Алла, саған жарар,
Ізгі құл пайғамбарға қосақталар.
«Ат қосақсыз жүгірмес» – деген мақал,
Шаһазат берген соған періштелер.
– Же тағам саған қойған қахир (қаһар) арнап,
Отырған қолын созбай біраз барлап,
Ішінен шымылдықтың бір қол шығып,
Тағамды: «Бисмилла!» – деп, қойды жайлап.
Майсыз шам жарық болып жағулы тұр,
Табақта күміс қасық малулы тұр.
Манағы жолбарысқа берген жүзік, –
Қараса, əлгі қолда салулы тұр.
Пайғамбар мұны көріп, ғажапланған,
Əлгі қол тағам жеген дастарқаннан.
– Əмірімді пенделерің алды ма құп,
Деді ме, иа болмаса: «Сөзің жалған?!».
Сонда не деп пайғамбар жауап айтты:
– Келтірді пенделерің шаһадатты:
– Самиғна уа тағына – деді бəрі,
– Жарылқа күнəларын сен! – деп айтты.
Раббана уа ла тахмил ғалайна асран,
Бұрынғы үмбетлерден қылмағыл сен!
Нəрсеге шама келмес сен күштеме,
Бір қажет дəрғаһыңнан сұрайын мен!
Ғапу қыл, жарылқағыр күнəһымды,
Қабыл қыл дəрғаһыңда бұл сөзімді.
Тозақтың отын сөндір үмбетіме,
Сақтадың оттан нешік Ибраһимді.
Топанда Нұх нəбиге бердің нажат,
Қыл қабыл, қылса үмбетім көп мінажат.
Үстінен қыл көпірдің кеме бергіл,
Өтегіл егер бізден болса қажет.
Көк қошқар Смағұлға құрбан бердің,
Жүністі үш зұлматтан қалас қылдың.
Жүсіпке құдық түбін бостан қылып,
Ғайсаға «Інжіл» атты (атлы) кітап бердің.
Мұсаға «Таурат» бердің, маған қайда,
Билеттің жел мен суды Сүлейменге.
Дəуітке «Забур» бердің – үлкен кітап,
Аюпқа саламатлық қылдың пайда.
Адамға ғылым, жаннат, аят бердің,
Қызырға өлмес абыхаят бердің.
Не бердің маған сондай, иа иллаһим,
Қарным аш, дəрғаһыңа тоймай келдім!
– Адамға жаннат берсем, шығардым тез,
Бір ауыз үмбетіңе демеймін сөз.
Үмбетің күнə қылса кең дүниеде,
Кешіріп біз ұжмаққа енгізерміз.
Жоқ қылсам Ибраһимге намард отын,
Үмбетіңе сөндіремін тозақ отын.
Смағүл өкшесінен шықса зəмзəм,
Үмбетке кəусар берген – құдіретім.
Көк қошқар Смағұлға берген болсам,
Бір қошқармен ажалдан мен құтқарсам,
Үмбетіңнің жолына пида қылып,
Жөйт пен насараны құрбан қылсам.
Жүністі мен сақтасам үш зұлматтан,
Балықта, иа қараңғы түнде жатқан.
Үш жерде үмбетіңді сақтайын да:
Қабірде, қияметте һəм сираттан.
Мұсаға мен сөйлессем Тұр тауында,
Сенімен мен сөйлестім Нұр тауында.
Таурат үшін Аятыл, Күрсі бердім,
Оқыса пайда болар көп қауымға.
Нұхқа кеме берсем топан суда,
Жиылар үмбетлерің жасыл туда.
Табаны тиген жерден көпір қылам,
Үстінде тар сираттың жас пен қуға.
Қызырға берген болсам мəңгі суын,
Көтерер үмбетіңнің ол һəм туын.
Мұхаммед, үмбетіңе махшар күнде
Салсабил, ішкіземін ұжмақ суын.
Ғайсаға «Інжіл» берсем, – сенде жоқ па,
Інжілден сүре «Ықылас» кем болып па?!
Дəуітке «Забур» берсем, саған – «Ясин»,
Ясинге басқа кітап тең болып па?!
Бəрінен артық көріп бердім, əні!
Һəм артық ол қасымда көрдім, əні!
Кім оқыса, тамұқтан азат қылдым,
Атаса ол сүре – Фатиханы.
Не Інжілде, Забур мен Тауратта жоқ,
Жан бəрі Сүлейменге қараса көп.
Періште қызметіңде тұрмады ма?!
Солардан қалған-ақ па осал болып?!
– Иа, Раббы, ризамын, бердің бəрін,
Атың бар: Ғафу, Рақым жəне Кəрім.
Болмаса бір өзіңнен жарылқасын,
Болғандай күнəсы ауыр үмбетлерім.
Арамыз алыстамас, жақындасар,
Кем қалмас құдіретіме кəріп-қасер.
Тамаша қыл – Жаратқан ғаламымды,
«Болсын, – деп, – біраз ғана көңіл ашар!».
Сол жерде құдіретпен шын сөйлескен,
Құдайға онан басқа кім сөйлескен?!
Қайсыбірін айтайын мен бейшара,
Тоғыз жүз тоқсан тоғыз сөз сөйлескен.
Ал тамаша қылады Жаратқаның,
Оның екі қыла ма, сірə, айтқанын?!
Қайсыбірі қағазға сыя берер
Баян тағы қылайын бір айтқанын.
– Ғарышта аяқ басып жүргенімде,
Алладан пырақ келіп мінгенімде,
Келбетті сол жайларда бір үй көрдім,
Балқыды өне бойым көргенімде.
Сол үйдің іші де асыл, сырты да асыл,
Құбылып көрінеді қызыл-жасыл.
Құдіреттің əр мүлкінде кілт жоқ еді,
Бұл үйде болар ма еді мақсат хасыл?!
– Кілт болса, ішін ашып көрейін, – деп,
– Бұл үйде не бар-жоқ, білейін, – деп.
– «Ла-ила-Алла, хақ Мұхаммед!», –
– Ашылар бұл, калиманы айтсаңыз көп.
Есітіп бұ калламды ауызға алдым,
Ашылды есік, есіктен көзім салдым.
Қарасам, үйдің іші жойқын дария,
– Иа, раббы, бұл қалай? – деп ғажаптандым.
Дүниеден үлкендігі – жетпіс есе,
Қанарсың ішсең сонан жалғыз кесе.
Құдайдың құдіретіне ғашық болып,
Күнəкар болып қалар пəлен десе.
Ішінде сол дарияның жалғыз ағаш,
Бұтағы, миуасы жоқ, жап-жалаңаш.
Басында сол ағаштың бір құс отыр,
Не торғай, не жарқанат, не қарлығаш.
Ол құстың аузында бар зəрре тозаң,
Шөп шықпас тақыр жерге ащы бозаң.
Дария үлкен бе, иа ағаш, иа құс зор ма,
Тозаң ба? – үлкендігін хатқа сызам.
– Мұхаммед, не тамаша көрдің мұнан?
Рахматым дария емес пе мынау тұрған?!
Дүние дүр: алды-арты жоқ жалғыз ағаш,
Барлығы үмбетіңнің бір құс болған.
Енді барлық күнəсы тозаңдай-ды,
Əр нəрсе бұйырғаннан оза алмайды,
Қайсысы көп: рақмет пе, иа күнə ма, –
Енді ақылшы бұл жерге сөз аңдайды.
– Дария рақмет болғанда, дүние – ағаш,
Үмбет бір құс мысалы – тұрған жанас,
Бір зəрредей болса күнə,
Көрген соң көп рақметті қарыным аш.
– Аңдағыл, иа, Мұхаммед, мұны, – депті,
– Жаралған бар мүлкімнен рақмет көп-ті.
«Ла, илаһа, ила ила Алла!» – деген жанды
Махшарда жанған отқа салман» – депті.
– Бес намаз, ораза бар зекет пен қажы,
Оқырсың өзің үшін нəпіл намаз.
Кəлəм бар, неше түрлі аят ахпар,
Үмбетке мирас болсын, қағазға жаз!
Аралап сегіз ұжмақ бəрін көрген,
Біріне көзін салмай, жүре берген.
Хор қызы ғылман ұлан зейнетленіп,
Əрбірі əрбір түрлі түрге кірген.
Біріне тақсыр Расул көз салмайды,
Менсініп, сірə, тіпті ойға алмайды.
– Бір арыз, тақсыр, сізге айталық біз,
Бар Құдай бақытымызды оңғармайды!, –
Солай деп шуласады тамам хорлар,
Пайғамбар тоқтап тұрып, сөзін тыңлар:
– Не арыз менде болған, немене – деп,
– Қанеки, хор қызлары, айтыңыздар!
– Кеттіңіз бірімізге назар салмай,
Жақсы деген үмбетлерің əлдеқандай?!
Бізлерді біреуіне бағышлаңыз,
Біздер де қуанайық наумит қалмай.
Пайғамбар бір сағатта Миғраж асқан,
Пырақ бар алты жылдық жолды басқан.
Сиратіл Мунтахада жүрген кезде
Бір дауыс қатты естілді тау мен тастан.
Көк күркіреп, жеті қаттың салды көп,
Аспаннан періштелер шулаған көп.
Бек қорықты пайғамбарым сол уақытта:
«Япырм-ау, заманақыр болды ма?! – деп.
«Көңілдің Алла деген қошы» – деген,
Жебірейіл жетіп келіп хабар берген:
– Құптанға азан айта Білəл келді,
Тықыры кебісінің осы! – деген.
Қадамды тақсыр Білəл басқан екен,
Басқадан шарапаты асқан екен.
Ізінің Мунтахаға дыбысы барып,
Жын-шайтан тықырынан қашқан екен.
Өзгеден ол Білəлді сүйіп алған,
Бұл сөзім кітапта бар, деме: «Жалған!»
– Сіздерді бағыштадым Білəлға! – деп,
Ал сонда пайғамбарым айта салған.
Сонда хорлар не дейді бұ қорлыққа:
– Атар таң, шығар күн жоқ біз мұңдыққа!
Қазанның күйесіндей Білəліңіз,
Қой, тақсыр, онан басқа үмбет жоқ па?!
Пайғамбар бөгелмеді қыз сөзінен,
Əркімнің, жаман болса, кінə өзінен.
– Сыртынан оны билеп айта салдым,
Сұрайын мен Білəлдің, – депті, – өзінен.
Ашылды сегіз пейіш – жұмақ төрі,
Түсіпті пайғамбардың жерге нұры:
– Бір жұмыс саған орын таптым! – дейді.
– Иа, Білəл, басың көтер, қара бері!
Алдайтын адамзатты қу тіл екен,
Болжалсыз көрмеген соң, су түбі екен.
Құптанның жаңа азанын айтып болып,
Ол Білəл бата қылып отыр екен.
Қарады жоғарыға көзін ашып:
– Ай, Білəл, хор қызлары саған ғашық.
Бұларды аласыз ба, алмайсыз ба?
Мен тұрмын сыртыңыздан саудаласып.
– Піскен жоқ, тақсыр, саудаң еркін, – депті,
– Ол қыздар кімге керек, шіркін! – депті.
– Сахарада: «Бір Алла!» – дегеніме
Алмаймын сегіз жұмақ мүлкін! – депті.
– Жаранлар, жақсы бар ма бүл қалыпты?!
Есітіп хор қызлары ұялыпты.
Қиямет қайымғаша ғашық болып,
Таласып хор қызлары сол қалыпты.
Адам жоқ тақуа болған Білəлға тең,
Құданың рахматы мол, құдіреті кең,
Тақсырдың бетіндегі сол қарасын
Бетіне хор қызлары қылады мең.
Балықшы, құс жаманы шағала-ды,
Бір тырна айдын көлді жағалады.
Қарасын хор қызлары алғаннан соң,
Сол кезде тақсыр Білəл ағарады.
Ғаламның он сегіз мың бəрін көрді,
Артық бақ Мұхаммедке Тəңірім берді.
«Қапалы кəріптердің көңілі өссін!» – деп,
Аз ғана Мəшһүр Жүсіп інжу терді.
Қанша орын, неше мақам жүріп барды,
Аз дəурен, екі ортада, сүріп барды.
Иіні екен Ғаушыл ағзам хазіретінің,
Əлгі иін сол мақамда тұрып қалды.
Баяғы Мұнтаhаға келді қайтып,
Нəрсенің көрген-білген бəрін айтып.
Құрулы жетпіс перде ар жағында,
Мақамы өзгелерден тіпті артық.
– Мұхаммед, бұл өзіңнің үмбетіңнен,
Аты – Ғұсыл: айрылмас сүннетіңнен.
Шығады біраздан соң жұрттан асып,
Осының келіп қалдың қызметінен.
– Олай болса, Құдайым сені сүйсін,
Сені дос-ты тұтпаған жанып күйсін!
Иінің айтты: – Аяғым Ғұсыл ағзам,
Басқаның аяғына иіні тисін!
Солай деп бата берген пайғамбарым,
Ондай ғып жаратпайды жанның бəрін.
Үйіне қайтып келіп, ол түн жатып,
Шақырды ертең ерте асхапларын.
– Аллаға періштелер жалшы, – дейді,
– Тіл алып, жұмсағанға баршы! – дейді.
– Тісіме қыстырылып күріш қалды,
Иа, Ғалы, тісіңменен алшы! – дейді.
Сонда Ғалы тісімен күрішті алған.
Күрішті алып, аузына қағып салған.
Сол күріштің қуатынан себеп болып,
Хасен мен Хұсайын пайда болған.
Пайғамбар адам білмес орында жүр,
Əрқашан Əбубəкір оңында жүр.
Түндегі жолбарысқа берген жүзік.
Қараса, ер Ғалының қолында жүр.
– Балам, сен мұны қайдан алдың? – депті,
– Бүгін түнде қай жерге бардың? – депті.
– Емес қой өзіңдікі мынау жүзік,
Қолыңа кімнен алып, салдың?! – депті.
– Ата мен намаз оқыдым сізге ұйып,
Солыңнан шайтан тұрды дыбыс беріп.
– Бабама үндеме! – деп, қуатланып,
Жібердім желге ұшырып, бір-ақ түйіп.
– Данаға, жас болсам да, тең едім ғой,
Сіз дарқан болғанда, мен кен едім ғой!
Ішінен шымылдықтың қол ұзатқан,
Иа, баба, сол көрінген мен едім ғой!
Қуанды мұны естіп сахабалар,
Бəрі де бұл Миғражға инандылар
– Шахариар мен асхаптың бəрінен де
Екінші Ғалы! – деген хақ пайғамбар.
Неше артты бұрынғыдан Расул түрі,
Көркейді күннен-күнге ислам нұры.
Шаһариар, сахабалар, – бəрі нанып,
Кəпірлер шек қылса да, қалмай бірі.
Əуелі жолығыпты Əбужаһил,
Көп жанға залал етіп, қылған батыл.
Ақыры пайғамбарым сөзі шын боп,
Қылышпен бұзылғанды, қылды қатыл.
Иад қылдым əуел Хақты сөз басында,
Берілмей себеп медет біз ғасыға.
Рухын ол зат пəк тербеткен соң,
Кетейін айтып мұны бір қасида.
Миғражын Хақ пайғамбар хатқа салдым
Қолыма «Бисмилла!» – деп, қалам алдым.
Рухын пайғамбардың тербеткен соң,
Аз сөйлеп білгенімше, тамамладым.
Тамата тамам болған бұл хикаят,
Каламым жігітлерге көп хиапат.
Рухы бірадардың шадыман болсын,
Оқыңыз бір дұғаны, көп жамағат.
Түсінік.
Мəшһүр Жүсіп Көпейұлы. «Миғраж». Діни дастан.Мəшһүр Жүсіптің ұлдары Фазыл мен Жолмұрат көшірмелері бойынша əзірленген Мəшһүр-Жүсіптің «Миғраж» дастаны ҚР ҰҒA хабарлары, тіл-əдебиет сериясының 1994 жылғы 3-санында басылды (дастан бойынша түсініктемелерді ақынның шөбересі Гүлназ Жүсіпова əзірлеген). Мəшһүр Жүсіптің «Миғраж» дастанының мəтіндері бірнеше нұсқа, екінші нұсқа деп көрсетілген бұл мəтін осы ақын шығармаларының көптомдығының төртінші томына кіргізілген. Екінші нұсқа деліну себебі, Мəшһүр мұрасын зерттеуші ұрпақтарының атап көрсеткеніндей, кейіннен ақынның өз қолымен жазылған нұсқасы табылған.