Поэмалар ✍️
Төкетай мен Мəнікер
Бұрынғы өткен дəуірде
Халықтың мұңы мал болған.
Малсызда ақыл дал болған.
Манас батыр тұсында
Көкетай деген хан болған.
Көкетайдың тұсында
Көрнекті талай дəу болған.
Аброй, бедел түзден боп,
Берекесі үйден боп,
Ер Қосай деген шал болған
Көкше батыр Əлмембет,
Күрең сақал Келмембет,
Күнбатыста Ақжелек,
Күншығыста Көкжелек,
Атақты талай жан болған.
Елеместің еркесі,
Отыз ұлдың кенжесі
Ер Төстік деген нəн болған.
Осы дəулер тұсында
Көкетай деген хан екен.
Өз шағында халыққа
Кəдірі бар жан екен.
Əділетті, қайырлы
Əлінше көпке нақ екен.
Өзіне тете інісі
Төкетай деген сал екен.
Екеуінен жалғыздан
Екі ұл бала бар екен.
(1884 1976)
Аман болса ботамыз,
Қолға ұстаған сақамыз,
Есен болса баламыз,
Елден сұлу аламыз.
Жер-жерден сұлу қыз іздеп,
Жол тартады Төкетай.
Қырғыз бенен қазақты
Аралады Төкетай.
Хан ұлына қызығар
Қалың малға талай бай.
Ел аралап, ел кезіп,
Жер аралап, жер кезіп
Талай асқар бел кезіп,
Талай шалқар көл кезіп,
Талай жерді арылтты.
Астына мінген Мəнікер
Жер танабын тарылтты.
Алты күнде аралап,
Алты айлың жерді шалыпты.
Қасындағы қырық жолдас
Ілесе алмай қалыпты.
Мəнікер ат майыспай,
Мініп шапса қайыстай,
Желсе жел де жетпейді.
Құс құтылып кетпейді
Алдынан қашқан киіктер
Əудем жерден өтпейді,
Үш Қосай мен Манастан
Аспара, Мерке, Таластан
Аралап өтіп барады.
Алатау асқар жартастан
Ел қоймай кетіп барады.
Алты рулы алаштан.
Сырдан өтіп сырғытып,
Шудан өрлеп шүйілтіп,
Іледен өтіп ырғытып,
Ылди-өрден орғытып,
Қара талдан қарғытып.
Ақсудан өтті аттатып,
Көк судан өтті көсілтіп,
Ертістен өтті есілтіп.
Есіл менен Нұрадан
Іңірде өтті ыршытып.
Сарыарқаны аралап,
Сан сұлуды саралап,
Көкшетауды көктеді,
Көз жұмғанша өткені,
Қарқаралы, Қазаннан,
Қарап өтті азаннан,
Тобыл менен Торғайдан,
Ойнап өтті тоғайдан.
Мəнікер атпен Төкетай
Жүзіп өтті балықтай.
Күн-түн жүрді жалықпай,
Еділ бойын өрледі,
Орынбормен желгені
Өзіне жағар сұлуды
Төкетай ер көрмеді,
Өршеленіп Мəнікер
Омырауы терледі,
Ауыздығы қаршылдап,
Адымдап аяқ сермеді,
Қос құлағын қайшылап,
Жаңбырдай тері тамшылап,
Қолға ерік бермеді.
Оңтүстікке қасқарды,
Арал менен Атырау,
Қалқи жүзіп кештірді.
Қалың балық, жайынды,
Қарсы келген тептірді.
Қазыбек пеи Қаптауда
Аттың терін кептірді.
Атыи суға жүздірді
Қайыстай қылып тілдірді,
Ат өнерін білдірді.
Батыстағы Ақжелек
Ауылына бет бұрды.
Қырымнан қыз қарауға
Мəнікерді соқтырды.
Алты батпан алтыны
Атқа артқан балқыды.
Ақжелектің аулына,
Азанымен кеп тұрды.
Басылмай аттың қарқыны,
– Ассалаумағалайкүм,
Амансыз ба, Ақжелек,
Ел-жұртына нақ Желек,
Əдейі келдім аулыңа
Керегімді тап, Желек.
Іздеп келдім алыстап.
Астымдағы тұлпарым
Ұшқан құспен жарысқан.
Күнбатыста Ақжелек,
Сен бір жатқан арыстан.
Көпті көрген ділмəр деп,
Көргелі келдім, ағажан.
Ақжелек сонда бүйдеді:
– О, балам-ау, балам-ау,
Алыс жолдан келіпсің,
Мəнікер тұлпар мініпсің,
Бадана тон киіпсің,
Алмас қылыш іліпсің.
Келбетіңе қарасам,
Келісіп туған жнітсің
Бұл алаптан көрмеген.
Жол болсын,
қайдан жүріпсің?
Астыңа алтын салыпсың,
Атыңды суға малыпсың.
Ат-жөніңді айтшы енді,
Аршындап жүрген алыпсың.
Бұл өлкеден көрмеген,
Бұл ауылдың үстінен,
Бұлдырық ұшпас көлденең,
Бұл жаққа келдің қай елден?
Батыста ма ауылың,
Шығыста ма ауылың,
Оң жақта ма ауылың,
Сол жақта ма ауылың,
Келген бетің қай жерден?
Төкетайдың сөзі :
Əуелде шықтым елімнен,
Аспара, Мерке жерімнен
Тарбағатай, Тянь-Шань,
Алатау асқар белімнен.
Аралап келдім шығыстан,
Жетісу өзен, көлімнен.
Ер Қосай мен Манастай
Рұқсат алып ерімнен.
Қара құжыр,
көк ойрақ
Қазақ, қырғыз елімнен.
Алатау болад жеріміз,
Мұсылман болад еліміз.
Көкетай деген ханымыз,
Көпке бірдей шамымыз.
Күншығыста Көкжелек
Өзіңе аттас дəуіміз.
Ауылдан шықса Ақжолтай,
Көкжал, Барақ, Көбікті
Маңдайдағы барымыз.
Қатынын берген қайырға
Қанкелді деген нарымыз.
Жолды Қосай басшымыз,
Ақыл берген шалымыз.
Ел иесі осылар
Қолында мал-жанымыз.
Əуелі шықтым ауылдан,
Дін мұсылман қауымнан.
Шығысқа қарай бет алдым
Алатаудың бауырынан.
Ардақтаған атымның
Алтын артып сауырынан.
Үйден шықтым қыз іздеп,
Ер Қосай мен Манастан,
Үшбурыл мен Таластан,
Атты, тонды адамға,
Алыс жол жүрсе жарасқан.
Жақсы менен жаманның
Арасы болар жер-аспан.
Ағайынның жақсысы,
Бір-біріне қарасқан.
Ақымақтың белгісі
Ата салттан адасқан.
Қырғыз елін қыдырдым,
Қыз жақтырмай түңілдім.
Сыр бойынан сырғыттым,
Шу бойынан шүйілттім.
Жетісудан желдірттім,
Іледен ат ырғыттым,
Көксудан келін көсілттім.
Ақсудан ат аттаттым.
Күншығыста Көкжелек
Күндіз барып жолықтым,
Елінен қыз жақтырмай
Енді бұдан торықтым.
Ертістен ат есілттім,
Көкжалға келіп жолықтым.
Көксеген қыз таба алмай,
Күдер үзіп торықтым.
Əрі қарай жөнедім,
Есіл менен Нұраға.
Ертеңменен кеп едім.
Осы жерде кездестім,
Кісі алатын бураға.
Бура қуды, мен қаштым
Бұрылыс сай-жыраға.
Адастырдым əреңмен
Күдірден-күдір, қырқаға.
Таң ата жүріп сол жерден
Күнбатысқа өктедім.
Күн шашырап түскенше
Атырапта Ақжелек,
Алдыңызға жеткенім.
Аруақты өрден ат үркер
Алтын жырды төккенім.
Ағаның аты Көкетай,
Аулыңа келген Төкетай
Ақжелек ата, саумысың,
Ата, жөнім осылай,
Қызы сұлу Қырым деп
Қызыққаннан мен келдім.
Ұл сұлуы үрім деп,
Ұзақ жолдан мен келдім.
Рудан мойны озған деп.
Өзіңді іздеп мен келдім.
Көкетай ханның інісі
Төкетай сал мен едім.
Екеумізде екі ұл бар
Арттан ерген өренім.
Елден асқан сұлу қыз
Əперейін деп едім.
Шығыс жақты аралай,
Əлемнен қыз саралап,
Ақжелек, саған кеп едім.
Ақжелек батыр алқынды,
Ағындай сөзі қарқынды.
– Алыстан аңсап келіпсің.
Ардақтап менің атымды.
Ауылға байлап атыңды
Ақ үй тігіп басыңа,
Аралатам халқымды.
Азаматтығын көріп кет
Ауылымдағы батырдың,
Ақ ордаға жата бер
Алғалы келсең ақылды.
Боз биені сойдырып,
Сары қымыз құйдырып,
Асықпай қонып жата бер
Асыл болсаң тартымды.
Алдырайын шақырып
Жастар менен қартымды.
Қона жатып көріп кет
Сауық-сайраы салтымды.
Көкетай ханның көңілі үшін
Білемін сенің парқыңды.
‒ Мақұл, – деді Төкетай.
Енді болды көңлі жай.
Ақжелек үйді тіккізді,
Боз бие сойып күткізді.
Сары қымыз сапырды,
Ақжелек елін шақырды.
Алдындағы бір тауға
Шығып алып ақырды.
Дауысына шыдамай,
Көкте құстар шарқ ұрды.
Жиыл деген даусына
Желіде құлын шатылды.
Жай садақтың оқтары,
Жау көргендей атылды.
Тау жаңғырып, тас құлап,
Дария тасын шалқыды.
Атырап елі арсаңдап
Жиылуға талпынды.
Ақжелектің аулына
Айлық жерден ел келді.
Айлық жерге дауысы
Барушы еді демде енді.
Көк ала сақал Əлмембет,
Көк тұлпармен ол келді.
Күрең саңал Келмембет,
Кер шабақпен бұл келді.
Сауыт қалқан киініп,
Садақты бес мың қол келді.
Жабдықтарын асынып,
Жау көргендей мол келді.
Елеместің еркесі,
Отыз ұлдың кенжесі,
Ер Төстік батыр соң келді.
Соң келді де сөйледі:
‒ Ақжелек батыр, сен, – деді.
Артыңда інің мен, – деді.
Ақсақал деп сыйлайды,
Əлпештеп сізді ел, – деді.
Халықтың қамқор, қамалы
Асқар таудай бел, – деді.
Шапқалы тұрған жау бар ма,
Шыққалы тұрған дау бар ма,
Бората жауған қар бар ма,
Қаптаған тасқын су бар ма?
Ат терледі ентігіп,
Ата, неге ақырдың,
Əлде неге шақырдың?
Бекор босқа шықпайтын,
Белгілі жұртқа үніңіз.
Бетіңізге қарамай,
Ерке өсірген еліңіз.
Үйірде ат, үйде адам,
Қалмады ұл менен қызыңыз.
Даусыңызды есітіп,
Жау көрген-ді деп едік.
Жаудан хабар білген соң,
Шақырған-ды деп едік.
Шапшаң кел деп сол үшін,
Ақырған-ды деп едік.
Не қылады қыздарды,
Қатындарды, – деп едік.
Жау қамалап жан-жағын,
Жақындады, – деп едік.
Еліңіз, ата, жиналды,
Ерлеріңіз қиналды.
Аттар мұнша буланды,
Ауыл қорқып шулады.
Құлын-тайлар тулады,
Бала тастап қатындар,
Уақытсыз туғаны.
Үніңізді есітіп,
Уайым тартып қурады.
Жүрексіздер жылады,
Жүректілер қуанды,
Құдіреттің жіберген
Кереметі бұ-дағы.
Көптің қамын ойлаған,
Сіз едің, ата бұлағы.
Бəйгеден озған пырағы,
Көпке құрбан болатын
Мен де бір айтқан лағы.
Неменеге шақырдың
Халқы жөнін сұрады.
Ақжелек шал сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
‒ Жау емес, қонақ, ел, ‒ деді.
Жаусырама сен, – деді.
Жайын айтып берейін,
Жарқыным, жақын кел, ‒ деді.
Жайын біліп шақырдым,
Жазықты болсам ‒ мен, деді.
Жағадан ала атаңның,
Сөйледің, балам, сен ‒ деді.
Жайымды өзің білесің,
Жұмсар балам кем, ‒ деді.
Бұл қонақты сұрасаң
Белгілі туған ер, ‒ дейді.
Білгің келсе, Ер Төстік,
Бізбен қатар ер, ‒ деді
Көкетай хан ағасы
Көпке түскен панасы,
Кіреуке тон кигені,
Мəнікер тұлпар мінгені.
Мұсылманның жынысы,
Көкетай ханның інісі
Өзінің аты Төкетай,
Кере қарыс ырысы ‒
Қырымнан қыз іздеген
Келіп жүрген жұмысы.
Айнала елден қыз жақпай,
Ал деген қызға міз қақпай,
Жер табанын тарылтып
Жетісуды айналын,
Сарыарқадан сандалып,
Күндіз-түні үш тəулік
Келіпті мейман бұл жаққа.
Қыз жақтырмай келіпті
Қырғыз бенен қазақтан.
Қыз сұлуы Қырым деп,
Ұлы батыр Ұрым деп,
Қиырдан кепті бұл жаққа.
Əу, дегенде келуші ең
Ардақты елім қасыма.
Ат-шапанын тартайын
Абайсыз шыққан даусыма.
Алысып жаспен не етейін
Ақ кірген сақал-шашыма.
О, дариға жалғыздың,
Үні шықпас осы ма.
Осылай деп Ақжелек,
Өкпелеп қайтты қосына.
Үйімдегі қонақтың
Барайын деп қасына.
Алты тарам сақалдан
Сорғалап ақты жасы да.
Ақжелек өзі жаяуды,
Ауылы жақын таяуды.
Таяғын алып таянып,
Таудан үсті баяулы.
Жалғыз өзі жүргенде,
Білмеді ешкім аяуды.
Қажымайтын ер еді,
Ер Төстік салды көңліне
Майдалап сөгіп қаяуды.
Ақжелек келіп үйіне
Таянып қолын бүйіріне,
Ақ ордаға сүйеніп,
Уһлеп келді күйіне,
Үйінде жатқан Төкетай
Жүгіре шықты түйіне.
Төкетай батыр көз салды
Ақжелектің түріне.
Түрін көріп сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
‒ Бір Құдайға мəлім-ді
Биік пенен аласа.
Арғымақтан ол кетсе,
Жабы шығар жапаса.
Жаман болса ағайын
Аяқты қаққан томаша.
Түрің қалай, Ақжелек,
Өкпелеген балаша.
Сол қолыңа оң қолың
Болад деген араша.
Əңгімеңізді айтыңыз
Қандай болды тамаша.
Түрің қалай, жан ата,
Тұтығып тұрсыз далаға,
Жолаушылап мен келдім
Əйел ізден балаға,
Атың мəлім болған соң
Көкетай хан ағаға.
Меп үшін қалып тұрсыз гой
Əртүрлі, ата, жалаға.
Біреудің тілі тиді ме,
Жүректегі санаға.
Жасырмаңыз сырыңды,
Түсейін, ата, араға.
Ақжелек сонда күрсінді,
Көк тұйғындай сілкінді.
Орнынан тұра алмай,
Таяқпен үш ұмтылды.
Ақжелек айтты: ‒ Қарағым,
Хан ‒ мұнара болады,
Халық дұғадар болады,
Хан қайық болады,
Халық теңіз болады,
Теңіз егер шайқалса,
Балық арық болады.
Мен орнымнан ұмтылып,
Тұрғанымды айтайын.
‒ Қатын ‒ шайпау, ұл ‒ тентек,
Екеуледі қайтейін,
Кəрілік жетті, қайрат кетті ‒
Төртеуледі қайтейін.
Балам жоқ боп,
Жүрек тот боп ‒
Алтаулады қайтейін.
Сонда тұрып Төкетай,
Мəнікерге мінеді.
Бадана тонды киеді.
Шоталыны қолға алып,
Беліне садақ іледі.
Ақсұңқардай түледі,
Қарғып мініп атына
Ақиықтай талпына,
Мəнікер де тынығып,
Келген екен шарқына.
Төбедегі жиналған
Тура шапты халқына.
Жалғызбын деп Төкетай,
Қарамады артына.
Салауаты, сəулеті,
Саймандары артыла,
Келе жатқан жалғыздың
Қарады ел қалпына.
– Келе жатқан кім, – дейді,
Келбеті бөлек тым, – дейді.
Періште ме, пері ме,
Сағым ба, əлде жын, – дейді.
Халықтың тұрған жерлері:
Қырымның бір шыңы еді,
Өршеленіп Мəнікер,
Биіктігін білмеді.
Көк ала сақал Əлмембет,
Ер Төстік те тұр еді.
Кім екенін біл, – деді.
Ер Төстіктің тұлпары
Құмай торы Шалқұйрық.
Сансыз аттан озатын
Мен жүйрікпін дегеннің
Қолтығын талай созатын.
Нағыз тұлпар жүйріктер
Шаңын көрмей қалатын.
Сағымдай ағып желгенде
Қараған көз талатын.
Айшылық алыс жерлерді
Алты күнде алатын.
Жер түбіне желіспен
Жеті күнде баратын.
Қатар ұшқан қарлығаш
Қанаты талып қонатын.
Өрге шапса талмайтын,
Ылди шапса самғайтын,
Қия салса таймайтып,
Көзі оттай жайнайтып.
Он бес жасар Ер Төстік
Шалқұйрыққа нанатын.
Ауыздығы қаршылдап,
Шапса тасты қабатын.
Төстен қашқан түлкіні
Төрт аттатпай соғатын.
Тіл біледі Шалқұйрық
Жат десе жата қалатын.
Елеместің еркесі,
Отыз ұлдың кенжесі
Ер Төстік шықты жол тосын,
Төкетаймен көрісті,
Сəлем беріп қолдасып
Жолыңыз болсын, жігітім, ‒
Деді Төстік сөзді ашып.
Қайда кетіп барасыз,
Тау аралап, тас басып.
Екі батыр тілдесті,
Жөн сұрасып үндесті,
Екі тұлпар иіскесті,
Иіскесіп тістесті.
Сөзге алданып тұрғанда
Тағы аттары тебісті,
Тебіскенін тоқтатып,
Енді сөзге келісті.
Төкетай :
Азаматтың қадірін
Ағайын білмес, жат білер.
Артқы айылдың батқанын
Иесі білмес, ат білер.
Қара жерге қар жауын,
Қарды басқан ‒ бір мұрат.
Қара жерден қар кетіп,
Жерді басқан ‒ бір мұрат.
Ер Төстік батыр, сенбісің,
Елеместің еркесі,
Отыз ұлдың кенжесі,
Өзіңдей болып туады
Тəңірдің сүйген пендесі.
Ерегіскен батырдың
Ел үшін кетер кəллесі.
Елдестірмек елшіден,
Жауластырмақ жаушыдан.
Мен бір келген қонақпын,
Үрім менен Қырымға
Асыл адам қарайды,
Уəдеге бұрында.
Батыр болар жігіттің
Аты кетер руға,
Тұлпар болар жылқының
Тұлғасы тұрар құлында.
Ақжелекке кеп едім
Аты шыққан бұрында.
Қарияңды қайғыртып,
Мұның жаман ырым-ды.
Екі жирен ат мінген ‒
Ерте жолы болмайды,
Екі боз ат мінгеннің
Ежелден жолы болмайды.
Жерге сұңқар қонбайды,
Тонды киген тоңбайды.
Қара жерге кіргенше
Адамның көзі тоймайды.
Тілімді алсаң, жас бала,
Болғалы тұрсың бас бала.
Сыйламасаң үлкенді
Ер Төстік, болдың масқара.
Ер Төстік сонда күлді енді,
Жығылғанын білді енді.
Төбедегі халыққа
Сəлем бергін, жүр, ‒ деді.
Еріп келіп Төкетай,
Сəлемдесіп тұрды енді.
Ақылдасып Ер Төстік
Əңгімесін құрды енді.
Алты жорға тарту қып
Алпыс кісі жүрді енді.
Ақжелектің аулына,
Алпыс қонақ келеді,
Алдына келіп Ер Төстік
Иіліп сəлем береді.
Төкетайдың ат-тонын
Таңырқап бəрі көреді.
Қонақ болып түнімен
Алысып, ойнап күледі.
Таңертеңмен батырлар
Қыз жинауға кірісті.
Түніменен сөйлесіп,
Аты-жөнін білісті.
Алты батпан алтынын
Алуға тұрды күмісті.
Түніменен аралап,
Сұлу қызды жиысты.
Екі батыр ішінен
Сынаспақ болып ырысты
Құдай тағала қош нəрсе,
Бастады бұлар бір істі.
Таң атқанша аттарын
Екеуі мақтап тұрысты.
Нелер сұлу жиылды,
Асыл киім киінді,
Қыздың бəрі түйінді.
Қыз айттырған кісінің
Қараған көзі талады,
Қыздар шашын тарады.
Қара көз оттай жанады.
Қырымның қыз-ұлына
Қыз айттырған Төкетай
Қиғаштап көзін салады.
Қыз жақпас Төкетайға
Шетінен бəрі жағады.
Əсіресе екі қыз,
Бірінің аты Айнакөз,
Бірінің аты Қаракөз,
Балаларым бағына
Келтірді Құдай енді кез.
Төкетайдың көңілі
Енді судай тасады.
Талтаң-талтаң басады,
Маған келін осы, – ден,
Алтыннан шашу шашады.
Қалың қыздың ішінен
Аттарын анық атады.
Айнакөз бен Қаракөз
Құдалық жайын сөйлесіп,
Құйрық, бауыр асады.
Ата-анасын алдырып,
Ақжелек жауап ашады.
Сұрастырса Айнакөз ‒
Елеместің қызы екен,
Айтулының өзі екен.
Қырым менен Үрімнің
Аузындағы сөзі екен.
Қаракөзді сұраса
Бір кедейдің жалғызы,
Ата-анасы өліпті,
Ер Төстіктің балдызы.
Əңгіменің аяғы
Ер Төстікке тірелді.
Ақжелектің артынан
Бас түлек боп тұр еді.
Атырап елі ауғандай
Бір жағын билеп жүр еді.
«Үйде көпті түзде ұрмас»
Туысы отыз ұл еді.
Елемес өзі шын кедей
Сексен жаста тірі еді.
Отыз ұлдың ішінде
Айнакөз жалғыз қызы еді.
«Теңін тапсаң тегін бер»,
Деген мақал біледі,
Шешесі де жасында
Көріктінің бірі еді.
Балаларым білед деп,
Жауабын солай береді.
Қыз көптікі деген, – деп,
Көпшілігің біл, – деді.
Суырылып Төстік сөйледі,
Сөйлегенде бүй дейді:
‒ Отырсыздар, ақсақал,
Көпті көрген шүйделі,
«Қызға тыю қырық үйден»,
Төкетай, келдің аулыма,
Түсіпті көзің баурыма.
Алты батпан алтынды
Атының салып саурына.
Көпшіліктің кірермін
Кер кетпей-ақ қауымына,
Екі балаңды алып кел,
Қайта барып аулыңа.
«Қыз көргенді біз көріп,
Естігенді ‒ көз көріп».
Келіндеріңді алып кет.
Ерте қайтып, тез келіп
Қызға кім көзі түспейді,
Қымызды кім ішпейді.
Тіл астында тіл бар ғой,
Бұл жақта да ұл бар ғой.
Күйеусіз босқа жіберсем
«Ат көті» деген мін бар ғой,
Айттырып жүрген тағы көп,
Аңдып жүрген жабы көп.
Қызығып жүрген тағы бар.
Қызғанған адам табылар.
Қыздың сырын кім білсін,
Кеудесі бөлек жаны бар.
Тобышақты шоңқайтқан
Қаба жалды жабы бар.
Қыз шіркінге кім сенсін,
Түрлі пəле табылар.
Ақылы жоқ арыстан,
Айға қарап шабынар.
Бозторғайға бақ қонса,
Бидайық, қыран бағынар.
Шымшық құсқа бақ қонса,
Самұрық келіп жалынар.
Құл мен күңге күн туса,
Патшадан таж ‒ тақ алынар.
Арғымақ ат пысқырса,
Алыс жолға шабылар.
Тағы да айтар бір сөзім
Көпшілік, құлақ салыңдар.
Хан емеспін қарамын,
Қарадан туған баламын.
Əкем кедей, өзім жас,
Əр нəрседен шаламын.
Өзім деген адамға
Өзегімді саламын,
Өзі келіп соқтықса,
Өш жібермей аламын.
Көңілім түскен кісіге,
Өлтірсе де нанамын.
«Ер өледі намыстан,
Қоян өлер қамыстан».
Мəнікермен сен келдің
Бір жұма жүріп алыстан.
Шалқұйрығым менің де
Ұшқан құстан қалыспан.
Ағаң сенің Көкетай
Атағын білем алыстан.
Жасың үлкен ағасың
Жүз көрісіп танысқан.
Біреу озып басынан,
Біреу шауып қалысқан.
Жарысуға қалайсың
Атаның ұлы арыстан.
Сөреге адам қоялық
Əділетті қалыстан.
‒ Мақұл, – деді Төкетай,
Жəрдем берсін бір Құдай
Əкесінен бері қарай,
Деген емес жəкетай.
Ел таңырқап балаға,
Батырлар түсті араға.
Ерніп тұрған қалың ел
Еліртіп жатыр жана да.
Ер Төстік сонда сөйледі.
Төкетайға кел, – деді.
Бəйгесіне атыңның
Не тігесің сен? – деді.
Төкетай :
– Қалағаның берейін,
Қалса егер Мəнікер.
Мəнікерден озам деп,
Болма, бала, əбігер.
Қалмақ, қазақ, қырғыздан
Алғам талай əбиір.
Алты батпан алтыным,
Ол жарай ма, жарқыным.
Баламмен жасты баласың
Басылмаған қарқының.
Мақтанбаңыз сіз, – дейді
Қорықпаймыз біз, – дейді.
Алты батпан алтыннан
Күдеріңді үз, – дейді.
Мəнікерді қоса тік
Рас болса сөз, – дейді,
Озарыңа Төкетай,
Жетіп тұрса көз, – дейді.
Мен тігейін бəйгеге
Екі сұлу қыз, – дейді.
Үш ай көктем ары жүріп,
Үш ай шауып бері жүріп,
Жарысайық, біз, – дейді.
Үркер мен ай тоқтамас
Уақытында тоғыспай.
Екі батыр тоқтамас
Ерегіспей соғыспай,
Екі тұлпар жарыспай,
Екі арыстан тоқтамас,
Ырылдасын алыспай.
Екі тұлпар жарысты,
Үзенгісін қағысты,
Ұшқан құсты құтқармай,
Ауыздықпен алысты.
Ерегісіп екпіндеп,
Өнерлерін салысты.
Екі батыр ереуіл
Жібермеске намысты.
Тарта шауып тізгінін
Екі қолы қарысты,
Жүгірген аң, ұшқан құс
Ілесе алмай қалысты.
Еттері еркін қыза алмай,
Бір-бір оза алысқа қылған бір
Қолтықтары шыланбай
Құлаштап аяқ соза алмай,
Делебесі қоза алмай,
Қалың тоғай қарағай.
Тұра алмайды қарамай.
Осындайлық алысқа
Əуре қылған бір Құдай.
Айлық жерден қос тұлпар
Құстай ұшып келеді.
Кербаланың шөлінен
Жарты күнде етеді.
Жиделібайсын жерінен
Екі күнде өтеді,
Даласынан бетпақтың
Алты күнде өтеді.
Адыр-адыр белдерден
Жарты күнде өтеді.
Орыс елін аралап
Оянғанша өтеді.
Он сан ноғай үстінен
Ойнақтатып өтеді,
Қалмақтардың елінен,
Қарағанша өтеді,
Қарақалпақ елінен,
Шалқар өзен-көлінен,
Шапшаң қарғып өтеді.
Еділ менен Жайыққа
Ерегісіп жетеді.
Еділ бойын өрледі,
Тұлпар сонда терледі.
Құлаштап аяқ сермеді,
Қолға ерік бермеді.
Орал тауын бастырды,
Кавказға қарай қасқарды.
Қара теңіз, Каспийден
Екеуі де жүздірді.
Пышақтай суды тілдірді.
Балықтарды үркітіп,
Жайындарды бүлдірді.
Екі жақтан қамшылап,
Енді ұрды дүлдүлді.
Мəнікер ат майыспай,
Мойны озды алыстай.
Қара теңіз ішінде
«Қош» деп ұран салысты-ай.
Бұрып шықты жиекке,
Су өтті əбден сүйекке.
Алыс-жақын бір екен,
Абайлады жүйрікке.
Ұзай салды Мəнікер
Тұлпарлыға мəлім кер
Төкетай Ер Төстікке
Бұрылды да «қош» деді.
Болма деп ем əбігер.
«Қосайлап» ұран шақырды,
Əперді аты əбиір.
Төкетай ұзап жөпелді,
Алдында бірталай өр.
Əлі де болса тұлпарға
Озатын бар талай жер.
Тағы қуып жетем деп
Ер Төстік айтты «қолдай гөр»,
Сөйтті де шықты жағаға
Шынымен аты қала ма,
Шығып алып қамшы ұрды
Сиынып біраз Аллаға.
Шалқұйрық тұлпар самғады,
Шабысынан танбады.
Ызаланған жануар
Тіке тұрды жалдары
Тыңнан мініп шапқандай
Көздің жасы парлады.
Қарағай мен қайыңдар
Дүбіріне сарнады.
Қуып жетті тағы да
Токетайды алдағы,
Тағы үзеңгі қағысып,
Бір-бірінен қалмады.
Күндік жер қалды сөреге.
«Сүйкенер сиыр өреге»
Келер мезгіл болды деп,
Ел де шықты төбеге.
Айтқанындай Есімнің
Екеуі қатар бір шықты.
Екі тұлпар шаңынан
Ел көре алмай тұншықты.
Тұяқтары соққан тас
Қазандай көкке ыршытты.
Аспанға ұшқан қалың тас
Қайта төмен ұрыпты.
Шаңға көміп көп жұртты
Тұрған жерде қырыпты.
Есім бақсы айтқаны
Ə дегенше келіпті.
Екі тұлпар келіпті.
Екі тұлпар екпіні,
Елге салды білікті.
Мəнікердің мойыны
Сөреге озып кіріпті.
Ер Төстік пен Төкетай,
Таласып босқа тұрыпты.
«Басты шайтан көрікті»,
«Сен келіп бəле болдың» деп,
Төкетайды ұрыпты.
Сойыл тиген Төкетай
Аттан құлай төніпті.
Ер Төстік енді қағынды.
Қайрылып келіп тағы ұрды.
Алыстан келген жалғызды
Жанын қинап өлтірді.
Ерегіскен Ер Төстік
Өз айтқанын келтірді.
Ел ағасы Ақжелек
Бұл қалай?! – деп, жекірді.
Алтынын, атын талаңдар ‒
Ер Төстік елге деп тұрды.
Халық шулап талады,
Дауысы жерді жарады.
Құмырсқадай қалың ел
Ат саурына таңылған
Алтынды бөліп алады.
Алтынды былай олжалап,
Мəнікерге ауыз салады.
Мəнікер ашып ауызын,
Елге қарсы шабады,
Быт-шыт болып ел қашып
Айнала келіп қамады.
Төкетайдай жалғыздың
Сүйегін ешкім алмады.
Шыр айналды Мəнікер,
Шеніне адам бармады.
Қодырайтып құйрығын,
Тікірейтіп құлағын.
Төкетайдай жолдасын
Жата қалып тісімен
Арқасына салады.
Анталап тұрған қалың ел
Көріп мұны таң қалды.
Ұстамаққа қамалап
Рулы ел қамданды.
Оны көріп Мəнікер
Ұстатпасқа шамданды.
Аузымен тістеп ап
Шығысқа қарай самғады,
Ақылы бар, тілі жоқ,
Көзінен жасы парлады.
Ерге салып жануар
Екі аяғын тістеді.
Екі қолын қусыртып,
Иегінен иіскеді.
Төрт тұяқпен жер тарпып
Қош дегендей кісінеді.
Айуан да болса Мəнікер
Адамзаттан есті еді.
Қамалап ел қамданып
Ұстайын деген адамды
Ұршықтай ойнап тепкені,
Алдынан келсе тістеді.
Алданып қолға түспеді.
Найзаласа өтпеді,
Садақ атса жетпеді.
Қылыштаса тілмеді,
Мылтық оғы тимеді.
Қалың елді қақ жарып,
Қашып тұлпар «шу» деді
Тұрған халық таңырқап,
‒ О, жануар, шүу! – деді.
Тұлпар кетті құтылып,
Төкетайды алып сытылып
Шалқұйрық пен Ер Төстік,
Толқындай тұлпар бұлқынып
Борандай соғып жұлқынып,
Ел қайда, – деп жөнелді...
Түсінік.
Кенен Əзірбаев. «Төкетай мен Мəнікер». «Төкетай мен Мəнікер» дастанының мазмұны өзге қазақ жырларынан бөлек. Жырда ертегі қаһарманы Ер Төстік Қырым елінің батыры болып суреттеледі. Дастан Кененнің ең көлемді эпикалық дастаны. Негізгі оқиға желісі қырғыздың «Манас»эпосы мен қазақтың «Ер Төстік» ертегісінен алынған. Кенен бұл дастанды 1940–45 жылдары үзік-үзік жыр түрінде жырлаған. 1947 жылы сол үзік жырларды біріктіріп, көлемді дастан етіп жырлаған. 1967, 1974 жылдардағы жинағында «Төкетай мен Мəнікер», «Ер Төстік» деген тараулары жарияланды. Ал, ақынның 100 жылдық мерейтойына арналған екі томдық таңдамалы шығармалар жинағына екі дастанды біріктіріп, мазмұн желісіне қарай аты «Бұрынғы өткен батырлар» деп өзгертіліп берілді. Бұл жинаққа 1974 жылы шыққан «Алатау шыңы» атты таңдамалы шығармалар жинағынан алынып берілді.