27.05.2022
  1135


Автор: Нұрпейіс Байғанин

Нарқыз

Өткеннен жыр бастайын,
Кіші жүз – Əлім Алшыннан.
Бұрынғы өткен бұл сөзді
Тыңда халқым, қартыңнан.
Сейіт қызы Айшадай
Айдай сұлу жарқыннан,
Кедей қызы болса да,
Нұрлы өнердің күшімен
Əр нəрсеге талпынған.
Өлең айтып, əн созған
Домбыра тартса, топта озған,
Өлең-жырды ағытып
Шаршы топта жақ тозған,
Ару еді нұр шалқып,
Балуан еді даңқы артық
Жауырын жерге тимеген,
Талай мықты балуанды,
Тұмақ құрлы көрмеген.
Жығылуды білмеген.
Бəйгесіне ат алған,
Алғыс алған, бата алған.
Айша сұлу жасынан
Балуандығы асқан соң,
«Нарқыз» болып атанған.
Ажарына көз салсаң,
Нұрланған ай сияқты.
Мінезінен сынасаң –
(1860 1945)
Көрген адам ұнатты.
Жəне жүйрік жауапқа,
Құрбы көңлін құлатты.
Балтыр еті – бесіктей
Омырауы – есіктей.
Жауырыны – қақпақтай.
Желкесіне ораған
Бұрымы бар тоқпақтай.
Келбетіне қарасаң,
Ерден озат көрінген.
Кербездігін айтайын:
Басуға аяқ ерінген.
Жиынды жерде жырласа,
Əсем сұлу əнінен
Тау бұлағы төгілген.
Өнер, келбет, балуандық
Бір өзіне берілген.
Айналаға сүйікті,
Салтанатпен жүріпті.
Домбырасы қолында,
Сөзін елге тыңдатқан,
Ақылы артық білікті.
Сол заманда сол жақта
Ел билепті Мəмбет хан.
Қарауындағы халыққа
Көрсетпепті атар таң.
Хан ағасы таз екен,
Ақылы да аз екен.
Інісі хан болғанға
Қарап жүріп мəз екен...
Əмірі зор Мəмбет хан
«Қыз берсін, – деп, – ағама!»
Сейітке күш сөз айтқан.
Хан айтқан соң амал жоқ,
Көнбейтұғын заман жоқ:
«Хан сөзінен шығатын, –
Депті Сейіт, – шамам жоқ!»
Келген елші кісіден
Осыны естіп, аһ ұрып,
Нарқыз тынған ішінен...
Нарқыз сонда қорланды:
«Мен екем ғой бағам жоқ!
Əке тілін алмаймын,
Тазға болып тəуелді
Тіршілікте бармаймын!
Өлең айтып зарлаймын,
Домбырамды өңгеріп,
Дүниені шарлаймын.
Құрым іліп жүрсе де,
Осы жатқан халықтан
Өз теңімді таңдаймын...
Ол сертімнен танбаймын!»
Осыны айтып, бота көз
Ақбоз атқа мінеді.
Ер қасына шашақты
Домбырасын іледі.
Қайда сауық, жиын той
Ортасында жүреді.
Қыз күйігін зарлаған
Елі-жұрты біледі.
Жаны ашырлар, жақындар
«Қайран боздақ – бота көз!»
Деп ішінен күйеді.
Көшіп, қонып жүретін
Ханның байтақ мекені.
Нөкерлері қасында,
Салтанатпен Мəмбет хан
Көш алдында кетеді.
Түлкі тұмақ басында,
Ақбоз аты астында,
Күміс сапты қамшыны
Мықынына таянып,
Мəмбет ханның алдынан
Біреу кесіп өтеді.
Оны көрген Мəмбет хан
Ашуланып сөйледі:
– Мен Мəмбет хан болғалы,
Хандық бақыт қонғалы
Абыройымды жан төкпеген.
Қадірлі едім көпке мен.
Халық билеп, хан болып,
Қолым неге жетпеген!
Бұрын-соңды алдымнан
Ешкім кесе өтпеген.
Қасымдағы нөкерден
Бір бесеуің барыңдар.
Хан алдынан кесе өткен
Жігітті ұстап алыңдар,
Басына қайғы салыңдар.
Ханың қорлық көргенде
Аянар не шағың бар?
Білдіңдер ме, халайық,
Ақын сырын ашады.
Жігіт емес, ол біреу
Ханның қуған жасағы,
Өзімізге белгілі
Нарқыз еді қашанғы.
Астындағы атына
Нарқыз қамшы басады,
Бес жігіттен қашады,
Бір белестен асады.
Қырдың асты шабынды,
Көрінбейтін таса еді.
Аттан түсе қалады,
Тартпа менен айылын
Қатты тартып алады.
Қашатұғын бұл емес
Бес жігіттен жаңағы.
Найза, қылыш қолында,
Бес жігіт те ағады,
Келе найза салады.
Мақталы екі шапаннан
Қарулары өтпеді.
Маңайына келе алмай,
Кейбіреуі шеттеді.
Кейі қайрат қылса да,
Нарқыз елең етпеді.
Нарқыз қайрат бастады,
Бес жігіттен саспады.
Бойын ашу басқаны,
Ақбоз атпен ұмтылып
Бес жігітті атынан
Жұлып-жұлып тастады.
Бес жігіт күні тарылды,
Қол қусырып бағынды.
«Өзің біл, – деп, – ағатай!»
Ер Нарқызға жалынды.
Қаһарман қыз сөйледі,
– Бері қараңдар, ей! – деді.
Бəріңде де ақыл бар,
«Қой қорықса, ешкіні
«Апа» дейтін нақыл бар.
Қызды ағалап жалынған
Ылғи, – дейді, – «батырлар»!
Білемісің, жігіттер,
Адасып айтқан сөзіңді?
Адыраңдап келдіңдер,
Аңғармай-ақ өзімді.
«Ағатай» деп айтпасаң,
Ояр едім көзіңді.
Не десем де бағындың,
Бағынып, маған жағындың.
«Апатай» деп айта алмай,
«Ағатай» деп жалындың.
Байқадыңдар затымды,
Білмедіңдер атымды.
Хандарыңа айтыңдар
Көрдік деп бір ақынды,
Ақын емес, батырды...
Оған қалай теңейді,
Сонау тазша қатынды?!
Əуре болмай қайтыңдар,
Мініңдер де атыңды!
– «Мінген аты жараған,
Қаса арғымақ шын жүйрік,
Сағағынан үзіліп,
Басы көкке қараған.
Бізді көріп ырғытты,
Құс дер еді оны адам.
Шапқан сайын үдеді,
Күдірден күдір асқанда,
Біздің мінген тұғырлар
Болдырып жолда жүрмеді.
Ілесіп көрдік қарасын,
Кім екенін біле алмай,
Болжай алмай шамасын.
Əрлі-берлі шапқан соң,
Көрсетпей кетті қарасын.
Жүйрікке не амал қыласың?
Əдейі өткен кісі екен,
Атының біліп шамасын.
Осыған ханым нанасың!»
Деді осылай бес жігіт,
Ханның келіп алдына.
Нанды Мəмбет, жігіттің
Сөзіне құлақ салды да.
«Нөкерлерім, сырласым,
Таң қаламын, ғажап жан
Ол не қылған өктем» деп,
«Алдиярым айтпай алдымнан,
Жолымнан өтіп кеткен» деп.
«Хан əмірі өктем» деп,
«Талай сондай қашқынға
Əмірім менің жеткен» деп,
Ашуланды Мəмбет хан
Ақбоз атты жолшыға
Кіжінді «адам неткен?!» деп.
Бұйрық берді хан сонда:
«Көк аттыны бағыңдар,
Көк ат мінген адамды,
Жібермей ұстап алыңдар.
Көк аттыдан қорланып,
Қапа болған шағым бар.
Қайрылмай кеткен адамға
Өткізетін зəрім бар.
Бүгін қашып кеткенмен,
Ертең алар арьш бар!..»
Мəмбет жарлық салады,
Жасауылдар жарлығын
Дереу қабыл алады.
Жолаушы мен жортушы
Жүрер жолдың торабын
Жасауылдар бағады.
Көк аттылар кездессе,
Ханға айдап барады.
Тергеп жауап алады.
Жауап берген көктіге
Ылғи дүре соғады.
Бейнет шегіп талайы
Жылап кетіп барады.
Жасауылдар жалаңдап,
Қарауыл тағы қарады.
Көк ат мініп жүруден
Енді халық қалады.
Осы хабар халыққа
Құйынша тез тарады.
Осыны естіп ер Нарқыз
Ойға салып қарады:
«Мəмбет ханды көрсем» деп,
«Ерлігімді көрсетіп,
Қорықпай жауап берсем» деп.
«Сырымды алар сол төре,
Көрінбей қашып жүрсем» деп.
«Қабырғама ақыл салайын,
Ойлайын ойдың талайын,
Ел жиналған ас болса,
Ақбоз ат мінген қалыппен,
Саспай ханға барайын.
Көкірегі қара хан,
Алдынан ел тараған.
Көп ішінде бармасам,
Хан жолдасы – көп адам,
Жалғыз барсам қапыда
Ұстап алар аламан.
Жиында барсам, егер де
Айтармын көпке сөзімді.
Жиылған жиын көп халық
Қорлыққа бермес өзімді.
Көп ішінде сөйлеймін
Айтайын деген сөзімді.
Сонда халық көзімен
Көрсін менің күшімді,
Білсін менің ісімді!
Жалғыздық түсіп қазір мен
Қайырсыз ханнан ығысып,
Көріп жүрмін қысымды.
ұлы жиын той, аста
Күреске түссем белсеніп,
Жиылған көрер сұсымды».
Осыны Нарқыз ойлайды.
Көңілінде жігер, қайраты
Асқан сайын Нарқыз да
Бұл талабын қоймайды.
Жақын күнде жиын, ас
Тап бұл жылы болмайды.
Малы семіз, халық шат,
Аман шығып сол қыстан,
Келесі жаз болғанда
Көп дəулетке көңіл мас.
Күзінде өлген Жарлығас,
Осы байдың асына
Сауын айтып халыққа
Бермек болды сыйын-ас.
Ас бермек елге санат-ты,
Əркімдер атын жаратты.
Астың күні жеткенде,
Бəйбішелер байсалды
Бай асына саба артты.
Алшын, Жаппас, көп Шекті
Он екі ата Байұлы
Жолдың шаңын боратты.
Ел билеген би, болыс
Ас беретін мырзаға
Ата жолы осы деп
Шəйіге жамбы орапты.
Орнаған дəулет шағымда
Қызметімді көрсін деп,
Жағалбайлы, Жетіру
Ат шаптырған еліне.
Келсін деп оған тағы да
Тама менен Табынға,
Рамазан, Төлеуге,
Кердері мен Керейтке,
Ат жетер жердің шегіне,
Он алты болыс еліне
Аян болған ас екен.
Көлдей қымыз шалқыған,
Ішкен адам мас екен.
Жүйріктерді санаса,
Бес жүз сексен ат екен.
Балуан келді одан көп,
Асқа тіккен бəйгесін
Сонда жығып алам деп.
Ат пен түйе бəйгеге
Күшімді бір салам деп...
Келді балуан əр жерден,
Айтса мақтау сиярлық
Сандақтары əр елден.
Осы ас көпке даң болды,
Асқа сойған көп малдан
Аққан өзен қан болды.
Бұрын-соңды көрмеген
Талай адам көрісті,
Есен, сəлем берісті.
Ас қызығы ұласты,
Арада неше күн асты.
Ат жаратып келгендер
«Ат шаптыр» деп шуласты.
Ат айдайтын көмбені
Бəлен жерден шапсын деп
Ас басқарған мырзаның
Айтқан сөзін жөн көрді...
Салтанатты жүргені,
Астына ақбоз мінгені;
Неше тұрлі асыл зат
Мақпал, жібек кигені;
Ер мүсінді, сүйкімді,
Жүргені жұрт түйдегі;
Құрбысынан мінезі өр,
Үсті-басы сары ала,
Балағында алтын зер.
Дөңгелек жүз, көрікті,
Шашын түйіп төбеге
Баса киген бөрікті;
Түрме белбеу белінде,
Кім екенін білдірмей
Нарқыз асқа келіпті.
Ас үйлерін тіккен жер
Ұлы Жемнің саласы,
Қалың жыңғыл ағашы.
Айғараның ақшаты,
Саралжынның сағасы.
Асқа келген көп адам,
Жөңкіле қырға шығады.
Өтетілеу бір жарлы
Түйе мініп астына,
Қорағашқа ту байлап,
Туды ұстап тұрады.
Кептен шығып бес кісі
Ат айдады бəйгеге.
Жемнің бойы шаң болып,
Түсіп жатыр əуреге.
Биік дөңнің басында
Ел жиылып болған соң,
Бəтуаға келісті:
«Ат айдаушы жігіттер!
Ұрлап шабу болмасын!
Буаз төбе шенінен
Балаларды бағыңдар.
Балаларды асырып,
Бері өздерің қалыңдар.
Аттар қайтқан кезінде
Сендер дереу шабыңдар.
Бұғып келіп қоспасын
Соған көзді салыңдар!»
Сілтеу берген жерінен
Тізе қосып көп бала,
Жүйріктермен жөнелді.
Ат шапқан жер шамасы
Екі көштей жер еді.
Жүйрік сіңір созады,
Тұяқтан жер тозады.
Айқай, ұран шыққанда
Кей жүйріктер озады.
Жемнің бойы айқай-шу,
Шүбатылды тозаңы.
Сол бəйгені көргенде,
Жүрек тулап кеудеңде
Делебеңіз қозады!..
Ат бəйгесін көрді көз,
Күрес бастар келді кез.
Жарқын-жарқын естілді
– Балуан шықсын! – деген сөз.
Жұрт отырды айналып,
Орталарын кең салып.
Балуандарын əркімдер
Күресуге келді алып.
Қызығын көзбен көруге,
Анталап тұр ел-халық.
Талай топта күрескен
Шықты сонда балуан қыз.
Сипатына көзің сал,
Енді қапы қалмаңыз:
Көзі гауһар көз талған,
Бойы шынар ырғалған.
Мүсініне қарасаң
Шығар едің құмардан!
Қымқап шапан киінген,
Мақпал шалбар зер салған.
Түрме белбеу белінде.
Алып-ұшып жүрегі,
Топта қызып сүйегі,
«Келіңдер, – деп, – балуандар!»
Нарқыз қарап күледі.
Бұрын-соңды болған жоқ
Бұл Нарқыздың теңдесі.
Балуандардың көргенде,
Түсер еді еңсесі.
Балуан Нарқыз шыққан соң
Балуандар тұр кідіріп,
Күрескенше Нарқыз тұр
Даярланып, түйіліп.
Кейде бір сөз айтады
Жұрт алдында иіліп:
– Атым əйел болса да,
Нарқыз болып туғанмын.
Мақтануға сыйғанмын.
Талай-талай балуанды
Жерге бұлғап ұрғанмын.
Қарсыма ешкім келмеген,
Мерекелі жиында
Жанға бəйге бермегем.
Топта шығар айбатым,
Халыққа аян қайратым.
Бұл жиында бар ма екен,
Менің қатар тайласым?
Қатар балуан бар болсаң,
Шықшы, бері, қайдасың?!
Мəмбет хан да ақырды,
Балуандарын шақырды.
Топта озат бəйге алған
Шақырып алды қасына
«Алып балуан» батырды.
Намысты алып берсін деп,
Шақырып алған төменнен,
Алып балуан ер еді
Шашылған даңқы ежелден.
Ат, түйені шығарған
Түскен құдық тереңнен.
Атын естіп Нарқыздың,
Күрессем деп сол қызбен,
Асық болып кезенген.
Келбеті мен ерлігі
Бұл балуанның кем емес!
Тұла бойы тұп-тұтас
Келбеті ірі жан екен,
Бұған да ешкім тең емес.
Халық тұрды анталап:
Шекпен киіп етіне,
Шалбары бар кең балақ,
Нарқызбенен күреске
Келді көзі қанталап.
Қарсы келіп екеуі
Шап берісіп күресті,
Ала алмады, тіресті.
Бір-біріне алдырмай,
Аяқтарын шалдырмай,
Айламенен сіресті.
Бұ да мықты жан екен,
Алдырмады, алысты
Жібермеуге намысты,
Жығылмасқа қарысты.
Сонда Нарқыз ағасы
Аңғарады Нарқыздың
Жыртылғанын жағасы.
Дем болсын деп Нарқызға
Сонда айтқанын қарашы:
– Балуан Нарқыз сен, деді.
Кенже ағаңмын мен, – деді.
Сені Тəңір алды ма,
Адыра күшің қалды ма,
Əлі жүрген нең? – деді.
Тілегіңді тілеп тұр
Бұқара халық, ел, – деді.
Хан балуанын жық-тағы,
Абырой алып бер! – деді.
«Ауп!» деп Нарқыз ақырды,
Əйелде асқан батыл-ды.
Бір үйіріп жіберді,
Жерге аяғы тірелді.
Қаңбаққа ұсап сол кезде
Хан балуаны талықсып,
Қанды көбік қақырды.
Бетіне оның су бүркіп,
Зорға жанын шақырды.
Хан кəрленіп, шамданды,
Енді Мəмбет арланды.
«Тағы бірің шық!» – деді,
Балуандары қамданды.
Хан балуаны тағы да
Жалпақ жауырын қара екен,
Бұ да айтудай бар екен.
Хан балуаны жығылса
Қарашыдан ар екен.
Келбетіне қарасаң,
Қайсар қара нар екен,
Бүйірге қол таянып,
Жан-жағына қаранып,
Келді-дағы Нарқызды
Ұстай алды шап етіп.
Қалған емес бұл балуан
Еш қорғалып аянып.
Ұстаса жүріп Нарқызға
Хан балуаны сөйлейді;
«Атандың Нарқыз сен, – дейді,
Күреске келдім мен, – дейді.
Еркектен қыздың жолы үлкен,
Кезек бердім мен, – дейді.
Жолыңды ала бер», – дейді.
Нарқыз айтты балуанға:
– Түріңізге қарасам,
Жасың үлкен ағасың.
Қыз да болсам, кішімін,
Жолыңды, аға, аласың.
Көлденеңнен көз салып,
Халық бізге қарасын.
Кім балуан да, кім осал,
Байқасын жұрт шамасын!
Нарқыз кезек берген соң,
Балуан ырғап карады:
Қозғалмайды Нарқыздың
Басқан жерден аяғы.
Көтеріп толғап тағы да
Байқады жігіт шаманы,
Басқан жерден Нарқыздың
Еш аумады табаны.
Əдіспенен толғады,
Қос аяқтап орады,
Бəріне де болмады.
Мықтымсынып келгенмен,
Балуан тағы оңбады,
Кезек берді Нарқызға
Жыға алмасын көргенде ол.
Балуан қыздың қайратын
Осы болды көрген жер.
Аузында елдің ұраны,
Арыстандай сияғы.
Соны көрген халайық
Қайтер екен Нарқыз деп,
Тамаша етіп тұрады.
Айналдырып үйіріп,
Хан балуанын бөріктей
Нарқыз тағы ұрады.
Тілеп тұрған халықтың
Көріп, көңілі тынады.
Ел бастығы Мəмбеттің
Мықтап сағы сынады.
Сағы сынбай неғылсын,
Сеніп тұрған қос балуан
Екеуі де құлады!
– Күшің тасып қайнасын,
Бұл бір қиын іс болды,
Балуан Бегім, қайдасың?
Арыстан деп атандың,
Ер сыналар жер келді.
Тұла бойым шымырлап,
Маңдайыма тер келді.
Тайынбайтын едің ер,
Арланатын келді жер!
Кесілмесең қарыңнан,
Хан-төренің намысын,
Қарашыдан алып бер!
Бұл балуаны Арыстан
Талай нармен алысқан.
Күрең тартып тұр екен,
Өле жаздап намыстан.
Күресем деп Нарқызбен,
Келген екен алыстан.
Көйлегін тастап, шалбаршаң,
Етіне шекпен киінді,
Ақ балтырын түрінді.
Келбетіне қарасаң,
Келісті туған ер екен.
Балтырына қарасаң,
Нар санымен тең екен.
Жауырыны қақпақтай,
Бұлшық еті тоқпақтай
Айтулының бірі екен.
Тұлғасы тым ірі екен!
Отырған Нарқыз балуанға
Талтаңдап басып барады.
Қасына жақын келгенде,
Жаннан қайтпас ер Нарқыз
Белден ұстап алады.
Балуан сынап сыртынан,
Жиналған жұрт қарады.
Екі балуан алысты,
Қолдары да қарысты,
Алдырмады аңдысып,
Бірін-бірі бағысты.
Екеуі де салып жүр
Əдіс пенен амалын.
Бірін-бірі жұлқиды,
Аудара алмай табанын.
Мəмбет сонда ақырды:
– Туған інім Арыстан!
Əркім құмар өзіңе
Балуан деген дабыстан.
Мін емес пе өзіңе,
Қызбен мұнша алысқан?
Келтірдің кір сен маған.
Нарқызбенен алысып,
Əлі жүрсің оңбаған!
Атасы əйел шіркіннен
Болғаның ба сен жаман?
Бүйтіп тірі жүргенше
Тірі жрмей өл арам!»
Сонда Арыстан шамданды.
Күшін жиып қамданды.
Дем алдырмай Нарқызды
Түрлі əдіске салған-ды.
Ашуланып Нарқыз да
Түйілген екен қабағы.
Ақ бетінің қуарып,
Кеткен екен ажары.
Көп кісінің ішінен
Шыға келіп сөйледі,
Кенже деген ағасы,
Екеуі Сейіт баласы:
Айналайын, Нарқызжан,
Тынысың неден тарылған?
Екі талай жер болса,
Саған біз ек жалынған.
Айырылдың ба барыңнан?
Кесілдің бе қарыңнан?
Бауырым Нарқыз, қимылда,
Жұртың отыр сарылған!
Сонда Нарқыз бойына
Қайрат мықтап келген-ді.
Намыс түсіп ойына,
Ашуланып тербенді.
Жиындағы көп халық
Қайратын қыздың көрді енді:
Ырғап, толғап, көтеріп,
Кеудеге қысып алады.
Мəмбет ханға қарады:
Қара Мəмбет, сен, деді,
Нарқыз едім мен, деді.
Қатыны өлген таз ағаң
Меніменен тең бе еді?
Туған інің – Арыстан
Не қылғаным көр, деді.
Көрінсін бір шырайым,
Тимейсің деп тазыңа,
Қайырдың талай райым.
Өзім Нарқыз болған соң,
Қорлыққа неғып шыдайын?
Қайратын көр Нарқыздың
Арыстандай ініңді,
Өз алдыңа ұрайын!»
Арыстанды бұрады,
Өкпесінен сығады.
Қысылғаннан балуанның
Мұрнынан қан шығады.
Дүрілдетіп үйіріп,
Мəмбет ханның алдына
Бұлғап-бұлғап ұрады.
Ортан жілік шарт етіп,
Ортасынан сынады.
Кескен терек секілді
ұзынынан сұлады.
Сонда Мəмбет жылады:
– Бақытым бастан өттің бе?
Маған қайғы жеттің бе?
Еркек емес, əйелден
Бірге туған бауырым
Арманда боп кеттің бе?
Арыстан балуан талады,
Ақыл, естен танады.
Төрелер келіп қамады,
Қалың жиын халықтан
Сынықшы іздеп табады,
Теңге салып көтеріп,
Алып кетіп барады.
Жігерін Нарқыз білдірді,
Төре жағын жылатып,
Бұқараны күлдірді:
– Балуан болсаң сондай бол,
Арыстан атты төренің
Жілігін де сындырды!
Тілеген тілек бұқара
Көңілі осы тынған жер,
Мəмбет ханның балуанын
Алдына əкеп ұрған жер.
Хабар айтты Нарқызға
Мəмбеттен бір елші кеп.
Жіберіпті жігітті:
– Маған Нарқыз келсін, деп
Нарқыз кегі бар болса,
Мəнісін айтып берсін, деп,
Бұқарада жүрмесін,
Нөкеріме кірсін, деп.
Ақылы болса Нарқыздың,
Қадірімді білсін, деп.
Жығылған соң Арыстан,
Хан көңілі түнерген,
«Нарқыз маған келсін» деп
Шақырушы жіберген.
Хан шақырса, тартынып
Кім қалады бұл елден?
Бірақ Нарқыз қасарып,
Бармайын деп ойлады.
Тастайтындай бас алып,
Жұрт еркіне қоймады.
«Халыққа қиын іс болар,
Хан ғой елдің қорғаны.
Көпке мұның тыс болар»,
Деп ағайын зорлады.
Қорықпайтын ер Нарқыз
Халық тілін алады,
Алты кісі жолдаспен
Хан алдына барады.
Ызасы кеп хан Мəмбет,
Ашу көзбен қарады.
Нарқыз одан ықпады,
Айтар сөзін жұптады:
– Елдің басшы қорғаны,
Қарағаны сен едің,
Ақын Нарқыз атанған
Аты шыққан мен едім.
Əуелі атым – Айша еді,
Қайрат, қажыр күшпенен
Нарқыз болған себебім.
Шақыртыпсың, сұрапсың,
Саған жауап беремін.
Алдыңа неге алдырдың,
Бар ма ед əлде керегім?
Батыр керек болды ма,
Айтыңызшы дерегін?
Ханым, ойлап қараңыз,
Қандай ерге тең едім?
Сейіт əкем мал бітпей,
Кедейліктен тарыққан.
Тамаққа кем, киім жоқ,
Малай болып зарыққан.
Қатыны өлген таз ағаң,
Соны біліп алыстан,
Кісі салып араға,
Мал салам деп қораға,
Мені алуға жабысқан.
Əкем байғұс тарыққан
Хан ағасы деген соң,
Қарсы айтуға қорыққан.
Ақылдасқан адамы
«Хан тұқымы керек» деп,
Сендіріпті сондықтан.
Атым əйел болса да,
Тең туып ем адамға.
Малы толып тұрса да,
Тең емен таз жаманға.
Кімге лайық көрінем,
Төреші бол өзіңіз.
Арыстанды жыққанды
Көріп еді көзіңіз!
Намыс алып бергенді,
Ханым, артық санаңыз.
Ойласаңыз, тең бе еді,
Маған сіздің ағаңыз?
Əділ болсаң, ұлықсат бер,
ұлықсат сізден аламыз.
Бұрынғының нақылы:
«Ханда – деген бір сөз бар –
Қырық кісінің ақылы».
Ойлаңыз да қараңыз,
Біз де сіздің балаңыз.
Хан əділдік қылмаса,
Кімге барып шағамыз?
Таусылады шарамыз,
Ушығады жарамыз,
Сіз шақырды деген соң
Келіп едім осында.
Алдыңыз кең, алдияр,
Рұқсат бер басыма!
Нарқыздың айтқан арызын
Мəмбет қабыл алмады,
Сөзіне құлақ салмады.
Хан ыңғайын, қабағын
Нарқыз əбден аңдады:
Отыр ма екен əлде хан,
Қызды ұстап қалғалы...
Үйден дереу жөнелді
Атқа Нарқыз қонғалы.
Атына Нарқыз келеді,
Қасындағы жолдасы
Атын тарта береді.
Шапшаң мініп боз атқа,
Еліне тартып жөнеді.
Қара Мəмбет залымның
Аламаны көп еді.
Қуыстанған Нарқызды
Тез ұстаңдар деп еді.
Ұстауға нөкер ат қойды.
Нарқыз мінген ақ боз ат
Күйіне түсіп жараған,
Құлағын тіке қадаған.
Ат қойғанын қыз көрді
Шуылдаған аламан.
Нарқыз қымтап тақымын,
Атқа қамшы басады,
Белес-белес асады.
Қолтығынан тер шығып,
Ақ көбігін шашады.
Ақбоз аттың байқады
Аламандар шамасын.
Тоқтасып бас шайқады:
«Көрмейміз, деп, қарасын!..»
Жиындағы адамға
Əмір етті Мəмбет хан,
Бəрі маған келсін, деп,
Айтатұғын сөзім бар,
Көңілдерін бөлсін, деп,
Айтқаныма көнсін, деп.
Алдымнан қашқан Нарқызды
Ұстап əкеп берсін, деп.
Шақыртқан соң хан Мəмбет
Ел жөнелді елпілдеп.
Отыр екен Мəмбет хан
Ашуланып, желкілдеп:
Бəріңе еткен əмірім:
Мені Нарқыз қорлады,
Сөзім қабыл болмады.
Мұндай қорлық көргем жоқ,
Мен Мəмбет хан болғалы.
Нарқызды ұстап беріңдер,
Айтатыным сол ғана!
Айтқаныма көндірем,
Сендерге сөз өтпесе,
Несіне хан болдым мен!
Құлдық ұрды халайық:
Əмірің бөтен демейік,
Сізден əмір болған соң,
Ризалықпен көнейік.
Қашып кеткен Нарқызды
Сіз үшін іздеп көрейік.
Табыла қойса егер де
Ұстап əкеп берейік!
Бұзық еді Бөктергі
Талайларды бүлдірген.
Тəуір көрген кісісін
Қуандырып күлдірген.
Жала жауып, талайдың
Басына пəле ілдірген,
Мəмбет ханға ол келді.
Мəмбет ханға жағынып:
«Сізге сонау Нарқызды
Ұстап берем», - деп еді.
Бөктергінің бұл сөзін
Мəмбет мақұл көреді.
– Уа Бөктергі, Бөктергі!
Ерді Мəмбет көп көрді.
Сыйласар ер сен едің.
Сыйлармын, – деп серт берді.
Қашып кеткен Нарқызды
Əкеліп бер қолыма.
Ашуым зор, кегім көп,
Түсіріп бер торыма.
Əкелген соң Нарқызды,
Мен жарармын жалыңа.
Жолдас қылып өзіңді,
Кірермін жұрт тобына!
Қалың елді Бөктергі
Бүрді де кеп зарлатты.
Бас-басына түгендеп,
Үйді қоймай санатты.
Топ ауылда бір отау,
Көзді тартып тұр отау.
Осы отауға Бөктергі
Барайын деп бет берді.
Соған ептеп барады,
Қыз нөкері қасында,
Ақ отаудың ішінен
Қыз Нарқызды табады.
– Қыз да болсаң, айбынды
Бала екенсің шырағым.
Ерлігіңді сынадым,
Жиын астың ішінде
Көзге түсті сияғың.
Қарсы болып ханменен,
Келіспей жүр тұрағың.
Ниетің болсын оң, дейді.
Мен Бөктергі ағаңмын,
Шырағым, қонақ бол, дейді.
Сендей асыл балаға,
Құрмет ету жол, дейді.
Үйіме алып барайын,
Пəле келмес маңыңа
Қызмет етіп қарайын.
Адал жүрек, ақкөңіл
Нарқыз бұған сенеді.
Бөктергіге ереді,
Үйіне еріп келеді.
Жақсы сыйлап, құрметтеп,
Қонағасы береді.
Қызметі қызға жағады.
– Бөктергідей жақсы аға,
Қамқорлығың көрінді,
Əн салдырып, ойнатып,
Бердің маған төріңді.
Мен – қарындас, сен – аға,
Ақырында табарсың
Лайық бір теңімді.
Хан ағасын сүймедім,
Ханмен бірге туса да,
Менсінбедім, тимедім,
Өзім Нарқыз болған соң,
Бар қызықты шүйгенім.
Байдан қызық емес пе,
Жаны бірге құрбымен
Күнде ойнап-күлгенім?
Өз теңіңе бармасаң,
Қызығы не дүниенің?
Домбырашы, ақындық
Болды менің дүрмегім.
Бөктергідей жақсы аға,
Өзіңе билік беремін,
Теңім тапсаң, теріс емес,
Айтқаныңа көнемін.
Жаны ашыған жақсы аға,
Атаң басқа демейін.
Сенбеуші едім басқаға,
Саған ғана сенейін...
– Шырағым, Нарқыз, асылым,
Сөзімде жоқ терістік.
Енді уайым ойлама,
Халық болып сөйлесіп,
Мəмбет ханмен келістік.
Жолың ашық, шырағым.
Енді өзің қарарсың,
Қалың елден қалаған,
Өз теңіңді табарсың.
Лайығың, қатарың,
Сүйгеніңе барарсың!
Аға, сендім, өзіңе!
Ризамын, ағажан,
Қуандырған сөзіңе.
Болыса жүр, жан аға,
Жабырқаған кезімде.
Осы сөзге қуанып,
Нарқыз дамыл алады.
Жасырынды он жігіт
Бөктергінің адамы.
Нарқызды ептеп ұстауға
Үй сыртында бағады.
Оңаша үйде Бөктергі
Бір лақты сояды.
Екі жібек белбеу мен,
Қылдан ескен арқанды
Даяр қылып қояды.
Ол сұмдықтан хабарсыз,
Мейман асқа тояды.
Ойын, күлкі, сауықпен,
Шаршап жүрген ер Нарқыз,
Қатты ұйқыға кетеді.
Барлайын деп ұйқысын,
Қара ниет Бөктергі,
Жыбыр-жыбыр етеді.
Қатты ұйқысын аңғарды,
Айдан сұлу қыз Нарқыз
Тəтті ұйқыға барған-ды,
Қайран сұлу қапыда
Қолға түссе арман-ды!
Он жігітке Бөктергі
Нарқыз ұйықтап жатыр деп,
Қалмаңыздар қапы деп,
Хабар берді сыбырлап.
Даяр тұрған он жігіт
Үйге кірді білдірмей,
Əкеткелі түнде ұрлап.
Қыз ілінді қармаққа,
Жəрдемші жоқ жан-жақта.
Тұзақ арқан салғанда,
Нарқыз біліп бұлқынды.
Қол, аяғы байлауда,
Сорлы сұлу жұлқынды.
Бұрылуға дəрмен жоқ,
Босанам деп ұмтылды.
Бас дұшпаны Бөктергі
Аяғын ұстай береді.
Жиырып алып аяғын,
Қыз жүректен тебеді.
Бүктетіліп Бөктергі,
Аузынан қан төгеді.
Қасындағы жігіттер
Басын сүйеп «батырдың»,
Не қылуға біле алмай,
Аң-таң болып тұрады.
«Бізге қайғы болды» деп,
Халыққа хабар қылады.
Екі сағат соңынан,
Бөктергі есін жияды.
Жұрт көбейіп келіпті,
Əлсіреп жатқан Бөктергі
Халықты сонда көріпті,
Есін жинап алғанмен,
Өлуіне сеніпті.
«Жиылған халық сен едің,
Құрметті ханға, халыққа
Жаға білген мен едім.
Бұл ауруға тап болдым.
Ол өзімнің себебім.
Арыздасам сендермен
Болмаймын адам, өлемін.
Садақа айттым жан үшін,
Мұндай болдым хан үшін.
Өле кетсем егер де,
Мəмбет ханға сəлем айт,
Жоқтаулы болсын намысым.
Достым Мəмбет, шектесім,
Өлсем мені кектесін,
Хан Мəмбетке көп сəлем,
Жоқтаусыз артым кетпесін!
Адам болмас түріміз,
Күрмеледі тіліміз.
Мəмбет ханға көп сəлем!
Риза болсын ініміз!»
Тек жаны бар, халі жоқ,
Ішуге тамақ əлі жоқ,
Сұрғылт тартты ажары,
Бет жүзінің қаны жоқ,
Шалқасынан жатады
Қозғалуға əлі жоқ.
Ел жиналып келеді,
Бөктергіні көреді.
Күдер үзіп жанынан,
Жиылып келген халыққа
Арыздаса береді.
Кеш уақыты болғанда,
Қайта-қайта талады.
Ақыл, естен ауады,
Арыздасып, қоштасып,
Халық қолын алады.
Қатыны мен баласы,
Баршасы шулап жылады.
Əлсіреген уақытта
Туысқан аға, інісі
«Арманда кеткен тумам» деп,
Үстіне кеп құлады.
Жамылып ымырт күн батты.
Жұлдыздың алды шығады,
Əлсіреп жатқан Бөктергі
Жұлдыз шыға тынады...
Арыздаса халықтың
Жиналып келген себебі:
Ханға жаққан Бөктергі
Қадірі бар неме еді.
Екі сөздің бірінде
Мəмбет досым дер еді,
Арын арлап жалпылдап,
Ақырында өледі.
Тепкісінен Нарқыздың
Жаны шыққан жері еді.
Қол, аяғын беркітіп,
Қызды байлап алады,
Нар үстіне таңады.
Қайырсыз қара Мəмбетке
Нарқызды алып барады.
Сонда Мəмбет сөйледі:
– Кісі өлтірдің сен, деді,
Не себептен өлтірдің,
Жауабыңды бер! – деді.
Беруге жауап көнбеді,
Өз намысын кектеді,
Күреңіткен ажары
Ханнан қорқып кетпеді.
Ханға жауап бермеді,
Беруін мақұл көрмеді.
Қайта-қайта дікілдеп
Жауабыңды бер деді.
Ашуменен тынады,
Ешбір жауап бермеді,
Мелшиіп қарап тұрады.
Бермеген соң қыз жауап,
Ханның қаны қызады.
Жігіттерін шақырды,
Қара Мəмбет ақырды:
– Жігіттер, құрал сайлаңыз,
Бұрынғының үстіне
Нарқызды тағы байлаңыз;
Жамандықты аяма,
Еш жамандық қалмасын,
Бар амалды ойлаңыз!
Жиылып келген жігіттер,
Артына қолын таңады,
Бұрынғының үстіне
Берік байлап алады.
Енді ететін айла жоқ,
Сонымен Нарқыз қалады.
Осы берген қысым іс
Нарқызға қатты батады.
Оңаша тіккен жалғыз үй,
Есігі кісен салулы,
Сонда Нарқыз жатады.
Ашуы кеп, ұйқы жоқ,
Қабағы əбден қатады.
Он жігіт сырттан бағулы,
Есігі кісен салулы,
Арқанменен бастырып
Үйді мықтап таңулы,
Қиындықта, қысымда
Сұлу Нарқыз қалулы.
Ашуы қыздың күшті еді,
Қанша тамақ əкелсе,
«Хан тамағы арам»деп,
Бір қасық су ішпеді.
Кекке толды жүрегі.
«Ханнан алсам кегімді!»
Нарқыздың сол тілегі.
Сол Нарқыздан жері жоқ
Хан Мəмбеттің аянған.
Айнымайды Нарқыз да
Ойлаған намыс, қарадан.
Ашуы келіп əр түнде
Батыр Нарқыз ақырса,
Ұйқысынан Мəмбет хан
Талай шошып оянған.
Ханнан Нарқыз асыл-ды,
Əрі күшті ақылды.
Қарны ашып, шөлдесе,
Байлаулы жатып ақырды
Ханымдары сол ханның
Ақырғанда ер Нарқыз,
Ақылынан шатылды.
Қыздан қорқып ханымдар,
Қымыздарын сапырды.
Айыбымыз осы деп
Тамақ əкеп, бас ұрды.
Тамақты қыз ішеді,
Жəрдем берер ешкім жоқ,
Сүйенгені Нарқыздың
Өзінің қайрат-күші еді.
Қастасқан жас сол ханға
Осылай еткен ісі еді.
Нарқыз тілек тіледі,
Ызасына шыдамай,
Жылап алып бір мезгіл,
Бір уақыттар күледі.
Ұлықсат жоқ беретін
Күнінің жоқ сүрегі.
Мейірім қылмас залым деп,
Ханнан күдер үзеді.
Ашуменен ар тұтып,
Батыр Нарқыз жүдеді.
Енді Нарқыз ойлайды,
Ойламасқа болмайды.
Бір қиял ойға орнайды.
«Бір хикмет бастайын,
Құр қамауда жатпайын,
Айламды ішке сақтайын,
Қалай болар жағдайым,
Ханды да сынап барлайын.
Жауабын естіп Мəмбеттің
Арбайын да, алдайын...»
Қарауылдың бастығын
«Бермен кел» деп хабарлап,
Шақырып Нарқыз алады,
Сөйлесуге сол қыздың
Ханмен болды талабы.
Қарауылдың бастығы:
«Не дейсіз?» – деп Нарқызға,
Шақыртқан соң келіпті.
Нарқыз жауап беріпті:
– Мені баққан сен едің,
Тұтқында Нарқыз мен едім,
Айтатұғын сөзім бар,
Сізден хабар беремін,
Бұл сөзімді мақұл ал,
Көңіліңе тоқып ал,
Сен Мəмбетке жылдам бар,
Мені ұстады Мəмбет хан
Ашу тұтып арменен,
Тақ үстінде ел билеп,
Отырған төре сəнменен.
Көңілімдегі айтар сөз –
Жауаптасам ханменен.
Тілдесуге Мəмбет хан
Ұлықсат маған бере ме?
Болмаса өзі келе ме?
Ел бастаған хан еді,
Көз жасымды көре ме?
Ханыңызға айтып бар,
Осыныма көне ме?»
Нарқыздың айтқан сөзіне
Қарауылшы қанады,
Естігенін түп-түгел
Ханына айтып барады,
Қайырсыз Мəмбет Нарқыздың
Осы арызын алады.
Хан да бұған көнеді,
Аяғын босат деп еді.
Екі аяғын босатып,
Үйді баққан он жігіт
Мəмбет ханның алдына
Қызды айдап келеді.
Нарқыз үйге кіргенде,
Тақта отырып Мəмбет хан,
Арызыңды айт деп еді.
Не екенімді, Мəмбет хан,
Көзбен көрдің сен, деді,
Таз ағаң түгіл, Арыстан
Меніменен тең бе еді?
Ақылы кəміл, күші сай
Табайын өзім тең, деді,
Басыма ұлықсат бер, деді.
Ханның сойы болғанмен,
Аға, інің менен кем, деді.
Арыз айтам, құлақ сал,
Рас айтқан сөзге нан,
Тақ үстінде сенсің хан,
Ел биледің, болдың паң,
Қызыққан маған талай жан.
Туысқаның тең емес,
Алсаң, мені өзің ал.
Алам десең, тиемін,
Қадіріңді білемін,
Мəмбет, сені сүйемін!
Өзің ойлап қарашы
Тұқымы деп төренің
Тазыңа нағып тиемін?
Ағама ти дегенге
Ызаланып, күйемін!
Сізге жетсін сөзіміз,
Ортадағы құрулы
Ел қисығын түзейтін
Сіз едіңіз тезіміз.
Əділдік ханым етер деп
Жаудырап тұр көзіміз.
Мені, Мəмбет, қор етпе,
Серіктікке ал өзіңіз!»
Біресе хан қуарды,
Біресе жүзі қызарды.
Бір көңілмен қараса,
Қыз алуға құмар-ды.
Өзіме əйел болар деп
Ішінен хан қуанды.
Тағы да хан ойлайды:
«Нарқызды алсам болмас» деп,
«Меніменен жолдас» деп,
«Сірə ісім оңбас» деп,
Қыз да өткір алмас» деп.
«Маған жолдас болған соң,
Сөзімді қабыл қылмас» деп,
«Қайраты артық, жүректі,
Өткірлігі – алмас» деп...
Көңілін тоқсан толғайды,
Толғанбасқа болмайды
Ақырында қызығып,
Алайын деп ойлайды:
Асыл Нарқыз сен едің,
Мəмбет дана мен едім.
Ханға лайық əр түрің,
Меніменен тең едің.
Тілегіңді берейін,
Мұныңа, Нарқыз, көнейін,
Егер сені алмасам,
Үстем болмас мерейім.
Сындырмайын сағыңды,
Байламайын бағыңды,
Бас қосасын ханыңмен,
Нарқыз, теңің табылды.
Оздырайын халықтан
Сендей сұлу жарымды.
Мен алған соң халықтың
Сенсің, Нарқыз, ордасы.
Арманы бар ма жігіттің
Сендей болса жолдасы,
Ризаласып, сүйісіп,
Неке қисын ақ Нарқыз,
Өз еліңнің молдасы.
Басыларсың, қыз Нарқыз,
Ішің ашып қайнаудан.
Кешікпей ел көшеді,
Осы отырған жайлаудан.
Уəдені берік еттік,
Бүгіннен бастап босатам
Қол-аяғың байлаудан.
Ұлықсат бердім, қыз Нарқыз,
Еркін тыным алуға.
Қырық арқанмен тұрады
Сенің үйің таңуда.
Есігің берік сақтаулы,
Темір құлып салуда.
Қарауылда он жігіт
Бұрынғыша бағуда...
Нарқыз сұлу сөзіне
Мəмбеттің сол көнгені.
Бір-біріне сенгені.
Ашу-кегі ішінде,
Нарқыз алдап Мəмбетті,
Осылай еді жеңгені.
Көңілінше мақтанып:
Нарқыз дейді жолдасым.
Бұл ісінің білмейді
Мəмбет бірақ оңбасын.
Шолақ хандар халықты
Жігін ашып басқалап,
Билеп жүрген күн екен.
Елде ықтияр, ерік жоқ,
Не десе де хандардың
Өтірігі шын екен.
Ала құйын сол заман
Біреуге біреу жармасқан.
Ел арасын бүлдіріп
Алауыздық лаң басқан.
Күштілері күшсізді
Еңіретіп, зарлатқан.
Ерегіссе ел шауып,
Екі арасын шаңдатқан.
Бейкүнəні күйдіріп
Талай-талай қандатқан...
Орта жүздің Ниязы
Азамат жиып алыпты.
«Көңілді жігіт бар болса,
Мəмбет ханды шабам» деп,
Түгел хабар салыпты.
Ер көңілді жігіттер
Нияз тілін алыпты,
Көліктерін күйлепті,
Шабамыз деп Мəмбетті
Күні-түні гулепті.
Қайраты бар жүз жігіт
Өткір қылыш қайрады,
Саптады ұшқыр найзаны,
Қару-жарақ сайлады,
Батыр балуан Ниязбен
Уағданы байлады.
Мінер атын жаратты,
Сирақты мылтық – қаруы,
Белге байлап садақты.
Мəмбет ханды шабуға
Жүз жігіт етті талапты.
Нияз да ердің нары еді,
Өзі жарлы болса да,
Киген киім, мінген ат
Жүрісі артық сəн еді.
Домбырашы, өлеңші
Түрлеп салған əн еді.
Барын беріп айттырған
Ақық сұлу жары еді.
Көрген адам таңданған
Əйелде ару жан еді.
Нияз жігіт жиғаны –
Жұмыс еді жөні бар.
Ақык сұлу – аруды
Мəмбет зорлап əкетіп,
Соған ыза, кегі бар.
Уа, жүз жігіт, жүз жігіт,
Дос болыңдар маған деп,
Мəмбет ханның ауылына
Өзім бастап барам деп,
Ақық сұлу жарымды
Қайта тартып алам деп,
Қайырсыз қара Мəмбеттің
Жылқысын бүгін шабам деп
Аттанғалы отырмын,
Не дейсіңдер соған, көп?
Қасындағы жүз жігіт
Ниязға серт береді,
Ат құйрығын өреді.
Садақтарын асынып,
Найзаларын егеді.
Атқа мінген жігіттер
Үзеңгісі сартылдап,
Еңку-еңку желеді.
Хан Мəмбеттің ауылына
Түн ішінде келеді.
Айналасын ауылдың
Əбден торып көреді.
Мəмбетті ұстап алуға,
Мойнына шылбыр тағуға
Нияз ойы төнеді.
Ашуы іште қайнайды
Жылқы жақты барлайды.
Жылқы жатқан өрісін
Əбден біліп аңдайды.
Жүз жолдасы қасында,
Солай қарай заулайды.
Сатырлатып сойылды,
Көп жылқыны айдайды.
Енді Нияз желікті,
Ол желікпей неғылсын,
Жауға алдырмас жүз жігіт
Қасындағы серік-ті.
«Қара Мəмбет қайда?» деп,
Хан ауылына келіпті.
Ұйықтап жатқан хан Мəмбет
Ұйқыдан шошып тұрады.
Бұл не сұмдық, шабуыл? –
Деп айқайлай сұрады.
Бəйбішесі Мəмбеттің
Болды ғой деп бір сұмдық,
Еңіреді, жылады.
Қаһарланып ер Нияз,
Жалаңдатты найзасын.
– Кəне, бəлем, шық, – деді, –
Қара Мəмбет қайдасың?
Қайырсыз хан сен едің,
Батыр Нияз мен едім.
Қапы қалма, хан Мəмбет,
Кегімді ала кеп едім.
Өзім Нияз болған соң,
Қорлыққа нағып шыдайын?
Тартып алып жарымды,
Басыма салдың уайым.
Шауып алып жылқыңды,
Керегеңді отын қылайын!
Мəмбет жаннан түңілді,
Бір тықыр ханға білінді.
Үй ішінде сандалып,
Əрі-бері жүгірді.
Барайын деп Нарқызға,
Етек-жеңін түрінді.
Қараңғыда қалбаңдап,
Буындары қалтырап,
Ортада көп сүрінді.
– Ойбай, Нарқыз, жау шапты,
Құт ордамды қиратты.
Жалаңдатып найзасын,
Ауылымды шулатты.
Сен бір жəрдем ете көр!
Деп Мəмбет хан жылапты.
Сонда Нарқыз киініп,
Ханды шапқан күйініп
Ер Ниязға келіпті.
Келе жауап беріпті:
– Атың Нияз əйгілі,
Артық туған ер едің,
Ақық сұлу аруды
Құтқарғалы кеп едің.
Жолбарыстай қайратты,
Дұшпаныңды мұқатып,
Талай досты теңедің,
Əрі Нияз ақынсың,
Мен де өзіңдей өнерлі,
Өзгеден сен жақынсың.
Жаудан қорқып саспайтын,
Атың шыққан батырсың.
Кетпеген деп естимін
Еш дұшпанға теңдігің.
Хан ауылына кеп тидің
Бұл да сенің ерлігің,
Қияңқыны сұрасаң,
Оның теріс демейін,
Кегің кеткен адамды
Өз қолыңа берейін,
Еске түсті ескі кек,
Нияз, сенде ашу көп.
Кекті адамың Мəмбетің,
Өңгертемін алып кет...
Сескенбейтін ер Нияз,
Шалқайып атта тұрады,
Аты шыққан ер Нарқыз –
Адамның алып қыраны
Көтеріп алып Мəмбетті,
Алдына əкеп ұрады.
Балуан Нияз өңгеріп,
Тақымына сығады.
Ханның даусы шыңғырып
Сонда қатты шығады:
«Азырақ, батыр, босат!» – деп,
Нияз ерден сұрады.
Тақымынан босатып,
Азырақ тыныс береді,
Ашуы қатты ер еді,
Хан Мəмбетті бұлқынтып,
Ер Нарқыздың қолынан
Қолына алған жер еді.
Сонда Нияз Нарқыздан
Жөн сұрайын деп еді:
– Келбетіңе қарасам,
Көрмеген бір нəсілсің.
Сөздеріңе қарасам,
Тұрған бойың ақылсың.
Жөніңді айтшы, азамат,
Сен кім деген батырсың?
– Мені қазір сынама,
Сын тағар күн жоқ маған,
Қауіп алма көңіліңе,
Хан намысын жоқтаман.
Елге лайық жерінде
Еш іркіліп тоқтаман.
Кім екенім сұрама,
Əзір атымды айтпаймын,
Көрісерміз қияда,
Сонда айтуға сақтаймын,
Əзір кейін қаламын,
Олжаңды ал да жүре бер,
Мен де артыңнан барамын.
Мəмбет ханды өңгеріп,
Жолдасыңа барарсың.
Менің айтқан сөзімді
Бірақ ұғып аларсың.
Сөзге тұрар ер болсаң,
Жолдан күтіп қарарсың.
Замандассың, қатарсың,
Жолдан күтіп сөйлесіп,
Кім екенімді ашарсың.
Қорқақ болсаң егер де,
Қарамассың, қашарсың,
Талай белден асарсың,
Осы олжа да жетер деп,
Қашып барып жатарсың.
Егер тоссаң жолымды,
Тағы олжаға батарсың...
Қол алысып қос батыр,
Айнымалық деген-ді,
Мəмбет ханды өңгеріп
Нияз шауып жөнелді.
Қас дұшпаннан құтылып
Қыздың көңілі кенелді,
Нарқыз сонда ішінен,
Айтты мынау өлеңді:
– Қимас қымбат елімсің,
Сенің арыңды арлауға
Нарқыз неге ерінсін?
Жара салған жаныңа,
Қара жүрек ханның да,
Ары бір күн төгілсін.
Қылғаны елге көп еді,
Сол сазайы берілсін.
Ер ерінбес білемін,
Орындауға ел тілегін.
Елім десем, күш тасып,
Алып-ұшар жүрегім.
Халқым үшін, қам үшін
Ақбоз атқа мінемін.
Қылыш байлап беліме,
Қарыма найза ілемін.
Көрген ел ең кемдікті,
Көксеген ең ерлікті,
Енді қара Мəмбеттен
Əперемін теңдікті!
Жылқышыны шақырды
– Ақмоншақты тез əкел,
Ардақтаулы атымды.
Қапастағы жан едім,
Басымнан түнек ашылды,
Уəдеменен жөнелттім
Қайсар Нияз батырды.
Аралаймын енді еркін
Байтақ жатқан халқымды.
Қайтарамын жылқыны,
Орындаймын шартымды!
Нарқыздың айтқан бұл сөзін
Тұрған халық жөн көрді.
Ақмоншақты əкеліп,
Берік тартып ерледі.
Көк найзасын қолға алып
Алға қарай сермеді.
Көрген жандар ойлады:
«Сол, деп, серт бергені...»
Қаруын түгел сайлаған,
Беліне қылыш байлаған,
Аты шыққан ер Нарқыз
Жаннан қорқып, таймаған.
Тұлғасы артық, қайратты
Ажары айдай жайнаған.
Қасына жолдас алмады,
Ақмоншақ ат заулады.
Бұлдырады белестер
Мұнарланған тау қалды.
Атқа қамшы басады,
Көп қырқадан асады,
Бір төбенің шаңдағын
Бір төбеге қосады.
Қол бастығы Нияз да
Уəделі ер екен,
Нарқыз іздеп келер деп
Орта жолда тосады.
Өлең айтып, əн салып
Нарқыз толғап қайырды.
Қол қарасы көрінді,
Тартты мықтап айылды.
Жылқы айдаған ерлерге
Нарқыз тимей өтті де,
Жылқының алдын қайырды.
– Жеттім, Нияз, соңыңнан,
Қалап барған жауыңды
Ұстап бердім қолымнан,
Елдің малын бермеймін
Ұрыға ауыл торыған!
Қайырмасаң сен, дейді,
Ел намысын жақтауға
Қуып келдім, мен, дейді.
Айтқаныма көнбесең,
Жекпе-жекке кел, дейді.
Нияз қимай жылқыны,
Қарсыласып барады.
Бірін-бірі найзамен
Қарсы сілтеп қалады.
Екеуі де шапшаң ер,
Өздеріне тигізбей,
Найзаларын қағады.
Сабы сынып найзасы
Жерге түсіп қалады.
Екі батыр тіресіп,
Қылышпенен шабысты.
Ат үстінде алысты.
Бірін-бірі ала алмай,
Қолдары да қарысты.
Ат белі де талады.
Бір айқасып өткенде,
Ат сүрініп кеткенде,
Қыз басынан тұмағы
Ұшып түсіп қалады.
Нияз да жалт қарады:
Қос бұрымды қолаң шаш
Жауырынын жабады.
«Қыз болды ғой батыр» деп,
Нияз аң-таң қалады.
Қыз қайратын білдірді.
Қыздан Нияз ұялып
Алданғанға бұл ғұрлы,
Ортасынан қылышын
Екі бүктеп сындырды.
Қызға Нияз тіл қатты:
Жаныма бұл тым батты,
Ер де болсам – жеңілдім,
Елге болдым ұятты.
Естуші едім атыңды,
Ерлерден артық деуші еді
Сенің асыл затыңды.
Хан інісі Арыстан
Сен сындырып жілігін,
Күлдіріп ең халқыңды.
Қарсыластым сенімен,
Айыбыма ал атымды,
Таныстығым жоқ еді,
Келбетіңе қарадым.
Жоғары екен еркектен
Сенің, Нарқыз, талабың.
Жеңбесем де мен сені,
Жеңілуге жарадым.
Бердім саған ықтияр
Шын ашуың келгенде,
Дұшпаныңды ықтырар.
Мен жеңілдім, сен жеңдің,
Бұл сөзімді құп қып ал!
Екі қолым байла да
Енді мені тұтқынға ал...
Нарқыз қарап Ниязға,
Тұрды үндемей біразға.
Жаза кесу бір қиын
Жолын тауып, кінə азда:
Айтқан сөзің орынды,
Айттың маған жолыңды,
Еттім саған кешірім,
Байламаймын қолыңды.
Қайта берсін жолдасың,
Сөзім екі болмасын,
Еріп жүр де алып қайт,
Нарқыз берген олжасын.
Мен де ұнаттым құлқыңды,
Сен де танып, көріп қайт,
Менің елім, жұртымды,
Ер де болсам – жеңілдім,
Елге болдым ұятты.
Ерге, Нияз, ел керек,
Қайтар алған жылқыңды!
Сөзге Нияз жығылып
Қызға салды олжасын,
Аямайтын түрі бар,
Алам десе өз басын.
Қызға ілесіп жөнелді,
Ертіп екі жолдасын.
Көрген жандар дер еді:
«Сапарларын оңдасын!»
Нарқыз айдап келеді
Елдің жүйрік, жорғасын:
Ел қызығын көре алмай,
Енді Мəмбет сорласын.
Залым күні солай деп,
Артымызға жол қалсын.
Айтарым сол, ер Нияз,
Арыстаным, жолбарысым!
Нарқыз сыйлап мейманын,
Жинап ауыл-аймағын,
Алдына қымыз қойдырып,
Құрметтеді қонағын
Ұлы думан, той қылып.
Аттанарда Ниязға
Нарқыз сұлу тіл қатты:
– Мейманымсың қымбатты!
Сөзімді тыңда, Нияз ер,
Білімі артық кемеңгер,
Орта жүзде Бала би,
Бала биге хабар бер.
Кіші жүзде Шоңай би,
О да келіп бас қосып,
Кеңесетін болсын жер,
Аттанатын кезің бар,
Айтар менің сөзім бар!
Батыр Нияз білікті
Қыздың сөзін ұғыпты.
Орта жүзге шаптырды
Қасындағы жігітті.
Бала биге шақыртып
Нияздан хабар барады.
Шақыра барған кісіден
Мəнісін сұрап қарады.
Əбден жайын түсініп,
Он екі кісі жолдаспен,
Нияз бенен Нарқыздың
Келсін деген еліне
Бала би кетіп барады.
Бала би атқа мінгеннен,
Жұртқа хабар тарады.
Үй тіктіріп алдынан,
Нарқыз күтіп алады.
Ортаға келген қонағын
Қызмет етіп бағады.
Бала би, Шоңай сөйлесе,
Төгілгендей сөзден күй.
Халық сүйген шешендер
Мейман болып Нарқызға
Неше күндей көрді сый.
Көп көңілін тебірентіп,
Сөз сөйледі Бала би:
– Ежелден топ бастаған тіл демесең,
Шоңай мен мені атақты би демесең,
Билігі осы сөздің Нарқызға ғой,
Сол болып сөз иесі тұр демесең.
Енді пəлен демелік,
Нарқызға билік берелік.
Нарқыз айтсын билікті,
Не айтса да көнелік.
Осы сапар сөз айтып
Билікке ие болмаймыз.
Халық билік берген соң,
Соның сөзін қолдаймыз!
Сөз басы Бала биден ашылғаны,
Шоңай би мұның сөзін мақұлдады.
Аяғы осы сөздің басылсын деп,
Нарқыздың сол себепті шақырғаны.
Бала би мен Шоңай би
Нарқызға билік беріпті,
Халық та соған көніпті.
Дұрыс билік айтар деп,
Азаматтар сеніпті.
Түрекеліп ер Нарқыз,
Билігін айта беріпті:
Мықтылық пен байлық деп,
Мəмбет елді бақпады,
Жұртты аяққа таптады.
Хан шықпасын төріңе,
Туған елім, құлақ сал,
Билік айтқан жеріме.
Қара қазақ болсын да,
Қайтсын Мəмбет еліне!
Бала би мен Шоңай би,
Билігіме құлақ сал:
Екі жүздің тізгінін,
Екі биім, сендер ал.
Қайырсыз Мəмбет тұсында
Қысым көрген жандармыз,
Бала би мен Шоңай би,
Екеуің елге бас болып
Елді тура жолдаңыз.
Қайырсыз хандай болмаңыз,
Жарлы менен нашарды
Жамандықтан қорғаңыз.
Қара қылды қақ жарып,
Халыққа əділ болсаңдар,
Мойныңдағы сол қарыз!»
Биліктің қыз Нарқыздан ашылғаны,
Көңілдегі айтты сөзін, жасырмады,
Жиылған кіл саң мүйіз, самар жақтар
Нарқыздың бұл билігін мақұлдады.
Жақсының елге тиер қайыры көп,
Жаушылығы екі жұрттың басылғаны.
Нарқыздың айтқан сөзіне
Кім де болса көнеді.
Айтқаны дұрыс болған соң,
Халық оған ереді.
Түйе бастап Мəмбеттен
Ел билігі: Нарқызға
Тоғыз алып береді.
Бұрынғыдан артықша
Бақыт қонған жер еді.
Қызға Нияз тіл қатты:
– Тыңда, құрбым сымбатты!
Келбетің келген керімсің,
Заманы қатар теңімсің.
Өзге олжаны қайтейін,
Қалауым – сенің өзіңсің!
Сонда бір би айтады,
Шын жорғадай тайпалды:
Қызым, қолым жаямын,
Бақыт күткен баладан
Қашан батамды аядым?
Саған ғашық Нияздың
Қайырма, қызым, талабын,
Суытпа ердің назарын,
Сындырма ердің ажарын.
Нарқыз қызым, тұрарсың
Екі атаңның осындай
Билік айтқан жеріне.
Мақұл көрсең шырағым,
Қосыл Нияз теңіңе!
– Əркім табар жолдасын,
Сіздер үшін қыз басым.
Билік айтсаң, екі ата,
Сөзің екі болмасын!
Не десең де көндім, деп,
Сіздер сенген Ниязға
Мен де алаңсыз сендім, деп
Нарқыз жауап береді.
Нияз жасқа тең еді,
Бір сұңқар мен аққуды
Бала би мен Шоңай би
Тауып қосқан жері еді.
Жаушылықтан достасқан
Екі тайпа ел той қылды.
Қуанышқа қой қырды.
Келген халық сауықпен
Дүрілдетті ой-қырды.
Кімге тимес жақсының
Сондай күнде себебі.
Орта жүз бен Кіші жүз
Көп жауласқан ел еді.
Нарқыз бенен Нияздың
Елге тиіп себебі,
Жаушылықтан достасып,
Орта жүз бен Кіші жүз
Татуласқан жері еді.
Бір кісінің ұлындай
Араластық деп еді.
Өмірінен сол елдің
Айтар жырым көп еді.
Тым ұзартып жібердім,
Əзірінше осымен
Аяқтағым келеді...


Түсінік.


Нұрпейіс Байғанин. «Нарқыз» Нұрпейіс ақынның төңкеріске дейін шығарған дастандарының бірі. 1940 жылдары сөз зергері Ғ.Мүсірепов жазып алған. Поэма Н.Байғаниннің 1945, 1956, 1974, 1991, 2006, 2008, 2011 жылдары шыққан жинақтарына кірген. Орталық ғылыми кітапхананың қолжазба қорында қара сөзбен баяндалған нұсқасы сақталған. Əдебиеттанушы ғалымдар ақынның Нарқыз образын жасауына қандай да бір шындық оқиға негіз болған, Нарқыздың түп бейнесі ХVІІІ ғасырдың аяқ кезінде өмір сүрген Айша атты қыз деген болжамды айтады.





Пікір жазу