Поэмалар ✍️
Өтеген батыр
Ақ көбікке оранып,
Толқыны тоқсан бұралып,
Арықтай аққан арналы,
Жамбыл бір жыр жырласын.
Жұрт хикая тындасын,
Өтеген батыр туралы.
Хикая емес бұл өзі,
Өз жанымнан шығарған,
Есімде жоқ осы жыр –
Қайдан, қалай алынған.
Мұны, ызыңдап даладан, –
Жырлаған, ескен жел маған.
Бұл жырды мен естігем –
Тағы құлжа үнінен.
Бұл жырды мен естігем –
Бұлбұлдың тəтті күйінен.
Бұл жырды мен естігем –
Ер Өтеген туралы,
Саңқылдап шыңның қыраны,
Аңыз еткен күнінен.
Бұл жырды мен естігем –
Тулаған толқын дөңінен.
Бұл жырды мсн естігем –
Шебінен, дала гүлінен.
Бұл жырды мен естігем –
Жұлдыздың аққан көгінен.
Бұл жырды мен естігем –
(1846 1945)
Өрінен өскен желінен.
Бұл жырды мен естігем –
Сай-саланың шегінсн.
Бұл жырды мен естігем –
Безіп жүріп ауылдан.
Бұл жырды мен естігем –
Жыршыдан, ақын, қауымнан.
Жылды айналып, жыл озып,
Өтеген өліп, қол үзіп,
Сапар шекті келместей.
Алайдағы тарихтың,
Аузында халықтың –
Аңыз қалды өлместей.
Сол туралы, мінекей,
Домбыраны сөйлетем.
Өтегенді мадақтап,
Жырға қосып тербетем.
Халық айтқанын қостаймын,
Артық сөзді қоспаймын,
Жырымды желше гулетем.
«Халық айтса, қалып айтпайд»
Мен де сонан асырман.
Шынайы берген тұлға еді,
Келе жатқан ғасырдан.
Жаздың жылы түні еді,
Өтегеннің тууы,
Жетісу ед мəулеті.
Сырымбет ед əулеті,
Дулат еді руы.
Түннің желі бесік боп,
Тербеткен бөбек уызды,
Қасара біткен маңдайдан,
Жан еді қос мүйізді.
Бала жастан əлпештеп,
Баққан оны гіл кісі ед.
Қасара біткен қос мүйіз,
Батырлықтың белгісі ед.
Жеңілмес жалын боп өскен,
Ақылға, күшке, болжауға,
Тартқан сымдай тал бойы,
Ұқсаған тағы құлжаға,
Өсті батыр тұлғалы,
Жолбарыстай қарулы,
Қырандайын қырағы,
Арыстандай айбарлы.
Жүз кісінің ішінде,
Ол бір жүрген дүлегей,
Бір өзі батпан бірегей.
Аң аулауда, бəйгіде.
Атағы шыққан əйгіге.
Жан еді бір думанда
Жабықпаған жалғанда.
Мейрімді ана иетін,
Бөбегін сүйіп, өрімін.
Сондай-ақ о да сүйетін,
Көшпелі қазақ өмірін.
Жетісу қазақ қонысы ед,
Мамығы майда оралған,
Күндер болған бір кезде
Сол жер қанға боялған.
Бір кездерде алакөз –
Болған сол жер аймағы.
Ұрыс, қағыс болған кез.
Қырғыз, қазақ, қалмағы.
Найза ұшталып тұлпарлар,
Жортып, жебе жарқылдар.
Күндер болған өлікке,
Қара қарға қарқылдар.
Он сегізінші ғасырда,
Далада, қырдың басында,
Ақ жағалы, жез топшы,
Патша жорық ашуда.
Дүре соғып дүрілдеп
Бүлдірген елді біріндеп,
Атуға да асуға.
Көшпелі елді қырғандай,
Бұзып, қырып, өртеді.
Ол күн қара борандай
Болып кетті ертегі.
Еміренген дала күңіреніп,
Жайлауларда, тауларда –
Жетісу бойы тебіреніп,
Қуырылған патша, хандарға.
Өтеген сонда ойқастай,
Талабынан таймастай,
Ызаланып, ершігіп,
Тұлыбы тола тершігіп,
Бұл өрт оған болмады,
Халықпен бірге жанбастай.
Күшінен бірақ танбады,
Суарылған алмастай.
Жұрт білмегенді ол білді,
Боларын сезді əлемет.
Патша тігіп ордасын,
Халықтың бұзып қордасын,
Қан төгерін керемет,
Жұрттан бұрын ол сезді.
Қайғыға халық түсерін,
Патша алдында бас иіп,
Хандардың ант ішерін.
Өтеген сезді хандардың,
Арам, пасық ниеттерін,
Халықты сатып, патшаның,
Киерін шенін, шекпенін.
Ер Өтеген олардан,
Қорықпады – шынықты.
Ұзақ сапар шегуге,
Дайындады жорықты.
Жинап болып нөкерін,
Жарқылдады ол қырандай.
Батыр барлық халықпен
Ақылдасты, ұрандай:
«Арыным – батыр арыны,
Дабылым – халық дабылы»,
Ақ жағалы патшаның,
Жақындап тұр жорығы.
Жетісуға жендеттің,
Түскелі тұр құрығы.
Жетсе жендет нөкері,
Халықтың сөзсіз құруы.
Айдан анық қан қылып,
Ұл, қызды тұтқын қылуы.
Малды айдап, жерді алып,
Таялды қуып шығуы.
Олар келіп халықты,
Көк өспейтін жерге айдайд,
Көрместей ғып жарықты,
Күн түспейтін жерге айдайд,
Күнге қақтап, көктемде,
Су түспейтін жерге айдайд,
Аспанда ыстық күн шыжып,
Жел еспейтін жерге айдайд,
Сағым ойнап, құм қайнап,
Үйлеспейтін жерге айдайд,
Сондай жерге шыжыған
Кім барғысы келеді.
Барған адам ол жерге,
Жапан түзде өледі.
Жерді, суды патша алад –
Жүрегім соны біледі.
Ауылды апат күтіп тұр,
Нар тəуекел жетіп тұр.
Алға қарап аңқылдақ –
Күтудің не керегі?
Кім белсенед, кəнекей,
Күшін жинап жорықта?
Үйірінен айдатып,
Тұлпар атын байлатып,
Қайсың əзір шығуға,
Өтегенмен жорыққа?
Өтегеннің талабы,
Майданнан күтпейд бағаны.
Келген кезде кезегі,
Дүние жүзін кезеді.
Қара қазан, сар бала,
Қамы үшін қамдана
Қонысқа жер іздейді:
«Мен табамын – табамын,
Бұлақ аққан жерлерді,
Көгі көктеп, гүл жарып
Құрақ атқан жерлерді.
Төрт түлікке ыңғайлы,
Толқын көлі, тоғайлы,
Көгінен нəубет, жерден нұр,
Құлап жатқан жерлерді
Жұт болғызбай, құт қонған,
Қой үстіне боз торғай,
Жұмыртқалап, бақ қонған,
Сүйікті қазақ халқына,
Ұнап жатқан жерлерді».
Өтеген қарап жатпады,
Пайдасыз сөз айтпады.
Ұрандап елді шақырды,
Батыр кіріп қақпады.
Елу жігіт бсл байлап,
Мақұлдасып, ыңғайлап
Ақылға айтқан тоқтады.
Ұрыс, керіс тоқталып,
Насырға – айғай шаппады.
Қай үйден кім шығады,
Санап жұртты саптады.
Өтеген бастап бұл ісін,
Жорыққа оны-мұнысын,
Екі жылға жеткендей –
Етіп бал, шай, күрішін,
Бөліп үйір жылқысын,
Жібек жал түлпар бұлдысын,
Қыздың сұлу, құндысын,
Жігіттің балуан, ірісін,
Таңдап ап жер төлежіп
Өткір көзбен жер сүзіп,
Тұлпарының тұяғы
Саз балшықтай тасты езіп,
Жөнелді батыр жорыққа,
Нөкерімен түзеп жүрісін!
Жортқан жолдың шаңдағы,
Ақ бұлттайын алысқа,
Бұрқырап атып жол тартты,
Қытай жақ, күн шығысқа.
Жүрді олар жорықта
Жол тартқандай Меккеге,
Таудан, құздан, өзеннен
Кездесті талай өтуге.
Жүре-жүре өздері
Алтын күннің аясы,
Көрінді түскен қарасы,
Жақындады Пекинге.
Ол жердің миуа, жемісі –
Күнге күйіп қабысқан.
Даласында жүр кісі –
Бүгіліп жерге жабысқан.
Ұлтарақтай өлкесі,
Адамы көп, жері тар,
Өтегеннің көзіне,
Көрінді ол жер – қыспақ жар.
Өліп-өшіп ондағы ел –
Күріш еккен алқына.
Қытайда қоныс болмады,
Қоныстар қазақ халқына.
Жігіттер шаңға шалдығып,
Азап тартты, түн қатты,
Ол жерден қоныс таба алмай,
Ізінше кері жол тартты.
Сайлы, құзды тауларды,
Жұлдызды түнді таптады,
Өтегеннің нөкері,
Сонда да қажып қайтпады.
Ереуіл ерлер ерісіп,
Жетті жортып Еділге,
Өртеніп күн батқан кез,
Қан толқынды Еділде.
Көңілсіз Еділ бойлары,
Ерлерді хұп алмады,
Тұнжыраңқы аймағы,
Жабырқаңқы жан-жағы
Ол кез Ресей патшасы,
Еділге бұғау салғаны,
Сезілді езіп зарлатқан,
Салғаны елге найзаны.
Осыдан бастап патшаның,
Тігілді орда, іргесі,
Көшпелі қазақ еліне,
Ол орда болды түрмесі.
Арандайын ашылды,
Қорқау патша құлқыны,
Қызды күң ғып зарлатып,
Айдап алды жылқыны.
Онан да əрі алғалап,
Өтеген батыр айқайлап,
Түсті сыпыра жортуға,
Дабыл ұрып жарқылдап
Тағы тау, құз жол тосып,
Алдында жел аңғылдап,
Үйсіз-күйсіз Өтеген,
Жиһан кезіп ертеден,
Кешке дейін салпылдап.
Суыққа тоңып қысты күн,
Қобызындай Қорқыттың
Безілдейді қалтылдап.
Таң атып, күн батқанша,
Жұлдыз сөніп жатқанша,
Жел аударған қаңбақтай,
Жортуылда жортақтай
Аттың басын тартпады.
Су суалып, шеп қуарып,
Күн жер көнін қақтады.
Сол жердің барып шөліне,
Өтеген қазақ еліне,
Қоныстар жерді таппады.
Аттың басын доғарып –
Тойғызып, жемдеп суарып,
Өтеген енді бет қойды,
Ақтөбеге қайтқалы.
Қылыштары жарқылдап,
Ер-тұрманы жалтылдап,
Жорытқанда жер тарпып,
Ойнақтады аттары.
Басып өтті белінен,
Талай асқар құздардың,
Естілді үн көлінен,
Қанаты талған қаздардың,
Жер танабын қуырып,
Сарбаздары серілді.
Бір уақытта жарқырап,
Ақтөбе де көрінді.
Көзбен шалып сол кезде,
Қара жолдан қиырды,
Шалқыған өзен бойына,
Үй тігуге бұйырды.
Өзен ағып күрілдеп,
Сай-саланы, даланы –
Алып жатты гуілдеп.
Соқты салқын самалы,
Сапырулы сар қымыз,
Мұрын жарып барады.
Жігіттердің отырған,
Ашылды сонда-ай қабағы.
Тіл қатпады Өтеген,
Ұштасып ойдың сабағы.
Құстай ұшып ұшқыр ой,
Көздің де шырымын алмады.
«Əйелімді алыста,
Өксітіп үйде қалдырдым.
Жапан түзде жол шегіп,
Қорқыттай-ақ қаңғырдым.
Күн күркіреп аспанда,
Нажағай ойнап жатса да,
Жанарымды жандырдым.
Мен халқымды сүйемін,
Оған қоныс табармын,
Шалқып жатқан шалғынның
Шұрайлы жерін алармын», –
Өтеген отыр тұнжырап.
Деген ойда маужырап,
Түн көрпесін тұйықтап,
Үнсіз дала, көк шатыр,
Астында аспан жұрт жатыр,
Жігіттер қалды ұйықтап.
Көктегі нəзік алтын ай,
Құлындай сұлу айқын ай,
Жұлдызды көгін жайлауын,
Жайлаған жанып жарқырай.
Тынышы кете жыбырлап,
Сөйлескендей сыбырлап,
Жұлдыз бен жұлдыз қалтырай.
Бір уақытта сырылдап,
Шөптің басы шуылдап,
Ескендей жел ышқынып,
Жұрт та шошып оянды,
Аттардағы пысқырып,
Жұрт үрпиіп тұрысты,
Бір-бірінс ығысты,
Мұрын жарған күлімсі,
Сезді бір жат иісті.
Иіс мұрын жарғандай,
Қоңырсып киіз жанғандай,
Жігіттер көзге жас алды,
Шын бір сұмдық болғандай.
Кейбіреуі – ойбайлай,
Айдалада қалғандай.
Жүректері қысылды,
Тарылып дем алғандай.
Жігіттер тұрып дүрлігіп,
Бір-біріне тығылып,
Біреуі сонда сөйледі:
«Біздер болдық сор маңдай,
Осы түн естен танғандай,
Секілденіп сезілді,
Құрығын ажал салғандай».
Құралайды көзге атқан,
Өтеген мерген толғанбай.
Қорқуды еш ойланбай.
Тұрды жалғыз сескенбей,
Тұлыптан шыққан тұлғасы,
Майданда қанат жайғандай.
Ол сабырлы дауыспен,
Жігіттерге тіл қатты,
Иісті сезіп тұрғандай:
«Бұл күлімсі зəрлі иіс,
Айдаһардың иісі.
Болар жылан ордасы,
Қорқыныш емес мұнысы.
Тойып ұйықтап айдаһар,
Жатқан шығар, саспаңыз,
Не болса да күтелік,
Жігіттер, қорқып қашпаңыз!
Зəрлі аш жылан болса егер,
Айбат шашып шабар ед.
Нар тарпыған шыбындай,
Бізді жалмай жарар ед.
Бізге айбат шашпаса,
Осы жерде болалық,
Ашық аспан астында,
Тынығып дем алалық».
Күншығыс жақ өртке ұсап,
Күн шығарда қызарды.
«Көріп тұрмын – қозғалды,
Айдаһарды у-зəрлі».
Жігіттер де қалшылдап,
Қалмайды үрей-үрейден.
Күн де шығып, таң атты,
Қорқыныш, бірақ, тым қатты,
Түнеріңкі түніңнен,
Біріне-бірі тығылып,
Жұрт қысылып жаншылды,
Осқырып, зəрді сезгендей.
Ат құлағын шаншады,
Қара терге шомылып.
Қара жерге қан сиді,
Өтеген батыр бұқпастан,
Қорқып-сасып жатпастан,
Атына мінді аршындап,
Шімірігіп қас қақпастан.
Бітімге келер кісідей,
Өтеген батыр сассын ба,
Айдаһарға тұп-тура
Қарсы жүрді бет бұра.
Баратқандай секілді,
Тақсыр қарсы тақсырға.
Ысқырғанда айдаһар,
Тізе бүкті жас тұлпар,
Өтеген барып айқасты,
Өтеген желдей дем алып,
Айдаһар мың бұралып,
Ауыздан жалын, от шашты.
Қозғалған таудай қалтырап,
Найзағайдай жарқырап,
Толқындайын тауланып,
Қомданды жылан қос басты.
Шұбарлана шабынып,
Күн көзіне шағылып,
Жылтырап əйнек қос көзі,
Шатынады жарылып.
Шатыната жар тасты.
Өтеген сонда баптана,
Қаруланып қаттана,
Тұлыптан түгі шықты да,
Тұлпарының қос көзін
Бір қолымен жапты да,
Шамырқанып, шамданып,
Соғысуға қамданып,
Қос тізгінін жай тартты.
Айдаһарға шүйіліп –
Сөйтті дағы тіл қатты:
«– Əй, керемет мақұлық,
Жатып ап зəр шақырып,
Отты аузыңды ашасың,
Айбатыңды шашасың,
Бүйтіп неге тасасың?
Шаша берсең зəрінді,
Жылқымыз безіп қашатын?!
Қимылдасаң қылт етіп,
Қалтырап дала босатын,
Жолды байлап өткізбей,
Жігіттерді кеткізбей,
Тоғыз жолдың торабын,
Неге бүйтіп, тосасың?
Мен бір батыр Өтеген,
Жетісуда жұртым бар,
Шалқардай шалқып қайнаған
Қуатты менің халқым бар.
Ұзақ жолға жорытқан.
Сапар шеккен қалпым бар.
Мені ыстық күн жандырған,
Мұздақ жаңбыр тоңдырған,
Шөліркетіп шөл дала,
Еліркеткен ен дала.
Жол қатам деп қақтығып,
Ауызым дəм татпаған.
Бір жыл емес көп болды,
Мен шыққалы елімнен.
Қиялай жортып асқанмын,
Талай таулы жеріңнен!
Көзімше менің күнің жоқ,
Қызара барып шықпаған,
Көзімше менің күнің жоқ
Өртене барып батпаған.
Қыспағы жоқ, көңілді,
Жайдары, жайлы өмірді,
Іздегелі көп болды.
Қондыру үшін ен жарып,
Бақыт келіп, бақ дарып,
Тұратұғын оңдалып,
Халқымды, қазақ елімді.
Қарасам сондай іреңің,
Сенің де мендей жүрегің,
Іздегендей тыныш жер.
Жүрер шағым жетіп тұр,
Ойымда өмір бекіп тұр.
Халқым асу күтіп тұр,
Бөгеме, өткіз, жолды бер!..»
Ирелеңдеп айдаһар,
Құбылған түгін оңдады.
Көзін ашып, құлағын,
Тіге сөзді тыңдады.
Өтегеннің жалынды,
Батырлық сөзін орынды
Тыңдады да, қолдады.
Денесін ішке жиырып,
Дегендей «мақұл» иіліп,
Өтегенге жол беріп,
Сапарын қолдап, жолдады.
Күн сəулесі құлпырды,
Жігіттер жолға ұмтылды,
Жортуылға түскен соң,
Қорқыныш, түнек ұмытылды.
Жүрмесе де ақырын,
Шыққасын алты-ақ шақырым
Тоқтады тағы топтанып,
Айдаһар шықты оқталып.
Өтеген енді мұнысын,
Көрсйін деп ұрысын,
Қарсы жүрді тағы да
Қарыс жауып қабағын,
Суырып қыннан қылышын.
Айдаһар жатып ышқынды,
Түндыра құлақ ысқырды,
Құйрығымсн жерді ұрып,
Жер сілкінте күш қылды.
Айдаһар енді шамданып,
Көбік шашып шорланып,
Тауға қарай талпынды,
Ишарамен білдіріп,
Өтегенді шақырды.
Жүз құбылып толғанып
Мұнарланған тауына,
Шұбар жылан жауына,
Өтеген де жөнелді,
Айқаспақ боп қомдана.
Олардың сол кез алдынан
Өрмелеген тауынан,
Екі тасқын күркілдей,
Тауды орай аққаны
Өрден тасып бүлкілдей,
Толқыны тулап, тасқа ұрып,
Ақ көбігі күркілдей,
Көктегі қосақ кемпірдей
Ақты таудың жарынан
Таудағы сайдың төрінен,
У шашқандай зəрінен,
Тұра қалды ысылдап
Қарап таудың қуысын,
Айдаһарға беттеді.
«Шық, тезірек шық!» деді,
Жарқылдатып қылышын.
Жер астынан ышқынып,
Айдаһар қатты ысқырып,
Шық дегендей майданға,
Тұрғандай-ақ жалмауға,
Шығарды даусын күштірек.
Өтеген тұрды долданып,
Салқын қанмен шамданып –
Айдаһар шықты бір кезде
Үсті қанға боялып.
Екеуі қарсы кездесті,
Шамданысып, шендесті,
Дауысымен Айдаһар,
Ақырған шақта, тіл қатып,
Өтеген былай тілдесті:
«Ей: абжылан, тауып су,
Денеңдегі қанды жу,
Сүйт те ініңе қайта кір,
Қарсыласқан жауды қу.
Майдандассаң мен əзір,
Соғыссаң қазір белді бу!»
Айдаһар кірді ініне,
Қара жердің түбіне,
Тау жырадан ащы айқай,
Шықты, бақсаң үніне.
Сол кезде іннен қан зулап,
Өзендей ақты төгіле.
Іннен қан мен су шықты,
Бумен бірге шу шықты.
Бірін-бірі шағысып,
Біріне-бірі тұншықты.
Іліп зəрлі тырнаққа,
Бірін-бірі улап та,
Жанталасып алысты.
Жас жылан болмай қарысты,
Айбат шегіп шабысты,
Жасының ойы сондағы:
Керісін қуып у шашқан,
Інін тартып алмаққа.
Кəрісін шақ дəрменде,
Нəр қалмады əлден де.
Өтегенге ол қарады,
Кел дегендей жəрдемге...
Көздеп тұрып Өтеген,
Көзіменен жетеген,
Жас жыланға оқ атты,
Атқан оғын жасының,
Маңдайынан қадатты.
Оғы мұрттай ұшырып,
Жас жыланды құлатты.
Мергендігі батырдың,
Жігіттерді таңғалтты.
Қарт айдаһар қуанып,
Тасқын суға жуынып,
Үстегі қанын тазартып,
Түлете түгін жайнатты.
Қонақтарын күтуге,
Құрмет етпей қалмапты.
Бəрін жинап, жар тасқа,
Сый көрсетіп сырласқа,
Өтегенге, бишара –
Көрсетіп сыйлық ишара,
Асқан батыр екен деп,
Күшіне оның таңғапты.
Онан да асып Өтеген,
Таудан, тастан, төбеден,
Іркілмей жортып отарып,
Жетті қалың орманға.
Деген кезде күн батты,
Есін жиып абжылан,
Ізінше тауға қайтадан,
Жылмаң қағып жорғалап,
Жігіттерге қарауға
Қорқып, бұғып, қорғалап,
Мекеніне жол тартты.
Орманда, жерде күз күні,
Жерде шық бар, сыз күні.
Қарағайдың түбінде,
Тұрған жақсы ақ үйді,
Келе жатып шалады,
Өтегеннің көздері.
Атыменен Өтеген,
Жетіп келді үйге нақ.
Жеткенде үйден үн шықты,
Күркіреген күндей-ақ:
«Өтеген деген сенбісің,
Қамалды бұзған ермісің?!
Мың күн жортып жол-жолай,
Тауда безген құлжадай,
Жиһанды кезіп жүрмісің?!
Неге тыныш таппайсың.
Үйіңе неге қайтпайсың?
Шарламаған жерің жоқ,
Судан өзге құрлықты,
Жол ғып жортып таптайсың.
Мықты болса білегің,
Түкті болса жүрегің,
Атыңнан түс те, үйге кір.
Қарағайдың түбіне,
Жігіттерің тоқтасын!»
Аттан түсіп батырың,
Үйге кірді ақырын.
Кіріп ед үйге жайменен.
Қарсы алып Ғайып-ерен14
Деген кəрі көрінді,
Аппақ қудай сақалды,
Жарқыратып ақ басын,
Үйдің жары жақпардай,
Қырау шалған ақ қардай,
Сəлем беріп Өтеген,
Жөн сұрауға төтеден
Сөйледі, тіл қатқандай:
«Ақ сақалды, ақ шашты,
Қария, ата, көп жасты.
Жортар жолым мың тарау,
Шаршадым рас, өң қашты.
14 Ғайып-ерен – Ислам діні бойынша көрінбей жүріп қолдайтып əулие,
күш мағынасында.
Маған қажет ел табу,
Кері қайту, үй табу,
Жүретін жолым тұйықтау,
Қиынырақ жол табу.
Жиһанда жол көп, я өлу
Керек я маған жер табу.
Жетісу, елім, аймағым,
Қыстауым да жайлауым,
Соған алып баратқан,
Бар жаңалық хабарым.
Елім жаңа қонысқа,
Қонса ұшырап ырысқа.
Күткен өмір жайнауын.
Құмырсқа да илеуін.
Шегіртке де жырасын,
Іздемей ме жайлы орын,
Бозторғай да ұясын.
Əркім жайды көздеген.
Балық та су іздеген,
Халқым үшін мен қалай,
Сұлу жерді іздемен?!
Көрдім, талай көремін,
Жиһан кезіп келемін.
Халқым үшін бас қиып,
Не болса да көнемін!»
Деді оған Ғайып-ерен:
«Жолың болсын Өтеген!
Сен мұзбалақ қырансың
Түйілетін төтеден,
Алтайы жүйрік маралдай,
Қашсаң құтылып, қуғанға
Қас қаққанша жетеген.
Алдында сенің майдан бар,
Оған айтар, айлам бар;
Түнде барма үйіңе,
Күндіз барсаң жайдан бар.
Жұмыста да соғыста,
Ақылыңды ашу қыспасын,
Ашушаң болсаң, сол қолын,
Оң қолыңды ұстасын!»
Өтеген иіліп, бүгіле,
Ұсап туған ұлына,
Рақмет айтып кəріге,
Аттанды жортып жолына.
Тағы да жазық, тау, дала,
Жақпарланып, жалдана,
Мұнарланып көрінді,
Шапқан жолы шаңдана.
Жылаған даусы естілді,
Желінен жазық даланың,
Секілді емес ол дауыс,
Яки, аңның, адамның.
Бұл дауысты Өтеген,
Жігіттерге айтты да,
«Білейін» – деп жөнелді,
Құйындатып шапты да:
«Жау болса, табанда өлтірем,
Дос болса, бірге келтірем;
Айғайға қарсы шаппасам,
Батыр боп не бітірем?»
Оқтап мылтық, қылышты,
Білуге шыққан дыбысты,
Барса Өтеген айдаһар,
Талықсыған тынысты.
Айдаһардың жүрегін,
Шаққан екен абжылан.
Шашқан екен у-зəрін,
Сусылдаған абжылан.
Шаққан зəрі жүрекке,
Дарыса дем алмас ед,
Ол айдаһар ол кезде,
Жерде тірі қалмас ед.
Өтеген сондай ойлап кеп:
«Тимесе егер атқан оқ,
Абжылан оқтай зымырап,
Секіреді-ау, маған деп;
Оқ тиіп егер абжылан,
Сеспей қатса қылжия,
Болар еді-ау, деді шын,
Айдаһар маған риза».
Алып келіп жіберді,
Тек күрс етті оқ күшті.
Быт-шыт боп басы абжылан,
Өрем қауып оққа ұшты.
Сонан кейін Өтеген,
Жігіттерге оралды.
– Не болды? – деп, анталап,
Жаудырды олар сұрауды.
«Түнде текке кетем бе,
Абжыланға оқталдым,
Сеспей қатты абжылан,
Айдаһарды құтқардым.
Ал, ұйықтаңдар, жыланнан
Пəле келсе көрермін.
Айдаһардың, тірі аңның,
Сазасын өзім берермін!
Айдаһар исін сезсеңдер,
Ойланбаңыз қорқуға.
Ол келсе тек келеді,
Бізге сыйлық тартуға.
Енді бізге қауіпті,
Жыландар да жолықпайд,
Аң да аңғарған шығар-ау,
Аңнан жүрек қорықпайд,
Ағашты қойып еселей,
Ұйықтап жатқан кісідей,
Етіп, басына ер жастап,
Үстіне шапан жабамыз.
Кісі екен деп аң келсе,
Бағып түрып аламыз».
Сүйтті соған тоқтады,
Жел де самал соқпады.
Бағып қана күткендей,
Түн бойы от жақпады.
Түннің толған ортасы ед
Шөпті де сыбырлатпады,
Сусып жылан жорғалап,
Көк жұлдызсыз қорғалап,
Айды бұлт қаптады.
Ысылдаған айдаһар,
Көрінді жалын атқаны.
Ажал оғы келе ме,
Деп біреуі біріне –
Жігіттер тағат таппады.
Тал бойы талдай бұралып,
Өтеген тұрды сұрланып.
Қорықпады – басынан,
Талай майданды ақтаған.
Құс оянып таң алды,
Шырылдап, шырлап əн салды.
Ұйықтаған боп қатты ағаш, –
Киіммен жауып тастаған,
Кісі орнына жатты ағаш.
Айдаһарға басына,
Жігіттер жетті қасына,
Айдаһардың үстіне,
Қараса басын ішіне,
Жиырып алып, шықпаған,
Жыланның басы талпынған,
Қапталған толып алтыннан.
Адам ойлап таппаған,
Сары құмандай алтынды,
Өтеген алып жалқынды,
Деді Өтеген: «бұл екен,
Айдаһардың сыйы екен,
Беруге бізге сақтаған,
Ізгілік, достық істесек,
Алтын, күміс береді.
Егер қастық істесек,
Зұлымдық уын төгеді.
Ізгі болсақ, біз егер,
Əділдіктің жолында, –
Еш уақытта болмаймыз,
Зұлымдықтың торында.
Халық үшін қасық қанымыз,
Аяусыз болсын жанымыз.
Болысалық əрдайым,
Жетім-жесір момынға.
Еңбек еткен емеді,
Еңбексіз жан өледі.
Жалқау болсаң жабылып,
Жұрт өзіңе күледі».
Өтеген батыр атақты,
Нөкерге осы сөзді айтты.
Сүйтті де таудан, тастардан
Асып асу асқардан,
Кент аралға жол тартты.
Кент арал деген бос арал,
Болып шықты тас арал,
Құмды, сулы аралдан,
Сусыз, шөлді даладан
Жігіттерін ертіп,
Өтеген кетті жорытып,
Аш бөрідей жаланған.
Түзеп алып жорықты,
Бір кең ашық алаңда,
Қарағайлы, қайыңды,
Қара орманға жолықты.
Қабағын жапқан қара орман,
Келе жатқан бұрыннан,
Ертегі əнін соғыпты.
Қызыл іңір түнеріп,
Шық түсіп жер мұнартып,
Өтеген батыр нөкері,
Сол орманға қоныпты.
Қара орман қалғып жайнады,
От жағылып парлады.
Қара қазан асылып,
Оттан жалын шашылып,
Ішінде қойдың сорпасы,
Бұрқ-бұрқ етіп қайнады.
Қараңғы түнде қылмиып,
Жағылған отқа жылмиып,
Келеді екі сұлу қыз,
Шолпандай туған таңдағы.
Беті қызыл алмадай,
Қара шашы құндыздай,
Көздері жанған жұлдыздай.
Киімінен құлпырған,
Інжу-маржан ойнады.
Өздері аппақ қудай-ақ,
Күлкісі сылдыр судай-ақ.
Сүйдіргендей əдеппен,
Əзілдеп, күліп ойнады.
От басында отырды,
Жұртқа көзін салмады.
Қадала қарап жігіттер,
Сұлудан көзін алмады.
Қош келдіңіз дегендей,
«Асқа өрлеңіз» дегендей.
Иба қып батыр қарады,
«Палауыңыз майлы» – деп,
Сыйлығына сұлулар,
Отырмады, бармады.
Еттің майын ағызып,
Жігіттер құмар қанғызып,
Ет жескенде, сұлулар,
Сыңқылдап, күліп, мазақтап,
Көз астымен барлады.
Бір жігіттер көрікті,
Кеміргенде сүйекті,
Сұлулар, тағы күлісіп,
Əзіл сөзбен тиісіп:–
«Тірі сүйек тырбиған,
Өлген малдың сүйегін,
О несі екен, сындырған?» –
Деп сөзбенен қармады.
Сылқ-сылқ етіп, күліп боп,
Сұлулар кетті ғайып боп.
Қимылымен сұқтана,
Таңғалдырған тек қана,
Жігіттердің есінде,
Көрген түстей қалғаны.
Қас қарайып, түн тынып,
Шөп қимылсыз, жел тынып,
Өтеген ойлап: «ол мұндар
Манағы келген сұлулар,
Сиқыр екен деді шын.
Ол жезтырнақ болғаны,
Сұлу боп түнде жүргені,
Сиқырлана келгені,
Жанды бүред болаттай,
Тырнағымен бүргені.
Біз сөйлесіп тұрғанда,
Көздері жанды жарқырап,
Олар – нағыз жезтырнақ.
Келгені бізді шолғаны,
Жылмаңдаған жезтырнақ.
Жауызырақ аңдардан,
Түсіре алмас біздерді,
Сұмдығын оның аңғарғам.
Ағашты қойып еселей,
Ұйықтап жатқан кісідей,
Етіп басына ер жастап,
Үстіне шапан жабамыз,
Кісі екен деп ол келер,
Бағып сонда алармыз», –
Деп жасырынып кетісті,
Əр бұтақтан сығалап,
Жезтырнақты күтісті.
Түн түнеріп томсарып,
Түннен түнек төгілді,
Жүгіргендей сұр қасқыр
Көзге елестеп көрінді.
Жұлдыз да жоқ, ай күңгірт,
Қара бұлтқа көмілді.
Өтеген күшті түрінде,
Қарағайдың түбінде,
Мылтығын оқтап кезеніп,
Күш құрыстап керілді.
Əлденелер қараңдап,
Қараңғы түнде жарқырап,
Шөптің басы қалтырап,
Көрінді бір зат қылт етті.
Сол арада тарс етті,
Өтегеннің мылтығы.
Мұрттай ұшып жезтырнақ,
Ажалы жетіп бұрқырап,
Қаны судай төгілді.
Таңертеңгі самалмен,
Таң құстары сайрады.
Жастанған ер де, шапан да,
Қарайып жерде қалмады.
Үйге ағаш қатарда,
Жамылдырған шапан да,
Жезтырнақпен быт-шыт боп,
Қалды тек жер шаңдағы.
Онан да асып құтылды,
Жігіттер де жұтынды.
Жорыққа тағы аттанды,
Жезтырнақ та ұмтылды,
Өзен, дала, таулар да,
Орман-тоғай, баулар да,
Көрінді көзге бұлдырап,
Артта қалған сықылды.
Желеңдеп тек жел ойнап,
Дөңгеленіп көк ойнап,
Көбікті теңіз толқыны,
Жарына соғып бұлқынды.
Қырық күн жел желеңдеп,
Бұлқынып толқын елеңдеп,
Жатқан қарап теңізге,
Тіл қатпастан Өтеген,
Үдете берді жортуды.
Теңіз тұманданғанда,
Көрініп таудай құмдар да,
Аспан жерге түскендей,
Күн өртеніп жанғанда.
Тұңғиық құм шөліркеп,
Жапанда жұрт талғанда,
Көз ұшында нардай боп,
Күнге күйген жардай боп,
Көрінді көзге бір шаһар,
Өлуге енді қалғанда.
Онда, сусып құм көшіп,
Тек қана ыстық жел есіп,
Өлген түйе сүйегі,
Қадам бассаң кездесіп,
Көрінед көзің салғанда.
Құдық пен құдық арасы,
Айшылық десем жалған ба.
Жету үшін құдыққа,
Үйреткен жаңа құрыққа,
Он жорғаны ұтылап,
Мінсең-дағы жетпейсің,
Айырылып естен танғанда.
Айшылық жүрсең ол жерден,
Кездеспейді жалғыз көл,
Шөл далада қалғанда.
Өтеген батыр жорытып,
Ортекедей орғытып,
Қырық күншілік жол жүрді,
Көрмегенді ол көрді,
Жапан түзде жалғанда.
Құмайтты, құмды, құмықты,
Торлаған қара бұлтты,
Асу аспан шыңдарды,
Шулаған қара орманды,
Көрді Өтеген сарбазы.
Таудан, тастан таймады,
Шыңнан шыққан шынардай,
Қоршап алдын тұрғанда,
Өтеген батыр түн қатып,
Қырық күншілік жол қатып,
Көктей өтіп орманды,
Тауды, тасты жарғанда.
Ақыры, жаздың көктемі,
Қара орманның көктеуі,
Түлеп тоғай, шалқар көл,
Сезілді жаздың жеткені.
Бұлақ ағып таулардан,
Гүлдер жарып баулардан,
Тұрған шақта Өтеген,
Жолды тауып төтеден,
Жиделібайсын еліне,
Көрінді көзге өткені...
– Өтеген сенің іздеуің...
Жер-жиһанды кезгенің.
Іздегенде осындай
Жер еді ғой көздеуің.
Жер жаннаты кез болды.
Көре ме сенің көздерің?
Қарашы, қызыл арайға,
Көресің бе, ұнай ма,
Дақсыз ашық аспанда,
Балықша бұлттың жүзгенін?
Көрдің бе таң шапағын,
Жердегі гүлдің тізбегін.
Малынған бау-бақшада,
Жемістің жер сүзгенін.
Ауызға түскен жалғанда,
Жемісі тəтті балдан да,
Жерді жыртып егілген,
Дəмі тəтті дəннен де.
Ақ мақтасы – күмістей,
Жері кілем – пүліштей.
Өтеген! Анық көрдің бе,
Мұнан басқа тағы да,
Бар ма артық іздерің?
Ту тушадай қояны,
Қырандай ірі торғайы,
Көресің бе əнеки,
Жайбарақат малдары,
Жайлауда жусап жандары
Рақаттанып жүргенін.
Ешкілері жылқыдай,
Ылағы бағлан тоқтыдай,
Ертегі болған домбай да,
Осы жерді сүйіп ыңғайға,
Қоныстауға меңзеген.
Меруерттей суында,
Қаз бен қу жоқ жүзбеген.
Туған шақта жаздары,
Қоңыр ала қаздары,
Көздеген жерден кез келген...
Қазақ халқы белгілі,
Осы жерден бақыт ілгелі,
Тұрғандай-ақ сездірген:
«Осы жерде Өтеген,
Деміңді ал, көзің сал,
Кезе бермей қияны,
Осы жерде деміңді ал!»
Арпалысқан атынан
Өтеген түсіп ерім тал,
Жанаттанып құлпыра,
Шөбін иіскеп қарады,
Жайлы ма деп жылқыға.
Жылқыға жайлы емес деп,
Қайтып келді жұлқына.
Жылқыға шөбі жақпаса,
Жылқыға жайлым таппаса,
Шоғы сөнген отындай,
Келмейді деп қалпына.
Отыра қалып сол жерде,
Қоныс таппай бұл елден,
Өтеген батыр жылады,
Балапандай талпына.
Ойын күңгірт басқандай,
Тілегі оның ұшқандай,
Алтын ойын мыс қылып,
Салы суға кеткендей,
Астында тұлпар аты өліп
Ақырғы демі біткендей,
Састы батыр сарқыла... –
Əй, Өтеген, Өтеген!
Ер едің сен ертеден.
Жетісудан – даладан,
Алатаудан, қиядан,
Жамбыл жаңа хабарды
Жеткізеді жанарлы,
Шар тарапқа шарқ ұра,
Қалпыңды бұзып жыланған,
Қайта тұрсаң молаңнан,
Молаңнан шығып, оянған,
Жетісуға, қарасаң, –
Көрер едің көз салсаң
Бақытынан нұр жауған.
Көрер едің бақытты,
Қазақстан халқынан.
Бастап Тянь-Шань тауынан,
Алатаудың бауырынан,
Оралға дейін созылып,
Шалқып жатқан аулынан.
Көрер едің ел болып,
Бағыңның нұрын артылған,
Қазақстан аймағы,
Туын тігіп жайнады,
Қазақ халқы құлпырып
Бұлбұл болып сайрады.
Түсінік.
Жамбыл Жабаев. «Өтеген батыр». Өтеген батыр (1699–1773) – XVIII ғасырдың І жартысында жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен қазақ батыры. Оның ата-бабаларыда батырлар болған. Өтеген батыр туралы аңызға бергісіз əңгімелер көп сақталған. Сол аңыздар Сүйінбай мен Жамбыл сынды жыр алыптарының дастандарына арқау болған. Жамбыл Жабаевтың: «Қасара біткен маңдайдан, жан еді қос мүйізді» – деп жырлап, оны батырлықтың белгісі ретінде тануы да содан. Өтегенді алғаш жырлаған Сүйімбайдың бабасы Күсен ақын. Сондай-ақ Тілеміс, Майкөт ақындардың да батыр туралы дастандары болған. Бұлардың ішінде бізге жеткені – Жамбылдың «Өтеген батыр» дастаны.