27.05.2022
  205


Автор: Қашаған Күржіманұлы

Топан

Бегім төре, нəніміз,
Сөзге құлақ салыңыз,
Айтқаныма менің наныңыз,
Тауқымет тартып тосыннан
Болмай отыр хəліміз.
Аз ғана тарих айтайын –
Саралап талдап алыңыз,
Өткен күннің шежіресі,
Не зият, не жат – таныңыз.
Бұлағын жырдың көзейін,
Қызыл тілді безейін,
Көзінен əбден қаныңыз,
Шырқатайын шығандап
Келгеніңше хəліміз,
Шамыңа тимей қарайын,
Жыр құмартса жаныңыз...
Өткен менен кеткеннен,
Бұрынғы би-бектерден
Біраз мысал əшкертсем,
Түсер ме екен бабымыз?
Ол күн менен бұл күннің
Айырымы не нəрсе? –
Екі арасын бағыңыз.
Жəне бір жайды айтайын:
...Ноғайлының елінде,
Үш қиянның жерінде,
Ұзын аққан Еділде,
(1841 1929)
Ақ Жайықтың кеңінде
Талай хандар шалқыған.
Басынан бақыт ауғанда,
Пошымы аумай ғаріптен,
Бұғалықты аттай бүгіліп,
Шалқыған хандар алқынған.
Дəреже тапқан ерлер бар
Саланың бойы салқыннан.
Менмендік тасқан шағында
Едіге ерді қорсынған
Тоқтамыс ханның елі де
Қапияда отқа шарпылған.
Бақыты баста тұрғанда
Кəпірдің жұрты қорықты
Орақ пен Мамай даңқынан.
Алшы Ысмайыл, Қалусарыдан –
Бақыт бұлардан да арылған.
Басынан бақыт ауған күн
Патшалар да ауған тағынан,
Айырылған атақ-бағынан.
Мыңғырған малды байлардың
Қоңсысы кеткен жанынан.
Батырлар да өтті əруақты
Қанжығасы қанға малынған,
Бексауытын жамылған,
Дұшпаннан кегі алынған.
Көрмесе жауын сағынған,
Алмастан қару тағынған.
Қамалға шауып шеп бұзып,
Жүрегін басқан қабынған.
Он сан ноғайлының хандығын
Билігімен басқарып
Орақ, Мамай, Телағыс,
Асанқайғы атам, Қазтуған –
Олар да кеткен шарасыз
Мынау көлденең жатқан Нарыннан.
Асан-қайғы бас болып
Қайғыменен өтсе де,
Нарынды тастап кетсе де –
Құтты жұрт екен бұл қоныс:
Тоқтығы берен іркіттей,
Баққан қойы қара бүркіттей,
Тізбектелген нарының
Дулығасы үйген іскірттей.
Кəрі биесі жал алған,
Нарлары семіз, қом алған,
Кəрі саулығы шайлаған,
Сағызын нандай шайнаған.
Еркек қой мен тоқтысы
Шырынын шөптің «байлаған».
Ерлері бар ед егескен,
Дұшпанымен шенескен.
Аллаға жағып құлығы,
Ұрпақтары көп өскен.
Əруағы күнді жасқардай,
Абыройы асқардай, –
Не жақсымен теңескен.
Үлкен бір іске көшерде
Көшелі қарттай кеңескен.
Ғалымдары болыпты
Құраннан неше хат білген,
Көңілі танып Хақ білген,
Бір Алласын жад білген,
Жаңылмаған тəспі, тəкпірден.
Мырзалары болыпты
Құбарлан ертіп құс салған,
Ылашын, сұңқар ұстаған,
Томағасын əдіптеп,
Мақпалменен тыстаған.
Елеуретіп екі жүйрік жетектеп,
Сулығын алтын бедермен кердірткен,
Жалын сабаутіспен тердірткен.
Жүйріктерін жүйткітіп,
Алысқа сап көрдірткен.
Мынау Еділ мен Жайық, Жем екен, –
Бұл жетімдерге жем екен,
Жесірлерге кен екен,
Қасерлерге кең екен.
Шөбі малға май болар,
Аш-арыққа жəй болар,
Төрт түлігі сай болар,
Баға білген бай болар –
Қашаннан да бұл қоныс
Құтты болған жер екен.
Өзегі де қайырлы –
Аш-арығы сүйреп жейді екен
Бекіре менен жайынды.
Балқашын орып мал жеген,
Аралас үйрек-қаз жеген,
Малының жақын өрісі,
Құлынның ұзын желісі,
Ағашында піскен алма бар,
Миуалы жемісі.
Еділ мен Жайық, Нарынның
Осылай екен келісі –
Бір Алланың берісі.
Күндердің күні болғанда:
«Орыстар зорлық етер, – деп, –
Жағама қолы жетер, – деп, –
Еңіреп ерлер өтер», – деп,
Асан-қайғы бабамыз
Жерінен безіп сол үшін
Амалсыз тастап кетіпті
Көк Еділ менен Ақ Жайық,
Кең Нарынның қонысын!..
Мынау бір өткен уақиға,
Бұдан да хабар берейін:
Тайшық ханның елі толғанда,
Тай тулап талқан болғанда;
Үш қиянның жеріне
Ормамбет ханның елі тегіс қонғанда;
О да келіп бір күні
Бір құтырған құртқа жолықты.
Ормамбет хан сол күнде
Қайтерін білмей торықты.
Бүлдіруге көп елді
Сол құрт себеп болыпты.
Арша деген ағашқа
Бір бозторғай келіп қоныпты.
Сол ағаштың бойынан
Құтырған құртты қағып жеп,
Құтырып торғай шырлайды,
Қанатын сілтеп пырлайды,
Көкке қарай зырлайды.
Өзінен зордан қаша алмай,
Жүрегін торғай баса алмай,
Шарықтап жүрген бүркітке
Шапқан екен торғай тайсалмай.
Оқиға бұрын болған көп,
Ойласаң, шығар түрлі кеп.
Қара бүркіт құтырды,
Əлгі бозторғайды қағып жеп.
Құтырып бүркіт желденді,
Еділге қарай еңменді.
Ұлы Еділдің бойында
Жүзіп жүрген нəн балық –
Салған екен соған шеңгелді.
Нəн балық жанын қарманды,
Желігіп келген бүркітті
Жұтып салып жалманды.
Бір шəй ішім мұрсат болады,
Нəн балық та құтырып,
Суға сыймай сандалды.
Желігіп балық сандалып
Жағаға шықты қайырлап.
Қайырлап жатқан балықты
Су жағалап қыдырған
Көрген екен батыр Сайынжап.
Балықты жеді елі алып,
Жеген елдер құтырып,
Біреулерді біреу жеп
Азайған, сөйтіп, көп халық...
Əлеумет пəмді, ішпен сез,
Асан-қайғы атам айтқан сөз.
Еліңді кімнің алғанын
Көріп тұр шыққыр міне, көз.
Сөйлейін сөздің парқынан,
Жаңылмай жырдың салтынан.
...Бұл қоныста көп еді
Тасып та толқып шалқыған.
«Жем аяғы пайда» деп,
Келуші еді бұл жерге
Дүние қуған талапкер
Дəру тауып дəрпынан.
Ырғыз бенен Торғайдан,
Қараөзен мен Сарыөзен –
Ішкі Орданың халқынан
Хиуаның өзбек-сартынан,
«Пайдалы» деген даңқынан.
Бекіресі Жайықтың
Асыл еді алтыннан
Иісі жұпар аңқыған.
Байлығына қызығып,
Естіген даңқын талайлар
Жетпекке мұнда талпынған.
Көш-керуен бет түзеп,
Жүк тиеп жолға артынған.
Саудагер мұнда мақтанып,
Таңдайларына ақ тамып,
Ақшаны жинап тақта ғып,
Қайтушы еді еліне,
Мекен еткен жеріне.
Амал жұлдыз атқарып;
Ақшаға жаны толулы,
Əбден жолы болулы,
Келгені жаяу – аттанып,
Көңілдері шаттанып.
Жем менен Жайық құт еді –
Тарқамас базар-дүкені.
Берекелі қазаным,
Қызығы кетпес базарым,
Ақ шуақты ажарым, –
Кешіп жатыр басынан
Келімсектердің мазағын.
Бұл күндері дарияма
Көз тастасам қарайлап:
Біреулер жүр мал айдап,
Толығып дəулет – қара айдап.
Ақ зəмзəмдай тұнықты
Біреулер жүр ылайлап.
Жем аяғы бұл күнде
Толығып еді мал айдап,
Төрт түлік дəулет – қара айдап,
Сарытау, Самар, Қазаннан
Талапқа келген саудагер,
Бұл да көкке қарады
Қазына жинап сарайлап.
Ноғайлар тапқан жан-айла –
«Указной» молдалар
Өп-өтірік «Құдайлап».
Сарытау, Самар, Қазаннан
Келгеннің қызық көргені,
Тастары өрге өрледі.
Бектерімді баяғы,
Есіктегі, аяғы,
Құлы құрлы көрмеді.
Билеп ап судың балығын
Бұқара байтақ халықтың
Жеуіне де бермеді.
Орыстар көкке қарады,
Қойдан момын қазаққа
Жасамады көмегін,
Жоқтамады керегін.
Қазынадан қарыз жоқ,
«Сахыраның елі шашық, – деп, –
Баруға алыс-қашық, – деп, –
Шаңды-аяқ елге бармайық,
Келе алмаспыз асып», – деп. –
Жоламаушы еді əуелде,
Бүгінде басқа сайрап жүр,
Тор-тұзағын сайлап жүр:
«Зердесіз елдің байлығын
Қарпып қалуға асық» деп.
Шелденді олар тасып көп,
Көшпелі жұрттың еңсесін
Сықпа құрттай езгілеп,
Жаншығанды кəсіптеп.
Кемітуші еді жек көріп,
Қой баққанды «қорлық» деп,
«Наданның сөзі зорлық» деп,
Сахыраның елін көшпелі
Сыртынан жүрді өсектеп.
Бүгінде бұлар талаптан
Ақша тапты есептеп.
Мамықтан жиды»төсек» деп.
Тасқандардан сөз шықты,
«Сиырдан артық есек» деп.
Бас көтерген қазақты
Пəлеге тартты кесектеп.
Тəкаппарлар да көп еді,
Төгілуге сірə дөп еді.
Парасат, парық жоқ еді,
Жетім елді панасыз
Бөрідей талап жеп еді.
Қазақтың дарқан жерінде
Қасиет бар демеді.
Ес бар деп елде білмеді,
Ерлерін көзге ілмеді.
Жазықсыз тартып қырсыққа,
Жəбірлеп текке тілдеді.
Құдайдан, көптен қыңбады –
Көңілдің қара зынданы.
Бұл арадан мал тапқан
Бір шүкірлік қылмады.
Жағынып жатқа жалбақтап
Жігіттің шықты мұндары.
Бетінің арын бес төгіп,
Кісінің қашты сындары.
Азамат ерде дəулет кем болса,
Қабаннан жаман Қарынбай,
«Жан екен» деп оны білмеді,
Назарын тіпті бұрмады.
Базарға барса мастанып
Жүз теңгеге ат алды.
Киейін деп базардан
Қызыл-күрең мата алды.
Қатындары құтырып,
Өзі барып, базардан
Қымбатына зат алды.
Қызыл кəмзөл, ақ көйлек –
«Мынау кімнің қатыны?» атанды,
Көрт-қоспақты мал демей,
Түзеді нармен қатарды.
Ұн менен шайға толтырды
Тең байлаған атанды.
«Күрпішатқа ұнменен»
Болмаса егер «первый шай», –
«Третий астық», «кантон шай» –
Арам астай жиреніп
Ауызына зорға апарды.
Асқандар солай қақалды,
Тентектік қылса бір қазақ,
Түрмеге барып маталды.
Сахырадан көшерде
Дүния болды жиғаны,
Сиырға жүгі сыймады,
Малдың жанын қинады.
Қанағат кетіп бəрінен,
Болмады нəпсі тыйғаны.
Шайқылар айтқан кеңеске
Айылын тіпті жимады.
Байлыққа бөккен иттердің
Қалмады-ау мысқал иманы...
Сорпаны төкті майменен,
Сусыны қанып шайменен.
Сақауат-қайыр қылмады,
Елдегі жігіт «бай» деген.
Қалаға келген билері
Арақ ішіп елірді,
Кеудесі бұған семірді,
Папиросы шегулі.
Рəсуа болып иен байлық,
Əкімдер болды жебірлі,
Ысырабына қылған шөлірді –
Кепиетінен қорықпай,
Қыйсапсыз дəулет төгілді.
Етпеді шүкір-қанағат,
Тап болмай қайтсін ғаламат?!
Бес күндік дəулет мас қылып,
Болмайтын іске бəс тігіп,
Дұшпанға артын аштырып,
Жақсыны жаман табалап.
Бəледен бəле балалап,
Көбейді хабар жаманат.
Қайырсыз кілең қаста бай
Айдаған малға қуанып,
Қой-қозыға жұбанып;
Қалалы жерде мырзасы
Қос арғымақ пар жегіп
Тарантас арба туарып,
Кəршөндікке қамалып,
Шалқыды талай мас болып
Нəпсісін ылайға суарып.
Нешелер «дариямын» дегеннің
Талайы қалды суалып.
Тап болмай қайтсін ғаламат? –
Сарттан болды молдасы,
Шайтан болды жолдасы.
Құл-құтанға қор болды,
Азамат ердің ордасы.
Далаға дəулет шашқандар
Көп болды мұндай тасқандар,
Əлдерін білмей асқандар.
Пыйғылынан солардың
Қабыса жазды аспан-жер...
«Алла» деген – артық бақ,
Бұрынғы өткен заманнан,
Қызыл тілім, сайрасаң,
Оқиғаларды айтып бақ.
Жастабан, Шарға, Келдібай –
Таз деген туыс жұртымның
Жүрегі жаман шайылды-ақ.
Байұлының ішінде
Білікті қарттар қайымдап,
Білген екен бəрін пайымдап.
«Су тасады жындай» деп,
«Байтақ жатқан халыққа
Бəле келед мұндай» деп. –
Қосқұлақ сұпы Аманбай
Алты күн бұрын өтулі
Елі-жұртын аралап,
Айтқан екен шамалап:
«Елді бүлгін шалад» деп,
«Топан су тасып ағад» деп.
«Бəле келед тұлданған
Кер заманға қырындап, –
Айдың басы қауіп» деп,
Білікті шалдар айтыпты
Оқиғадан бұрынды-ақ.
Тыңдаған бірақ жан бар ма,
Шалдардың сөзін ырымдап?!
...Құтырынған бір құйын
Кетірді жаман ел күйін,
Қара дауыл соқты да,
Үй қирады бесінде.
«Келер, – деп – мұндай оқиға», –
Болмады жұрттың есінде.
Ғаламат болды айтқандай,
Жұма-ақшамның кешінде.
Таудай биік сеңдерді
Бұлтпен бірге көшірді.
Адамның алды жатқанда,
Көз ұйқыға батқанда,
Терезеден су құйды,
Биіктеп келіп сең үйді,
Қызылды-жасыл су жүрді.
Сұрапылдың желі зулады,
Зілмəңкенің үстінен
Ұлтарақтай қара жер таппай
Қол ұстасып жұрт шулады.
Садақа айтты сасқанда-ай,
Көкке суды шашқанда-ай,
Зілмəңкенің басынан
Мұз жапырып асқанда-ай.
Мылтықтың атқан оғынан
Бір де осал тимеді –
Құтылмады қашқандар
Екпінмен мұздар соққанда.
Кəршөндіктегі мастардың
Кеудесі кетіп, бас қалды,
Түкірігі жерге түспеген
Тəкаппарлар мұзды жастанды.
«Салих құлын бір Алла
От ішінде сақтар» деген сөз
Көнеден жеткен ақпар-ды.
Бітіне, бұзық көбейіп,
Хаққа қарсы іс қылғасын,
Қайсысын аман сақтар-ды?!
Ғаламат мұндай болғасын,
Тəңертең тұрып қараса,
Кейбіреу жетім-жас қалды,
Талайлар мұзға тапталды.
Біреулер қалды атасыз,
Біреулер қалды анасыз,
Біреулер қалды баласыз,
Біреулер қалды жалғыз қарасыз.
Аюдан мықты білекті,
Қабыландай батыр жүректі
«Кесті, – деп, – Алла тілекті» –
Ер айырылды елінен.
Дуадақтай салқыған,
Қудай даусы саңқыған,
Ел айырылды көлінен.
«Алтын ту» деп арнаған,
Халқын сырттан қамдаған,
Сөзіменен дем берген,
Адасқанға жол берген,
Тарыққанда жөн берген
Ақылдың азбас кенінен –
Ақылгөй абзал кəріден. –
Кербездер кетті керілген,
Жер басуға ерінген.
Бір параны мұз алды,
Біреулердің қапсадан
Белі сынып майырылды.
Біреулердің топшыдан
Қанаты сынып қайырылды.
Бір атадан біреулер
Жалғыз қалып қайғырды.
Талай кетті бозбалдақ,
Талай сұлу қызғалдақ,
Талайдың кетті əсемі,
Талайдың кетті бəсеңі,
Таспайтынға тасқанның
Бұ да тиген əсері.
Қырғауылдай қызыл нар,
Алшаңдаған асаулар –
Азбарда тұрып жем жеген,
Аяғын əсем сермеген,
Кербездер мінген ат кетті.
Байлардың жиған тірнектеп
Сарала деңмент, қылышбау,
«Мұра» деп салған зат кетті.
Əкімдер кетті мөр алған,
Патшадан барып шен алған,
Бақытпен байтақ ел алған.
Білдірмей келген апатты
Қайсысы соның көре алған?
Қайыры болсын артының,
Талайлар солай жоғалған.
Асылың шикі топырақ,
Асылы топырақ болған соң,
Адамның ісі ғапыл-ақ,
Өлмейтіндей көргенмен,
Ажалға адам жақын-ақ.
Өлерін адам білгесін,
Төсекке түнде кіргенде
Иманыңды айтпақ мақұл-ақ.
Алласы түспей аузына,
Сөйлемек жаман шатынап.
Тəубаға кел тірлікте,
Құдайға жылап аһылап.
Ақыреттің қайығын
Бір мінгесін ылаулап,
Келмегің қиын қатынап.
Ізіңді бағып шайтан жүр,
Қалт жібермей бақылап.
Ғаламат болды айтқандай,
Əркімдер қалды татырап,
Оқиға болды қауыста –
Алдында өтті ақырап.
Бəйтеректер жығылды,
Төгілді суға жапырақ.
Бір атадан жүзден көп,
Бір атадан мыңнан көп,
Тасқанда Каспий қақырап,
Көме алмай, жерде тоң қалың,
Арбамен үйді сатылап.
Бір параны мұз алды,
Бір параны жел алды,
Аяулы талай жандардың
Бұралқы итпен қасқыр жеп
Кеуделері қызарды.
Ғаламат мұндай түс болды,
Алтындар азып мыс болды,
Қызылдан киім киінген,
Мамықтан төсек жиынған
Əлпештеген арудың
Кеудесіне қара құзғын құс қонды.
Ғаламат болған күн болды,
Көз көрмейтін буалдыр
Қараңғы тұман түн болды.
Орыстың баржы кемесі,
Мықтап қаққан шегесі
Алладан əмір болған күн,
Бір соққанда дауыл күл болды.
Қосқұлақ сұпы Аманбай
Айтқан сөзі шын болды.
Су тасқыны тау болды,
Таудай толқын жау болды.
Соққан желдер күш болды,
Мұндай заман тұс болды.
Құдайдың кəрі тап келіп,
Садақаға шалғандай
Іскен менен піскенді.
Түн ортасы болғанда
Желдің беті бұрылған,
Бəлеге қашқан ұрынған,
Малынан пайда көрмеген
Қанағатсыз Қарынбай,
Барын «жоқ» деп құрынған.
Табалап оны қайтейін, –
Құдайдың торы құрылған?!
Өнеге үшін айтамын,
Кейінгі туған жас бала
Таймағай деп жол мен ырымнан.
Жұлдызды жадқа санасақ,
Хисап етіп қарасақ,
«Мың тасқанға – бір тосқан» –
Бар емес пе еді бұрыннан?
Жəне бір мысал айтайын:
Əзіреті ер Ғали:
«Тұтқасы болса ұстайтын
Қара жердің қабатын
Қозғар едім», – деп еді.
Көңілін Алла семдірген, –
Сол сөзінің себебі.
Дəуіттің ұлы Сүлеймен
Он сегіз мың ғаламға
Патша болып ол тұрған.
Нұры суға түскен соң
Патшалықтан айырылып,
Бұқарашылық жол қуған.
Өтірік айтып, тайсалман,
Наданның сөзін айта алман,
Айырма, Аллам, тағаттан.
Хақ жолға баста, Жаратқан! –
Дəуіттің отыз ұлына
Əзірейіл құрық салғанда,
Бəрін жинап алғанда,
Арасы алыс болмапты
Анығы, жалғыз сағаттан.
Перғауын патша зор болған,
Шайтанға құлқын билетіп,
Зұлымдықты мол қылған.
Тəкаппарлық еніп көңіліне,
Мөлшерлі күні мұны да
Ніл дария жұтып қор қылған.
Қазинасы көп Алланың,
Фазылынан шет қалмаң.
Алласыз іс қылам деп,
Пайда бермес мақтанған.
Менмендіктен қайыр жоқ,
Арам қан жиып көңілге,
Көкірегі таттанған.
Адамзатқа сол керек –
Құдайдан қорқып сақтанған.
Тəкаппар мен менменнің
Пиғылына тап келіп,
Осындай ірет көп болған.
Мейлің патша, мейлің құл, –
Өлшеулі сағат соққанда
Бəрі де соның жоқ болған.
Жан жаратқан Алланың
Кеңшілігіне тап болар
Тəубе мен шүкір еткен жан.
Кейіндегі бозбала,
Налымаңыз, шырағым,
Əлі де Құдай оңдаса,
Күндердің күні болғанда,
Көк дария көл болса,
Бай менен жарлы тең болса,
Суда – балық, қырда – елік,
Бəле-бəтер жоқ болса,
Диханшылық көп болса,
Талаптың күші сел болып –
Алладан болып кеңшілік,
Пендеден кетпей кемшілік,
Талабың еткен жөнделіп,
Кетерсіз-дағы ел болып...


Түсінік.


Қашаған Күржіманұлы. «Топан». 1900 (тышқан) жылы қазан айында терістіктен көтерілген жаңбыр аралас дауыл Каспий теңізінде ақжал толқын үйіріп, жағалау біткен ащы судың астында қалады. Жем өзені де арнасынан асып, алыс қыйырға жайылады. Бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген табиғаттың тосын оқиғасы сол кездегі Жылыой көлеміндегі Қаңбақты қаласын шарпып, халықты мал-мүлкінен айырып, орны толмас шығынға ұшыратады, ауыр қазаға соқтырады. Қашаған осы оқиғаға арнап жүздері көңілсіз, қабақтары салыңқы қаумалаған ағайын алдында «Топан» дастанын шығарған екен. Дастан ақынның «Топан» (А., 1991), «Алқаласа əлеумет» (А., 1991), «Жыр-дария» (Ақтау, 1995) жинақтарында жарияланған.





Пікір жазу