Поэмалар ✍️
Салиха – Сəмен
Монғолдың ескілікті тұрмысында,
Ясукей батыр ханның тұрғысында.
Атақты Алтай тауын мекендеген,
Билеген өзін өзі ол тұсында.
Бір табы Жұрат дейтін ел атасы,
Жайлауы Үлен тауда жая тасы.
Билеген нəсіл қуып, тұқым жалғап,
Халқына қадірлі еді ханның басы.
Бар еді Салиха атты жалғыз қызы,
Артылған өз тұсында тəрбиесі.
Бұралған тал шыбықтай сұлу еді,
Алмадай пісіп толған бақшадағы,
Ашылған гүл бейнелес қыз тұлғасы.
Албырап екі беттің қаны тамып,
Қиылып маңдайында қиғаш қасы.
Тамағы ақ торғындай үлбіреген,
Сүйріктей он саусақтың бар баласы.
Отындай электрдің жалтылдаған,
Құйылып төңкеріліп көз қарасы.
Шынардай түзу дене, тең иықтан
Төгілген төмен құлап сүмбіл шашы.
Безенген өне бойы інжу-маржан,
Бриллиант, алтын, яқұт, гауһар тасы.
Сол елде Сəмен дейтін бір жігіт бар,
Құрбылас əлгі қызбен жас шамасы.
Ажары жай оғындай жалындаған,
Туыста қас-қабақты ер тұлғасы.
(1867 1922)
Сабырлы, терең ойлы маңғаз еді,
Жетпеген қатарына тең құрдасы.
Сағымдай садақ жетпес жылдамдығы,
Қырмызы қыз мінезді, қымбат басы.
Денесі тең сандалдың терегіндей,
Кең біткен иығының екі арасы.
Шалқақ төс, бура санды, бұлшық етті,
Бар еді батырлықтың əр саласы.
Жау десе жабырқанып жатпайтұғын,
Таңдаулы батыр болған ер-қолбасы.
Салиха бұл жігітті сырттан таңдап,
Махаббат ауған бұған ықыласы.
Сəмен де ғашықтықтығын іштен тынған,
Ұнасып екеуінің көзқарасы.
Жаратып бірін-бірі аз жүрген соң,
Байланды махаббаттың екі арасы.
Сөйлесіп, əзілдесіп, сыр айтысып,
Туылды ғашықтықтың жан-жарасы.
Қызды жігіт, жігітті қыз да сүйіп,
Болыпты алмақ, тимек өз арасы.
Қыс өтіп ел көшеді Алтай таудан,
Ол заман үркіп-қорқып сыртқы жаудан.
Батырлар атын баптап, қару жөндеп,
Келетін ақыл сұрай күнде ханнан.
Сəмен де сол батырдың біреуі еді,
Кетпейтін күндіз-түні ат қасынан.
Сезіліп екеуінің бұл жүрісі,
Мақсатқа қалай жету болды арман.
Сөйлесіп анда-санда Салихамен,
Сөз шықты əрбіреуден қуғындаған.
Хан сезіп, халық білсе мұндай сырды,
Ажалдан қыз бен жігіт қалмайды аман.
Екеуін еркіменен қоспайтұғын,
Қатыгез қан қаһары өзіне аян.
Шарасын қалай етсек табамыз деп,
Ойласты Салиха мен батыр Сəмен.
Не пайда бұл жүрістен шығады деп,
Ойлайтын екеуі де осыны һаман.
Өлсек бір көр, шықсақ бір төбедеміз,
Қайтпаймыз деді екеуі уағададан.
Серттесті не бір іске шыдаймыз деп,
Алса да бөрі етектен, жау жағадан.
Қапыда өстіп жүріп қолға түспей,
Табалық бір бекініс осы арадан.
Солай деп сөз бекініп уағадаласты,
Құрбан қып бір-бірі үшін қымбат жасты.
Құс ұшпаса, жан жүрмес жер табам деп,
Ер Сəмен аралады тау мен тасты.
Жалтыр тау, шатқал өзен, заңғар биік,
Тұрғандай бұлттан өтіп көкке тиіп.
Темірдей қара жартас сарғылт түсті
Қабағын, қаһар көзін қарыс түйіп.
Мұңды тау аспанменен бой теңескен,
Тұрғандай бейне мүлгіп басын иіп.
Ақырған аждаһадай тасқынды өзен,
Сарқырап төмен аққан шатқа құйып.
Белгілі Жая деген бір қиын тас,
Сескенбей ендігі жан бара алмас.
Бел байлап сол қиынға бекінбек боп,
Жөнелді қорықпай шыдап Салиха жас.
Тез барып тығылады демін алып,
Жат жерге тамашалап қайран қалып.
Ой түсіп біраздан соң қорықты жаны
Денесі кейде суып, кейде жанып.
Кеш мезгіл шам жағылып, ақшам батты,
Қайғысы бұрынғыдан болды қатты.
Аузынан аһ ұрғанда жалын түтеп,
Шыдамай қорыққан жүрек шиыршық атты.
Қалайша бұндай іске болсын шыдау,
Ұзын күн өткізгені зарлау, жылау.
Зарығын өксіп, жылап тоқтата алмай,
Сондағы Салиханың сөзі мынау.
Жəрдем бер жан беруші жасағаным,
Жар үшін жас жанымды жараладым.
Айырылып жалғыз түнде ел-жұртымнан,
Жапанда шыбын жанды тасаладым.
Шалындым махаббаттың жалынына,
Сөндіріп ғашық отын баса алмадым.
Жолыңа жаным құрбан болсын дегем,
Жетпесе мақсатыма бітсін халім.
Жəрдемші жас өмірге болсын Құдай,
Жеткізсін тілегіне жас арманын.
Ер Сəмен, таңдап таптым сені сүйіп,
Іліндім жалыныңа шоқ боп күйіп.
Ішінде жанған оттың мен отырмын,
Сөндірсең махаббаттың суын құйып.
Құдайым Сəмен ерге қосар болсаң,
Бəрін де ұмытар ем құшып, сүйіп.
Соны айтып үңгіріне қайта кірді,
Зарланып мұң мен зарын айта кірді.
Сол кезде түннің жарым болған шағы,
Кім білер келешекте болар сырды.
Дүрсілдеп тоқтамайды жүрегі ойнап,
Жəне де жаны сүйген жарын ойлап.
Келеді жерді жарған ат сарыны
Келеді көк жартасқа тура байлап.
Бұл келген бөтен емес Сəмен ғашық,
Көрісті екі ғашық амандасып.
Қайғының бір минутта бəрін жойды,
Аз уақыт жабықса да, жүдеп сасып.
Ың-жыңсыз түн құшағын тұрды жайып,
Аспанда ай түрленді əсем басып.
Құттықтап күле қарап ғашықтарға,
Жұлдыздар жымыңдаған тұр жарасып.
Желкілдеп жан түбінде жатқан ойға
Майда жел сыбырлайды мұңын қосып.
Таңдаған тағылықты тау баласын
Табиғат қарсы алып тұр құшақ ашып.
Салиха айтты сонда Сəмен ерге:
Бір істен ойсырадым көңілім жасып.
Бізді іздеп таң атқан соң ел келеді,
Кеткен соң екі бірдей адам қашып.
Кеш батса, түні бойы қасымда бол,
Құмарлы от жүректің мауқын басып.
Таң атса елге барып көрініп жүр,
Сыр айтар құрбылармен ақылдасып.
Өткен соң күн ескіріп біраз заман,
Бір сапар ойланарсыз болса нəсіп.
Ат, азық, қару-жарақ қамданып жүр,
Тығынып бекініске бірден тасып.
Қайда қауіп-қатер істер болса,
Жүрмелік бейғам болып жаза басып.
Екеуі осы сөзді қатар айтып,
Сүйісті екі ғашық құшақтасып.
Жас гүлдің жан татпаған жаңа балын,
Мастанды бөліп ішіп екі ғашық.
Өткенін түннің қалай сезген де жоқ,
Оятты тау шапағы таудан асып.
Таң атып батыр Сəмен елге кетті,
Кісідей түк білмейтін барып жетті.
Сыр бермей сол жүріспен аял етіп,
Арада бірнеше күн уақыт өтті.
Айта алмай ханға батып қыздың жоғын,
Ел болып ат өксітіп көп іздепті.
Таба алмай, күдер үзіп ақырында,
Бұл хабар еміс-еміс ханға жетті.
Хан қызы қашып кетті деген сөзге,
Хан тұрып қаһарланып намыс етті.
Қайтсе де қызды іздеп тез табуға,
Ел-жұртын, түгел жиып жарлық етті.
Қызымды азғырғанды дарға асып,
Қыздың басын кесем деп кəрін төкті.
Алтайдың алтындаған алтын жоны,
Айнадай суы тұнық, шөбі соны.
Қақ жарып ұзын аққан екі өзен бар,
Айтады Егеуге деп монғол оны.
Қапталы сəукеле тас құлын жайлау,
Ясукей батыр таңдап алған соны.
Жайлауға хан ордасы көшкен кезде,
Жаятас қыз бекінген көштің жолы.
Шөп гүлдеп, ағаш бүркер уақыт толды,
Жайлауға хан ордасы көшпек болды.
Бетінде көк жартастың бір үңгірде,
Қыз қарап көріп отыр келер жолды.
Естілді жерді жарған қалың сарын,
Жаңғыртып тау мене тас жердің бəрін.
Жасыл ту сағымдалып жерді бояп,
Шаңырқап будақтаған шықты жалын.
Бір бөлек көш алдында қалың əскер,
Ясукей ортаға алған батыр ханын.
Татардан қолға түскен Темір ерге,
Билеткен əскерінің түгел бəрін.
Мінгені Ясукейдің қасқа арғымақ,
Қара да, торы да емес қоңырсымақ.
Белінде жібек баулы алтын қанжар,
Басында дулығалы темір тымақ.
Сары алтын жарқылдайды шар айнасы,
Күмбездей дөңгеленген жұмыр басы.
Жалпақ бет, келте мұрын, сары жүзді,
Сараңдау қызыл жирен сақал-шашы.
Татардан қолға түскен Темір ермен,
Сайлауыт өңшең батыр айналасы.
Барады бірге кетіп батыр Сəмен,
Қайғы ойлап бұзылғандай ой-санасы.
Мінгені астындағы Сайын бурыл,
Дөненнен беске жаңа шыққан жасы.
Қондырды хан ордасын батыр Сəмен,
Байқастап кеш болғанша аялдаған.
Ел жатып көз ұйқыға барған шақта,
Жөнелді қайта шауып қызға таман.
Жарына қайта келіп құрды сауық,
Қосылған екі ғашық теңін тауып.
Əзірше мақсатына жетті бұлар,
Шаттыққа ешнəрсені қылмай қауіп.
Сандалып Жұрат елі қызды іздеп жүр,
Ат қырып, қаратер боп күнде шауып.
Жаралған Сайын бурыл малдың бөлек,
Алғандай жерден пішіп дөп-дөңгелек.
Бір күні ішін тартып, жалын тарап,
Жер тарпып пысқырады қағып иек.
Салиха атты көріп қайран қалды,
Ырымдап бір жаман іс ойына алды.
Өткен түн бір жағымсыз түс көріп ем,
Көңлімде қате еместей енді нанды.
Ер Сəмен, білемісің аттың сырын,
Ойлама білмейді деп хайуан малды.
Соны айтып ауыз жиып алғанынша,
Таянып қалың дүбір келіп қалды.
Білген соң келіп қалған қалың жауды,
Ер Сəмен атын ерттеп қаруланды.
Заманым əлдеқалай болады деп,
Салиха іштен күйіп от боп жанды.
Құшақтап сүйген жарын қатты қысып,
Əлсіздеп нəзік дене қалтыранды.
Жас өмір, күл боп көкке ұшасың ба,
Толған гүл соласың ба деп зарланды.
Хош енді бұл соғыста өліп кетсең,
Махшарда қос, Тəңірім, деп жалбарды.
Сол жерде майдан тартып батыр Сəмен
Аянбай бір күн, бір түн соғыс салды.
Найза мен садақ тартып, қылыш шауып,
Бөгеді қан майданда қалың жауды.
Тұс-тұстан өлгеніне қарамастан,
Жау-дағы дем алғызбай атқылады.
Боялып қызыл қанға қардай еті,
Қансырап халі бітіп, естен танды.
Жаралы неше жерден қылыш тиіп,
Көптікпен ер Сəменді пленге алды.
Сол жерде Салиханы ұстап алып,
Алдына падишаның алып барды.
Өлтіріп Сəмен қуды кеттік тастап,
Басына қызыл қаннан жастық жасап.
Адасқан балаңызды алып келдік,
Өзіңнің ордаңызға тура бастап.
Ей, тақсыр, жарлық сізден іздеу бізден,
Тілейміз жаза қылма бұған қастап.
Болса да қанша жаман хан нəсілі,
Болмайды айыптауға қолмен жасқап.
Хан тұрып сөз сөйледі қызға таман:
Япырым-ау, қызым, неден болдың жаман.
Өміріңде жалқы жүріп ел көрмей өт!
Жаза жоқ ынсапсызға бұдан əрман.
Солай деп Салиханың соты тынды,
Сорлының бағы қайтып сағы сынды.
Сəменді алғашқы ұстап алған жерде.
Өлді деп білмей кеткен өңшең жынды.
Аздан соң Сайын бурыл барды шауып.
Иесін талып жатқан алды тауып.
Қамаған қалың қолға ұстатпастан,
Моншақтап үсті-басын тері жауып.
Көтерді басын сонда батыр Сəмен,
Жатқалы жаралы боп біраз заман.
Еңбектеп үңгіріне қайта кірді,
Қалғанын жанының біліп есен-аман.
Сəменге қайғылы күн қатты батты,
Сол тауда қапалықпен үш ай жатты.
Барар жер, басар таудың бəрі дұшпан,
Болар ма қиыншылық бұдан қатты.
Не пайда бос жатудан шығады деп,
Тоқтамай тулап жүрек шиыршық атты.
Бабама «Көкше əулие» барайын деп,
Бір күні ұстап мінді бурыл атты.
Ол кезде «Көкше» дейтін əулие бар
Мамаржа жатқан жері бір үлкен ғар.
Мекендеп тұрған жері Тянь-Шань тауы,
Монғолдар əр кез барып қылатын зар.
Ай жүріп Мамаржаға барып жетті,
Жол қиып жүре алмайтын бір бейнетті.
Ғар екен көк жартастың бетіндегі,
Жүгініп соған қарап зарлық етті.
Күн жауып, бұлттар шығып борандытты,
Найзағай шартылдайды онан қатты.
Артынан қоңыр майда желдер соғып,
Көрсетті ғардан шығып шарапатты.
Киім жоқ, шыға келді тыржалаңаш,
Ағарған жауған қардай сақал мен шаш.
Жіңішке, ұзын бойлы, арық тəнді,
Жан екен аққұбаша қиылған қас.
Дертіме, тақсыр, баба, дауа бер деп,
Ер Сəмен зар еңіреп қояды бас.
Сəменді көзін ашып көрді байқап,
Сөйледі бір сілкініп басын шайқап.
Ол қызды Құдай саған бұйырған жоқ,
Бекерге қор болыпсың бейнет айдап.
Соны айтып бурыл атқа мойын бұрды,
Білмейді Сəмен сорлы мұндай сырды.
Əулие қолын бұлғап қалып еді,
Кісінеп бурыл шауып ғарға кірді.
Тағы да бұлттар шығып борандатты,
Найзағай шартылдайды онан қатты.
Күркіреп ғардың іші ақ боран боп,
Есігін Көкше əулие қайта жапты.
Көнбеске шамасы жоқ сорлы Сəмен,
Көңілі бұрынғыдан болды жаман.
Бабамның Ұланға бар деген сөзі,
Тиісті болар ма екен маған таман.
Жаяудық, жалаңаштық арман емес,
Көрерлік Салиханы туса заман.
Жолыңа жаным құрбан болсын деген,
Дыбысың құлағымнан кетпейді һəман.
Отында ғашықтықтың күйіп жанып,
Дариға бір сен үшін көңілім алаң.
Зарлатқан мені мұнда, сені онда,
Мейрімсіз қара пейіл сұмырай жалған.
Өлсе көрің, өлмесе өзің көрмей.
Тарқар ма өліп кетсем іштегі арман?
Соны айтып Ұлан жаққа Сəмен кетті
Сорлыны Қырсық шалып тентіретті.
Ер Сəмен сол бейнетпен жүре тұрсын,
Айтайын хан қызының соңғы ретті.
Қапада ханның қызын қайғы басты,
Сарғайып солған гүлдей өңі қашты.
Ал қызыл, нұрлы жүзін əжім басып,
Ағартты жауған қардай самай шашты.
Жабысып тырнақтары саусағына
Нұр қайтып жан дененің қаны қашты.
Дүниенің қызығына көңілі суып,
Өткізбес тамағынан ішкен асты.
Жарым деп ер Сəменнің атын айтып,
Бір күні көзден төкті қанды жасты.
«Сен үшін дүниені талақ етіп,
Жолыңа құрбан ғып ем ғазиз басты.
Қапада қайғыменен өмір сүріп,
Қадірлеп қайтем сенен қалған жасты.
Төрт бөліп түн ұйқымды тыншытпайсың,
Үмітім ойлай-ойлай мұңға ұласты.
Жолыңа қарай-қарай көзім талып,
Ойымды мұңға ұласқан тұман басты».
Соны айтып шықты ордадан Ұланды өрлеп,
Ажалдан өлім іздеп қатты шөлдеп.
«Ылайық хан басыма, жас жағыма
Бір дескен уағда, серттің үстінде өлмек.
Яқұттай ажарланды көзі жайнап,
Байланып алмас қанжар өткір қайрап.
Жас кеткен жаны құшып жарын ойлап,
Қоштастың кең дүниеге құстай сайрап.
«Сүйіп ем, Сəмен, сені іздеп тауып,
Арманым аз жүрмедім еңбек жанып.
Бұл жайға тірі болсаң бір келерсің,
Жарыңды ұмытпасаң есіңе алып.
Əкемнің жан дегенде жалғызы едім,
Көрмеген тəрбиеден көңілім қалып.
Жолыңа жаным құрбан болсын деген,
Бұзбадым уағыдамды қайта танып.
Жас жаным жасыл құс боп ұшсын көкке,
Құтылып қам-қайғыдан рахаттанып.
Қосатын мені саған осы қанжар,
Жүректен өткір қайрап қалсам салып».
Зар жылап осылайша қылды налыс,
Ай мен күн, дəт айтуға тұрсын алыс.
«Сертіме, уағыдама жетпегенім,
Емес пе өлімнен де қиын намыс?
Куə бол Тəңір алдында сен екеуің,
Ғаламсың көпке бірдей тура қалыс».
Соны айтып салды қанжар жүрегіне,
Жан шығып тез жетуге тілегіне.
Қанжарды қатарына шаншып қойды.
Сəменге арнап ядкер ретінде.
Бір шақта əлгі жайға келді Сəмен,
Арада қыз өлгелі неше заман.
Өлген жерін көмілген көрін көріп,
Қуанды көріскендей есен-аман.
«Жарым-ай Құдай қосқан жаңа таптым,
Болмай ма сенен қалған халім қаран».
Қанжарды қасындағы көрді қарап,
Қыз кетті уағдасымен сертке жарап.
Қанжарды қатарынан қолына алып,
Тот басқан қанды көрді тамашалап.
«Рахатты болат қанжар досымыз», – деп,
Күрсініп мауқын басты қанын жалап.
Егіліп іші-бауыры елжіреді,
Ғашықтық ыстық оты шықты парлап.
Қамығып бір отырып, бірде тұрды,
Аруаққа қабырдағы көзін қадап.
«Қош айтам тау менен тас, дария, көлге,
Жат бауыр өсіп-өнген біздің елге.
Сайрандап көк аспанмен тұрған жұлдыз,
Сəуле бер біздің жатқан сары белге.
Салиха жаным сүйген жарымменен,
Арман жоқ өліп көрге жатсам бірге.
Ай мен күн сен де аман бол екі жарық,
Нұрыңа жан-жануар болған қарық.
Күн мен түн екеуіңді қоспаған соң,
Баяғы сен де біздей Мұңлық-Зарлық.
Жұлдыздай ай атылып жерге түссе,
Біріңнен не болар ең бірің қалып.
Жас жаным Салихамен болсын бірге,
Маржандай қызыл қаным жерге тамып.
Қара жер-мейрімді анам, аш қойныңды,
Саяңа келіп тұрмын Сəмен ғаріп».
Соны айтып алмас қанжар қолына алды,
Толғанбай қақ жүректен тура салды.
Ақ етін, қызыл бетін қанмен жуып,
Еріксіз қолмен, жойды, ғазиз жанды.
Түсінік.
Əсет Найманбайұлы. «Салиха – Сəмен». Əсет ақынның Абайдың оқиғалы дастандарының үлгісімен жазылған
лирикалық-романтикалық поэмасы. Поэма кейіпкерлері – Салиха мен Сəмен де бас бостандығы үшін, махаббат жолында құрбан болған жандар. 1945 жылы «Салиха – Сəмен» дастаны жеке кітап болып Шығыс Түркістанда, Алтайда жарық көрді.