27.05.2022
  2871


Автор: Мағауия Абайұлы

Медғат – Қасым

Бір əңгіме қозғалды ойымдағы,
Мақсат болды əшкере болынбағы.
Бай мейірсіз, ер құлдан саза тартқан,
Африка, Ніл дария бойындағы.
Ол дүние болмаған шақ құлға бостан,
Жаңа ашылған Африка – бір гүлстан,
Кені қалың, егіні мол болған соң,
Ізденіп барған жан көп əрбір тұстан.
Қызығын Африканың жаңа тапқан,
Қақ жарып бір ықылымды Ніл дария аққан.
Бұрынырақ ізденіп талаппенен,
Мұрат деген бай кепті Мысыр жақтан...
Үй салған Ніл дарияның жағасына,
Су жайған тоғам алып даласына
Бақша қып жатып алды бір сахараны,
Жүз шақырымдай Занзибар қаласына.
Құлы көп, егіні көп бұл үлкен бай,
«Еңбек қып» малды жиған жанды аямай.
Құлды малша таяқпен жұмсаушы еді,
Адам деп обалына бір қарамай.
Бар еді Медғат деген жалғыз ұлы.
Мот қылып бұзып еді малдың молы.
Қаталы əкесінен бетер еді,
Тітіреп тұрушы еді барша құлы.
(1870 1904)
Дейтұғын бір құлы бар Қасым атты,
Қара сұрлау пішіні, зəңгі затты.
Отты қара көзі бар, ұзын бойлы,
Тəкаппар, тəуекелшіл бек қайратты.
Он сегізге келіпті биыл жасы,
Байға бек қадірлі еді мұның басы.
Бай бала ғып өсірген сатып алып,
Мария деген қызда ед бар ынтасы.
Медғатпен жақын еді ол қыз бірақ,
Қасымнан ұстаушы еді бойын жырақ.
Қызға бір күн бар сырын айтып еді,
Оңаша алып барып аулағырақ.
Қыз неғылсын бұл құлды көңілі тоқ,
Кенелтіп жылы жауап берген де жоқ.
Жарынан жаман пішін көргеннен соң,
Дал болып əлгі арада қалды аң-таң боп.
Қасым да елемеді бойын тартып,
– Аузыңа алма бұл сөзді енді қайтып.
Ендігəрі мазамды ала берсең,
Жазаңды тарттырармын Медғатқа айтып.
Ашуы келді жастың қаны құрып,
Жүрегі тулап кетті ашу керіп.
– Құдай емес, сенгенің Медғат шығар,
Жерге енсең құтқарман, – деді ақырып.
Қыз білдірді Медғатқа Қасым сөзін,
Қасымның əкелдірді қазір өзін.
Тік тілін Медғаттан да тартынған жоқ,
Сұп-сұр болып, қан басып екі көзін.
Ақырып Медғат жиды ол бар құлын,
– Əлін білмей асыпты – деді, – зұлым.
Насосқа Қасым итті отыртыңдар,
Бергенмін, – деп сөйлейді, – құнын-пұлын.
Оқша өтеді насостың миға зəрі,
Жаза емес мұнан басқа істің бəрі.
– Екі хисса беріңдер, аямаңдар,
Иттікті қылмасын деп, – енді əрі!
Бұл жазаны ұмытпас тартқан кісі,
Ешкімге паш болмайды қылған ісі.
Ұрған, соққан дүреден артық жаза,
Екеу түгіл, əуелі бір хиссасы.
Кранттың астына əкеп қойды байлап,
Ағынға басын дəлдеп жатыр жайлап.
Күлімсіреп балконда қарап тұрған,
Қасым ер Мария қызды көрді абайлап.
Қуанғанын жүзінен сезгеннен соң,
Долданып күйіп кетті қаны қайнап.
Ыңқ еткенін естісе, сүйінер деп,
Тістеніп жатып алды ернін шайнап.
Су құйылды кранттан басына атып,
Қыңқ етпей, дыбыс бермей қалды қатып.
Ойбайынан өлгенін оңай көріп,
Шыдап берді жатса да қанша батып.
Ешкімге қарамады көзін ашып,
Өлгендей сұп-сұр болып қаны қашып.
Жорға құлдар қошемет жөні осы деп,
Бəрі-дағы күлісер шуылдасып.
Нарядчик ақыл айтты қасына кеп:
– Өлтірмесең жарайды қойғаның, – деп.
Рұқсатсыз əкеңнен істеп едің,
Жазым болар, шырағым, қойғаның еп.
Ақырын сонда Медғат: «Босат! – деді, –
Алдымнан шығатұғын осы ит пе еді.
Мұнан былай бір ауыз қарсы тұрса,
Қатты жаза қылармын мұнан да енді».
Қасымды босатады қалған талып,
Талғанша шыдамына қайран қалып.
Астына бір аз ғана салом төсеп,
Тастады бір амбарға оны апарып.
Екі сөтке қозғалмай қалды жатып,
Титтей дыбыс бермеді, тастай қатып.
Қасына қойған асты қарамады,
Тиген тым болмаса бір дəм татып.
Сыр бермеді босанып, титтей жасып,
Өлгендей сұп-сұр болып қаны қашып.
Екі күн сол қалыппен жатты-дағы,
Үшінші күн жоқ болып кетті қашып.
Зор көкірек өсірді бай, бек сыйлап,
Бала бəрін қайырды бір күн қинап.
Көрмегенді көрген соң, не шыдасын,
Іздесе де таппады жұртын жинап.
Көршілерін жинады бай хабар қып,
Ізге түсер ит те көп, зəңгі де көп.
Үш күн іздеп бір белгі таба алмастан,
Бəрі де үйге қайтты бек қайран боп.
Із қалдырмай кетудің мəнін тапқан,
Қыз сөзімен қинады Медғат атқан.
Кекшіл зəңгі кек алмай неге кетсін,
Байдың үйін торыды бақша жақтан.
Гулайттап Мария сонда бақта жүрген,
Ұстап алып балтамен басын шапқан.
Ызасын бір қанменен жуғаннан соң,
Жөніне жүре берді шығып бақтан.
Ертең жұрт Мария қызды іздеп жүріп,
Сүйегін тауып алды өліп жатқан.
Бар адамын жиыпты бай кешіне,
Ойшыларды алыпты кеңесіне.
Бір ақсақал зəңгіден бай сұрады:
– Білгіш едің, бұл кімнен, білесің бе?
Сөйледі тағызымменен əлгі ақсақал:
– Ұры емес мұны қылған іздеген мал.
Кекті қанмен жуатын Қасым ісі,
Неге қашты, не көрді, ойыңа сал.
Ол болмаса бұл қызды неге шапты,
Келер жердің мəнісін қайдан тапты, –
Осымен кетсе игі еді қайталамай,
Көзі жаман ит еді, діні қатты.
Нағашысы қанішер Зұлыс еді,
Тəкаббар қылған ісі соған тартты.
Сезгенін, ойлағанын жасырмастан,
Сол халыққа зəңгі шал ойын айтты.
Қасымнан еш хабар жоқ аз жыл өтті,
Бай еркіне жіберді Медғат мотты.
Ауыр дəулет шыдамай судай ағып,
Банклер мағлұм қылды банкротты.
Бай ағашын, сатыпты егіндікті,
Үйін сатты, ойланды бір ниетті.
Борышын төлеп аз қалған құл, малымен,
Қамын жеді Мысырға жөнелмекті.
Атын да, арбасын да алды сайлап,
Жүруге біржолата жүгін байлап.
Жиырмадай қолында құл, күңі бар,
Өңгелерін сатыпты базарға айдап.
Жол қауіпті мықтады қару жарақ,
Бір арбаға салыпты Медғат арақ.
Сахараменен жүреді қаласы жоқ,
Қырық кісіге алыпты айлық тамақ.
Медғатта қарындас бар Ғазиза атты,
Ұнатпайды бай менен Медғатты.
Сыры да, жүрісі де бəрі бөлек,
Ешкіммен сөйлеспейді, діні қатты.
Жүреді істерінен жиіркеніп,
Бір ауыз сөз қатпайды сырына еніп.
Байдың тапқан күйеуін менсінбейді,
Құтылғысы келсе де байға беріп.
Сəлім деген жігітке болған ғашық,
Жолығып жүруші еді көңілін басып.
Ғазизаны ол байдан сұрап еді,
Қызымен махаббаттың сырын ашып.
Бай біле ме ғашықтық жақсы ниетті,
Кедейсің деп қайтарып көңілін тепті.
Жас жігіт қаны қайнап шыдай алмай,
Ешкімге мағлұм емес жоқ боп кетті.
Артынан екі ғашық бір жолығысқан,
Ай жарық, бақта отырып көп жыласқан.
Не дүние, не ахиретке қосылмаққа
Екеуі сол арада уағдаласқан.
Керуен қыштағынан шығып қонды,
Білмейді көп жыл өтті, жолды да оңды.
Тура бастап барамын ақы берсең,
Деп бұларға бір зəңгі əзір болды.
Арабша киімі бар, жүйрік тілге,
«Таныспын, – деп айтады, – жолдағы елге.
Харекетім – басшылық керуенге,
Талайды бастап келдім сонау жерге».
Сұрады сынамаққа жерді барлап,
Суылдатып зəңгі тұр бəрін сарнап.
Өз ісіне жүйрігін көргеннен соң,
Сөйлесіп əлгі арада алды жалдап.
Жол үстінде бірқатар уақыт өтті,
Занзибарға жақындап бұлар кепті.
Біз қонарлық жақсы жер көремін деп,
Алдынан басшы зəңгі шауып кетті.
Қондырды тосып алып бір аралға,
«Залалды хайуаны көп, – дейді, – малға.
– Жалғыз келер ауызда мен тұрамын,
Ұйықтамай күзетем, – деп, – бүгін таңға».
Бұл сөзін əммə қауым қабыл алды,
Жайласып сол тығырыққа жатып қалды.
Мақсатсыз зəңгі бүгін іс қылған жоқ,
Байқарсыз айтқаннан соң несі барды.
Қас қарайып, сол уақыт күн де батты,
Хабарсыз еш нəрседен керуен жатты.
Қасында заңғар таудың бөктерімен
Жүгіртіп келе жатыр жиырма атты.
Бұлар – зəңгі жол тосып кісі өлтіргіш,
Бір қылатын ісі бар бүгінгі кеш.
Сары бастық-бұлардың атаманы,
Өзі батыр, өзі қу, өзі білгіш.
Біреуі сөз айтпайды онан басқа,
Келгенше жеңілген жоқ осы жасқа.
Атманша киінген түрі бұзық,
Ұйқы мен қарамайды ішер асқа.
Киімі сондай жақсы атаманның,
Жап-жалаңаш бəрі де қалған жанның.
Сары бастық дегенде селк етеді,
Үлкен түгіл, баласы оны маңның.
Қайдан шыққан!? Еш жанға сырын айтпас,
Өлемін деп қорғанып бойын тартпас.
Жауға қарап ақырып, қол сермесе,
Жолдастары ұрынар, оттан қайтпас.
Əсіресе байларға рақым етпес,
Ағаш толы зəңгінің бəрі ниеттес.
Сорлы болған жандарға тағы əдеті,
Бір жақсылық қылады естен кетпес.
Жалғыз дамбал киімі бұтын жапқан,
Өңшең батыр жиналған неше жақтан.
Долы тентек зəңгіні қойша айдайды,
Сары бастық билеудің жөнін тапқан.
Бір арада бəрлері тұра қалды,
Атаманы айналып жерін шалды.
Сезікті ешнəрсені көрмеген соң,
Жолдасының қасына қайтып барды.
Бəрі де түсе қалды атын байлап,
Жатуға ыңғайлады төсек жайлап.
Оңаша апарып көрпе-жастық,
Атаманға біреу жүр орын сайлап.
Тамақ тоқ, іздемейді үй мен шатыр,
Аңша үйренген ұйықтады өңшең батыр.
Мылтығын, қанжарымен қолына ұстап,
Ұйықтамай жалғыз бастық бек сақ жатыр.
– Құдай-ау, қорлық көрдім кінəсіздан,
Жолығар кеш қалдық па кезімізден.
Тіпті тірі жүрмеймін, соқтығамын,
Сап-сау неге құтылсын бүгін бізден.
Медғатқа көрсетермін өлсем-дағы,
Неге көмек болмайды істің ағы.
Бүгін тірі қолыма түспей кетсе,
Қол жетпеген бір сорлы болдым-дағы.
Япырм-ай, болып қалды түн ортасы,
Батырдың алдай алмас шын жолдасы.
Обаға бір хабарсыз кетіп қалса,
Қиянатсыз кеудеде тұрмас басы.
Сары бастық жатыр еді осыны ойлап,
Іс қылатын жан емес бекерге ойнап.
Бір уақыт жер тыңдайды жата қала,
Не далаға қарайды бойлап-бойлап.
Келеді бір салт атты дүрсілдетіп,
Кешікпей-ақ сол маңға келді жетіп.
Дос екенін білдіріп хабар берді,
Сарышұнақ тышқан болып шыңқ-шыңқ етіп.
Есітіп бұл хабарды ұшып тұрды,
Келе жатқан кісіні көзі көрді.
Келгеніне шыдамай, сары бастық,
Салт аттының алдынан қарсы жүрді.
Обаға қайраты мол аман шығар,
Бастықтың батыр еді сырын ұғар.
– Керуен қайда, кешіктің не себептен,
Тезірек қысқа сөйлеп берші хабар.
– Керуен бір сағаттық жақын жерде,
Кіргіздім айламенен шықпас көрге.
Мұрат бай бала, шаға, құлдарымен,
Іздеген кісілердің бəрі бірге.
Кетіпті бір аңшылар мені шағып,
Астыртын бір-екеуі жатты бағып.
Қара басып ұйықтады жаңа талып,
Бір атпен ептеп шықтым Құдай қағып.
Сары бастық қойып еді бір ысқырып,
Зəңгілер даяр болды атып тұрып.
Бұл да мінді, атына бəрі мінді,
Бұлар өскен жан емес босқа жүріп.
– Отқа бірге кіріскен жолдастарым,
Аянбай қимылдаңдар бүгін бəрің!
Қара жұртқа бұл түнде рақымым жоқ,
Тірі ұстаңдар ақ жүзді адамдарын.
Ақ жүздіні байлаңдар, өлтірмеңдер,
Құнымды жоқтарсыңдар бүгін сендер.
Жүрегімді жеп жүрген неше жылдан
Дəрім келді жігіттер жарамды емдер.
Қылышын суырып алды жалаңаштап,
«Жүр, – деді, – Обағаға тура бастап!».
Қара арғымақ астында суылдайды,
Анда-санда басын бір изеп тастап.
Ашудан екі көзі кетті жайнап,
Жеңдерін босатады белін байлап.
Мылтықтарын ыңғайлап аттарына,
Алты ауыз қанжарының бəрін сайлап.
Асау қаны құтырып ашу қысып,
Тісін қайрап асығып іші пысып.
Қанжарларын аузына тістеп алып,
Керуенге тиіп кетті қышқырысып.
Керуен де жауды көрді келген жетіп,
Мылтықпен қоя берді дүрсілдетіп.
Жанды беру оңай ма оларға да,
Уағдаласқан өлуге қару етіп.
Қорғасын бұршақпенен алды тосып,
Зəңгілер қорғанады неден шошып.
Сары бастық бір былдырлап ақырғанда,
Аттарын қоя берді бəрі түсіп.
Керуенге аттар кірді араласып,
Хайуанды ата алсын ба қалды сасып,
Іле-шала артынан өңкей зəңгі,
Жауға кірді қанжармен шуылдасып.
Қашуға еш жолы жоқ, қойған тығып,
Дүркіреді керуен қойдай ығып.
Құлда жүрек бола ма, қан көрмеген?
Не қыларын білмеді есі шығып.
Бір адам қаша алмады мойын бұрып,
Құлдарды бауыздады қойдай қырып.
Өңге жанға атаман қарамастан,
Медғатты тауып алды іздеп жүріп.
Алып ұрып тізерлеп байлап салды,
Тізеге шыдасын ба, талып қалды.
Ақ жүздіден жалғыз-ақ бай өліпті,
Өңгелерін бəрін де жинап алды.
Бəрін тінтіп, алысты тапқандарын,
Күл-көмір ғып жоғалтты қалғандарын.
Екі бөшке арақты жасырыпты,
Бастыққа білдірмейді алғандарын.
Керуенді талап болып жиылысты,
Енді аларлық нəрсесі жоқ қой десті.
Олжасын, тұтқындарын ертіп алып,
Тауға қарай таң атпай жөнелісті.
Бұл таудың аңшысы көп, аңы да көп,
Кісі өлтіргіш бұзақы жаны да көп.
Күні бойы аң атқан кешке қайтып,
Екі аңшы отыр бұлардың жанына кеп.
Бірі қызмет қылып жүр, бірі жатқан,
Шай қайнатып, маздатып отын жаққан.
Шөңкесін тағанға олар іліп қойып,
Аңдарын сойып жатыр бүгінгі атқан.
Бірі жайлап оятты жатқанын кеп,
– Ұйықтарсың, – деді, – Сəлім, тамағың жеп.
Өткен түн көп сөз айттың ұйқысырап,
Əсіресе, «ғашығым – Ғазиза» деп.
– Шырағым, сені ұнатад көңілім бек,
Ғашық бар жүрегіңде, не кешпес кек.
Неге маған айтпайсың, уһілейсің,
Мен білсем оған себеп ойланар ек.
Шырағым, мергендігің маған жетті,
Бір жан айтпас қорқақ деп сені тіпті.
Сен аңшы боп қаңғырар жан емессің,
Сені бір үлкен қайғы тентіретті.
Бүгін жүрсең өлер ең маған ермей,
Аңға жүрдің бек сүле көңіл бермей.
Шабайын деп тұрғанын көре тұра,
Жолбарысқа бардың ба көзің көрмей?
– Мен бардым бар қайратын көрейін деп,
Тіпті, тірі жүргенше өлейін деп.
Жүрегімнің жанғанын тым болмаса,
Алысып, бір аз ғана бөлейін деп.
Бар еді бір ғашығым Ғазиза атты,
Сүйіп ем бар көңіліммен оны қатты!
Əкесі кедейсің деп бермеген соң,
Жарақаты жүрекке қатты батты.
Сол итті көре алмадым енді қайтып,
Ызамен ала алмадым бойды тартып.
Бағдаттағы бір байдың өзі-ақ едім,
Ар қылдым жар алуға малымды айтып.
Жаныма ара түстің құрбан болып,
Ерлікпен алып қалдың қайрат қылып.
Сырымды жасырмайын, білдірейін,
Өзің де сөге алмассың мəнін біліп.
Оңаша сүйгеніммен үш жолықтым,
Махаббат – сағынышты сол жолы ұқтым.
Сүйініш, күйініші махаббаттың
Жүрегіне түспейді қарны тоқтың.
Бұзылғандық қылып ем əрбір істі,
Ұрғашымен жүріп не келісті.
Нəпсі екен, жас жүректің жалыны екен,
Ғашықтық тіпті өзге екен басқа түсті.
Аңшы едім ұрғашының жүрегіне,
Жараттым не сұлуды керегіме.
Өзімді өзім билейтін жанша ұғушы ем,
Құр нəпсіге ер екем, керегі не.
Кетуші ек бір көргенде құмарланып,
Жеткенше сабыр етпей күйіп-жанып.
Алдап-арбап қолыма түсірген соң,
Салқындап қалушы еді құмар қанып.
Бір күні Ғазизаны көрдім кез кеп,
Жастықпен жүрегім де сондайды іздеп.
Сөйлесіп мен үйіне ере бардым,
Əлі-ақ қолға түседі сендей қыз деп.
Сол оймен ашына болдым араласып,
Қызды аңдып жүрген жан көп қамаласып.
Жалған сүю, алдаудың арсыздығын,
Шын махаббат көрсетті көзімді ашып.
Көрген соң жалған сөзді айта алмадым,
Бойымды жеңіп кетті тарта алмадым.
Япырм-ай не болды деп сілкінсемде,
Құлап кеттім, тереңге, қайта алмадым.
Шаруамен үйде қалдым бір күн бармай,
Кешке аңға шығып кеттім шыдай алмай.
Бір топ аңшы жолығып аю атқан,
Үш күн жүрдім солардан босай алмай.
Үшінші күн үйіме келдім кешке,
Бола ма көңіл құсын іздемеске.
Таң атқанша шыдамақ қиын болды,
Түнде бару бейəдеп іс емес пе.
Үйімнен тысқа шықтым отыра алмай,
Бір ойлап тулаған соң көңіл қандай.
Аяңдап жүріп кеттім бос сандалып,
Бір қыздан басқа ойыма ешнəрсе алмай.
Тағдырды кім біледі болмасына,
Қайғы ілінді қайғыртты бұл басыма.
Жеңген жүрек айтқанын қылғызбай ма,
Қыздың бастап кіргізді бақшасына.
Бақшаны сейіл қылдым енді аралап,
Ай жарық жаздың түнін тамашалап.
Тоғайдың арасында, отындықта,
Бір нəрсенің тұрғанын көрдім барлап.
Қасына жақын бардым ептеп басып,
Қарасам, Ғазиза екен қалдым сасып.
Көрініп қалдым, қашуға амал бар ма,
Жетіп бардым қасына амандасып.
– Жолығам деп келгем жоқ бүгін сізге,
Жан жоқ деп ойлап едім менен өзге?
Шошыттым ба байқаусыз қаңғып келіп,
Кешіріңіз, сұрғылт кірді жүзіңізге.
– Не керек менің сізге шошығаным,
Қымбатты нəрсе емес қой сонша жаным.
Келдіңіз не себептен осы баққа,
Шыныңды айтып білдірші маған мəнін.
– Айт деген рұқсатыңды қайтып алма,
Ренжіп қалып көңіліңе қара салма.
Шынымен мен сорлыны ұнатпасаң.
Өлімнен басқа маған орын барма?
Ғазиза-ау, енді намыс жасырмағым,
Тілегім тағдырымнан емес шағын.
Өмірімнің қуанышы сен, жұбанышы сен,
Құдайым рақым етпес сенсіз бағын.
Ғазиза-ау, енді намыс жасырмағым,
Бар өмірімді өзіңе байлаған сен.
Дүниедегі бар қызық күңгірт тартты,
Дерт болып жүрегіме қайнаған сен.
Шынымен бұл халімді түймеймісің,
Қор болғаным білінді, күймеймісің.
Жүрегіңе тереңдеп ақылдасшы,
Шыныңды айт, сүйемісің, сүймеймісің?
Мен ғаріппын, бір рақым етпеймісің,
Қор болып осылайша өт деймісің.
Шөлдеген махаббатқа қайыршымын,
Ғазиза-ау, щыныменен кет деймісің!
Жүректегі бар қайғы зарлы мұңның,
Бастаған соң бəрін де айтып тындым.
Бар дерті ашылған соң, көрілген соң,
Жасырыны қала ма бұл көңілдің.
Ғазиза бір қуарып, бір қызарып,
Үстелге зорға отырды əрең барып.
Пішінінен бір үміт хасіл болып,
Қуанғаннан кетіппін біраз талып.
Халит-ау, халім осы жүрген қашып,
Өлсем арман қылмас ем амандасып.
Алдына салған басымды құшақтаған,
Қарасам бір уақытта көзімді ашып.
Бет-аузымның бəрі су көздің жасы,
Ауып маған кетіпті бар ықыласы.
Құшақтасып қалыппыз екі сорлы,
Бұдан артық не көрер адам басы.
Отырдық бір жыласып, бір күлісіп,
Жүрек бəрін білдірді сырын шешіп.
Таңға жақын айырылдық амал бар ма,
«Жолығармыз ертең, – деп, – қош, қош!» – десіп.
Тұра сала орнымнан ертең бардым,
Ғазизаны сұрауға көңіліме алдым.
Бай қорлады, бермеді кедейсің деп,
Шығып кетім долданып, ашуландым.
Тыста біреу қолыма бір хат берді,
Кімнен келген екенін ішім білді.
Асығыс бүктесіне қарай салып,
Үйге апарып тезірек ашқым келді.
Қол дірілдеп сол хатты оқыдым тез,
«Жартас. Түн. Сақ бол!», – деген үш ауыз сөз.
Жолықпақ мезгілімен жерін айтқан,
«Сақ бол» деген мағлұм ғой аңдыр мінез.
Түн болған соң бұйырып ат ерттеттім,
Уағадаласқан орынға жүріп кеттім.
Байдың бағы қасында белгілі тас,
Түн жарымы уақытта келіп жеттім.
Тастадым бір ағашқа атты байлап,
Тасқа келіп бекіндім жерді абайлап.
Ит мінезі Медғаттың мағлұм еді,
Қаруымды оңайға қойдым сайлап.
Келе жатыр Ғазиза, көрдім бақтан,
Торғын шəлі жамылған, көйлегі ақтан.
Жүрек соғып, дірілдеп, зорға басып,
Алдынан қарсы шықтым мен тас жақтан.
Жеткенше асығыстан бастым сасып,
Сөз сөйлер орын бар ма амандасып.
Аузыменен көзінен кезек сүйіп,
Тас жаққа алып жүрдім құшақтасып.
– Мен үшін есіттің-ау қаһаратты,
Тұрпайы əкем сөзі жаман батты.
Қарағым, тез сөйлесіп айырылалық,
Рақымсыздар аямас аңду қатты.
Сенен соң əкем келді маған кіріп,
Қасыма жетіп келді мені көріп.
Деді: «Ей қызым, өзің біл өз басыңды.
Жаңа Сəлім сұрады сені келіп».
Сені қорлап айтады сөзін жайлап,
Жауабын қойған жансып маған байлап.
Əлгі өтірік майдасып тұрғанына,
Жүрегім тулап кетті, қаным қайнап.
– Нең бар, – дедім, – əй, əке, одан артық?
Менен несін жасқандың, бойың тартып.
Мен риза Сəлімді жар қылуға,
Қуанту керек еді көргенді айтып.
Сол-ақ екен ашылды кəпір мінез:
Деді, – ей, қызым, не менен, не одан без.
Сол сықылды бір итті менсінесің,
Өлтіремін қайт, – деді, – сөзіңнен тез!
– Сəлімге ауған бар көңілім, қайта алмаймын,
Өтірікші дүниеде атанбаймын.
Жүрегімнің билігі бір өзімде,
Өлтірсең де, қайтам деп айта алмаймын!
Жауапты бергенім жоқ мен-дағы ығып,
Жіберсе де қайтейін жерге тығып.
Ұрысып, аузына келгенді айтып,
Соныменен үйімнен кетті шығып.
Соны айтқанша Ғазиза бір ит үрді,
Көп кісі екен артымда бізді көрді.
– Залымды ұста, өлтір! – деп шуылдасып,
Бəрі де маған қарай ду жүгірді.
Қылышпен қарбаңдадым мен-дағы ұрсып,
Осынша жазам не деп ашу қысып.
Екеу-үшеу жығылып қалғаннан соң,
Бəрі де тұрып қалды есі шығып.
Қорқайын деп тұрғам жоқ мен де тіпті,
Қылышқа маһир едім тым-ақ епті.
Сəлім деген дыбысқа жалт қарасам,
Қыз жетектеп атымды алып кепті.
Қарғып міндім тоқтамай атқа барып,
Қақ бөліп жүре бердім топты жарып.
Өңкей жаяу аттыны қуа ала ма,
Бəрі де тұрып қалды бос қамалып.
Халит, міне, білдірдім халді бастан,
Осындай істі көрдім мен де жастан.
Кісі өлтірдім, тұруға орны бар ма,
Кетіп қалдым жарымды көре алмастан.
Кеше түнде Ғазиза түсіме енді,
Сəлім, мені сақта деп қолын берді.
Беттен басқа жерінің бəрі де қан,
Қорқынышты пішінін көзім көрді.
Оянып кеттім сонан шошығаннан,
Сағынышты ғашықпын жүрек жанған.
Жалғыз Алла рақымынан үмітім бар,
Сөндірер деп бұл отын өзі салған.
Сонымен отыр еді от басында,
Мылтық тарс-тұрс атылды қақ қасында.
Шуылдаған дауыс та естіледі,
Қаруға ұмтылысты жасқансын ба.
Ұрысқан қылыш даусы шартылдаған,
Жəне артынан шықты өрт жарқылдаған.
Сəлім сасып қаруын қамданады,
Əрқашан қатерлі істен тартынбаған.
– Зəңгілер ғой біреуді талап жатқан,
Бізге намыс болмай ма бойды тартқан.
Кешікпеңіз, қамданып атыңа мін,
Құдайға жөн болады бұған шапқан.
Халит айтты: – Орынсыз батырланба,
Екеуміз не қыламыз сонша жанға.
Бұл белгілі Сары бастық талап жатқан,
Жаулассақ жүре алмаймыз осы маңда.
Оларды мен көріп ем кешке жақын.
Бұл итпен жауласуға болма батым.
Бұл тауда болып жүре алмайсың.
Өшіксе, қылғызбайды бізге жатын.
Сонымен ұйықтай алмай отыр еді,
Ентігіп, сасып қашқан біреу келді.
Не қылса жаудан қашқан адам ғой деп.
Ұмтылды ұсталық деп жүгіргенді.
Екеуі ұстап алды қамап жүріп,
Бейшара қаша алмады əлі құрып:
– Байымды да өлтірді зəңгі талап,
Жанымды қи, – деп сұрайды жылап тұрып.
– Байың кім, өз жайың кім, қорықпа сасып,
Айт жаным, біз тимейміз, бəрін ашып.
Қолдан келсе жақсылық аямалық.
Жөні кеп, құтқаруға болса нəсіп.
Əлгі айтты: – Байым Мұрат келе жатқан,
Жер алып алтын қазған осы жақтан.
Ғазиза атты қызы бар, Медғат ұлы,
Саудасы біткеннен соң елге қайтқан.
Шаршап кеп жатыр едік аунап-қунап,
Білмей қалдық келгенін жаудың дулап.
Байды өлтірді бірнеше кісіменен,
Қалғанын тірі ұста деп жатқан шулап.
Сəлім түсі бұзылды, өңі қашып,
Ұшып тұрды орнынан асып-сасып.
– Осы менің Ғазиза ғашық жарым,
Ара түсіп өлемін қарулсып!
Халит айтты: – Тұр тұр сөзді тосып,
Сары бастық саспайды сенен шошып.
Бүгін мейрам, бар аңшы қалада жүр,
Солармен соқтығалық басты қосып.
Оларға сөйлеселік түнде барып,
Ертең түсте ізделік ертіп алып.
Пəлен жерде белгілі мекені бар,
Тоқталмастан барады маған қанық.
Сəлем де осы сөзді көрді мақұл,
Мақсатқа жетпек керек қалмай қапыл.
Бағанағы жаяуды мінгізіп ап,
Жылдамдап жүріп кетті қылмай тақыл.
Мəжілісіне көп аңшы келді бұлар,
Қатерлі іске шетінен бəрі құмар.
Сөзін естіп тоқталмай құп алысып,
Қайрат қылар жол болды, ерлік сынар.
Ертерек жиылысып атқа мінді,
Бəрі де аралаған талай шыңды.
Қарауылдап білдірмей қамап алды,
Сары бастық мекен қылған бір қиынды.
Бұл таудың бір тасы жоқ бастық білмес,
Бір қиынға əкелді адам келмес.
Жалғыз дара жолына күзет қойды,
Салақтық жоқ бойында, жанға сенбес!
Ағашқа бар тұтқынды байлап жатыр,
Ақырып əмір қып тұр бастық батыр.
Бір қатары зəңгінің атаманға
Бір көгалға тігіпті кенеп шатыр.
Барды да шатырына батыр кірді,
Жуынуға апарып суын берді.
Бетінің бояуларын жуып тастап,
Алады чемоданнан киімдерді.
Киінді бар киімін бейне патша,
Бір сұлу жігіт болды құп тамаша.
Байлаулы тұтқындарға жетіп келді,
Қасында жолдасы жоқ оп-оңаша.
Келді де алдарына қарап тұрды,
Мұның Қасым екенін бəрі көрді.
Өздерінің қылғаны беп-белгілі,
Рақым қылмас түйілген түрін білді
Шақырды бір былдырлап зəңгілерін,
Арабша сыбап алды бар білерін.
– Рақымсыз сен тəкаппар Медғат залым, –
Деді, – міне, болды ғой өлер жерің.
Медғатты су астына отыртыңдар,
Қылған ісі өзіне мағлұм шығар.
Екі хисса беріңдер, аямаңдар,
Бұл залымның бір үлкен жазасы бар.
Медғатты дірілдетіп суға апарды,
Өз жазасын өзіне қылып салды.
Өзгесіне тимеді Сары бастық,
Өзінің шатырына қайтып барды.
Ғазиза сұп-сұр болды жаны шошып,
Енді бекер тұрмады тағдыр тосып.
Ұрғашы деп зəңгі аяп бос байлапты,
Қол- аяғын босатты жібін шешіп.
Ойланып тəуекелмен бойды жеңді,
Өлейін не де болса деп ерленді.
Қасымның жақын тұрған қара атына,
Басын шешіп үстіне қарғып мінді.
Мінді де арғымаққа қамшы басты,
Келген жағын біледі солай қашты.
Жазық жердей шабады қара арғымақ,
Елемейді арқардай тау мен тасты.
Қасым көріп бір атқа мініп алды,
Артынан былдыр қағып айқай салды.
Тіл білетін арғымақ бір қу екен,
Қарамады қамшыға тұра қалды.
Бас-көзіне қыз-дағы төпелетті,
Қара арғымақ қозғалмас бұған тіпті.
Қолында жалақтаған қанжары бар,
Артынан Қасым батыр қуып жетті.
Қор қылды қара арғымақ есіл ерді,
Жетектеп қайта қызды алып келді.
– Жазасын тартқыз мына қашқын қыздың! –
Деді де анталасқан жұртқа берді.
Қызды асыраған байдың бір кемпір күңі,
Байлаулы еді о-дағы көрді мұны.
Арына қыздың жара сала ма деп,
Бейшараның жаны ашып, бұзылды өңі.
Шақырды: – Ей, Қасым, – деп күң ойбайлап,
Сөзімді есіт, сабыр қып аз абайлап.
Шырағым, өз жайыңды білемісің,
Кек алуға ауыпсың көзің жайнап.
Алдыңдағы Ғазиза қарындасың,
Қайтып қана қинайсың оның басын.
Бойыңда қалған титтей мейір болса,
Білмеймісің осының жарамасын?
– Жазасын тартқан жоқ па Медғат ағаң,
Не қылды қарындасың ойла, саған.
Қорлаған өз сүйегін тіпті оңбайды,
Туысқа мейірімсіз боп қарамаған.
Қасым да бұл сөзді естіп тұра қалды,
Тоқтамай шуылдаған жұртқа барды.
Бұған ешкім тиюге рұқсат жоқ деп,
Жетектеп қайта қызда ертіп алды.
– Ғазиза-ау, мынау кемпір бек ұялтты,
Сенде мендей емес пе ең діні қатты.
Маған Медғат қинауды қылған уақыт,
Балконда қарағаның жаман батты.
Алмағаның батпады арашалап,
Батты маған тұрғаның тамашалап.
Хайуандай маған жаның ашымастан,
Қарағым, шыдап тұрдың қайтып қарап?
Ұйықтағаны ұйықтады, ояуы мас,
Батырлар естен кетті не қажымас.
Жалғыз сау Сары бастық ұйықтап жатыр,
Хабарланбай бұл халден ол есіл жас.
Аңшылар бұл халінің бəрін көрді,
Ес кетіп мас болғанша қарап тұрды.
Еңбектеп жүз саржандай келгеннен соң,
Жығылып жатқан жауға ду жүгірді.
Бір зəңгіге бір аңшы міне түсті,
Мас кісіге сау кісі қандай күшті.
Қасапшыдай қой қырған жалақтасып,
Аясын ба зəңгіні, тегінде өш-ті.
Зəңгілер бет бұрды ма бірі қатып,
Бəрі өлді оянбастан жағаласып.
Құр қолмен қаруы жоқ не қыла алсын,
Өзіне өзі қылды қара басып.
Қасым-дағы есітті шуды оянып,
Атып шықты шатырдан қайран қалып.
Байқаса іс ұрыстан өтіп кеткен,
Шақырды арғымағын айқай салып.
Арғымақ оттап жүрген келді шауып,
Атын көріп ойынан кетті қауіп.
Шатырдың есігінен қайта кіріп,
Мылтығын қанжары мен алды тауып.
Жəне де ала шықты Ғазизаны,
Батырдың шошымайды титтей жаны.
Үстіне Ғазизамен қарғып мінді,
Көлденеңдей бергенде арғымағы.
Тек кетпей Ғазизаны ала кетті,
Саспайды, сабыры мол, ақылы епті.
Жанын сақтап, қылышпен басын қорғап,
Қақ жарып жүре берді қалың көпті.
Жұлқынып сонда Сəлім қаһарланды,
Мергендер қыз қабаттап ата алмады.
Көз алдында жан жарын əкеткен соң,
Күйініп Сəлім ерде ес қалмады.
Сəлім де бөгелмеді, қуып кетті,
– Ғазиза, айырамын қорықпа, – депті.
Қыз айтты: – Қасым, тоқта, уағдаң болса,
Шын сүйген ғашығымның өзі кепті.
– Уағдам шын, мен беремін өз қолымнан,
Құтқарып алып шығып бұл жолымнан.
Ғашық жігіт жата алмас жаны шыдап,
Əлі-ақ қуып келеді ол соңынан.
Араби көк атымен Сəлім салды,
Не етем деп жардан аяп бұл қу жанды.
Оңаша шыққаннан соң Қасым тоқтап,
Күйеуін келе жатқан тосып алды.
Сəлім де келе жатыр аңыратып,
Ғашығы əм кегі бар қабат батып.
Мылтығын атайын деп көтергенде,
Екі үзді құндағынан Қасым атып.
Сəлімге жүгіреді қыз ойбайлап,
Қасым тұр күлімсіреп көрсе абайлап.
Сəлім атын ұстады қыз майысып,
Мəні жайын ақтарып айтты жайлап.
Қасым айтты Сəлімге: – Құтты болсын,
Бір басыңа бауырмын жəне досың.
Бір кек үшін кеткенмін зəңгі болып,
Ойланбай қылғаным жоқ мұны тосын.
Өз бауырын өлтірген деме залым,
Саған да белгілі ғой менің халім.
Сені де аң қызығы əкеткен жоқ,
Ғаділеттің жоқтығы саған мəлім.
Елдің заңы заң емес біздің заңға,
Аңнан басқа дəурен жоқ біздей жанға.
Ғазиза көрсетпеймін жетімшілік,
Он мың теңге беремін приданға.
Адал пұлым, алғам жоқ елден талап,
Əкең берген шешеме қолдан санап.
Таза малды беремін мəһіріне,
Жалғыз бауырым сен едің алған қалап.
Менің шешем күң емес сатып алған,
Сөзімнен таба алмассың ешбір жалған.
Аңшысы осы жұрттың ұрлап алып,
Əкеңе сахарадағы сыйға апарған.
Аңшыны ұры қылған əкең сенің,
Мұның бəрін ұқтырған анам менің.
Нағашым Зұлыс-зəңгі падишасы,
Ғаділет пе құл болып күн көргенім?
Мен бардым сол Зұлысқа бұдан қашып,
Патшаға мағлұм болдым сырымды ашып.
Сол елдің батырларын жиып алып,
Кек алуға келгенмін жамандасып.
Үш жыл болды кек үшін төктім қанды,
Харап қылдым, таладым жолыққанды.
Құдайдан бар тілегім-кегім еді,
Мұраттың бəрі бүгін болып қалды.
Сөйтті де Ғазизаны қолдан берді,
Екеуінің ғашықтық халін көрді.
Бірі – күйеу, біреуі – қайнаға боп,
Бағанағы шаһарға қайта келді.


Түсінік.


Мағауия Абайұлы. «Медғат – Қасым». Романтикалық поэма. Мағауия əкесі Абайдың кеңесімен бірнеше поэма жа-зады. Олар: «Еңлік – Кебек», «Абылай», «Медғат – Қасым».«Медғат – Қасым» поэмасының тақырыбы қазақтан жырақ,
алыс елдерден, яғни Африка өмірінен алынған. Поэма романтикалық сарында жазылса да, Африка жерін мекендеген
адам қауымының тұрмыс-тіршілігін реалистік шындық тұрғысынан көрсетеді. Поэма ХІХ ғасырдың соңындағы қазақ
əдебиетіндегі жаңалықтардың бірі болды.





Пікір жазу